Ел көшкен жұрт
13.01.2026
43
0

Совхозымыз құрылғалы оңбады. Бірнеше директор ауысты. Бірақ күріштің орнына күрмек өсіп, көрсеткіштің басы көтерілмей-ақ қойды. «Өлетін теке көзденіп» бастықтың басы да жаман. Нұрбеков деген:
– Мынауың күріш пе, әлде күрмек пе? –десе.
– Сіз күріш десеңіз – күріш, күрмек десеңіз – күрмек, – деп елді қыран күлкі жасапты. Кеше аудандық комитетінің хатшысы Унисиян жаңа директорды алып келді. «Біреу таққа отырса, 40 адам атқа отырады» деген емес пе? Көкпекті ауданынан екен. Сол күннен бастап «Большевиктер» бас маман болып қаптап келді. «Аттарыңыз кім?» – десең, «Большевикпіз», – дейді. Сонда деймін-ау! Сіздер Большевик болғанда, біздер Меньшевикпіз бе? Баяғыда:
«Күш жоқ кезде, күштілерден жасқандық» деген сөз осы болар. Елдің бәрі «Жаңа бастық жандарал» деп, қорқып жүр. Қорқпағанда қайтсын. Кімнің үйі ұнаса, соны тартып алып жатыр. Қаптап келгендер әкесінің үйіне кіргендей. Сонымен, ауылдың жартысы Большевик, жартсы Меньшевик боп қалды. Үйін тартып алғандарды қыстаққа бөлімшеге айдады.
Бірде-бір адам қарсы тұрмады. Совхоздың үйінің бәрі директордың меншігінде. Құдай басқа салмасын. Партияның осындай басқаруын көрдік. Пысықтар «ерулік» деп келгендерді шайға шақырып жатты. Келген бастықтың бес ұл, бір қызы бар екен. Ұлдары да кеуделі. Совхоздағы жаңа машиналарды солар айдады. Кісі бетіне қарамайтын, үріп ауызға салғандай қыз біткен солардың машинесінде жүрді. Осы ауылда пышаққа сап болатын жігіт жоқтай, қасқыр жетектеген қойдай еріп кете барды. Біреулер «төрде отырған кісі найман екен» деп жүр. Бәсе, осы ауылдағы бес-алты үй найманның үні шыға бастап еді. Орта жүзде арғын, найман, керей, уақ – бір туған деуші еді. Енді нағып бөлісе ғапты? Қыз алып, қыз беріскен ел. Не бөтені бар? Бес ұл ертең осы ауылға күйеу болса, үйін тартып алған құдасына қай бетін жыртыйтады? Мен түсінбеймін…
Қолхоз күнімізде бастықты сайлаушы ек. Кіріс пен шығысты басқарма жиында бекітуші ек. Ал совхозда бастық біледі. Жегісі келсе тоқтыға қошқар қосады. Кәзір кім аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болса, сол шешеді. «Аузы қисық болса да, байдың қызы сөйлесін» деген содан болар:
«Бірінші хатшы ойып алады, Екінші хатшы сұрап алады, Үшінші хатшы жылап алады» деп әзіл ғып жүр.

***

Ал бұрынғы бастық кеткенде өз командасымен кетті. Мына бастық өз командасымен келді. Бейне екі жақ құдалыққа түсетіндей. Осы ауылдың бел баласы болса папкасын тартып алмақ түгілі тяпкасын тартып алсаң да кетер ме еді? Ал қолы бос зейнеткерлер, бізге мұның бәрі әңгіме. Өйткені қарттар құлағымызбен семіреміз. Жаңа бастық жұмысқа келгеннен бері жас әйелдер мақтап жүр. Мөлшері, бәрін қарық қыламын деген-ау! Үш шал кеңсе алдына келіп, әдет бойынша күнде қысыр әңгіме айтып отырамыз. Әңгіменің дені кеткен бастық жайлы. Мына келгеннің кім екенін «итім білсін». Бізге, әйтеуір, көз көрген көне дос – солар ыстық. Ара-тұра «танымағанын сыйламас» деген-ау деп қоямыз. Бұрынғы төре болса ғой, бағана келіп, өзі сәлем беріп, бала-шаға, шетте жүрген немерелерді сұрар еді деп соғамыз. Күнде босағада әңгіме соғып отырған үшеуімізді жаңа бастық та жазбай танып алса керек. Анадайдан бізді екі көзімен атып келеді. Біз ежелгі әдет бойынша өткен-кеткенді соғып отырдық. Өте бере:
– Сіздер маған кіріңіздер, – деді.
Орнымыздан атып тұрып, соңынан ілесе жөнелдік. Сасқалақтағанда аузымызға амандасу да түспепті. Кеңсесіне кіре бергенде хатшы қыз:
– Сіздер қайда барасыздар? Сіздерден басқа да қанша адам тізімге жазылып, ұзақ күндікке тосып жүр. Тұра тұрыңыздар, – деді.
– Қарағым-ау, жаңа өзі «жүріңіздер» деп ерте келді, – дедік.
Бастыққа кіре бергенде бағанадан күтіп отырған ел де бізді жаман көзімен атып жатты. Мейлі. Біз кеңсеге кірдік. Бастық кіре бергенде жарқанат телефон зарлап қоя берді. Мөлшері межгород болуы керек. Директор торғай жұтқан жыландай екі бүйірі шыққан телефон трубкасын көтерді.
«Алло, Алматы…» – деп жатты. Бізге әңгімесін естіртіп айтқаны керек. Әншейінде ауыз жаппайтын үш шал құлаққа ұрған танадай болдық та қалдық. Директор болса осында келгелі не істеп, не қойғанын айтып жатыр. Мөлшері мәлімет. Біздің де ішіміз пысып барады. Бірақ ол біз білмейтін елге жасаған қамқорлығын айтып жатыр. Бастықты тосып отырған біз ғана ма? Жаңа жағамыздан ұстап жібермей жүрген хатшы қыз, қалған ел, қайта-қайта есіктен жылтыңдап басын сұғып қарай береді. Директор трубканы қойса болды, сырттағы ел лап етіп кіріп келгелі тұр. Арғы жақта сөйлесіп тұрған адам тістей қатып жібермейді. Директор болса жұмбақтап бірдеңені айтып жатыр. «Оны өзім кейін бір оңашада айтармын. Мені мұнда кісілер тосып отыр», – деп, қайта-қайта айтады. Звондап тұрған адам бұйымтайының соңында бір нәрсе сұрағысы келеді. «Дәл сол шаруа кейін дедім ғой», – деп телефонды зорға қойды.
– Телефон деген құрғыр бір пәле, – деді бастық бізге қарап. Біз де ыңғайсызданып отырмыз. Директор енді кнопканы басып, хатшы қызды шақырды. Қоңырау шыр еткен бойда, секретарь қыз есіктен иіліп кіріп, оң қолымен ішін басып сәлем салды. Бастық қызға қарап, ұзақ отырды. Бір уақытта, «уһ» деп дыбыс шағарды. Бастық сонда барып есін жиған адамдай:
– Күлшетай, елді күндегі әдетше бірден кіргізе бер, – деді. Үш шал «бізді неге шақырды?» деп бір-бірімізді түртеміз. «Бізді неге шақырдыңыз?» деп сұрау сақалды басымызбен ыңғайсыз сияқты. Көрмей отырған жоқ. «Айтайын дегенін ойланып отырған шығар. Және біз үш адам. Ел болса асығып күтіп отыр. Солар бітсін. Сосын айтар», – деп қоямыз. Бастық болса кірген елді жарылқап жатыр. Есесі кетіп қалатын адамдай жақсылығын жасап болмай, қырманға, шөпке, малға барасыздар деп кесіп айтады. Совхоздың көрсеткіші жақсы болса, сіздерге де қосымша ақша, сыйлық, наградалар болып тұрады. Тұрғын үй, автомашина да әперемін деп шіренеді. Осындайда отқа айда, суға сал – мейлі. Ауыл адамдары бастықтың бетіне қарсы келе ме? Ал бұл отырыс біз үшін біраз әңгіме. Сырт­та күнге қақталып отырғанша, совхоз жайын естіп, жақсы болып қалдық. Астымызда жұмсақ орындық. Әуелде мұндайды көрмеген басым кеңсеге кіре бере бос орынға отыра кетіппін. Ел болса бастықтың алдына барып, қолын алып жатар. Ішімнен келесі жолы болсын, зам. директор Мұқаштың отыратын орнына барып отырармын деп қоямын. Уақыт деген «зымырап-зулап» кешкі сағат алты да болды. Директор үстел үстіндегі қағаздарын жинастырды да, кеңседен шығып кетті. Бізге ештеңе деген жоқ. Біраз тостық. Хабар жоқ. Мүмкін, зәрі қысып кетті ме? Сыртқа шығып, үш шал бағанадан отырып аузымызға құм құйылғандай, неге шақырғанын сұрамағанымыз-ай, – деп бір-бірімізден көреміз. Әсіресе дәлізде тұрған ел бізге естіртіп:
– Еріккен үш шал, бағана кіріп, кеш батқанша отырды. Ұятсыздар, кезексіз кірді, – деп бірнеше рет естіртіп айтты. Ең құрмаса соны естіп отырып, бастыққа «неге шақырдың?» демедік-ау! Бастық болса анда-санда бізге қарап бірдеңе айтатындай қомданады да, жай ғана жымыйып қояды. Енді бірдеңе айтатын шығар дей бергенде біреу кіріп келеді. Өстіп жанталасумен кеш бат­ты. Амалсыз үш шал үйді-үйімізге тарқастық.

***

Үйге келген соң болған жағдайды тұтас тәкпіштеп әйеліме айттым. Әйелім:
– Сенің орныңда мен болсам, бала-шағаңның жайын, мына жаман үйдің құлағалы тұрғанын, малға жем-шөп керегін айтар едім. Ел кіріп сұрап жатқанда, жағың қарысып қалды ма? Қасыңдағы екеуіне керегі жоқ шығар. Ал саған кім әкеліп бермек? Арқа сүйер, қолғанат кімің бар? Бар жиған ақшаны балалар сыпырып алып кетті емес пе? Ертең мен барайын, сенің бет моншағың түсіп тұрса, – деді. Түнімен ұйқым тоқсанға бөлініп шықты. Бастық мені бір жерге жұмсайтын шығар, бағанадан үндемей отыруы тегін емес. Совхозда адам күші жетпейтінін көздерімен көрсін, құлақтарымен естісін, сосын, көрейін бармағанын деді-ау! Әйтпесе ләм-мим деп бір ауыз сөз айтпауың қалай? Түк ұқсам бұйырмасын! Нағыз жұмбақ. Таңды көзімен атқызып, оразамды ашпай бірге болған екі шалды төсектерінен тұрғыздым. Үшеуміз тағы кешегі директорды кездестірген жерге келіп отырдық. Әңгімені кешегі жағдай туралы қозғадық. Итке көлеңке бермей жүрген үш шалды кабинетіме шақырып, кеңсемді көрсетейін, істеп жатқан шаруамды елге айтсын деп, әдейі куәлікке шақырған ба? Үшеуіміздің біреуіміз сөз бастамаған соң ұялып отыр ғой. Өте тығыз шаруасы болса айт­пай ма деп ойлаған шығар. Не біздің ерігіп күнде осы жерде отырғанымызды көріп, бұлар не айтады екен деген болуы мүмкін. Ақыры бұларға әңгіме керек болса менің кабинетіме келсін, елдің әңгімесін естісін деген ғой» деп түйдік. Өстіп отырғанда бастық та жетіп келді. Кешегідей емес, көңілді. Бізге тағы да «жүріңіздер» деді. Бастық күндегі әдетінше жұмысқа қызу кірісіп кетті. Үш шал тағы отырмыз. Бүгін қайтсек те кеше неге шақырғанын сұраймыз деп уәделескенбіз. Бүгін бастықтың қабылдау күні емес екен. Бас мамандар анда-санда кіріп шығады. Бөтен ешкім жоқ. Бір уақытта бастық апыл-ғұпыл жиналды да тағы шығып кетті. Мұндай адам көрсем, көзім шықсын. Егер біздің орнымызда балаларымыз болса, олар да неге шақырғанын сұрар еді. Қара басқанда аттың басындай үш шал тағы орнын сипап қалдық. Сыртқа шығып, жан-жақты қарадық. Машина үйінің алдында тұр. Қой, үйінің төңірегіне барайық. Төбемізді көрсе есіне түсер. Бала-шаға емес, бұл қай мазағы? Есігінің алдында тұрған бастық «үйге келіңіздер» дегендей қол бұлғады. Іздеген адамың шақырса бармағанда ше? Бізді жолдасы қарсы алды. Ашық-жарқын адам екен. Көптен күткен қонағындай қуанып жатыр. Біз де «қош келдіңіздер, қоныстарыңыз қайырлы болсын» деп қоямыз.
– Бұйымтайларыңыз? – деді. «Күйеуіңізге жолыға алмай жүрміз» деп қалай айтасың?
– «Құтты болсын!» айта келіп едік, – деп құтылдық.

***

Аулаға шыққан соң үш шал қайта сырластық. «Ертең тағы да кеңсе алдынан күтейік. Өліп кетсе де ашығын айтайық», – деп тағы тарқастық.
Кеңсенің алдына келіп тұрғанымыз сол еді, бастық та уәделескендей жетті. Бізді көрген бойда күндегі әдетінше «жүріңіздер» деді. Іле-шала жеттік. Әңгімені Кәрім бастады:
– Басеке, кеше сіздің үйге баруымыз, бүгін тағы тосуымыз бір ұғынықсыз шаруа. Сіз алдыңғы күні осы үш шалға «кеңсеме келіңіз» дегендей белгі бердіңіз. Біз содан бастап бірдеңе айтатын шығар? – деп тосып жүрміз.
Бастық:
– Мен де сіздер екі күн қатарынан келген соң маған кіре алмай жүрген шығар деп ойланғанмын, – деді.
Мен әйелімнің айтқан бұйымтайларын жеткіздім. Бастық риза болып:
– Бұл совхоздың көрсеткішін көтеру үшін осы ауылдың басқа жақта жүрген балаларын жинау керек. Сіздердің балаларыңыздың басқа жерде түрлі мамандықта қызмет істейтінін естідім. Мүмкіндік болса ауылға алдыра­йық. Сіздерге де, біздерге де жақсы болады. Менің кешеден бері сіздерді әуреге салғаныма кешіріңіздер? Жұмысбастылық кей кезде жаңғалақтыққа душар етеді, – деп ақталды.
Бастық жаңғалақ болса болсын, бірақ рақымды, шешімді, кешірімді, іскерлігі бізге қатты ұнады. Бұдан былайғы уақытта алдына барып, бұйымтайды айтпай өзі айтар деп тосып отырмаспыз.
Үш шал жағасы жайлауда кеңседен шыға бере, шекелерінен аққан суын сүртіп, шіреніп тұра қалды.

***

Иә, уақыт шіркін зымырап өтіп жатты. Кешегі бала бүгін шал. Сол баяғы ел көшіп кеткен, өздері өскен тас үйден үш шалдың сұлбасы көрінеді. Олардың бұрынғы арманы орындалмай қалды. Жастар ауылда қалмады. Жұртта өздері ғана.
Өңірде тумаған, ауылдың табиғатын білмейтін, жерсінбейтін адамдар келіп-кетіп жат­ты. Облыс ойына келгенін жасады. Аягөздегі он зуыт-фабриканы бұзып, темірін Қытайға өткізіп тынды. Колхоз, совхозды таратып, өздерінің жеке шарушылын құрғандар етек алды. Басқа – басқа-ақ болсын, Алатауды Алматыдан Нарықолға шейін бөліп алды.
Ел көшкен жұртта арманшыл үш шал ғана қалды.
«Әділдік жерде де жоқ, көкте де жоқ,
Сондықтан ит өмірге өкпе де жоқ» …

Қазыхан Әше

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір