Сені маған тағдыр берді, Заманым…
Тағдырды адам өзі жасайды… Адам болып өмірге келіп, тәлейіңмен таласа жүріп, талғаммен ғұмыр кешіп, өзгенің емес, өз өміріңнің «патшасы» болғанға не жетсін!.. Заманым, асыл жарым, өзіңнің артыңда қалып, осылай «Еске алуды» жазу қандай ауыр!.. Үнемі: «Сен менің өміріме тек жан-жарым ғана емес, шығармашылық деген тылсым құдіреттің есігін аштырған жарығымсың», – дейтін едің… Сол тылсымның тұңғиығының есігін енді ашқанда жұмбақ әлемге кетіп қалғаның қалай?.. Міне, мен осындай сансыз сұрақтарға қамалып жүрмін. Қамалып емес, таланып жүрмін… Сені маған тағдыр берді, Заманым..
Адам шыр етіп өмірге келгеннен рухани тазалықтың өзге жаратылыстан ерекшелеп тұратын сана деңгейіндегі адамгершілік, ар-ұжданымен дараланбақ. Қазақтың қара үйінде дүниеге келіп, сөз құдіретінің тылсым әлеміне бала кезден құмар болып өскен Заман Самалбекұлының өмір жолы әуелден-ақ даралықпен астасып еді. Тіпті бозбала кезден өз қиялы мен арманының алдында аласармаған өмір сырын ұғынып, іште жатқан дархан даналықты елеусіз ғана жүрегіне түйіп өсті. Қыр баласының күнделікті бұйығы тірлігі уақыттың желкенімен жылжып жатса, Заманның ойы, қиялы сол уақыт еншісіндегі тағдырлы тіршілік иелерінің таным-түйсіктерін санасына тоқи жүріп, шығармашылық әлемге жол тартты. Сыртқа мінезі бірқалыпты көрінгенмен, іште арпалысып жатқан сөз өнерінің сиқыры әлемге өзгеше қарауға жетеледі.
Әдеби, мәдени ортада қарапайым тіршілік кешіп, қызметтік жолы мен шығармашылығын қатар алып жүріп, өзіне тән адами қалпынан танбады. Мақтанбады, мақтан қумады. Бақталастық, өзара жарыс, жағымпаздық жанына жақпады. Елеусіз ғана ғұмыр кешіп, еншісіндегі шығармашылық деген сағымның соңынан қуып, адалдық пен араздық дейтін тіршіліктің аумалы-төкпелі сынағын да көрді. Төзді. Кейде бір адамның тағдыры осы бір жұмырбасты пенделердің аумалы-төкпелі тіршілігінде өзгеге ұқсамайтын жеке ғаламшар секілді, ішінде гауһары бар құпиясын аялап, өзімен-өзі алабөтен күн кештірсе, кейбірі салмағы жоқ тағдырының аста-төк шашылып жатқан дүние деген тойдың қызылды-жасылды сарқытындай әлдекімге жұғысып жүретіні бар. Алғашқысы – Заманның еншісіндегі тіршілік. Тәңірден бұйырғаны сол болар. Дәметпеді. Бір биіктік – аяласа, бір құлдырау – сағын да сындырды. Қайта тұрып, күресінге толы тағдырының қаһарманы емес, шығармашылық деген бөлек әлемнің еншісіндегі нөкері іспетті адалдығына берік болды. Өз-өзінен батыр жасап жүретін кеудемсоқ пендеуи жандардың алдында аласармауға емес, шығармашылығына сәби пейілімен адал болуға тырысыпты. Мұның бәрі, жанында жүрген жары ретінде маған ерекше әсер ететін. Осынау болмысы бөлек жанның ішкі әлемі өзіме де кейде беймәлім әуені ашылмай кеткен сырсандық іспетті көрінетіні бар. Артында қалған әр еңбегі оқырман жүрегінен орын алса деп тілеймін. Қағаз бетіне түскен шығармаларынан бөлек, сын мақалалары да талай жастың қанатын қомдап, қарағайдай қаламгерлердің шығармашылығына серпін берді. Ақиқаттың биігінен көрінген сын пікірлері жазарман қауым үшін темірқазық болғаны да көпке мәлім.
Қалай деген де, іште арпалысқан сан түрлі сезімді бір жазбаға сыйдыру мүмкін емес. Өмірлік жарым Заман Төлеудің еңбек жолы, шығармашылық даңғылы оқырмандарымен жасай беретініне сенемін.
Жары Гүлмира АЖИХАН