«Өлең, мен сені аялап өтем…»
02.12.2024
98
0

2024 жылдың 20 қарашасында Қазақстан-Британ техникалық университетінің Тәуелсіздік залында қоғам қайраткері, қазақ сөз өнерінің дүлдүлі, «поэзия патшайымы» атанған көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай «Өлең, мен сені аялап өтем…» ат­ты әдеби-сазды кеш өт­ті.

Кешті университет­тің Әлеумет­тік және тәрбие жұмысы бойынша проректоры Екатерина Сергейқызы ашты. Ол республикадағы маңдайалды білім ордасының білім сапасымен қатар, ұлт­тық құндылықтарды дәріптейтін, болашақ кәсіби мамандар бойында елжандылық, отаншылдық рух қалыптастыратын осындай танымдық, тағылымдық шараларға да айрықша мән беретінін айт­ты. Салтанат­ты кешке қатысып отырған өзге де оқу орындары мен білім беру саласының өкілдеріне алғыс білдірді. Проректор құт­тықтау сөзінің соңында Фариза ақынның шығармашылығына қатысты өнер көрсететін студент­тер мен мектеп оқушыларының бірлесіп өткізгелі отырған шараның биік деңгейде өтетініне сенім білдіріп, сәт­тілік тіледі.
Ф.Оңғарсынованың ғұмырнамалық-шығармашылық әлемін танытуға арналған кеште аяулы ақынның өмір жолындағы қызығы мен қиындыққа толы бел-белестер жан-жақты ашылды. Онда тұлғаның рухани әлемі, дара болмыс-бітімі, кісілік қасиет­терін танытатын штрихтар сахнаның өн бойында өрбіп отырған Фариза (Зүлфия Ақылбекова) мен журналист (Бекмырза Түймеқұлов) арасындағы сұхбат арқылы сәт­ті ашылды.
Кеш үш бөлімнен тұрды. «Туған жер, туған ауыл қымбат маған…» ат­ты бірінші бөлімде, бала Фаризаның ең алғашқы өлеңінің тарихына қатысты сұхбат мазмұнын мектеп оқушылары мен ҚБТУ студент­тері әзірлеген сахналық қойылым тереңдете түсті.
«Махаббатсыз, сезімсіз көңіл жетім…» ат­ты екінші бөлім де өлеңсүйер қауымға ерекше серпін сыйлады. Басты кейіпкерлердің сұхбаты әдеби-композициялық бөлімдегі ҚБТУ студент­терінің жыр шашуымен, әсем биімен өрнектелді.
«Болашаққа жастармен жалғанармыз…» деп аталған үшінші бөлімде Фариза Оңғарсынованың қайраткерлік қырлары ашылды. Бар саналы ғұмырын ел игілігіне қызмет етуге арнаған тұлғаның ақындық пен журналистік ұштастырылған қайраткерлікке толы ғұмырнамалық жолы танытылды. Ғазиз жанның мансап белестері жайлы, өскелең ұрпаққа айтар сыр-толғаныстары туралы мағыналы сыр-сұхбатқа ұласты. Дегдар ақынмен арадағы диалог «Көш» өлеңімен түйінделді.
Кештің екінші кезеңінде ҚБТУ профессоры, педагогика ғылымының докторы, осы кештің ұйымдастырылуының басы-қасында жүрген Жанат Дәулетбекова жыр кешінің қадірлі қонақтар – ақын Фариза Оңғарсынованың сіңлісі, «Фариза» қорының директоры Алмагүл Оңғарсыновамен, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Құрмет орденінің иегері, көрнекті ақын Баян Бекетовамен, «Айгөлек» журналының бас редакторы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Түркі әлемі ақпарат саласының үздігі, танымал ақын Қымбат Әбілдәқызымен сыр-сұбат жүргізді. Қонақтар ақынмен шығармашылық байланыстары, бірге болған тағылымға толы сәт­тері жайлы ой бөлісті.
ҚБТУ Әлеумет­тік ғылымдар мектебінің қазақ және орыс тілдері секторының жетекшісі Г.Өтебаева мен оқытушылардың ұйымдастыруымен өткен Фариза Оңғарсынованың ақындық әрі азамат­тық болмысын танытуды басты мақсат еткен бұл кеш университет студент­тері мен қызметкерлері, қонақтары үшін танымдық маңызы зор, тағылымы мол меркелік кеш болды.

Нұржан РАҚЫМЖАНОВ,
ҚБТУ оқытушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір