ТІЛ ТАҒДЫРЫ БАРША ҚАЗАҚҚА ОРТАҚ
14.01.2023
2505
0

«Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына белгілі публицист Бигелді Ғабдуллиннен түскен мақала бізге осындай тақырыппен кіріспе жазуға түрткі болды. Жасыратыны жоқ, белгілі орталарда орыстілді қазақтар, әсіресе орыс тілінде жазатын ұлты қазақ әдебиетшілер қазақ тіліне сырт қарайды деген пікірі қалыптасқан. Кезінде мұндай ойға біздің де бейім болғанымыз өтірік емес еді. Алайда Бигелді Ғабдуллиннің ана тіліміздің болашағы мен намысына орайластырып жазған төмендегі мақаласы қоғамдағы қазіргі жағдайға байланысты көзқарасымызды өзгертуге мәжбүрледі. Белгілі журналистің мақаласынан автордың патриоттық ниетінің үлкен екенін айқын аңғаруға болады. Әрі ол бізді қуантуымен қоса, тіл болашағына байланысты үмітімізге үміт қосады. Қазір кей тараптардан мемлекеттік тілге балама есебінде ресми тілді ұсыну әрекеттері байқалып жүр. Ол белгілі де. Өйткені кеңестік дәуірдегі мәртебені қолдан беру қарсы тарап үшін – өліммен тең. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Әлбетте оның ішіндегі ең басым ұлт – қазақ. Орыстар екінші орында. Алайда орыс емес орыстілділердің саны да аз дей алмаймыз. Оның ішінде өзіміздің қазақтар да бар. Үстіміздегі жыл Қазақстанда орыс тілі жылы болып қабылданды. Соған орай мемлекеттік тілдің баламасына байланысты жымысқы әрекеттердің болуы да заңды. Ресейде қазақ тілі жылы жариялана ма, жоқ па, ол жағы әлбетте күмәнді. Ал біздің билік мемлекеттік тілге балама, бақталас болып тұрған тілге осындай мәртебе беріп отырған шақта орыстілді ұлты қазақ қаламгерлердің ана тіліне бет бұруы әркімді қуантады. Бигелді Ғабдуллиннің осы ыңғайда жазған мақаласын оқырман назарына разылықпен ұсынып отырмыз.

Редакциядан 

ҚАЗАҚ ТІЛІ ӨМІР СҮРІП, ӨРКЕНДЕЙДІ, ЕГЕР…

Атақты дағыстандық ақын Расул Гамзатовтың ана тіл туралы әйгілі сөздері естеріңізде бар болар: «Егер ертең менің тілім жоғалып кетсе, онда мен бүгін өлуге дайынмын» дейді ақын.
Шағын халықтар тілдерінің қайғылы жағдайы туралы мақалаларды оқығанда дәл осы сөздер еске түседі.
ЮНЕСКО мәліметтері бойынша, бүгінде әлемде 6,5 мыңға жуық тіл бар. Жер бетінде шамамен 8 миллиард адам тұратынын ескерсек, бұл әрине аз. Сонымен қатар ғалымдар апта сайын орта есеппен бір тілдің жоғалуын тіркейді. Яғни адамзат бір жылда 50-ден астам тілді мәңгілікке жоғалтады деген сөз. Мұның себебі, ана тілін меңгергендердің азаюы. Әлем бойынша толық жойылып кету қаупі бар тілдердің тәуекел т-обында шамамен 3 мың тіл бар екен. Тілдер барлық уақыттан бері жойылу үстінде. Бірақ соңғы уақытта кішігірім тілдерді дамыған тілдермен ығыстыру процесі және жаһандану нәтижесінде тілдердің жойылу қарқыны айтарлықтай күшейді. Қазір тілдің ең үлкен жойылуы Жаңа Гвинеяда, Кавказда, Сібірде – дәстүрлі түрде көптілді орта шоғырланған жерде жүріп жатыр. Мәселе бір маңызды жағдаймен күрделене түседі: қолданыстағы тілдердің тек 5 пайызы ғана ресми құжатталған, ал 95 пайызы мүлде заңдастырылмаған. Бір сөзбен айтқанда, қазір көптеген тілдердің тағдыры өте қиын және күңгірт. Әлемдік тілдердің үштен бірінде мыңнан аспайтын ана тілінде сөйлейтіндер бар. Мысалы, Ауғанстандағы тирахи тілінде тек 100 адам сөйлейді, Армениядағы ломаврен тілін тек 50 адам қолданады. Тілдердің күнделікті қолданыстан қалу себебі, көптеген алғышарттарға байланысты. Алайда тілдердің жойылу тенденциясы бір үлкен проблемаға тікелей қатысты. Осы саладағы танымал маман Григорий Андерсонның пікіріне сенсек, шешуші фактор – экономикалық белсенділік көпшіліктің немесе бір этникалық топтың тілінің үстемдігі жағдайында жүзеге асырылады. Мәселен, КСРО-да он бес одақтас республикада орыс тілі үстемдікке ие болды. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы және азаматтардың байлығының жинақталуы осы топпен тікелей байланысты. Мұндай жағдайда азшылықтың көпшілікке саналы түрде қосылып кетуі, яғни орыстану процесі орын алды.
Аллаға шүкір, қазір жер бетіндегі қазақтардың саны 16 миллионнан асты. Сондықтан болашақта қазақ тілінің жоғалуы туралы айтудың өзі артық.
Алайда, біз халық санының молдығымен мақтануға тиісті емеспіз. Керісінше, Балтық елдерінен, Грузиядан, Армениядан, Өзбек­станнан және басқа да елдерден үлгі алып, ана тіліміздің болашағы туралы байыпты ойлануға, оңтайлы шешімдер қабылдауға тиістіміз. Ал сонда біз тіл болашағы үшін не істеуге міндеттіміз?
Білім беру мониторингі жөніндегі дүниежүзілік баяндама авторларының мәліметтері бойынша, әлем халқының шамамен 4 пайызы ана тілінде оқымайды. Міне, проблема осы жерден туындайды. Ал басқа тілде оқыту оқу үлгерімінің төмендігіне ғана емес, сондай-ақ ана тілінің беделінің түсіп, құнсыздануына да әкеліп соғады. Қазір қазақ тілінің киберкеңістікте белсенді жұмыс істеуі өте маңызды. Виртуалды ортада көбірек қазақ тілінде контент жасап, оны желіде тарату керек. Ғаламтор тілі – тілді қорғаудың, оның бүкіл әлемге таралуының алғышарты. Кез келген тілдің жоғалуы – ұлттық трагедия тудырады. Алдымен ол өзінің ерекше мәдениеті бар халықтардың тарихи сахнасынан өтуінің нышаны болмақ. Рухани тұрғыдағы ең басты қазынаның бірі – этникалық тілдердің байлығы. Ағылшын да, француз да, испан да тіл байлығы жөнінен, сөз қоры жөнінен қазақпен бәсекелесе алмайды.
Мысалы, қазақ тілі бейнелі сөз тіркестеріне өте бай. Бір ғана «мұғалім» деген сөздің 17 синонимі бар. Оны қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов орыс тілінде жазған, тағы бір танымал жазушы Әнуар Әлімжановпен осы тақырыпта пікірталас жүргізіп, дәлелдеп шыққан.
Қазіргі алпауыт тілдердің ешқайсысы шағын халықтар арасында бар поэзияның, прозаның, әндердің, мақал-мәтелдердің бүкіл әлемдік байлығын өз мойнына ала алмайды.
Тілдің жойылу ықтималдығы мәдениет, дін, тарих, жердің әртүрлілігі, тілдің құқықтық мәртебесі, демография, білім беру саясаты, оқулықтардың сапасы, экология, мотивация және т. б. сияқты елуден астам факторларға байланысты.
Мен лингвист ғалым емеспін. Филолог та емеспін, журналистпін. Менің алдымда мәселені толық зерделеу немесе қазақ тілінің болашағы туралы зерттеу жүргізу, біреуді үйрету міндеті тұрған жоқ. Журналист ретінде мен тек проблеманы талқыладым. Аталмыш проблемаға байланысты бәріңізден жауап күтемін.

Бигелді ҒАБДУЛЛИН,
публицист

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір