Жер – ортақ үйіміз
30.09.2025
317
0

Жер – адамзат баласына ғана емес, бүкіл тіршілік иелеріне ортақ қасиетті мекен. Ол бізге өмір сүруге қажетті барлық байлықты: ауаны, суды, топырақты, өсімдіктер мен жануарларды сыйлап отыр. Алайда соңғы жылдары адамның табиғатқа тигізіп жатқан зияны бұл ортақ үйі­мізге қауіп төндіруде.

Табиғат – бұл біздің болашағымыз. Ауаның ластануы, ормандардың кесілуі, жануарлар мен өсімдіктердің жойылуы – бәрі де адамзаттың бейқам әрекетінің кесірі. Егер осы бағытпен кете берсек, болашақ ұрпаққа таза ауа, тұнық су, құнарлы жер қалмайтыны анық. Сондықтан әрбір адам жерге деген жауапкершілігін сезінуі керек. Қай елде, қай ұлтта болмасын, табиғатты қорғау – ортақ міндет. Күнделікті өмірде қоқысты сұрыптау, ағаш отырғызу, суды үнемдеу сияқты қарапайым істердің өзі үлкен өзгеріске әкелуі мүмкін.
Біздің жер – жалғыз. Оны қорғау – адамзат баласының әр қайсысының мойнындағы қарызы, жүрегіндегі парызы болуға тиіс. Жерге мейіріммен қарап, оның байлығын бағалай білсек, болашағымыз жарқын болмақ. Ортақ үйімізді сақтап қалу – бүгінгі және келер ұрпақтың қасиетті борышы. Балаларды табиғатты қорғауға, сүюге, аялауға тәрбие беру үшін бұл мәселені оқу-тәрбие үрдісіне енгізу керек.


Бүкіләлемдік «Жер» күніне орай, Өскемен қаласындағы білім беретін мектептер, колледждер мен басқа да білім беру мекемелерінде атаулы күнге «Жер – ортақ үйіміз» тақырыбында іс-шаралар өтті. Мақсаты – оқушылар мен жас өспірімдердің табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, қоршаған ортаға деген мәдениеттілігін қалыптастыру болды. Шара аясында қаланың бірнеше білім ордаларында әртүрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, жаңа заманауи технологиямен графикалық планшетте «Біздің планетамыз» тақырыбында сурет байқауында жас суретшілер табиғаттың сұлулығын өз туындылары арқылы жеткізуге тырысты. Сонымен бірге әр мектептерде «Жер және мен» тақырыбында тәрбие сағаттары өткізілді. Қала мектептері арасында осы тақырыптарда куиз ойындары ұйымдастырылып, зерттеу жұмыстарымен айналысатын жас ғалымдар арасында «Жер – ортақ үйіміз» атты ғылыми-практикалық конференциялар мен жобаларды қорғау көрмесі болып өтті. Жоғары сынып оқушылары мен студенттер қалдықтарды қайта өңдеу, энергияны үнемдеу және таза өнімдер туралы зерттеу жұмыстарын таныстырды.
Мектеп кітапханаларында жаратылыстану ғылым саласындағы ғылыми әдебиеттер көрмесі ұйымдастырылып, табиғат тақырыбындағы әдеби шығармаларға шолу жасады. Ал кейбір білім ордаларында экологиялық театр қойылымдары қойылып, табиғат­ты қорғау туралы қойылған сахналық көріністер көпшілік көңілінен шықты.
Өскемен қаласының білім ордаларының басшыларының айтуынша мұндай шаралар жас өспірімдердің бойы­на табиғатқа деген жанашырлықты ерте жастан сіңіруге, сонымен қатар еліміздің болашақ жастарын бүгінгі күн талабына сәйкес тәрбиелеуге ықпал етеді. Болашақта да мұндай игі бастамалар Өскемен қаласының бүкіл білім ордаларында үнемі жалғасын таба береді. Жер – баршамызға ортақ мекен. Оны қорғау – әрбір өскемендік жастардың жүрегінде.


Қорыта келгенде, жер – шексіз емес. Оның ресурстары таусылуы мүмкін, ал табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы адамзаттың өзіне қауіп төндіреді. Біз жерге не береміз, ол бізге соны қайтарады. Табиғатпен үйлесімді өмір сүрген халықтар әрдайым бақытты, бейбіт өмір сүрген. Ендеше, келешек ұрпаққа таза ауа, мөлдір су, жасыл орман мен байтақ дала қалдыру үшін қазірден бастап әрекет етуіміз қажет.
Жер – ортақ үйіміз. Оны сақтау – баршамыздың борышымыз, қала берді күллі адамзат баласының міндеті.

М.Тоқтарбек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір