КҮРЕСКЕР ИЛЬФА
20.02.2024
129
0

Егемендікке қол жеткен соң, Қазақстанда жыл сайын оқтын-оқтын «шетелдіктерге жер сатылуы керек», «жер жалға берілуі керек» деген мәселе көтеріледі. Өзінің емес, өзгенің қаны төгілген соң, билік тізгінін ұстаған кейбір шенеуніктер жерді сатудан, жалға беруден де бас тартпайды. Жерасты, жерүсті қазынасын оңды-солды сатып біткеннен кейін жер-анаға көз тіккен ашкөздер ынсап пен қанағатты әбден ұмытқан. Құныққандарын күн сайын көріп те жүрміз. Ал мына ұлан-ғайыр Қазақстан үшін сан мыңдаған боздақтың қасық қаны мен көз жасы төгілген. Мұны басқа емес, сол зобалаңды өз көзімен көрген, бастан кешкен, тауқыметті тағдырын арқалаған жандар өте жақсы түсінеді. Олар үшін жер – ар-ұяттан да биік құндылық! Жер деген – атылған әкесі, жер деген – АЛЖИР түрмесінде телмірген анасы, жер деген – аш-жалаңаш майдан өтінде өлген ағасы. Олардың осы жерден басқа несі бар? Байлығы да, қуанышы да, қайғысы осы – қара жер, қазақтың несібесіне жазылған ұлан-ғайыр мына атырап еді. 

   2016 жылы Қазақстан билігі «шетелдіктерге жер сатайық», «жалға берейік» деген мәселені тағы көтеріп еді, қоғам ушығып, дүрліге бастады. Сұрап алған аурудың емі болар ма? Билік сау басына сақина тілеп, ашынып отырған халықтың қытығына тиіп, ызасын келтірді. Ақырында халық өре түрегеліп, жасы бар, жасамысы бар бірі қалмай жап­пай алаңға шығып, қарсылық танытты. Жер сатылуға қарсылық митингтері тек Астана мен Алматыда ғана емес, Қазақстанның барлық облысы мен ірі қалаларында өтті. Қазақтың қаракөздері жер үшін өліспей беріспейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жер – сонау патша заманынан бері отарланып, құлдық езгіде қалған қазақтың уайымына айналған ең үлкен қасіреті. Жер үшін күрес – тек топырақ үшін емес, қазақ деген ұлттың ұлыс ретінде, ел ретінде болашақта бар болуы мен жоқ болуын айғақтайтын ұлттық мүдде қозғалысы.
Бір уыс топырақ үшін болған сондай ірі митингке таяғына сүйеніп, сексеннің екісіндегі қарт ана келіп, ортаға шығып, көпшілік алдында (оның ішінде билік тыңшысы, ҚР ҰҚК өкілдері, Алматы қалалық ІІБ тәртіп сақшылары бар): «Жер сатылмайды да! Жер жалға берілмейді де!» – деп айбат-мінез көрсетіп, қабағын шытып, таяғымен жер тоқпақтап жатты. Бұл – кешегі «халық жауы» деп нақақтан-нақақ атылып, өзінің ұлты мен елін шексіз сүйген жыр-құлагері Ілияс Жансүгірұлының аяулы перзенті Ильфа апамыз (29.05. 1935-14.01.2024 ) болатын.
Иә, Ильфа Ілиясқызы сондай айбарлы кісі-тұғын. Кескін-келбеті тура әкесінің аузынан түскендей еді. Әкесі қазақтың шетсіз-шексіз атырабын, тау-тасын, өзен-көлін, құмы мен шөлін, сай-саласын түгел жырлап өтті.
Ильфаның өмірі – кез келген реп­рессия құрбанының балаларынікі сияқты тұманды тағдыр. Тауқыметті, азапты. Қызықты. Фантастикалық ғұмыр. Екі жасынан бастап әкесінен көз жазып қалып, Алматыда тұру құқығынан айырылып, анасымен, бауырларымен бірге Қапал, Семей, Меркі өтіп, бас сауғалап, сая іздеп, әкесі қорғап қалған, жырлап кеткен ұлан-ғайыр Қазақстанның «сайы­нан сайғақ құрлы пана таппай», ауыр да мехнатты күндерді басынан өткерген.
Аты өшкір Екінші жиһан соғысы басталып, аспан жерге түскендей қиын шақта анасы Фатима тағы да зарлап қалды. Жолдасынан тірідей айырылған сорлы әйел енді ұлы Жәнібектен көз жазып, «қара қағаз» алып, өксік кешіп жатқан-ды… Осының бәрі – балдырған Ильфаның көз алдында болған қасіретті оқиғалар.
Болмаған, қызығынан қайғысы көп балалық шақ. Азат, Үміт, Ильфа, Болат ерте есейді. Тайғанақ тағдыр оларды балалығынан айырып, күлдірудің орнына жылатып, көз жастарын құрғатпай есейтіп, ауыр уайыммен тұмшалап тастады…
Ильфа есімінің өзіндік сыры бар. Бұрын-соңды қазақ ғұрпында болмаған жаңа есім, таңсық әрі тосын ат. Бұл – екі жүректің бір кеудеде жарасып, асау көңіл тыныштық тауып, арнасынан асып-тасыған, ынтыққан махаббат тұрақтаған сергелдең сезімнен туған есім. Ілияс пен Фатима есімдерінің алғашқы екі әрпінен бас құраған сүйіспеншілік есімі.
Ильфа қалаған, армандаған Көркемсурет институтына оқуға түсе алмады. «Халық жауының ұрпағы» деген жаланы арқалап жүру оңай ма?! Қыз болса да шыдады. Өзі атқан үкіметі әкесін өзі ақтап берген заманды көрді. Оқуға түсті. Өзі сияқты тағдырлас Санжар Жандосовпен отау көтерді. Екі мұңлық та советтің тепкісін жеді. Социалистік жүйенің сойылы екеуінің де арқасын тілгілепті. Мойымады. Шыдады. Бес перзент сүйді: Ажар, Динар, Жанар, Фатима, Кенен.
Ильфа – тума талант, сан қырлы өнер иесі. Бойына әкесінің көптеген жақсы қасиеті қонған. Суретші. Салған суреттері қандай! Оның арманы рессам суретші болу еді. Талапкер анасы Фатиманың, інісі Мұраттың портреттерін салған екен. Жеке архивінен көріп, қарадым, шебердің қолынан шыққан туынды ма дерсің. Суретшінің арнайы оқуын оқымаса да табиғат сыйлаған қабілетіне сүйсінесің.
Ильфа – әнші. Дауысы қандай кең әрі ашық еді. Ілиястың көзкөрген тұстастары оның әншілігі мен күйшілігін, суретшілігін жазған-тын. Әкесінің «Шилі өзек, қамыс-ай!» деген әні бар еді… бұл күнде ұмытылған, халық әніне айналған…
Кез келген репрессия баласы үшін әке деген сөз қасиетті. Алаш зиялыларының нәубеттен аман қалған қауырсындары әке мұрасын жинап, ұлттық тарихнамаға зор еңбек сіңірді. Бұл ретте Ильфа да халықаралық Ілияс Жансүгіров қорын құрып, әке мұрасын жинақтап, топтастыруда аянып қалмады. Бұл қор тек Ілияс мұрасын ғана емес, әйгілі «Мамания» мектебінің тарихын түгендеді, Біләл Сүлеев пен Мұхтар Әуезовтердің де ұмытылған сөзін іздеп, зерттеді, зерделеді.
2018 жылы да жердің жыры басталды. Екпіні күшті митингті тарқатты. Жергілікті билік халықты алдарқатты. Арада үш-төрт ай өткен соң, ерекше көзге түскен азаматтар торға түсіп, түрмеге қамалды. Солардың бірі – атыраулық Макс Боқаев еді. Белсенді жігіт түрмеге түсіп, сотталғанда сексеннен асқан Ильфа ана:
«Дорогой Макс!
Поздравляю тебя с наступающим Новым 2019 годом. Пусть он станет для тебя обнадеживающим, принесет тебе здоровья, стойкости… Я уважаю и ценю твои деягия, я уверена в их правоте, поддерживаю твои позиции, болею за тебя. И не одна я – это и мои близкие люди.
Ильфа Ильясовна Джансугурова- Джандосова Алматы, 3 декабря 2018 г.» деп хат жазып қолдап, жігерлендіреді. Сталиннің қаншеңгелін көрген анаға «нұрланған» жүйенің тозағы не тәйірі?!
Ильфа Алаш жұрты аңсаған тәуелсіздікті көрді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Жолдасы Санжар лауазымды қызмет атқарған мемлекет және қоғам қайраткері еді. Егемен елдің қалай болуы керегін айтып, өзінің оппозициялық көзқарасымен билікке жақпады. 1992 жылы атпал азамат жол апатынан оқыста қаза тапты… Құпия өлім…
Ильфаны сұм өмір молынан сынады. Бақытты, барақатты күндерді көріп, жүректегі жарасын жазам ба деген шағында тағы да зар илеп қалды… Сосын әпкесі Үміт, інісі Болат бірінен соң бірі өмірден кетті. Анасы бөлек демесең, әкесі бір ағасы Саят, анасы бір Мұрат інісі үшеуі ғана қалған. Ілияс, Фатима, Мұхтардың көзі болған үш асыл. Енді Саят та, Ильфа да жоқ. Тек Мұхтардың Мұраты ғана бар. Ильфаның алақанында өскен Мұрат ағамыз – асылдың сынығы аман болсын!
Маңдайына түскен әжімі қандай болса, тағдыры сондай қыртыс-қыртыс еді. Ильфа анамыз қайтпас қайсар күрескер болатын. Олай болуы да заңдылық. Оның анасы Фатима «жүрек жұтқан» батыр емес пе! У сойқан уақытта басын қатерге тігіп, КСРО өкіметінің Төрағасы Георгий Маленковқа қаймықпай арыз жазып: «Менің күйеуім қайда?!» – деп сауал тастаған ананың қызы қайтіп осал болсын!
Аяулы Ильфа қарғыс атқыр Советтік заманға нәумезденіп өтті. Тоқсанның ауылына жақындағанда ардақты анамыз фәни ғұмырдағы сапарын аяқтап, бақиға бет түзеді… Топырағың торқа болғай!

P.S. Тағы да «жер сатайық» дейтіндер шығар… Сол кезде кім күреске шығар екен?! Жер үшін атылғандардың ұрпақтарының да легі күн сайын азайып, сиреп барады… Атасы қандай ұлтшыл болса, өртеңге шыққан гүлі де сондай ұлтшыл болғанын көрдім. Әңгімесін тыңдадым. Көз жасына куә болдым. Мен таныған, мен көрген Ильфа апа кесек те ірі жан еді…
Жер сатылмасын! Жер жалға да берілмесін! Елін сүйген, жерін қорғаған батырлар нақақ айыпталмасын. Адамды адам сатпасын!

Елдос ТОҚТАРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір