ҰСТАЗЫН СЫЙЛАМАҒАН ЖҰРТ ҰШПАҚҚА ШЫҚПАЙДЫ
11.08.2022
3599
0

«Ел мен елді теңестіретін – білім», – дейді ұлт әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов. Жаһандану дәуірінің аламанында кез келген мемлекетті тек білім мен ғылым ғана алға жетелейді. Тәуелсіз елдің босағасын бекемдеу үшін ғылым мен білімді еркін меңгерген бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру аса маңызды. «Білім – инемен құдық қазғандай». Кісі баласының білім дәргейі негізінен мектеп қабырғасында қаланады. «Заманауи білім жарысында еліміздің болашағын тіктер ұрпақ тәрбиелеудің маңызы мен мәнін, жолы мен жосынын, дәстүрі мен жүйесін қалай қалыптастыру қажет?» деген сұрақ біздің әрқашан толғандыруға тиіс. Еліміздегі «Білім-Инновация» лицейлерінің оқыту сапасына, тәрбие мен білімді ұштастырудағы өзіндік дәстүріне, талаптыны шыңдап, таланттыны қанаттандыратын ортала­рына тәнті жұрт көп. Халықаралық пәндік олимпиадалардан осы лицейлердің оқушылары үнемі жүлделі орындар алып, ұлтымыздың атын шығарғанын талай мәрте ақпарат құралдарынан сүйсіне оқыдық. Жуырда «Білім-Инновация» Халықаралық Қоғамдық Қорының Президенті, зияткер ұрпақ тәрбиелеуде сүбелі үлес қосып келе жатқан білікті басшы Дархан ӨТЕ мырзамен сұхбаттасқан едік.

«Мұғалім – мектептің жүрегі»

– Дархан Ермаханұлы, ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген әйгілі сөзі бар. Әңгімеміздің кіріспесін бүгінгі ұстаздардың жай-күйінен бастасақ. Соңғы жылдары білім саласында ел қуанатындай жақсы реформалар жүзеге асты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мектеп мұғалімдерінің жалақысы едәуір көлемде өсті. Алда тағы да көбейеді деп ұстаздар қауымы қуанып жүр. Ұстаздың беделі – қоғамның беделі. Санасы сау қоғам құру үшін ұстаздарымыз қадірлі болуы тиіс. Құндылықтар алмасқан заманда ұстаз қадірін дұрыс бағамдай алмай қалған секілдіміз… Ұстаздардың төрдегі орнын өздеріне қайтарудың уақыты келген жоқ па? Ол үшін не істегеніміз абзал?

– Өте орынды сұрақ қойып отырсыз. Сөзіңізді Алаш арыстарынан бастағаныңыздың арғы мәнін түсінгендеймін. Егер зер сала қарасаңыз, Алаш қайраткерлерінің бәрі ең алдымен халықты ағартушылыққа жетелеген ерен тұлғалар болды. Көбі қызметтерін мектепте ұстаздық етуден бастады. Ыбырай Алтынсарин салған ізгі жолды жалғап, заманауи оқу-білімге ден қойды. Қазақстанда мектептердің көптеп ашылуына, оқулықтардың жазылуына, ұстаздар корпусының жасақталуына аянбай еңбек етті. Сол үшін де биыл 150 жылдығы тойланып жатқан Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлын «Ұлт ұстазы» дейміз. Мен кейде сол алтын шоғырдың тынымсыз еңбегіне, жанқиярлық рухына қатты таңданыспен қараймын. Өлім алдында тұрса да әр сәтін ұлт үшін еңбек етуге арнаған боздақтардың тағдырын сүйінішпен де, күйінішпен де еске аламын.

Сүйінетінім – олар ақтық демі қалғанша ұлт алдындағы парызы мен қарызын адал атқаруға тырысты. Кеңес одағының алғашқы жылдарында білім, мәдениет ошақтарын құруға күш салып, жалпы жүйесін қалыптастырды. Күйінетінім – арыстар армандаған еркіндікті алған еліміздің бүгінгі буыны, яғни біздер солардың қасиетті жолын дұрыс бағытта жалғастырып жатырмыз ба деген сұрақ мазалайды. Бұл пафоспен айтылған сөз емес. Білім саласында жүрген соң буындар сабақтастығына жіті мән беремін. Алдыңғы толқынның істеген толайым еңбегінің қасында біздікі қарапайым ғана істеуге тиісті шаруа­лар сияқты көрінеді. Соның өзін дұрыс атқара алмай жатқан замандастарымыз қанша ма?!.
Осы жерде бір нәрсенің басын ашалап айта кетсем деймін. Ұстазын қадірлемеген жұрттың ұшпаққа шыққаны жоқ. Өзін сыйламайтын жұрт әуелі ұстазын сыйламайды. Сондықтан ел болып, ұстаз қадірін арттырудың жолын жүйелегеніміз абзал-ақ… Соңғы жылдары білім саласында жүйелі өзгерістер жүре бастады. Ұстаз мәртебесі туралы Заң қабылданды.

Мектептегі қағазбастылық азайды. Мектеп мұғалімдерінің жалақысы еселеп өсті. Бұл – құптарлық, һәм қуанарлық жағдай. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен жүзеге асып жатқан білім мен ғылым саласындағы өзгерістерді жұртшылық құптап отырғаны шын. Әсіресе жалақысы көтерілген ұстаздар қауымының әлеуметтік жағдайы оңалып, ел алдындағы беделі де өсіп келеді. Жалақы өскен соң, мектепте ұстаз болғысы келетіндердің қатары көбейді. Бұрын басқа салаға кеткен кәсіби педагогтар мектептерге қайта орала бастады. ЖОО-ның педагогикалық мамандықтарына түсу үшін ұлт­тық бірыңғай тестілеудің шектік балы жоғарылады. Енді бұрынғыдай басқа мамандықтарға түсе алмағандар педагог болуды көксемейді, керісінше, жоғары балл жинаған түлектер педагог болуға ұмтылады. Педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысы да көбейді. Осының бәрі ұстаз беделін көтерудің алғы шарты деп ойлаймын.


«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», – дейді Ыбырай Алтынсарин. Осы жерде «Жақсы ұстаз кім?» деген сұрақ ең алдымен ұстаздардың өзін толғандыруы тиіс деп ойлаймын. Мемлекет барынша көңіл бөліп, жалақысын өсіріп, қоғам алдындағы мәртебесін көтеруге ат салысып жатыр. Ендеше, мұғалімдердің жауапкершілігі еселей түседі.


– Мұның көбі қоғамның ұстаз алдындағы жауапкершілігін арт­тырудың жолдарының бірі ғой. Ал ұстаздардың қоғам алдындағы жауапкершілігін қалай түсінесіз?

– «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген қанатты сөз бар. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», – дейді Ыбырай Алтынсарин. Осы жерде «Жақсы ұстаз кім?» деген сұрақ ең алдымен ұстаздардың өзін толғандыруы тиіс деп ойлаймын. Мемлекет барынша көңіл бөліп, жалақысын өсіріп, қоғам алдындағы мәртебесін көтеруге ат салысып жатыр. Ендеше, мұғалімдердің жауапкершілігі еселей түседі. Өз пәнінің кәсіби маманы болу, үздіксіз іздену, дәріс тыңдаушыларға бар ыждағатымен сабақ өту, заманауи методикалардан хабардар болу, оқушылар назарын сабаққа шоғырландыру, жаңа әдіс-тәсілдермен қатар, өзінің жеке қолтаңбасын қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы. Сонымен қатар ұстаз оқушының болмысын, мінезін түсінетін психолог, оның жан дүние­сіне мән беретін, өзін сыйлатып қана қоймай, шәкіртімен әңгімелесе алатын адам болуы керек. Жүрегі жұмсақ ұстазды кез келген оқушы жатсынбайды. Оның сабағын оқуға ұмтылады. Оқушы ұстазын қорыққаннан емес, құрметтегеннен сыйлауы керек. Ұстаздың құқы мен хақы қандай болса, оқушының да құқы мен хақы сондай. Қазіргі ұрпақ өзімен санасуды, тең сөйлесуді қалайды. Ал білімдар ұрпақ тәрбиелеудегі ата-ана мен қоғамның жауапкершілігі тіптен орасан. Барлық жүк пен жауап­кершілікті мектеп пен мұғалімдерге жүктеуге әсте болмайды.

Өсер ел білімді ұрпағын дәріптейді

– Ендігі әңгімемізді «Білім-Инновация» Халықаралық Қоғамдық Қорының жұмысына қарай бұрсақ. Лицей оқушыларының жетістіктерін көп естиміз. «Қазақ балалары әлемдік пәндік олимпиадаларда топ жарды», «Білім-Инновация» лицейінің түлегіне әлемнің көптеген университетінен шақыру келді» деген секілді ақпаратты естігенде, білімге құштар ұлт екеніміз еске түсіп, марқайып қаламыз. Лицейдің осындай ірі жетістіктерінің түп негізі неде? Алдымен Қордың осыған дейін атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктері, тарихы туралы айта кетсеңіз?

– БАҚ беттерінде шәкірт тәрбиелеу жолындағы әріптестердің, озық ойлы оқушыларымыздың жетістіктері айтылып жатса, біз үшін үлкен мәртебе. Ел қуанған жаңалықтарға өзіміз де қуа­намыз. Біздің жетістік – ұлтымыздың зияткер ұрпақ тәрбиелеуге ынтасының жоғары екенінің көрсеткіші. Алғаш «Қазақ-түрік» лицейі деп ашылған білім ошақтары кейіннен ребрендингтен өтіп, «Білім-Инновация» лицейі деген жаңаша атаумен қызметін жалғастырып жатыр. Бұл білім ошағының іргетасын қалауға түрік ағайындардың қосқан үлесі зор. Бауырлас халыққа қол ұшын созып, Тәуелсіздік алғаннан кейін білім жүйесіне қосар достық ілтипатпен келіп қазақтың қара домалағының сауаттылығына тамшыдай болсын үлес қоссам деген ақеділ көңілден туған зор еңбек еді. Әрине, бүгінде отандық білім жүйесіне қомақты үлес қосып жатқан жергілікті ұстаздарымыздың саны арт­ты. Мұны «ұрпақ сабақтастығы» деуге болады. Түрік ағайындардан үйренгенін жетілдіріп, ұлттық құндылықтармен одан ары толықтырып, лицейдің жаңа концепциясын қалыптастыруға күш салудамыз. Біз бұл концепцияны – «Құндылықтарға негізделген мектеп» деп атауды құп көрдік. Әр пән мұғалімі жүйелі құндылықтарды жоспар бойынша оқушының бойына сіңіруге тырысады. Айталық, «Мейірімділік» аптасы болса, мұғалімдер өздері көрген немесе оқыған, яки басынан кешкен оқиғаларды мысалға келтіріп, мейірімділіктің не екенін оқушыларға түсіндіреді. Оқушылар әр мұғалімнің әңгімесінен ой түйеді. Өздері де басынан кешкен немесе көрген оқиғаларын айтуға мүмкіндік алады. Адам өз атына сай өмір сүру үшін адамзат баласына ортақ құндылықтарды білуі, түсінуі, қорғауы керек. Лицейдің негізгі қағидаларының бірі – осы. Біздегі жетістіктің өзегінде осы құндылықтар жатыр десем, қателеспеймін.

Біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Бұл ғасырдың жастарына не керек? Қандай қабілет, дағдыны бойларына сіңірсе, адаспайтын жол табады? Бірінші кезекте барлық білім ошақтары, отбасы мен қоғам еркін ойлана алатын, санасы азат, рухы сергек, адамгершілік, мейірімділік, отансүйгіштік қасиеттерін бойына сіңірген, заманауи білімді, әлем азаматына сай дағдыларды жете меңгерген азаматтарды дайындап шығаруға міндетті екенін түсінсе, адаспас жолды тапқаны деп білемін.

Ал «Білім-Инновация» лицейінде кімдер оқиды деген сауалға келсек, лицейде ер және қыз балалардың жеке мектептері бар. Еліміз бойынша жылына 6-сыныпты аяқтап, 7-сыныпқа аяқ басқан 20-30 мың оқушы емтихан тапсыру арқылы үміткер бола алады. Оның ішінен кіл мықтылары, яғни 1500-дей баланың лицейге түсуіне мүмкіндігі бар. Қабылдау емтиханы екі кезеңнен тұрады.

Біздегі оқыту процесі жаңалықтарға негізделген. Математика, информатика және жаратылыстану пәндері кезең-кезеңімен ағылшын тілінде, гуманитарлық бағыттағы пәндер қазақ тілінде өтеді. Неге ағылшын тілі? Себебі, қазір ғылымдағы жаңалықтардың басым бөлігі сол тіл арқылы жарияланады. Ағылшын тілін білген ұрпақ әлемнің кез келген елімен тікелей байланыс орната алады. Бәсекеге қабілетті болады.

Енді лицейдің нақты жетістіктеріне қысқаша тоқтала кетейін. Елімізде лицейлер ашылғаннан бергі – 1994-2021 оқу жылдарындағы оқушыларымыздың әлемдік, республикалық, облыстық олимпиадаларда жеткен жетістіктеріне мамандардың жасаған инфографикасы бар-тын. Осы жылдар ішіндегі лицей оқушылары алған жалпы медаль саны – 26053 екен. Егер осы медальді бірінің үстіне бірін қаласақ, 97 метрге жетеді. Бұл – елордадағы Бәйтеректің бойымен бірдей. Медальдардың салмағы – 1820 килограм, бұл бір Тойота көлігінің салмағымен пара-пар. Егер барлық медальды қатарластыра тізер болсаңыз, 15 футбол алаңындай аумақты қамтиды екен. Бұл – лицейдің тек олимпиадада алған жетістіктері.


Біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Бұл ғасырдың жастарына не керек? Қандай қабілет, дағдыны бойларына сіңірсе, адаспайтын жол табады? Бірінші кезекте барлық білім ошақтары, отбасы мен қоғам еркін ойлана алатын, санасы азат, рухы сергек, адамгершілік, мейірімділік, отансүйгіштік қасиеттерін бойына сіңірген, заманауи білімді, әлем азаматына сай дағдыларды жете меңгерген азаматтарды дайындап шығаруға міндетті екенін түсінсе, адаспас жолды тапқаны деп білемін.


– Отандық баспасөзде: «Бізде тек шоу-бизнес өкілдері мен спортта жетістікке жеткендерді асыра дәріптеп, соларға жағдай жасау трендке айналды. Білім саласында жетістікке жеткендерді дәріптеу кемшін» деген пікір жиі айтылады. Біз неге білімді ұрпақты үлгі етуге енжар қараймыз?

– Сөзіңіздің жаны бар. Білімді ұрпақты дәріптеу, үлгі ету – өсер елдің ісі. Білімге құйған қаржы – болашаққа құйған инвестиция. Зияткер ұлт боламыз десек, телеарналар мен сайттар, газет-журналдар әр саланың ғалымдарын, білім саласында жетістікке жеткен жастарды, жаңалық ашқан зияткерлерді көп дәріптеу керек. Өнер мен білім – егіз ұғым. Екеуін тең алып жүрмесек, өзіміз опық жейміз.

Ал олимпиада жүлдегерлеріне келер болсақ, өте жақсы бастама қолға алынды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауының арқасында елімізде халықаралық олимпиаларда алтын медаль алған оқушыға – 4,5 млн, күміс медаль үшін – 3,1 млн, қола медаль үшін – 1,5 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілетін болды. Сондай-ақ жеңімпаздар ҰБТ тапсырмай-ақ, ЖОО-на грантқа түсу мүмкіндігіне ие болады. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да сыйақы­мен марапатталады. Бұл жаңалыққа білім мен ғалым саласында жүрген барлық мамандар ерекше сүйсінді. Осы қуанышты жаңалықтан кейін математикадан халықаралық олимпиадада (IMO) Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола, ал физикадан өткен халықаралық олимпиадада оқушыларымыз ел қоржынына 1 алтын, 4 күміс салды. «Білім-Инновация» лицейлерінің шәкірттері екі олимпиадада жүлдегерлер қатарынан көрінді. Химия және биология пәндері бойынша халықаралық ең беделді олимпиадада лицей оқушыларының жүлделі орынға ие болғаны барша қазақ елі үшін зор мақтаныш деп білеміз. Әлем елдерінің алдында осындай жетістікке жеткен шәкірттеріміз бен жетекшілеріміздің жетістігіне дән ризамыз.

Алтын үштік: «мектеп – ата-ана – оқушы»

– Жоғарыда ұстаз болудың қадір-қасиеті туралы өте тұщымды ой айттыңыз. Жұртшылықтан лицей мұғалімдерінің біліктілігі мен адамгершілігі жайында көп естиміз. «Білім-Инновация» лицейлері кадр мәселесінде нені басшылыққа алады?

–Жоғарыда атап өткенімдей, лицей тарихында түрік ағайындар елеулі еңбек етті. Ол кісілер салып кеткен сара жолды жалғап, шәкірт тәрбиелеуге, білім нәрімен сусындатуға барша ұстаздар қауымы жұмыла еңбек етіп жатыр. Басты мақсат – маманды іштен даярлау, яғни кешегі бала шәкірт – бүгінгі білікті ұстаз. Бізде қызмет етіп жатқан мұғалімдердің дені – өзіміздің лицей түлектері. Ұстаз берген білім мен тәрбиені бойына сіңірген жаңа буын өкілдері өзінен кейін­гі буынды тәрбиелейді. Оқушы жақсы ұстазға еліктеп өседі. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, өзара ынтымақтастықты негізгі басшылыққа алады. Лицейдің ұстаздары мен оқушылары арасында ерекше ілтипатқа толы қарым-қатынас қалыптасқан. Оны сырттан көргендер де сезінеді. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деген қанатты сөзді біздегі әр мұғалім жете түсінеді деп ойлаймын.
Лицейде жеке кәсіби бағдар беруші бөлім бар. Арнайы мамандар оқушыларды бейіміне қарай іріктеп, қай пәндерге қызығушылығы барын аңғарып, болашақ мамандығына сай білім алуына жол көрсетеді. Бұл сөзімізден лицей тек өз қазанында қайнап жатқан бөлек құрылым деген ой тумауы керек. Өзара әріптестік, һәм достық пейілмен еліміздегі бірқатар маңдайалды компаниялар мен білім ошақтарымен тығыз байланыс орнатқанбыз. Айталық, «SEG» компаниясы, «Ұлттық білім академиясы», «ENACTUS KAZAKHSTAN» Қорымен екі жақты меморандумдарға қол қою арқылы білім беру, кәсіпкерлік және инновациялық даму жолына бірлесе қадам басуды көздедік. Осылайша отандық және шетелдік тәлімгерлер, оқытушылар, сарапшылар қоғамдастығын бірлесіп қалыптастырып, бір-бірімізден үйреніп, тәжірибе алмасудамыз. Сондай-ақ жас мамандарға көптеп көңіл бөлеміз. Еліміздегі алпауыт білім ошақтарына саяхаттап, семинарлар өткізу назарымыздан тыс қалған емес. Сол арқылы мамандардың дүниетанымы кеңейеді деген ойдамыз. Ұстаздың сана көкжиегі кеңіген сайын, шәкіртіне берері де мол болары даусыз.

Маман болудан бұрын, Адам болу маңызды

– Соңғы жылдары жекеменшік мектеп көбейді. Бұл үрдіске көзқарас әртүрлі. Сіздің пікіріңізді білсек деп едік.

– Жекеменшік мектеп әлемнің көптеген елдерінде бар. Бұл үрдістен бас тартуға болмайды. Лицей түлектері мен кейбір ата-аналар білім саласына қаржы құйып, жекеменшік оқу ордаларын ашуға негіз қалап жатыр. Ондағы ойлары бұл саладан бизнес жасап, мол пайда табу емес, түскен қаржыны білімді ұрпақ тәрбиелеуге, жас мамандарды қолдауға, заманға сай жан-жақты білім ордаларын көбейтуге жұмсау деп білемін. Әрине, тек қаржы табуды көздейтін, тәрбиелі білім беруді мақсат тұтпайтын кәсіпкерлер де болуы мүмкін.

– Мен өзі жекеменшік мектеп ашқан бір кәсіпкерді білемін. Өзінің баласын Сіздердің лицейде оқытуға құлшынып жүргенін көрдім. Неге екенін түсінгендей болдым…

– Біздің концепциямыз – «құнды­лықтарға негізделген мектеп» екенін айтып өттім ғой. Құндылықсыз білім ордасы тек маман тәрбиелейді. Бізге шәкірттеріміздің білікті маман болумен қатар, Адам болуы маңызды.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Ұлы ойшыл әл-Фарабидің сөзін естен ешуақытта шығармаған жөн. Біздің миссиямыз – шәкірттеріміз бен ұстаздарымыздың бойында көркем мінез бен ең ізгі құндылықтардың болуы. Оны қалай жүзеге асырамыз? Біз «Мектеп – ата-ана – оқушы» атты алтын үштіктің аражігінің сетінемеуіне баса назар аударамыз. Осы үштік ұғымы сетінесе, онда білім ордасының құты қашады. Құдайға шүкір, ата-аналарымыз өте қамқор. Кез келген іс-шараның басы-қасынан табылып, қолдау танытудан айнымай келеді. Форум, семинар, мектепішілік шаралар ата-аналарсыз өтпейді. Ата-аналардың өздері келіп, балалардың сапалы білім алуына көмектесіп жатады. Бұл – қоғамның ізгіленуіне қосқан үлесіміздің жемісі. Мектебімізден түлеп ұшқан шәкірттер әртүрлі салада елге қызмет етіп жүр. Әлемнің әр түкпірінде ғылым мен бизнесте, жаңа өндіріс ошақтарында, алып компанияларда жұмыс істеп жүргендері жетерлік. Қайда жүрсе де өздерінің қазақ екенін, қазақстандық екенін ұмытпай, ұлтымыз бен мемлекетіміздің жақсы атын шығарып жүргендеріне сенемін. Біздің түлектер өздерінің алтын ұяларын ұмытпайды. Бірін-бірі іздеп, үнемі ынтымақ-бірлікте жүреді. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарымызды жалғастырып, зияткер қазақ жастарын көбірек тәрбиелесек деген асыл арманымыз бар.

– «Қазақ әдебиеті» газеті болған соң өзіңізге арнайы бір сұрақ қойғым келіп отыр. Жаратылыстық пәндерді негіз еткен лицей оқушылары көркем әдебиетті оқи ма?

– Мақтанғандай болмайын, бізде балалары оқитын кез келген ата-анадан сұраңыз, біздің оқушылар көркем әдебиетті тұрақты түрде оқиды. Қазақ әдебиетінің үздік туындыларымен қатар, әлемдік классиканы ұстазымен бірге оқу дәстүрі бар. Сондай-ақ өзінің баласы оқыған шығарманы ата-аналардың да оқуын ұйымдастырамыз. Ата-аналарды шақырып, оқыған кітабы туралы бірге талқылауды да жолға қойғанбыз. Оқушы тұлға болып қалыптасуы үшін математика, химия, физика, биология­ны ғана емес, өнердің бар саласынан хабардар болуы керек. Онсыз зияткер болу мүмкін емес.

– Тұщымды ой бөліскеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір