Білім мен тәрбие – саналы қоғамның қос тірегі
19.11.2026
74
0

 «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фараби бабамызға телінетін тағылымды сөздің астарында үлкен мән жатыр. Шынында да, білімді, бірақ жауапкершілігі жоқ; қабілетті, бірақ адамгершілігі қалыптаспаған адам қоғамға пайдасынан гөрі зиянын тигізуі мүмкін. Өйткені білім адамның мүмкіндігін арттырса, тәрбие сол мүмкіндікті ізгілікке бағыттайды.

Мемлекет басшысы 2026 жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялады. Алайда қоғамның өркендеуі тек білімді ұрпақ қалыптастырумен шектелмейді. Себебі білім адамның не білетінін көрсетсе, тәрбие сол білімді қалай қолданатынын, қандай мақсатқа жұмсайтынын айқындайды. Сондықтан білім мен тәрбиені бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Осы мәселе Алматы қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №20 кітапханада өткен кездесудің негізгі өзегіне айналды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті колледжінің І курс студенттері қатысқан кездесуді кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы ашып, жас ұрпақтың рухани дамуы мен тәрбиесінде кітапхананың, білім ордаларының және қоғамдық ұйымдардың өзара ынтымақтастығы маңызды екенін атап өтті.

«Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы қалалық филиалының басшысы Меруерт Мәулетқызы

Одан кейін «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы қалалық филиалының басшысы Меруерт Мәулетқызы негізгі спикер ретінде сөз алып, білім мен тәрбиенің сабақтастығы, ұлттық құндылықтарды сақтау және жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Ол білімді болу мен саналы азамат болудың ара-жігін түсіндіре отырып, адамның алған білімін өз мүддесі үшін ғана емес, қоғам игілігіне жарата білуі маңызды екенін жеткізді. Ол қазақ даласындағы таным мен білімнің тамыры тереңде жатқанын атап өтті. Адамзаттың алғашқы танымдық ізденістері табиғатты бақылаудан, аспан денелерінің қозғалысын зерделеуден, жыл мезгілдері мен табиғат құбылыстарының заңдылықтарын танудан бастау алғанын түсіндірді. Осы танымдық дәстүр кейін ғылым мен ағартушылықтың дамуына ұласты. Әл-Фарабидің ғылым мен парасатты ұштастырған философиялық мұрасы, Ыбырай Алтынсариннің білім арқылы халықтың көзін ашуға бағытталған ағартушылық қызметі – соның айқын көрінісі. Бұл тұлғалардың мұрасы білімнің тек жеке адамның жетістігі емес, қоғамды алға бастайтын күш екенін көрсетеді.

Талқылау барысында Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық мұрасы негізге алынды. Ақынның «Педагогика» еңбегінде көтерілген дене, ақыл, сұлулық және құлық тәрбиесі мәселелері бүгінгі ұрпақ тәрбиесімен сабақтастырылды. Мағжан көзқарасындағы тәрбие – баланың тек білім алуына жағдай жасау емес, оның тәні мен жанын, ойлау қабілетін, эстетикалық талғамы мен мінез-құлқын қатар жетілдіру. Бұл бағыттардың әрқайсысы қазіргі жастар өмірінде де өзекті. Дене тәрбиесі – денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мен салауатты әдет қалыптастыру болса, ақыл тәрбиесі – ақпаратты талдай білу, шындықты ажырату және дербес ой қорыту. Сұлулық тәрбиесі адамның өнерді, мәдениетті, әдепті сөз бен көркем мінезді бағалауынан көрінеді. Ал құлық тәрбиесі адалдық, жауапкершілік, әділдік, уәдеге беріктік сияқты қасиеттер арқылы қалыптасады.

№20 кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы

Әсіресе, ақпарат ағыны күшейіп, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар күнделікті өмірге дендеп енген кезеңде ақыл тәрбиесінің маңызы арта түседі. Ақпаратты көп білу – оны дұрыс түсініп, орынды қолдана білу деген сөз емес. Жастарға дайын жауапты қабылдаумен шектелмей, сұрақ қоя білу, салыстыру, саралау және өз шешіміне жауап беру мәдениетін қалыптастыру қажет. Ал мұның бәрі тәрбиемен тығыз байланыст, — деген спикер сөзін қатысушылар да қолдады. Пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салған қыздар білім мен ғылымды адамгершілікпен, азаматтық жауапкершілікпен ұштастыру – саналы қоғам қалыптастырудың басты шарты екендігін жеткізді.

Ақерке БІРІМҚҰЛ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір