ДЕМОКРАТИЯ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ ДЕП БЕЛГІЛЕНСЕ…
15.12.2022
484
0

Әдет­те Желтоқсан айы басталғанда жер-жерде үлкен әбігер басталады.
Кейбіреулердің ұйқысын қашыратын, енді біреулерді уайымға салатын, біреулердің жүрегін ауыртып, көзіне жас алдыратын бұл әбігершіліктің басты
себебі – Желтоқсан-86.

Бұл айда әсіресе еліміздегі әр түрлі білім ошақтары азат­тықтың алғашқы қарлығаштары саналатын желтоқсаншыларды лайықты қарсы алуға дайындалады. Жылдың соңғы айы басталғанда өзге де желтоқсаншылармен бірге осындай кездесулерге мен де арнайы шақырыламын. Сондағы байқағаным – кездесуге келгендердің дені 16 желтоқсанды Тәуелсіздік күні деп емес, жас қазақ демократиясының қаны төгілуіне себепкер болған күн деп түсінетіні.
Расында да, 16 желтоқсан күніне қатысты мәселеде үлкен ағат­тық кеткен. 16 желтоқсан – той тойлайтын мереке емес, алаңға шығып, совет­тік тоталитарлық режимге қарсы қасқа­й­ып тұрып, теңдік сұраған қазақтың аяусыз жаншылған намысының табанға тапталған күні еді. Ол күн – халықтың жанын сыздатып, жегідей жеп келген жараның жарылған күні еді. Төзімнің таусылған, шыдамның шиыршық атқан күні еді.
Сол бір күнге шегініс жасап, еске түсірейікші. 1986 жылы 16 желтоқсанда Алматыда қазақ елін ұзақ жыл басқарған Д.Қонаевты айналдырған 18 минут­тың ішінде бірауыздан орнынан алған атышулы пленум өтіп, Қазақстан билігіне орталықтан жіберілген эмиссар Г.Колбин келді. Енді ойлаңыз, сонда біз күні кешеге дейін эмиссар Колбиннің таққа отырған күнін атап өтіп келген жоқпыз ба? Сізге осындай ой келмей ме? Түсінгенге бұл ешбір ақылға сыймайтын өте ұят жағдай емес пе?!.
Соған қарамастан, билік халықты келемеждегендей Тәуелсіздік күнін осы күнге орайластырып белгілеп, бұл күнді Қазақстанның ең басты мерекесі ретінде тойлатып келді. Бірақ сонау 1986 жылдан бері 16 желтоқсан сайын қазақтың есіне сол бір аласапыранда шейіт болған боздақтар мен он екіде бір гүлі ашылмай қыршын кеткен, өзі сенген үкіметке алданған, қорланған, зорланған жастар түседі. 16 желтоқсан сайын жоғарыдан әділет іздеген кешегі өрімдей жастар, бүгінгі самайына ақ кіріп, шау тартқан желтоқсаншылар Астана жаққа жалтақ-жалтақ қарағыштап, әлдебір нәрседен үміт­теніп тұрады. 16 желтоқсан сайын «сөз сабауы келіссе» алаңға шығып кеткісі келіп тұратын халықты алдарқату – қазақ билігінің ең жауапкершілікпен кірісетін шаруасына айналғаны қаша-а-ан! Осылайша алаң көңіл елдің назарын шоу-тойға аудару арқылы іштей тұншығып жатқан халықты алдарқату – биліктің жүгінетін ең сүйікті ісіне айналды. Мұны жалғыз біз емес, ел іші түгел біледі, оқтын-оқтын сөз болып та жүр.
Ал 17 желтоқсан – Демократиялық жаңару күні деп белгіленген. Бір қарағанда бәрі сайма-сай, арба да сынбаған, ат та жайында. Бірақ ол күн Тәуелсіздік күнінің (анығы Колбин таққа отырған күннің) көлеңкесінде қалып қойған болатын және ол баршаға белгілі еді. Сөйтіп, Демократиялық жаңғыру күні бірте-бірте «монархтық-жемократиялық алдарқату» күніне ұласып, ақырында мүлде ұмыт қалды. Тіпті бұл күн қоғамның алдында жүрген белсенділерді ұстау, қамау, айыппұл салу күніне айналып кет­ті. Ол ол ма, 16 желтоқсан өтер-өтпестен жаңа жылға дайындық деген желеумен жер-жерде есіл миллиондарды шығындап, жасанды шыршаларды орнату басталатынын қайтерсің. Оны айтасыз 1 желтоқсанды Тұңғыш президент күні деп жариялап, елдің бүкіл көңіл күйін соған бұрып, Тәуелсіздік күнін қолдан келгенше тұншықтырып, елеусіздендіріп баққаны бүгінде ешкімге құпия емес.
Бұған қоса, 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қасіреті болды. Енді ойланып көрейікші, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнінен гөрі ұлт­тық Аза тұту күніне көбірек ұқсап тұрған жоқ па?
Шыны керек, бұған дейін де «Тәуел­сіздік күні – 25 қазан болуы керек» деген ұсыныстар аз айтылған жоқ. Жөні де сол еді. Иә, ежелден еркіндік аңсаған еліміздің тарихында Тәуелсіздік күнінің өз орны бар. Мәселен, Қазақстан өзінің егемендік декларациясын 1990 жылы 25 қазан күні жариялаған. Шын мәнінде, еліміздің тәуелсіздігін айқындайтын негізгі тарихи құжат осы – 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған декларация. Ал КСРО Жоғарғы Кеңесі басшылығы Қазақстанның мемлекет­тік егемендігі туралы декларацияны әзірлеуге және қабылдануына өлермендікпен қарсы тұрғаны, барлық жағынан кедергі жасағаны анық. Соған қарамастан, біздің Жоғарғы Кеңес еркіндік сүйгіш қазақ ұлты үшін аса маңызды осы сая­си құжат­ты қабылдап, бұрын-соңды болмаған батылдық таныт­ты. Орталық түрлі айла-тәсілдер қолданып, қорқытып-үркітсе де қазақ азамат­тарын алған бетінен қайтара алмады.
Сондықтан болар, 25 қазан – Республика күні деп белгіленіп, еліміз оны 2006 жылға дейін кең көлемде мерекелеп келді. Кейін экс-президент Н.Назарбаевтың өкімімен бұл күн елімізде міндет­ті мерекеленетін атаулы күндер тізімінен алып тастады, сөйтіп, бірте-бірте ұмытылды. Дұрысы, ұмыт­тыруға күш салды.
Алайда ақиқат ұмытылмайды екен. Биыл әділет­ті Қазақстан құруда табандылық көрсетіп жүрген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығымен осы Қазақ елі үшін қастерлі күнге Ұлт­тық мереке мәртебесін қайтарды. Осылайша, жылдар бойы талан-таражға түскен тарих өз орнына келді, ақылға қонымды іс жүзеге асырылды. 25 қазанды Ұлт­тық мереке күні ретінде белгілеу – халқымыздың мәртебесі мен рухын көтеру жолындағы ең басты ұлағат­ты шара болатынына сенім кәміл.
Енді 16 желтоқсанға оралсақ, Одақта алғашқы болып кеңестік-тоталитарлық тәртіпке қарсы көтерілген 1986 жылғы Желтоқсан ұлт-азат­тық қозғалысы шын мәнінде өз бастауын Қонаевты орнынан тайдырып, Колбин таққа отырған осы күннен алады. Пленумның шешімімен келіспеген жастардың алғашқы наразы тобы алаң төрінде дәл осы күні таңертең пайда болған. Олар КСРО кеңістігінде тұңғыш рет Орталықтың жүргізіп отырған саясатына сенімсіздік танытып, тәуелсіздік туралы ұрандар тастаған, бостандығын талап еткен. Олай болса, аталған күн Желтоқсан көтерілісімен тығыз байланысты арнайы мемлекет­тік мәртебе деп белгілеуге өзі сұранып тұрғандай көрінеді. Яғни 16, 17, 18 желтоқсан – Демократия құрбандарын еске алу күндері болып белгіленсе деген ұсынысымыз бар!
Сонда Желтоқсан да, Жаңаөзен де өзінің әділ бағасын алған болар еді.
Біздің бұл ұсыныс-тілегімізге басқа да белсенді азамат­тар мен қоғам қайраткерлері, Желтоқсан ардагерлері қолдау көрсетеді деп сенеміз.
Айтыңызшы, сол бір Желтоқсанның ызғарлы күндерінде алаңда шырқалған Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әні кейін Тәуелсіз Қазақстанның әнұранына айналады деп ойладық па? Ойлаған жоқпыз, үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ. Бірақ бір Құдірет­тің күшімен ол әнұранға айналды емес пе?! Ақыр-соңында Ақиқат бәрібір жеңіске жет­ті.
Міне, сол секілді 16 желтоқсан – Демократия құрбандарын еске алу, аза тұту, кешірім сұрау күні болып белгіленуін қалаймыз.

Болат ШАРАХЫМБАЙ,
ақын, желтоқсаншы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір