«Былғары табыт» – рух жыры
Мен қазақтың танымал қаламгерлерінің бірі Асқар Алтай шығармашылығымен жақсы таныспын. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі маңдай алды романистеріміздің бірегейі, өз оқырманын тапқан қарымды қаламгер. Бұған дейін де жазушы қаламынан туған екі роман – «Алтайдың алқызыл модағайы» (1991) мен «Туажат» (2012) романдары туралы мақала жазғанмын. Міне, бүгін қолыма жазушының кезекті романы түсіп отыр. Сиясы кеппеген, баспадан енді ғана шыққан роман, атауы – «Былғары табыт». Алғашқыда не туралы роман екенін түсініңкіремей қалдым. Себебі, мен Алтай аймағына кең тараған Былғары табыт аңызын ешуақытта естімеппін.
Жалпы, Асқар Алтай шығармаларын оқуды бастар алдында аз-маз дайындық керек. Басқаға қайдам, өзіме солай. Жазушы шығармаларының тақырыбы да ауырлау, тілі де, сюжеті де, композициясы да күрделі, туындыларының өн бойынан ой ағыны бір толастамайды. Оқиғаның даму барысын, сюжеттің өрбуін дұрыс ұғына білу үшін жаңағы ой ағынынан ажырап қалмау керек, мән-мағынасына бойлай білу керек. Бұл дегеніңіз – шығарманы оқығанда тек сюжет қуып кете алмайсыз, әрбір сөз орамына, бейнелеуге, авторлық түсіндірмеге мұқият болуға тура келеді.
Асқар Алтай өзі туған жері, туған елі – қазақтың киелі мекені Алтайға қашанда адал. Жазушы Алтай аймағы туралы майын тамызып тұрып жазады. Қай шығармасын алып қарасаңыз да Алтайдың құдіретті де көркем көрінісін жайнатып салады. Бейне бір жазушы Алтай өңірінің әр тауы мен тасын, орманы мен жартасын күнде көріп, күнде аралап жүргендей. Соншалықты шынайы, сондай асқақ табиғат оқырманды баурап, өзіне тартады да тұрады. Осындай құдіретті мекенде небір құдіретті оқиғаның боларына кәміл сенесіз. Автордың көңілін алаң етер бір жайт бар: «Қанша көрікті болса да, қанша қорқынышты болса да ата-баба аруағынсыз ұлы тау мен ұлан дала жетім екен. Сарқыраған бұлақ пен жарқыраған көл жетім. Білектісі босбелбеу, бұрымдысы бозбеттеу қазіргі қауым жетім. Иесіз жатқан жер мен жоқтаусыз қалған ер жетім. Бұлыңғыр замандарда бұла күн кешкен аруақты Алтай жетім… Жоқтаусыз жұрт жетім».
«Былғары табыт» романының кейіпкерлері – кәдімгі кейіпкерлер. Өмірден алынған. Тіпті кейбірінің өмірде прототипі болуы да мүмкін. Сонысымен де шынайы. Жалпы, жазушы Асқар Алтай шығармаларында идеал немесе жасанды кейіпкерлер болмайды. Қай шығармасын алсаңыз да кейіпкерлері өз кемістігімен, теріс қылық, жағымсыз әрекеттерімен әшкереленіп отырады. Автор бас кейіпкерді орталық тұлға ретінде алып шығу үшін оған жақсы қылық, парасатты ақыл жамап, аузына терең философиялық толғам салып беруге тырыспайды.
Бұл шығармада да солай. Бас кейіпкер Замани Толы – Жады Толик – Кезбе Толумен шығарма шымылдығы ашыла салысымен танысасыз. Бұл адамның азан шақырып қойған есімі – Толғанбай. Жасы жүзден асқан бұл кейіпкерді айналасындағылар осылай түрлі есіммен атайды. Алғашқы сөйлемдердің өзі сол Толғанбайды суреттеумен басталады. Алғаш танысқанда бейшара, бейкүнә жан екен деп қаласыз. Жаныңыз ашиды, айналасындағы адамдар қандай қатыгез деп ойлайсыз. Бірақ Жады Толиктің шын бейнесі, өткен өмірі, жасаған іс-әрекеті оқиғаның дамуы барысында ашылады. Ол кезде бұл кейіпкерге деген көзқарас та өзгереді. Жек көріп кетпесеңіз де өзінің кезіндегі іс-әрекетінен тапқан екен, қазіргі ғұмыры сол өткенінің өтеуі екен деп ой түйесіз.
Ең алдымен жазушының осы Толғанбай туралы мына бір сөздеріне мән берейікші:
«Мың жылға татыр замандық ғұмыр кешіпті… Замани екен.
Таң қараңғысы жауар қансонар дүние кезіпті… Кезбе екен.
Жалған сөз жадын жаттай жаулапты. Жады екен».
Шығарманы тұтас оқып болып, роман басындағы осы сөздерді қайталай оқығанда маған «осы Толғанбай Замани Толы – Жады Толик – Кезбе Толу дегеніңіз қазақ халқының жиынтық образы емес пе екен» деген ой келді. «Мың жылға татыр замандық ғұмыр кешіпті… Замани екен». Қазақ дегеніңіз қанша зұлмат мыңжылдықты артқа тастаған ел. Замани екені рас.
«Таң қараңғысы жауар қансонар дүние кезіпті… Кезбе екен». Ел басына күн туып, қара қазан, сары баланың қамы үшін жер ауып, бөтен елге бас сауғалаған қазақ қаншама. Қазақ кезбе емей немене.
«Жалған сөз жадын жаттай жаулапты. Жады екен». Кеңес өкіметі жетпіс жыл бойы жалған сөз, жалған ұранмен қазақтың жадын жаттай жаулағаны айдан анық. Тарихымызды да бұрмалап, ұлттық санамыздан айырып болды. Жады десең дегендей-ақ.
Толғанбай кезіп жүретін аруақ жайлаған Ақсөңке сайындағы көрініске назар аударайық. «Үңгір ішіне, текше тас үстіне қойылған қу бесік бар. Басына тағылған бір уыс үкі Марқа сұлудың марал самалымен желбірейтін, арқалығына ілінген күміс қоңырауы қоса сыңғырлайтын. Бір кезде балағынан балапандап сәби өрген байбесік былтырдан бері бассүйек күзетіп, бір уыс үкісі үлбіреп, күміс үні сыңғырлап, аруақ атаулыны бірге шақырып, бірге жоқтайтын бос бесікке айналды». Бесік қазақтың киелі дүниесі, бүлдіршінін бөлеп, бесік жырын айтып, салт-дәстүрді насихаттап, өмір жолын енді бастаған кішкентай жан иесіне ұлттық құндылықтарды сіңіретін бір жоралғы. Қазақтың сол бесігі шаңырағының төрінде тұрмай, бассүйек күзетіп, адам аяғы баспас сайда қалғаны несі?
Толғанбайды қоршаған орта, заттар, жалпы интерьер осындай сипатта болып келеді. Кейіпкердің айналасындағы заттардың бәрі оның ішкі дүниесі, пайымы, өмірлік қағидасы тәрізді түсініксіз, жат, басқалар бойын алып қашатын дүниелер. Бұл кейіпкердің бейнесін автор мынадай суреттеулермен аша түседі: «Ала жаз ауыл-ауылды аралап, қыр-қырды қыдырып жүретін Толғанбай емес пе?! Үстіндегі өрім-өрім киімін тастамайтын, күс-күс жалаң аяғымен су кешетін, сауыс-сауыс шашты басын күн сәулесі тесетін түзбезер жанның жан дүниесін кім түсінсін?! Арқасында тері дорбасы. Тері дорбасында баяғы бұлғақ уақытта жазықсыз ажал құшқан сәбиінің сарғайып кеткен бассүйегі… Қу толағай. Оны да ешкім білмейді.
Білетін – Отан мақау. Ол да бүгін аңдаусызда біліп отыр: бидай көже құйылған құмыраны алам деп. Өзге жұрт бейхабар. Толғанбай өлсе де жоқтар жанашыры жоқ. Жаратқан ғана жоқтар!»
Шығарма соңында Былғары табыт пен Ақсөңке сайдағы қу бастарды күзетіп жүретін Толғанбай бөгет бұзылып, көшкін астында қалады, ары қарай оның аруағы кейіпкерге айналады да, паралелль әлемдегі сақтардың соғысына, дұшпанын былғарыдан табыт кигізіп жазалайтін рәсіміне куә болады. Тамаша шешім. Сюжет кенеттен басқа бағытқа бұрылып кетеді, тіпті алғашында түсінбей қаласыз. Бірақ тосыннан пайда болған екінші әлем өткен тарихтың пердесін ашып, тарих қойнауына сүңгітіп, қадау-қадау ой-толғамдарға ендіріп жібереді. Шығарманың негізгі идеясы, автордың айтар ойы осы эпизодта толық ашылады.
Біздіңше, Толғанбай жиынтық кейіпкер. Ол қазақ халқының бүгінгі бейнесі. Өткен өмірінде өз қолымен, білместікпен бүлдіргені мен қиратқанын бүгінгі күні бүтіндей алмай, әрі-сәрі күй кешіп, көкірегі зар мен мұңға толған халық. Өзін, өз болмысын, өз құндылығын жоғалтқан біздің халықтың бейнесі бұл Толғанбай.
Келесі бір бейне бар. Ол осы Кезбе Толудың қасынан бір елі ажырамайтын он үш жасар мақау бала Отан. Есімінің өзі көп нәрсені аңғартып тұрғандай. Оның дәл осы Жады Толиктің көлеңкесіндей болып еріп жүруі де бекер емес. Мақау Отанның бойында керемет бір қасиет бар. Ол құс болып ұша алады. Бір қарасаң анау бір алыс төбе басында тұрады, сосын кенет ойнап жүрген балалардың дәл қасынан пайда бола кетеді. Сол Отан оқиғаның даму барысында енді қазыла бастаған Былғары табыт қабіріне түнеп шыққан түні тосын бір құдіреттің көмегімен тілінің күрмеуі шешіледі. Болашақтағы, өткендегі оқиғаларды сана саңылауымен көре алатын қасиеті ұштала түседі. «Көк тәңірісі оған сондай қабілетті тұтқиылдан дарытқан. Есесіне ешкімге сыр ашпасын деп, мақау етіп қойғандай…»
Толғанбайдың бес жүздей бас сүйек жиылған Қыранжартастағы Ақсөңке сайда айтатын жоқтау зарына құлақ түрейік:
Әй, мақау құл, мылқау құл!
Сүйек – мылқау,
Сен – мақау,
Дала – мылқау,
Ел – мақау,
Мақау-мылқау жиылып,
Құл болдық-ау – құлмылқау…
Неге бәрі мылқау, неге бәрі мақау? Біздіңше, Толғанбай қазақ халқының бүгінгі бейнесі болса, бала Отан сол халықтың сана сарсаңы, ішкі арпалысы, қала берді болашаққа деген үміті. Егер ел, халық өз бойындағы қасиетке, негізге сеніп, алдыға, жақсылыққа ұмтылса құдіреттің, ата-баба рухының көмегімен дегеніне жетеді дегенді меңзеп тұрғандай. Отанның он үш жасында тілі шығуы (халқымыз ұл баланы «он үште отау иесі» дейді, мүшел жыл санау он үш жастан басталады), көкірек көзінің көрегендігін әкесінің де мойындауы, ұлын қайта бауырына басып, әке мен бала арасында жылылықтың пайда болуы осыны аңғартады.
Шығармада үшінші орталық кейіпкерлер тобы бар, ол жазушы қиялынан туған. Олар – ақ нұрға малынған күрең шапан киген ақсақал Білге Дің қаған мен сұлу өңді, қыпша белді, қызыл көйлекті ару қыз Сылан Бегім, Марқа сұлу, Дің Тәңірқұт. Бұлардың алғашқы екеуі мылқау бала Отан Былғары табыт қорымына түнеген күні пайда болады. Олар «Алтай тауын пана тұтқан Сақ Қағанатының сарқын қағаны мен сұлу бегімі еді…» Міне, осы тосын кейіпкерлер пайда болғасын жаңа оқиға – Ұлы Қағанат құрдымға бет алған мезгіл баяндалады. Мақау балаға тіл бітіретіндер де осылар. Ал соңғы екі кейіпкер қазақ пен қытай арасындағы қақтығысты, Жібек патшалығының арам пиғылы, жадыланған сақ баласы Аманаттың сатқындығын суреттеу тұсында ашылады.
Сюжеттің шиелінісі мен шарықтау шегі Былғары табыт қабірін қазып, онда көмілген мәйіттерді аршығаннан басталады. Алдымен күн-түнімен толассыз нөсер жауын жауады. Екі-үш күн жауған нөсерден бөгеттің суы арнасынан тасиды, кенеттен жер сілкінеді, сөйтіп жартылай қазылған Былғары табыт қабірін, Былғары табыт ауылын сел шайып кетеді.
Профессор Мағдан Жұрағатұлы, оның отызға енді іліккен сұлу әйелі Аршын, профессордың дарынды докторанты Дулат, Дулаттың туған ағасы, Алтайдағы әйгілі байлардың бірі Сұңғат, осы өңірдің әйгілі әншісі Ғазиз; эпизодтық кейіпкерлер: Сұңғат пен Дулаттың жетпіске жетіп қалған анасы Ақжамбы, Декабрист Қаржау, Егерь Темір, Политсай Парыз – бұлардың бәрі – «Былғары табытты» қазып, әлемдік сенсация жасап, докторлық қорғаудың жолында жүрген, сол істі бір жақты етуге көмектесіп жүрген бір топ. Сюжет осы кейіпкерлер төңірегінде өрбиді. Әрқайсының өз арманы, өз мақсаты бар. Сол мақсат жолында бірін-бірі пайдаланып қалуға, ұрымтал тұста жалт беруге дайын тұрған жандар. Оқиға барысында жақсы-жаман қасиеттері тең ашылып отыратын шынайы бейнелер. Бір сөзбен айтқанда, сіз бен біз сияқты артық-кемі жоқ қарапайым адамдар.
Автор өзінің жанын жеген тағы бір жайтты профессор Мағдан Жұрағатұлының сөзімен жеткізеді: «… бірақ «жад» деген болады, жігітім! – деді профессор. – Ол – ұлттың мыңжылдық болмысы… Ал болмыс жаннан да қымбат! Осыны түсін! Жад жұтаса – болмыс жұтайды… Ұлт жоғалады! Бөрі – біздің жадымызға сіңісті… Бөрі болмысты жұрт едік. Оны ұлы Мағжан ақын айтқан. Қазір жұтауға ұшырадық, болмысымыз бұзылды… Бір заманда ірі едік. Жан-жағымыздағы анталаған дұшпандарымыз жұтатты… Ірідік. Мынау соның айқын көрінісі. Бөріні қой орнына құрбандыққа шалуымыз ғана қалыпты… Асып жеуіміз қалыпты қытай құсап!»
Ауыл азаматтарының бөріні көкпар қып шапқаны – бар қырсықтың басы болып шығады.
Шығармада үлкен мәселе болып қайта-қайта көтерілетін, кейіпкерлердің қай-қайсының да үрейлене айтатын бір әңгімесі – ел іргесінің бүтіндігі, сыртқы дұшпанның пәлесінен сақтану. Ол туралы алғаш рет жолығысып отырған профессор Мардан Жұрағатұлы мен алтайлық бизнесмен Сұңғаттың диалогында ашық айтылады:
Ауыл жаққа да адам керек, аға! Бәріміз қала деп шапқыласақ, мына жатқан жерге кім ие болады? Бос жер жоқ. Иен жатқан жер жау шақырады… Шекара іргеде. Қысық көз көршіміз мынау – аткөпір… Лықси-лықси келіп, желкемізге шығып отыр. Лақ етіп ақтарыла салуы қалды. Ол жақта ел бар деуші едік бұрын… Оны жұтып болды. Ендігі кезек кімдікі деп айыр тілі жалаң-жалаң етеді… Аждаһа. Көмейі кең. Бұл бір ашық күнде аспаннан төнген апат сияқты, аға!
– Иә!
– Сіздер секілді ақылды ағаларымыз бар ғой деп, ел арқаны кеңге салып отыр. Астанада қазақ элитасы не ойлайды? Біз соларға сенеміз!»
Осы тәрізді ой-толғам туындының бірнеше жерінде сөз болады. Бұл да халықтың бүгінгі жанайқайы, қорқыныш-үрейі, бауырынан өрбіген бала-шағасының, ел мен жердің болашағына деген алаңы. Жазушы көзі қарақты әрбір оқырманына осы жайтты есіне салып, көп болып амалын табуға тырысу керектігін меңзегендей… Болашағын бүгін ойламаған халықтың ертеңі қараң…
Бұл ой археолог профессордың батасынан да байқалады: «Біз бір былғары табыт ішінде жатқан елміз ғой… Ұлы Тәңірім елімізді орыстың ойранынан, қытайдың қидасынан сақтасын! Ел іргесі аман болсын! Жерімізді жаудың шойындай табанынан, ұлтарақтай жапырақтауынан сақтасын! Ел ұйтқысы аман болсын! Жер құйқасы бүтін болсын! Әумин! – деп арқалана қайырды».
Шығарманың ұзын желісі бір сюжетке құрылғанымен онда қамтылар ой, оқиға бірнешеу: Алтай өңірінің тамаша табиғаты, оның жаттың қолында кетіп жатқан байлығы; кеңес өкіметінің орнау тұсында орыстардың қазақ ауылына, қазақ баласына көрсеткен қорлығы; халық пен билік арасының алшақтап кетуі, биліктің көрсоқырлығы мен жемқорлығы; көрші отырып көз алартқан «Жібек патшалығы»; көк бөрі киесі; Алтай өңірінен шыққан тарихи тұлғалар туралы бір үзік сыр; Марқа сұлу туралы аңыз; қазақ рухының көтерілісі, символы болған Желтоқсан оқиғасы; Былғары табыт аңызы. Мұның бірі параллель сюжет ретінде өріліп отырса, енді бірі шегініс арқылы сипатталады, ал енді бірі эпизодтық сипатқа ие. Осындай ауқымды дүниені қамтығандықтан романды барынша мұқият оқу керек. Әйтпесе, бір оқиғадан екіншісіне қалай өтіп кеткеніңді ұқпай қаласың, көне уақыт, жаңа кейіпкерлер туралы айтылып жатқанда «бұлар қайдан пайда болды» деп сансырайсың.
Сюжет жымдаса бітіскен. Бір оқиға екіншісіне себепкер болып, біріндегі оқиға екіншісін аша түседі. Көкпаршылардың көкпарға көкбөрі тартуы, оны көрген профессордың тіксінуі – барлық жаманшылықтың бастауы болады. Көне дүниенің есігі ашылып, рухты оятар көріністер тізбектеле береді.
Романның көтеріп отырған мәселесі өте ауқымды, өзекті. Көркем шығармада көне сақ бабаларымыздың сарқыншағы – бүгінгі қазақтың басындағы хәлі, жай-күйі мен ертеңіне алаңдау басым. Оны әр кейіпкердің сөзінен, әр эпизодтан көруге болады. Бұл тұрғысынан автор бар ойын сарқа жеткізуге тырысқан. Ашып айтады, батыра айтады, жеткізе айтады.
Көркемдігі де келіскен, тілі де шұрайлы, шыншыл туынды оқырманды бірден баурап алады. Жаттанды емес, жаңаша. Күнделікті күйбең тірлікті, қарақан бастың қамын шетке ысырып қойып, елдікті, болашақты ойлантатын туынды. Сонысымен құнды. Ертеңіміз не болары белгісіз. Алмағайып заманда осындай көркем дүниелер оқығымыз келетіні рас. Роман оқырманға ой тастап, жігерін жанып, адамдық, азаматтық міндетін есіне салады.
«Мыңдаған жыл жат жұрт жадылаған санамыз сауықса екен»…
Айман МЕНТЕБАЕВА,
ф.ғ.к., доцент