ҰЛТ ТІРЕГІ
02.04.2026
40
0

Олжас Омарұлы сынды тұлғаның ұлт тарихында, қоғамда алар орнын айқындайтын көп теңеулерді қарастыруға болады. Әйтсе де адами қасиеттері өте жоғары, сан қырлы, ұлт мүддесіне айрықша адал азаматқа бір сөзбен лайықты баға беру оңай емес.

Кезінде, Қаз дауысты Қазыбек би дүниеден өткенде, оның қызы Қамқа: «Төрт тіректің бірі едің», – деп жоқтаған екен. Оқырмандар қазіргі заманда ұлтқа тірек болатын басқа азаматтардың атын өздері айта жатар, мен үшін Олжас Сүлейменов – ұлттың рухани тірегі бола білген, өз болмысымен де, сөзімен де қазақ халқының абыройын асқақтатқан бірегей тұлға. Ол бойындағы «тек – тәрбие – талант» үштағанының негізінде жастайынан-ақ өзіне үлкен жауапкершілік жүктеп, маған қарап менің ұлтымды таниды деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырды. Қай уақытта, қай жерде болмасын, ол өзін, мінезін, жүріс-тұрысын, сөз мәдениетін ұлтының айнасы ретінде қабылдады. Содан болар елімізде Олжекеңді өнеге тұтқан інілері, Олжас есімді жастар өте көп. Кейінгі жылдары маған Олжекеңмен жақсы қарым-қатынаста болу бақыты бұйырды. Олжас Омарұлының адами, азаматтық болмысын ашуда тәптіштеп өмірбаянын баяндамай, оның өмір жолының әр кезеңінде ашылған өзім білетін, куә болған кейбір қырларына тоқталсам деймін.
Олжас Сүлейменов кеңес дәуірінде-ақ Одаққа ғана емес, әлемге танылған ақын болды. Оны көпшілікке танымал еткен алғашқы шығармаларының бірі – «Жер, адамға табын» атты поэмасы сол кезде бүкіл Кеңес Одағының мақтанышына айналды. Осы шығарманың жазылуы туралы ақынның жұбайы Маргарита Владимировна: «Сол кезде Олжас Мәскеу­ден оралып, жұмыссыз жүрген, материалдық жағдайымыз өте ауыр болды. Бір бөлмелі пәтерді жалдап тұратынбыз. Бір күні ол үйге жақсы көңіл күймен оралып, редакциядан тапсырма алғанын айтты. Кешкі астан кейін ас бөлмеде осы шығарманы жазуға кірісті. Таңға таяу ас бөлмеге барсам, бөлме толған көк түтін, еденде шашылып жатқан жазуға толған парақтар, үстел басында екі көзі қызарған Олжас шаршап отыр», – деп еске алған еді. Ертеңінде, адамзат алғаш рет ғарышқа көтерілгенде, сол парақтар ұшақпен таратылып, жерге жауғанын білеміз!
Оның шығармашылығы қалыптасқан стереотиптерді бұзып, поэзияда жаңа жол ашты. Мамандардың бағалауынша, ол өлең құрылымына жаңалық әкелді. Әдетте ұйқас өлең тармақтарының соңғы сөзінде болса, Олжекеңнің өлеңдерінің ерекшелігі, әр жолы ұйқасып, үйлесіп тұрады. Оның өлең, поэмалары, жалпы шығармашылығы тек поэтикалық немесе прозалық әсер емес, үлкен танымдық тағылым береді.
Олжас Омарұлы тіл саласында, әдебиетте ғана емес, тарихта, саясатта ғылыми тұрғыдан ірі жаңалықтар әкелді. Әйгілі «АЗиЯ» кітабы түркі-славистикада тың бағыт ашқаны, тарихта жаңа көзқарас тудырғаны анық. Шетел зерттеушілерінің пайымдауынша, бұл қызыл империяның ыдырауына алғаш сызат түсірген шығармалардың бірі болып саналады. Түркі әлемінің тарихына, мәдениетіне жаңаша көзқарас қалыптастырып, көптеген халықтың рухани еңсесін көтерді.
Алғашқы мамандығы геолог болған Олжекең – ірі лингвист ретінде дүниежүзінде сөз әлемін тұтас қарастырып, ондағы заңдылықтарды, тіларалық байланыстарды зерттеп, жүйелеп, жаңа деңгейге көтерген зерттеуші ғалым. Оның бұл еңбегін химия саласында барлық элементтің байланыс заңдылықтарын зерттеп, жүйелеген Д.Менделеевтің периодикалық кестесімен салыстыруға болады. Олжас Омарұлының шығармалары, солардың ішінде «Мың бір сөз» туындысы әлі де халықаралық деңгейде мамандардың лайықты жоғары бағасын алатынына сенімдіміз.
Олжас Сүлейменұлы – әлемдік деңгейдегі ойшыл, қайраткер тұлға. Оның алқалы жиындарда, Парламент мінберінде айтқан ойлары, афоризмге айналған сөздері ел тағдырына, жалпы адамзат болашағына бей-жай қарамаған, жан-жақты ойлайтын гуманист ойшыл, ірі қайраткер екенін көрсетеді. Олжекеңнің: «Тауларды төмендетпей, даланы асқақтатайық», «Бір қайықта болып, тек бір ғана ескекті есу –ешқайда апармайтын әрекет», «Тәуел­сіздік – елдердің бір-біріне саналы түрдегі тәуелділігі арқылы болмақ» секілді терең ойлы сөздері тек афоризм болып қалған жоқ, қоғамдық-саяси өмірдің қағидатына, ережесіне айналды.
Олжас Сүлейменов – ұлтының ғана емес, адамзат алдындағы
жауапкершілікті терең сезінген азамат. 1990 жылы Бакуде өз тәуелсіздігі үшін алаңға шыққан халықты кеңес әскері жаншып қанға бояп жатқанда, халық үніне құлақ асқан Кеңес Одағы депутаты Олжас Сүлейменов болды. Ол ауырып жүргеніне қарамастан, түнде әскери ұшақпен Бакуге барып, сонда жүрген Кеңес Одағының Қорғаныс министрімен жолығып, екіжақты мәмілеге келіп, үлкен қантөгісті тоқтатқанын көп жұрт біле бермейді. Әзербайжан халқының Олжекеңе деген ерекше зор құрметіне Олжекең арқылы қазақтарға деген құрметіне сол елде іссапарларда жүргенде куә болдым. Бір мысал, 2015 жылы Бакуде Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйымдастыруымен, Бас хатшы Пан Ги Мунның, бірнеше елдің президенттерінің қатысуымен «Өркениеттер альянсы» атты әлемдік форум өтетін болды. Олжекеңмен бірге «Әл-Фараби – өркениет ойшылы» тақырыбында жеке секция ашуға қол жеткіздік. Межеленген күні жиналыс орнына келсек, Олжекең кіретін рұқсат қағазын қонақ үйде қалдырып кетіпті. Қайта оралып оны алып келуге уақыт тар, не де болса рұқсат қағазынсыз кіруге тәуекел еттік. Күзет алаңына жақындағанымыз сол екен, сонда тұрған адамдар жаппай бізге қарай бет алды. Сөйтсек, олар Олжекеңді көріп, амандасуға асыға ұмтылған екен. Олжекеңе деген осындай құрметтің арқасында біздің де рұқсат қағазымыз керек болмай қалды. Қоршаған қауым бізді қошеметтеп секция өтетін жерге дейін шығарып салды.
Олжас Омарұлы – өзінің батырлығының, танымалдығының арқасында әлемде бірінші болып ядролық полигон жұмысының тоқтауына тікелей себепкер болған тұлға. Ол Одақтың Жоғарғы Кеңесінде нақты дәлелдермен Семей ядролық полигонындағы қалыптасқан сұрқия жағдайларды жариялап, қырық жылдай жасалып келе жатқан ядролық сынақтарды тоқтатуға әскерилерді мәжбүр етті. Оның бастамасымен «Невада – Семей» халық­аралық антиядролық қозғалысы құрылды. Халық Олжекеңнің өзіне сеніп, сөзіне құлақ салып, осы қозғалыстың нағыз көшбасшысын танып, соңынан ерді. Бұл бастама әлемдік деңгейде ядролық сынақтарға қарсы халықаралық қозғалысқа серпін берді.
Олжекең – бойына ұлылық пен қарапайымдылықты қатар ұштастырған бірегей тұлға. Оның ішкі болмысын ашатын, өзім куә болған жайттармен бөлісуді жөн көріп отырмын. Бір шағын отырыста Олжекеңнің антиядролық қызметін жоғары бағалап, Жапония императоры биік деңгейдегі орденмен марапаттағаны туралы қуанышты хабар алдық. Осындай жоғары мәртебені ақпарат құралдарында жариялап, елге тарата­йық деген ұсынысымызға Олжекең келіспей, «Қажеті жоқ, кейбіреулердің күндестігін қоздырып қайтеміз» деп бізді тоқтатқан еді. Тағы бірде, оппозициялық бағытты ұстанатын республикалық газетте шындыққа жанаспайтын, Олжекенді жамандауды мақсат еткен мақала жарық көргенде, оның қатты налығанына куә болдық. «Олжеке, оған налып қайтесіз, халық сізді жақсы біледі ғой» дегенімізде, «Шыныңда солай, бірақ жастар өсіп келе жатыр, олар басқаша ойлауы мүмқін ғой» деп ренішінің сырын айтты. «Жауап мақала жазайық» дегенімізде, «Қайтеміз, солардың деңгейіне түсіп, итпен ит болып жүреміз бе?» деп бізді тоқтатқан еді. Жүрегі жылы, жаны жомарт Олжекең – кімге де болса, қолынан келсе, өз көмегін аямайтын жан. Кезінде Желтоқсан көтерілісінен зардап шеккен бір топ жасқа кезекті кітабының қомақты қаламақысына пәтер алып бергенін де біреу білсе, біреу біле бермейді.
Олжас Омарұлы, қай уақытта болса да, елдегі жағдайды жіті бақылап отыратынына, жетістіктеріне қуанып, қиындықтарына күйзеліп, әр ахуалға бей-жай қарамайтынына да сан мәрте көзіміз жетті. Ұлт болашағына деген жауапкершілікті өзінің басты өмірлік парызы ретінде қабылдаған жан.
Әлемге танылған қайраткер, жан-жақты талант иесі, ұлтының сүйіспеншілігіне бөленген азаматтың өмір жолы мен еңбегі кейінгі ұрпақ үшін өнеге, ұлттың рухын биік ұстайтын берік тірек болып қала береді.

Ғалым МҰТАНОВ,

академик, Қазақстан Жоғары Мектебі Ұлттық ғылым академиясының президенті,

Қазақстанның ғылым және техника саласының еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір