Мұхтар Әуезов түскен үй
27.08.2022
467
0

2021 жылы шілде айында Қырғызстанда экспедицияда жүргенімде қазақтың қырғызда қалған қандай іздері бар, қазақ-қырғыз қарым-қатынасына байланысты зат­тық деректер, қазақтың атақты адамдарына қатысты жерлер, жер атаулары, бейіт-мазарлар, т.с.с. дүниелер бар ма деп, жолыққан кісілерден сұраумен болдым.

Биыл мамыр айында Қырғызстаннан Алматыға екі адам маған арнайы келіп, кездестік. Бірі – өзім бұрыннан танитын Жетіөгіз облыстық музейінің директоры Мұрат Жетмішбаев, екіншісі – Сапар Дүйсенбаев деген қазақ азаматы екен.
Сапар бірден 1957 жылы мамырдың ортасынан тамыздың ортасына дейін 3 айдай Мұхтар Әуезовтің Ыстықкөл облысы Ново-Вознесен ауданы Сталин колхозының Көкбел жайлауында болғанын сөз ете бастады:
– Әкем Әбу Дүкенбаевтың елі Арғын-Айдабол, жеріміз Баянауыл, 1906 жылы Майқайыңда туған. 1933 жылы Семейдегі зоовет­техникумды бітіріп «жиырма бес мыңдықтардың қатарында» (двадцать пяти тысячники) жолдамамен Ыстықкөл облысына келген.Мұхтар Әуезовпен бұрын таныс­тығымыз жоқ еді, Кеген арқылы Пржевальскіге келген Мұқаңды қырғыздың белгілі ақыны Шаих Жамансариев біздің үйге алып келді. Жамансариев облыс бойынша үнемі 1-ші орынға шығып, миллионер атанған колхоздың басшысы қазақ болған соң әдейі біздің үйге алып келгенге ұқсайды. Бес бөлмелі үй мен «Виллис» машинасы облыс бойынша колхоз басшыларының ішінен әкемде ғана бар еді.
Жаңа сойылған қойдың еті келгенде, екі адамның қолына су құйдым, толықша келген әдемі киінген адамның үстінен бір жақсы иіс мүңкіп тұрды. Сол адамның Мұхтар Әуезов екенін (ол кез­де әтір-духи дегенді білмейміз), әуелгі иістің әтірдің иісі екенін 3-4 жыл өткен соң білдім. Үйде Мұқаң екі-ақ күн болды, ешқайда шыққан жоқ, төргі бөлмеде қағаздарын қарап тапжылмай отырды. Артынан шешемнің әкеме: «Алла сақтасын, мына кісі орындықта тұп-тура 4-сағат отырды, не деген төзімді» деп айтқаны есімде қалыпты. Әкемнің жақсы көретін қырғыз шопаны бар еді, шешем екеуі үнемі барып жүретін. «Әйелінің асы дәмді, ерекше таза, көрпе-төсегі басқа шопандардікіне қарағанда мұнтаздай» деп шешем мақтап отыратын. Көкбел жайлауында отырған шабанның үйінің жанына Мұқаңа арнап жаңа киіз үй тігіп берді, «Виллиспен» үнемі керек-жарақтарын жеткізіп беріп тұрды. Содан Мұқаң тамыз айының ортасында жайлаудан бір-ақ келіп, бір қонды да әкем машинасымен шығарып салды, қай жаққа, қай жерге шығарып салғанын білмеймін.

Шілде айының 11-інде Бішкектен Жетіөгіз-Қызылтуға таксимен 6 сағат­та жет­тім. Бір күннен соң мен, Сапар, жергілікті газет­тің тілшісі Садыр Қадыров, ардагерлер кеңесінің жетекшісі Үсен бәріміз машинамен Ақсу ауданы, Қызылту селосынан бұрынғы Воздвиженка ауданы Сталин колхозының орталығы Ақ бұлын селосына 2,5 сағат­тай жүріп бардық. Сапар өзінің балалық шағы өткен үйді тез тауып алды. Сапардың айтуынша, үйдің құрылыс пішіні өзгермепті, бөлмелер сол қалпында, үй иелері жөндеу жұмыстарын жасап тап-таза қылып ұстап отыр екен.
Үй иесі Қабылбек Эшмакулов дастархан үстінде, «осыдан 3-жыл бұрын Якутияның Мирный қаласында алмаз кәсіпшілігінде істеп жүрген үлкен ұлым келіп, «үйді бұзам, екі қабат кот­тедж салам» деді. Мен бұздырмадым. М.Әуезовтің аруағы шығар, енді тіптен бұздырмаймын» деп көңілденіп кет­ті. Үй иесінің әйелі Айнагүл: «Сіздердің келгендеріңіз жақсы болды, енді біз «Мұхтар Әуезов келіп түскен үйде тұрамыз» деп мақтанатын боламыз деп күлді. Мен бұл үйге ескерткіш тақта қоямыз дедім қостап. Бұл үйге Раззаков, Пулатовтар да болған деді Сапар (Раззаков Қырғызстанның 1-ші хатшысы, Пулатов Қырғызстан жоғарғы кеңесінің төрағасы).
1960 жылы көптен күткен Ә.Марғұлан келіп, «Шоқанның Манас эпосының бір тармағы Семетейді жазып алған нұсқасын архивтен таптым» деп айтып еді», – деді Сапар.
– Онда бұл үй нағыз тарихи естелік (қырғыздар ескерткішті естелік деп айтады – А.Т.) болды ғой, – деді Үсен.
Үй иесі Қабылбек зайыбымен бәріміз Мұқаң киіз үй тіккен Көкбел жайлауына жол тарт­тық. Біраз жүрген соң күнгей Алатаудың (қырғыз Алатауы деп айтылды. – А.Т.) етегіне шығып Түрген шатқалының аузына келдік. Біздің аудандағы Түрген сайынан айнымайды, сарқыраған тау өзені, жағалай туристерге арнап тігілген киіз үйлер. Көкбел жайлауына баратын асу шатқалдың сол жағында, тауға қарай ирелеңдеп барып жоғалады. Біраз жүріп едік бұзылған жолмен машинамыз тауға шыға алмады.
– Жайлау осыдан 15-20 шақырым сайда, онда бірталай малшылардың жұрт­тары бар, қайсысы М.Әуезовтікі екенін қайдан табамыз, – деді тізгінші.
– Бір айналып қайта келгеніңіз дұрыс болады ғой, мен сізге жайлауды көрсетсем деген ойым болған. Ендігі келгеніңізде жүрдек машина тауып, барамыз ғой, – деді Сапар.
Мен айт­тым:
– Сіздерде ат бар ма, ат­тан артық көлік жоқ қой, «майлап алып», жүре бермейміз бе?
Менің барғым-ақ келді, бірақ жол түспейтін болғанына көзім жеткен соң, міндет­ті түрде Көкбелге қайта соғам ғой деп өзімді-өзім жұбат­тым.
Қайтар күні Сапар Қызылту айы­лындағы әкесінің атымен аталған көшені аралатып келе жатып: «Менің әкеме алғашқы болып көше берілгенде бірде-бір адам қарсы шыққан жоқ. Әкем өмірінің соңғы жылдарында осы жерде совхоз директоры болды, әділ басқарды, беделді болды, халық сыйлады», – деді.
Әбу ақсақалдың бейітіне барып құран бағыштадық. Сапар осы жолы Алматыға соққанда, Павлодар Баян­ауыл-Майқайыңға барып, ата-баба қабірінен әкелінген топырақты әкесінің басына көміпті. «Әкем өмір бойы туған жерін көре алмай аңсап өтіп еді, о дүние­де жастанып жатсын деп әдейі әкеліп, басына қойдым», – деді ол.
Ал мен Мұқаң бақандай 3-айдай уақытын арнап, жазумен болған жерге бір белгі қойған дұрыс деп ойлаймын. Алдымен Ақбұлын айылындағы түскен үйіне ескерткіш тақта және Көкбел жайлауына қойтас іспет­тес тас белгі орнатқан дұрыс.

Ахмет Тоқтабай,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір