Күрескер рух жыры
21.12.2022
537
0

Бұл кітаптың өзінен бұрын дақпырты құлағымызға жеткені қашан. Ұмытпасақ, 90-шы жылдардың басы болса керек, Бибігүл Иманғазина есімді белгісіз автордың «Тауқымет» романы республикалық конкурста Бас жүлдені жеңіп алыпты деген сүйінші хабарды естіп, «апам да аң-таң, өзім де аң-таң» демекші, талайымыздың аузымыз аңқиғаны рас. Һәм бұл конкурс – бір топ жюри мүшелерінің «бармақ бастысымен» кіндігі кесіліп, аллаһуакпары айтыла салатын біздегі дәстүр боп кеткен әдепкі қазақи бәтуа емес, бүкіл ел бойынша мыңдаған оқырманның шын жүрегінен шымырлап шыққан ғаділ дауысы шешетін республикалық аламан. Аламан болғанда қандай! Классик ақын Фариза Оңғарсынованың «Ақ шашты қыз» атты әйгілі кітабынан бастап, талай «сен тұр – мен атайын» мықтының шығармалары сынға түскен ұлан-асыр дода. Солардың бәрінен қара үзіп, мәреге жеткен жалғыз «Тауқымет» екен. Таңырқамай көр! Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт дөңгеленіп өте шығыпты.

Тек жақында ғана айтулы шығармамен танысудың сәті түсті. Отыз жыл бойы илеуі қанып дегендей, өңдеуден өтіп, толықтырылған жаңа нұсқасы. Оқыдық. Тәнті болдық. Адамды тартып әкетер магиясының сыры неде? Қалыптасқан шеберлік тұрғысынан қарасаң, кем-кетігі жетіп-артылардай, тілі де, оқиғасы да тым қарапайым. Әлде бар құдіреттің кілті сол қарапайымдылықта ма? Иә, автор көркемдейін, әдемілейін деп әдеби шаблонға ұрынбаған, тіпті өнердің ондай қитұрқы құралы барынан бейхабар да сияқты. Әдеби көркем туынды жазайын деп талпынбай, өзі бастан кешкен тауқыметті тағдырды қаз-қалпында қағаз бетіне түсіруді мақсат тұтқаны байқалып тұр. Сондықтан кітаптың алғашқы бетінен-ақ алпыс екі тамыры дүрсілдеп соққан, үсті-басынан тер иісі аңқыған бейнетқор, қуаныш-мұңы аралас шулы өмірдің қызулы құшағына күмп етіп қойып кеткендей боласың.
Трилогия «Прокурордың сүйікті қызы», «Тіршіліктің түрі көп», «Сен – әйел емессің, құбылыссың» деп аталатын үш кітаптан тұрады. Уақиға желісі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдардан бастап, бүгінгі күнге шейінгі тұтас бір дәуір кеңістігін қамтиды, яки бас кейіпкер Бибі-Сананың «Бибі – Ана» атанып ел анасына айналған ұзақ ғұмырындағы қым-қуыт тағдыр жолы романға арқау болған.
Бибі-Сананың балалық шағы Шалқар қалашығында өтеді. Соғыстан кейінгі жүдеу кезең болса да, ел еңсесі тік, ұйтқысы бұзылмаған берекелі жұрт жыртық иін, жұтаң дастарқанын көңілімен байытып, аздың өзімен базар боп жататын. Күн көзіне талпынған көкөрім шыбықтай, бой түзеп өсіп келе жатқан жасөспірім қыз бақытты еді. Әке-шешенің аялы алақанында ешқандай таршылық көрген емес. Айналадағы қайнаған тіршілік құбылысы өң-бояуы өзгерместен, барды – бар, жоқты жоқ күйінде көрсететін айна секілді, Бибі-Сананың шыншыл жанары арқылы беріледі. Біз сияқты аға ұрпақ шет-жағасын көріп қалған сонау соғыстан кейінгі жаңа-жаңа жарасын жалап жазып жатқан жылдардың жүдеу де болса сағынышты елесі қаз-қалпында қағаз бетінде көшіп жүргендей. Бәрі таныс, бәрі көңілге ыстық. Сол кездің адамдары қандай қайырымды, бір-біріне қандай мейірімді еді! Аңқылдаған адал, қайғысын бірге көтерісіп, қуанышын бөлісіп, қанағатшыл шүкірлікпен көңіл байытып, аздың өзінен көп жасап, шұрқырасып жататын қайран заман-ай. Сол көңіл, сол бауырмал тілек қайда бүгін? Бибі-Сананың араласатын ортасы, бүлдіршін қызды болашақ ел анасы болатындай ғып тырнақтайынан жүрегіне ізгілік ұрығын еккен аядай ауылды – сол кездегі ырысы шайқалмаған Үлкен Қазақ жерінің бүкіл құт-берекесін бойына сіңіріп тұрған кішкентай моделі дерсің.
Сананың әкесі – Сарбаз ауданының прокуроры, соғыс кезінде броньмен тылда қалып, аянбай еңбек етеді. Қатал да адал. Айналасына қамқор, ауылдағы жоқ-жітіктен көмегін аяған емес, үлкен-кішіге үнемі жөн көрсетіп отыратын көшелі адам. Прокурормын деп астамсуды білмейді, қашанда майлық-сулық боп елмен бірге жүргені. Бір жолы қыста совхоздың бір отар қойы сорға батып кеткенде, соны шығарысам деп, он сағат бойы белуардан батпақ кешіп, өліп қала жаздайды. Анасы Балжан да – көргенді, айналасына береке дарытқан ғазиз жан. Қолы ашық, жомарт. Прокурордың әйелімін деп шіренбейді, қолы босаса, отыра қалып іс машинасымен балалар үйіндегі жетімдерге киім-кешек тігеді. Соларға күн сайын тамақ тасумен әбігер. Әлбетте, лауазым иесі болған соң, шаңырақтың әл-ауқаты басқалардан ілгері. Бірақ ризығын өзгелермен бөліспесе, түйір дән тамақтарынан өтпейтіндей. Екі мал сойса, бірін айналасына таратып береді, жоқ-жітікке жәрдемдесу солардың мойнындағы міндет секілді. Өлім-жітім болса, жөн-жоралғысын жасап, басы-қасында жүретін – Сарбаз, ас-суын қамдап зыр жүгіретін – Балжан. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, осындай ата-ананың бауырынан өрген Сана ізгілік, мейірім шапағатын жастайы­нан бойына сіңіріп өседі. Бірде мектептегі шаңғы жарысында Санаға жете алмай қалған ер бала: «Бордақыланған прокурордың қызы озбағанда, талқан жеп жүрген мен озам ба!» дейді елдің көзінше мұғалімге. Шын сөз шымбайына батқан қыз қатты ширығады. Үйге келе сала: «Көршілеріміз талқан жеп отырғанда, біз неге қазы-қарта жеуіміз керек? Аш ана жәшіктеріңді!» деп шешесіне айғай салады. Сол күннен бастап Сана соғыстан қос балдақпен оралған Байболсын атасына ылғи ыстық тамақ апарып тұрады. Көкірегі сайраған шежіре, қара басы қадірлі қарияның баласы жоқ, төсек тартып қор боп жатқан бейбақ. Кемпірі Қатша «Радио апа» атанып кеткен, бір үйден естігенін екінші үйге үстемелеп жеткізіп, ел ардақтап жүрген берекесіз біреу, бір үйден талқан жеп, екіншісінен шай ішіп, терлеп-тепшіп отырады. Жазушы «радио кемпір» бейнесін күле отырып, күйінетіндей етіп, әсерлі әдіптеген. Оқырманның көз алдында әр ауылдағы «көзі көргіш, құлағы естігіш» сондай бір-бір «радио апа, жеңгенің» жанды бейнесі тірілері хақ. Байболсын қайтыс боп, есік алдында сойылып жатқан жылқыны көрген «Радио»: «Жаным-ау, біздің жылқымыз жоқ сияқты еді ғой?» – дейді таңырқап. Сонда жігіттердің бірі: «Е, Байекеңнің несі барын сен қайдан білейін деп ең, сормаңдай жеңеше. Әлі Байекеңнің ұлдарын да көресің бір күні!» – деп қағытады.
Ауыл тіршілігі, уақыт ауаны әсірелеусіз табиғи қалпында көз алдыңда тұра қалады. Көзіңмен көріп, дауысын естіп, сандаған кейіпкердің дәл ортасында шұрқырасып жүргендейсің. Бәрі өзің білетін, өзің көріп өскен жандар, киім киісі, жүріс-тұрысына дейін таныс. Автор ешкімнің аузына әдемі сөз салып, даналық ой айтқызып, жанды қуыршақтай сыртынан билеп-төстемейді. Әркім өзінше сөйлеп, өзінше ойлап әрекет етеді. Сол қалпымен сізді еріксіз «е, өмір деген осы емес пе!» дегізіп, шынайы ишандырары даусыз. Мәселен, Сталиннің өліміне қатысты эпизодты алып қарайық. Сталин өлген күні бүкіл елдегідей, кішкентай ауыл да қара жамылады. «Бетінде тыртығы бар, аласа бойлы, үнемі китель киіп жүретін директор шал: – Балалар… Балалар… Ұлы көсеміміз Сталин ауыр науқастан кейін қайтыс болды деген суыт хабар келді… – деп кемсеңдеп, бетін жуған жасқа қақалып-шашалып, әрі қарай сөйлей алмады. Қыздардың қыстыға жылаған даусынан айнала азан-қазан… Сана әкесінің Сталинді ерекше жақсы көретінін біледі. Кителін шешпестен Сталиннің барлық томын бауырына қысып, етпетінен жатқан әкесінің мойнынан құшақтап:
– Көке, енді не болады? Көке, енді Сталинсіз қалай өмір сүреміз, қайтадан соғыс бола ма? – деп өксіді. «Әр жерде топ-топ болып дауыс салып, сыңсыған әйелдер. Жетімдер үйіндегі балалар бір жетіге шейін оқуға бармай, ұлдар шаштарын тақырлап алып тастап, қыздар бастарынан қара орамалдарын тастамайды. Орыс тілінен сабақ беретін ленинградтық Маргарита Сергеевна ғана жыламай, үлкен көгілдір көзі тұңғиықтанып мұңайып тұрады… Жазушы бұл жерде Сталин туралы тарих үкімін тықпаламай, сол сәттегі шынайы өмір суретін қаз-қалпында берумен шектеледі. Жетімдер үйіндегі балалардың ата-анасы қайда, оларды жетім қылған кім? Маргарита Сергеевна неге жыламады? Ол жұмбақтың шешуін зерделі оқушының өзіне қалдырады.
Сананың сырлас құрбысы Айнамкөз, оның анасы Зарапшан, тілі кеміс, ақылынан ауысқан, «сыбағасы кез келген отбасында сақтаулы тұратын» Тастыбай кезбе, жетім қыз Райхан… бәрі-бәрі – тағдырын соғыс талқандаған мұңлық жандар. Осылардың қай-қайсысы да соғыстан кейінгі қазақ ауылының кез келгенінен табылары хақ. Сол тұстағы қасіретті болмысымыздың ажырамас бір-бір атрибуты екеніне көңіліміз куә. Әсіресе Тастыбай бейнесі сараң сөзбен жанама сипатталса да, сәл ғана сәтті штрихпен көз айнамызда өшпестей боп бедерленіп қалады. Жасы белгісіз, белі бүкіш, тілі мүкіс, аузынан суы ағып, ауылдан-ауыл кезіп жүретін бишара біреу. Ешкім жатырқамайды, қай үйге барса да, Қыдырдай күтіп қарсы алады. Ыстық ас алдында, төсегі салулы, кірі жуулы. Тастыбай бейнесі арқылы автор сол тұстағы қазақ болмысының бірлік-берекесін, бір-бірімен еншісі бөлінбеген жарасты ынтымағын, жетімін жылатпаған, ғарип-мүсәпірін жаутаңдатпаған қайрымы мол дархандығын айшықтай отырып, бұл күнде бағзыдан жалғасқан асыл қасиеті көзден бұл-бұл ұшқан сол қайран ауылымызға жоқтау айтқандай, көңілімізге күрсіністі мұң, сағыныш ұялатады. Ал Айнамкөз Сананың жан құрбысы болса да, оны іштей жек көреді. Сананы әкесі еркелетіп әлпештегеніне күйініп, қызғанады. Әкем соғыста өлмегенде, мені де өстіп аялар еді, тұрмыстан кемістік көрмес едім деп оңашада көз жасына булығатын. Арқа қонған дарынды қыз, түсінде күй тартып, ұйқысынан қиялындағы домбыраға қол созып ұшып тұрады. Бала кезінен жүрегіне шөккен қайғы-шер ұлғая-ұлғая келе дертке айналып, ақыры жынданып өледі. Анасы Зарапшан – ауылдағы көп мұңлық жесірдің бірі. Нағыз жар құшатын құшағы қызулы толықсып тұрған шағында қу тізесін құшақтап тұл қалды. Енді ең аяғы кісінің қоры бүкір шалға дейін қырындап, басынып жүргені мынау. «Ит жоқта шош­қа үредінің» керімен, ашаршылық, реп­рессия, соғыстан әбден сілікпесі шығып сорлаған елді кім қорламады дейсің. Шал-шауқан, бүкір-соқыр құтырып, жетім қыз, жесір келіншекке бөрідей тигені ащы шындық емес пе? Осынау қасіретті халді жазушы сәл ғана ұтымды штрихпен дөп басып таңбалай білген. Осы тұста қарапайым қазақ әйелінің дархан мінез даналығына қайран қаласың. Өмірдегі ең зор баға жетпес бақыт әйел үшін ана болу ғой. Зарап­шанның жан дүние­сіндегі арпа­лысты түсінген Балжан бір күні: «Бүкір-сүкірді қайтесің, біздің үйдегі қайныңнан бала туып ал. Жеңгесіне бармаған қай жігітті көріп ең. Көңілің болса, өзім-ақ көндіріп берем!» – деп турасына көшеді. Есейіп қалған қызының жүрегін жаралаудан жасқанған Зарапшан, әрине, ат-тонын ала-қашады: «Ойбай, құрсын, осы сыйластығымыздан айрылып қалармыз, оң жақта қаншама қыз отырып қалды, оларға қарағанда, мен жар сүйдім, ана болдым, шүкір ғой, шүкір…» – дейді. Екі әйелдің әзілдеп айтқан екі-үш қайырым диалогында қаншама астарлы мән жатыр? Кей жағдайда ізгілік үшін моральдан да аттауға болатынын меңзеп тұрғандай.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегенді дана қазақ бекер айтпаған ғой. Бибі-Сананың бойындағы ізгіліктің қайнарын жазушы отбасындағы тәрбиеден іздейді. Ғазиз әке мен асыл ананың жан дүниесі жарқырап көрінер беттер шығарманың ең бір шырайлы да шұрайлы шоқтығы дер едік. «Жер жүзінде менің әкемдей келбетті, менің әкемдей қара қылды қақ жаратын адал, ел біткенге қамқоршы, айналасының бәріне беделді адам бар ма екен?!» деп масайрайтын Сананың әкесі Сарбаздың сырты бүтін болғанмен, жүрегінде шөккен айықпас мұң бар. Жас шағында Ақмаңдай дейтін ақылына көркі сай сұлуға құлай ғашық болады. Бірақ әкесі рұқсат бермей, «аталары қарақшы болған, ұрпағымды қарақшының қанымен былғамақпысың!» деп тиып тастайды. Кейін Балжанға үйленген соң, жарты жылға жетпей Ақмаңдай құсадан көз жұмады. «Кейде өзін мұңлық қыздың орнын тартып алғандай күй кешсе де, ақылды Балжан ондайда «Бәрі құдайдың ісі» деп ақталып барып, тынышталатын». Балжан – бар өмірін жан жары мен балаларына арнаған әзиз ана. Қашанда ерінің абыройын, шаңырақтың берекесін ойлайтын, мол пішілген сабырлы қазақ әйелінің типтік бейнесі. Өзімдікі дейтіндей ештеңесі жоқ, тек балаларының, күйеуінің өмірімен өмір сүреді. Тіршілігінің мәні де, сәні де – солардың бақыты. Ауыл-үйдің ұрлығы жата ма, жар аңсаған күйікті көп жесірдің арасындағы жалғыз-жарым еркектің бірі Сарбаздың жігітшілігін білсе де үндемейді. Қызғанудың орнына қайта, өсекке жел беріп жүрген жесірлерді шақырып алып: «Әй, қатындар, мен сендерге байымды басыбайлы берейін деп жүрген жоқпын, қызығын босқа көрмей, бір-бір бала тауып алыңдар!» – деп, қызыл шайын демдей отырып, ақыл айтатынын қайтерсің.
Ұлы өзеннің сабырлы ағысындай уақыт тынысын молынан қамтып, құлашын кеңге жайған оқиға желісі бірте-бірте бас кейіпкер Бибі-Сананың тағдырына қарай ойысады. Қылтиып қыз боп қалған жас сұлу Санаш қауызын жаңа жарған қызыл гүлдей күн санап құлпырып келеді. Өжет те өр мінезді. Барынша әділетшіл, қиянатқа жаны қас. Тал бойы тұнған өнер: әнші де, биші де, күйші де сол Санаш. Талаптанып алғашқы жазған әңгімелерін оқыған мұғалімі мен әкесі «сен жазушы боласың» деп қанаттандырып қояды. Бірақ Санаштың өзі актриса болуды армандайды. Көркіне ақылы сай сұлу қызға сыртынан дәмелі бозбала көп-ақ. Бірақ Санаш ешқайсын көзіне ілмейді. Тек өзінен бір класс жоғары оқитын бұйра бас, тұнжыр көз, мінезі тұйықтау Қанатқа біртүрлі іші бұратын секілді ме, қалай? Жыл құсының қанатымен қиқулап жеткен жаңа көктем жас жүрегіне құпиялы қуаныш алып келгендей. Мектеп сахнасында Қанат­тың сызылтып салған «Қараторғай» әні көңілінің әлдебір нәзік қылын оқыс дір еткізіп, тұңғыш рет алабұртқан арпалысты күй кешеді. Өрт пен дерттей алғашқы албырт сезім, маздақ махаббат хәлдерін жазушы табиғат құбылыстарымен шебер шендестіре жеткізеді оқушы жүрегіне. Қанаттың институтқа түсіп, Санаштың оныншы класта оқуы, екі жастың бір-біріне ұшарға қанаттары жоқ іңкәр көңілі, ынтыққан ыстық сағынышы, шарасыз шарқ ұруы сіздің де көкірегіңізді сыздатады.
Санаштың есіл-дерті актриса болу еді. Бір жыл бұрын әкесі екеуі Алматыға барғанда, бір кинорежиссер Сананы сыртынан көріп қалып желімдей жабысады. «Кино түсіргелі жатыр ем, қызыңыз дайын тұрған героиня, бағын байламай, рұқсатыңызды беріңіз!» деп өлердегі сөзін айтады. Әкесі ешқандай өтінішке илікпейді. Лажы таусылған режиссер: «Еһ, қазақтың бәрі осы, көзі ашық адам болсаңыз да, кино десе ат-тонын ала-қашатын ескі түсініктен арыла алмапсыз!» деп қатты күйінген сонда. Перзентіне тек ізгілік ойлайтын мейірімді әке «кино, сахна адамды бұзады, қыз баланың қолы емес» дейтін қазақы түсініктен бе, әлде бір тылсым түйсік қауіп-қатерді алдын ала сездірді ме, Санаштың актриса болам деген талабына үзілді-кесілді қарсы болады. Әке тілегін аттай алмаған қыз, Ақтөбеге келіп, мединститутқа құжат тапсырады. Бірақ ақырғы сәтте ойынан кілт айнып, Алматыға тартып отырады. Өкінішке қарай, Сана алдынан өзгеше тағдыр күтіп тұрғанын қайдан білсін. «Жібекке ғашық көп екен» демекші, үлкен шаһарда да жас сұлуға көз құрты түспеген жігіт-желең кемде-кем. Әсіресе Ақпан дейтін қызылкөз қыр соңынан қалсайшы. Өзінше болдым-толдым деп асып-тасқан композиторсымақ. Шәмшінің өзін «сенің әләуләйіңнің ғұмыры қысқа, ел ертең-ақ менің симфонияларыма басын иеді!» деп астамсып шіренгенде, табан астындағы жер ойылып кетер ме дерсің. Талай сұлудың уызын сарыққан суаяқ сұм бір көргеннен сүркілдеп ізіне түссін. Бірінші емтиханды ойдағыдай тапсырып, көңілі көлдей шалқып Сананың жатақханаға келгені сол еді, қапысын бағып, бөлмеге ілесе енген Ақпан есікті іштен жауып ала қояды. Өлердегі сөзін айтып, жалынып-жалбарынады. Ақыры есірік буған жауыз зорламақ боп ұмтылғанда, жан ұшырған намысшыл тәкаппар қыз қорланғанша өлгенім артық деп үшінші қабаттағы терезеден бір-ақ қарғиды.
Жас өмір, жайнаған арман қас-қағымда жалп етіп сөнгендей. Денесі сал боп төсекке таңылған қыз өмірден біржолата түңіліп, өлімге бет бұрады. Тек шер жұтып, күндіз-түні басында күзетіп отырған әкесінің «Сен өлген күні ел мені де көрге бірге көмеді!» деген жалғыз ауыз сөзі шыңырау түбінен суырып алғандай. «Жоқ, жан әкем үшін өмір сүруім керек!» деп сол сәттен бастап тіршілік үшін арпалысқа түседі. Өлім мен өмір айқасқан жанкешті күреске куә бола отырып, адам рухының қаншалықты асқақтығына, ажалды да жеңіп шығатын құдіретіне тәнті болмасқа әддің жоқ.
Ажал мен асқақ рух тайталасқан бұл сәт Сананың өзіне ғана емес айналасындағы талайлар үшін де мәрттік пен морттық, адалдық пен арсыздық, кісілік пен мүскіндік таразыға түсер үлкен сынақ еді. Осындай алмағайыпта кіршіксіз сезіміне қылау түсірмей шынайы махаббат иесі екенін дәлелдей білген Қанаттың асқақ та албырт бейнесі жүрегімізге айрықша ыстық. Сүйгенінің мәңгілік мүгедек болып қалғанын біле тұрса да, бір сәт толқып, тайсақтамайды. Ол туралы мүлдем ойланғысы жоқ. Шешесінің жылап-еңірегеніне қарамай Ақтөбедегі оқуын тастап, Алматыға келеді. Осында қара жұмыс істеп, Санаштың қасында болмақ. Бірақ қыз бұрынғы Бибі-Сана емес, суық, салқын. Қанша жерден жүрегі өртеніп тұрса да, өзімен бірге Қанатын да бақытсыз еткісі келмейді. Атадан қалған жалғыз тұяқ, сорлы анасының көз жасын ойлап, ұрпақсыз өтпесін дейді. Оны түсінер, оған көнер Қанат қайда. Жылайды, жалбарынады, күйінеді, қорланады. Сыртына сыр бермегенсінгенмен Санаштың да іші алақұйын арпалыс. Жүрегінен жұлып тастауға шарасыз. Қалай ойламайын десе де «көз алдында – тістеніп тұрған Қанаты, қабағы түйіліп тұрған Қанаты, жалынып тұрған Қанаты, кекірейе қалатын Қанаты…» «Тәнімнің ауруына көндім, жанымның ауруының өле-өлгенше емі табылмас!.. Адамның көзін байлап, ақылынан айыратын не деген нақұрыс едің, махаббат?! Нақұрыс болмасаң, мына жарты денесі шала өлік – сал боп жатқан маған Қанаттың көңілін суытпас па ең?! Нақұрыс болмасаң, періштедей Айнамкөзді өзінің қадірін білмейтін Ерденнің соңынан сүмеңдетіп қояр ма ең?! Нақұрыс болмасаң, мені азапқа салар ма ең?! Егер осындай бейшара халге түспегенде, Қанаттан басқа ешкімді қаламас едім-ау, қайтейін…» деп күйіп-жанған жүрегі. Махаббат мәңгі өшпес алау, қанша ұмытпақ болсаң да, ешқашан ұмытылмайтын мәңгілік мұң екенін жаныңызбен түйсінесіз.
Трилогияның соңғы түйінді бөлімінде біз басқа тұрпаттағы Бибі-Санамен ұшырасамыз. Тағдырдың талай ащы-тұщысын татып, байсал тартқан ана жастайынан көкірегінде көктеген ұлы аңсардың құлшындыруымен қолына қалам алып, жазушылыққа ойысқан. «Тауқымет» атты романының алғашқы нұсқасы оқырманның зор қызығушылығын тудырады… Жалпы, трилогияның бұл үшінші кітабында деректі-хронологиялық сипат басым. Кітаптың әр бетінде, «Бибі-Сана – Өзіммін» деп автордың өзі айтқандай, қаламгерлігі мен қайраткерлігі ұштасқан жазушының қайыспас күреске толы өмір жолы сайрап жатыр.
Жарты денесін сүйретіп жүріп, екі перзентін өсіріп жеткізген Бибі-Сана мүгедек ананың азапты тақсыреті қандай екенін өз басынан жақсы біледі. Жастайынан қайырым-мейірімді көп көріп, ізгілік шарапатына мелдектеп өскен елгезек жүрегі жылағанның көз жасын сүрткісі кеп, құлағанның қолтығынан сүйегісі кеп, елбіреп тұратын. Тоқсаныншы жылдары ел байлығы талапайға түсіп, апалас-төпелес заман басталғанда, Бибі-Сана бүкіл ел бойынша қараусыз қалған екі жүз елу мыңнан астам мүгедек ананың басын қосып, республикалық «БИБІ – АНА» қайырымдылық қорын құрады. Қордың атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Мүгедек аналарды азық-түлік, медициналық көмекпен қамтамасыз ету өз алдына, қордың тікелей араласуымен талай ана баспаналы болады. Осы жылдардың ішінде мүгедек аналардың бауырынан өрген жеті жүзге жуық бала жоғары білім алып шығады. Тігін цехында жұмыс істеп, еңбегіне алғаш рет жалақы алып, өзінің қор емес, Адам екенін сезініп жылап тұрған мүгедек ананы көргенде, біздің де көзімізге жас үйіріледі еріксіз. Әйтсе де назарбаевтық арсыз, озбыр қоғам жақсыны қолдау, қорғаудың орнына, аяқтан шалып, үнемі тұншықтырумен болғаны белгілі. Соның бір мысалы – Тимур Құлыбаевтың қарақшылық әрекеті. Жердің асты-үстін жалмап болғаны аздай, тойымсыз құзғын мүгедектердің болымсыз нәпақасына көз тігеді. Паналап отырған кеңселерін тартып алып, тігін машиналарынан бастап, бүкіл мүлкін далаға лақтырып тастайды. Қорқау-монстрмен бес жыл бойы соттасқан Бибі-Сана төрт рет операцияға түсіп, ажал аузынан қалады. Жеңілсе де күресін жалғастырып, қылышынан қан тамған Назарбаев билігінің былығы мен шылығын әшкерелеуден бір танбайды… Автор бұл арада деректі құжаттар мен мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалаларға көбірек ден қойыпты, бір қарағанда, аққа қара жамағандай, шығарманың көркемдігіне көлеңке түсіріп тұрғандай әсер етері даусыз, бірақ оны біз тарихи шындықты нақтылай түсу үшін саналы түрде қолданған тәсілі деп қабылдадық.
Бұл кітап – бір ғұмырдың баяны һәм жай ғана жұмыр басты пенденің емес, ғажайып ғұмыр иесінің, қазақтың «Тереза Анасы» атанған БИБІ-АНА сынды аңыз адамның талай ұрпаққа өнеге болар ғиб­ратты ғұмырының асқақ рухты шежіресі.

Тұрысбек Сәукетаев

Қаламдас лебізі

Біреуде қайрат болса, талант болмайды, талант болса, қайрат болмайды, осының екеуі де сенің бір басыңа берілген. Үлкен жүрек пен жомарттықты, мейірім мен байсалдықты, парасаттылықты да бір сенің бойыңнан табуға болады. Саған Алла Тағала жан сұлулығы мен тән сұлулығын аямай сыйлаған. Анау-мынау нар азаматтың қолынан келмейтін, кез келген адамның ақыл-өресі жете бермейтін іске тәуекел етіп, өзің көтеріп жүрген тауқыметтің жүгіне мойымай келесің. Сені мойытпайтын да, шаршатпайтын да – Аналық мейірімің. Әр бала үшін басыңды өлімге де тіге алатын мінезіңе күн сайын куә болып келеміз. Сен туралы жазылатын ән де, сен туралы жазылатын поэма да алдыңда. Сенің «Тауқымет» атты кітабың – жас ұрпаққа өнеге, үлгі, үлкен академия.
«Тауқыметті» қайта жазып шығуың да тегін емес. Сен, Ақтөбе өңірінің ғана емес, әлі бүкіл әлемнің мақтанышы боласың! Өзің жаратылған Ақтөбенің қақ төрінде елің-жұртың мерейтойыңды атап өтіп жатқаны – біз үшін үлкен қуаныш. Өмірге Бибі-Анадай перзентін әкелген ақтөбеліктерді, өздерінің Ұлы қыздарының мерейтойымен құттықтаймын!
Бибіш, алтындай екі балаңның қызығын көр, денсаулығың мықты болсын! Өміріңнің аяғына шейін тап осылай халқыңның ардақты да аяулы қызы болып қалуыңды тілеймін!

Ізгі тілекпен, ақ ниетпен,
Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір