ЕЛДІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ, ЕГЕМЕНДІГІМІЗДІҢ ТҰҒЫРЫ
31.03.2026
75
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Ата заңымызды қабылдауға арналған салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Жаңа Конституцияның қабылдануы – елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту мақсатында жүргізілген ауқымды реформалардың бірі. Елдің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат тек мемлекеттік институттардың құрылымын ғана өзгертіп қоймай, билік тармақтарының өзара қатынасын да жаңаша анықтайды.

Салтанатты рәсімнен кейін сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа Конституция – халқымыздың ынтымақ-бірлігінің жарқын символы. Оның баптарында әрбір қазақ­стандықтың арманы мен аңсары, ұрпағының баянды болашағына деген үміті мен сенімі көрініс тапқан. Ата заң барша азаматтың – Отанымыздың шынайы патриоттарының басты бағдарына айналады. Қазақстанның жаңа Конституциясы – әлемдік өркениеттің биігіне бет алған ұлтымыздың берік әрі мызғымас тұғыры.

Жаңа Конституцияны қабылдау – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру деген сөз. Бұл – дұрыс пен бұрысты тани білетін, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата алатын, кемеліне жеткен жұрттың ғана қолынан келетін іс. Жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, егемендігіміздің тұғыры болады. Оның әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түседі, – деп атап өтті. – Әділдік қағидаты бас құжаттың өзегіне айналды. Сондықтан жаңа Ата заңды Әділетті Қазақстанның төлқұжаты десек, қателеспейміз. Мен ел Президенті және Конституция кепілі ретінде бас құжаттағы ережелердің мүлтіксіз орындалуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Жаңа Конституциямызға сәйкес адал қызмет етуге серт беремін!»

ҚР Орталық референдум комиссиясы жариялаған республикалық референдумның қорытындысы бойынша жаңа Конституцияны еліміздің барлық өңірінде азаматтардың көпшілігі қолдады. Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 482 613 адамды құрады. Дауыс беруге 9 127 192 азамат қатысты, бұл – референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жалпы санының 73,12 пайы­зы. Оның ішінде 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау туралы мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны 7 954 667 адам, бұл дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы санының 87,15 пайызын құрады.

Сонымен, жаңа Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір