ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТІРЕГІ — ХАЛЫҚ
15.09.2022
522
0

Апта басында Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдайтын «Тоқаевтың реформалары үшін» атты республикалық қозғалыс құрылып, алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді.
Бұл қозғалысты құру туралы бастаманы белгілі саяси және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен бизнес-қауымдастық өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары көтерді. Олардың қатарында Мереке Құлкенов, Райымбек Баталов, Ақберен Елгезек, Сергей Понамарев, Бекнұр Қисықов, Дәурен Қуат, Дәулеткерей Кәпұлы, Әділ Ахметов, Назгүл Қарабалина, Марат Шибұтов бастаған бір топ танымал азаматтар бар. Қозғалыстың мүшесі, жазушы Мереке Құлкеновтің республикалық қозғалыстың мақсат-міндеті туралы ой-тұжырымын ұсынып отырмыз.
Редакциядан

Біздер, қазақ елінің қарапайым халқы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа идеялары мен реформаларын толығымен қолдап, дер кезінде іске асуына көмектесуіміз керек. Бұл біздің отаншылдық парызымыз. Өйткені Президент өзінің халыққа арнаған соңғы жолдауында демок­ратиялық әділетті мемлекеттің құзырына жататын қоғамның әр саласына жасалатын түбегейлі өзгерістер мен реформаларға нақты тоқталып, оны жүзеге асырудың жолдарын көрсетті. Демек әділетті жаңа Қазақстан болашақ даму мен өркендеудің жаңа да жарқын жолына түсуге бет алды.
Өз басыма Қасым-Жомарт Кемелұлының «Президенттің туған-туыстары мен жақын-жуықтары енді билікке араласпайды» деген тұжырымы қатты ұнайды. Бұл дегеніңіз – тамырын тереңге жіберіп, қаулай өскен арамшөптей бүкіл Қазақстанды жайлап алған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қойылған елеулі тосқауыл.
Несін жасырамыз отыз жыл бойына халық байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті ғой. Өздерін «олигархпыз» деп атап әлі күнге дейін алшаңдай басып, қарапайым халыққа шекесінен қарап жүргендер қаншама?! Шындығында олардың байлығы қай жеті атасынан қалған қазына еді, барлығы да халық есебінен күн көрген алаяқтар ғой. Алла жазса Президентіміздің сот жүйесі мен салық кодексіне жасайтын түбегейлі реформасын қолдан жасап, қомтитып қойған байшыкештердің ұрлаған қаржыларын мемлекет қазынасына қайтарады.
Біз, қарапайым халық отыз жыл бойына алданумен келген, өз құқығын, өз билігін пайдалана алмаған бишара жұрт болғанымызды енді-енді түсініп келеміз. Ендеше, біз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір жаңа бастамасын қолдау арқылы жаңа реформаларды жүзеге асыра отырып, өз билігімізді өз қолымызға алуға құқылымыз.
Президент ел экономикасын, халық шаруашылығын жолға қою­да бірқатар оң бастамаларды қолға алып отыр. Оның ішінде ең бастысы жер мәселесі. Ықылым заманнан бері жер халықтікі болып есептелгенмен оның қызығын аттөбеліндей алпауыттар көріп келген. Қазір де солай. Қазақ жеріне түбегейлі ревизия керек. Заңсыз жекеменшікке кеткен жерлерді кері қайтарып, халық игілігін жұмсау кезек күттірмейтін мәселе.
Әрине, болашақтан үмітін үзе бастаған қарапайым халықтың еңсесін көтеріп, сенімін қалпына келтіру оңай мәселе емес. Әсіресе жаңа әділетті Қазақстан құруға іштей қарсы адамдардың әлі жанымызда жүргенін ұмытпаған абзал. Ондайлар кешегі билік өкілдері немесе солардың жандайшаптары. Президент соңғы жолдауында 2024 жылдан бастап дүниеге келген қазақ­стандық әр сәбиге ұлттық қордан олар 18-ге толғанша қаржы бөлінетінін жариялап еді. Әлдекімдер «ондай қаржыны қайдан аламыз» деп өре түрегелді. Әй, айналайындар-ау бұндай жарқын идея бұрын-соңды айтылып па еді. Игі мақсаттарды қолдап, жүзеге асыру сіз бен біздің қасиетті борышымыз. Жаңағыдай кері тартушыларды тоқтату да біздің міндетіміз.
Президентіміздің «Еститін үкімет» құрамыз деген идеясы да маған ұнайды. Әйтпесе күні бүгінге дейін біздің министрліктер мен әкімдіктерді бюрократия мол жайлап алған. Мемлекеттік шенеу­ніктер мен қарапайым халықтың ортасына тас қамал орнағанына да міне, 30 жылдың жүзі болды. Мемлекеттік қызметкерлерді тәубесіне келтіріп, орнына қою да кезек күттірмейтін мәселе. Ол үшін Мемлекеттік шенеуніктің қызметтік этикасы жөніндегі ережесіне де елеулі өзгеріс жасаған жөн.
Президент өзінің мәртебелі лауазымын атқаруға кіріскен күннен бастап жас ұрпақ тәрбиесін еерекше көңіл бөлді. Еліміздің білім беру саласына халық елең ететіндей өзгерістер жасады. Алдымен орта мектеп мұғалімдерінің айлығы әжептәуір деңгейге көтерілді. Осыған орай мұғалімнің терең біліміне де талап қойылды. Бәріміз білеміз мектеп мұғалімдерінің еңбек ақысының өте төмендігіне орай білімді, парасатты ұстаздар көп жылға тәжірибесін тәрк етіп, мектептен кетті. Олардың орнына білімсіз, сауатсыз, тәрбиесіз адамдар мұғалім болып орналасты. Қазір осы үлкен зәру мәселе оң шешімін табуда.
Кешегі Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балабақша мәселесіне арнайы тоқталды. Елімізде күні бүгінге дейін балабақшалардың жетіспейтіндігін, тәрбиешілердің еңбек ақысының төменгі дәрежеде екенін қынжыла ескертті. Сәтін салса, бұл өзекті мәселе де шешімін табар.
Еліміздегі әйелдердің зейнетке шығу мерзімі. Бұлдағы халықты алаңдатып жүрген түйткілді мәселе еді, нәтижесіне халық кәдімгідей серпіліп қалды.
Президент жолдауындағы әрбір айтылған тұжырымдар халықтың қолдауын табатынына күмән болмаса керек. Алайда «Бас-басына би-болған өңкей қиқымдар» халықтың ой-санасын, көзқарасын, түйсігін мүлдем басқа жаққа бұрғысы келіп, жанталасып жатқанын да жасыруға әсте болмайды. Ондай халыққа жат пиғылдағы белсенділер өздерінің арам ойларын тезірек жүзеге асырып, жарқын болашағымызға елеулі тосқауыл болғысы келеді. Оларға айтарымыз: Қазақстан жаңа демократиялық әділетті жолға түсті. Мақсатымыз – айқын, болашағымыз жарқын. Қазақстан халқы Президент бастаған ұлы көшке кедергі жасағысы келетін кез келген топ пен ұйымсымақтың сұрқия пиғылын жүзеге асыруға ешқашан жол бермейді.
Президенттің тірегі – халық. Ал Қазақстан халқы өзі сайлаған Мемлекет басшысына сенеді. Сондықтан да жаңа сайлау барысында бәрі бір кісідей Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтынына күмән жоқ. Өйткені ол бұған дейін атқарған жұмыстарының барлығын да адал атқарды. Халқының әл-ауқатын арт­тыруда, мемлекеттің ережесін бекітуде, жас ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз етуде өзінің адал да парасатты беделіне нұқсан келтірген жоқ.
Сондықтан да халқымыз Президентіміздің соңынан ереді, әрі барлық игі бастамасын қолдайды деп сенеміз.

Мереке ҚҰЛКЕНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір