Келешек үшін құнды шешім
17.03.2022
540
0

Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру» деп аталған жолдауында еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық маңызды бастамалары нақтыланып, келешек үшін құнды шешімдер қабылданды.

Саяси салада қабылданған президенттік шектен тыс өкілеттіктерден бас тарту елдегі саяси жаңғыртудың демократиялық құндылықтардың жаңа үрдісінің  қалыптасуына ықпал етеді.  Билік құрылымдарының шешім қабылдауда бұқара қауымның пікірін ескере отырып, ашықтық, жариялылық қағидаларын  қамтамасыз ететін маңызды фактор болмақ.

Меніңше, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазаны қатайту қажеттілігі және  құқықтық тұрғыдан заң талаптарын күшейту өте орынды көтеріліп отырған мәселе.

Жолдауда «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды заман талаптарына сай жетілдіру, БАҚ-тың бәсекеге қабілеттігін арттыру және тәуелсіздігі жайында айтылды.  Бүгінгі таңда БАҚ қоғамдық пікірді қалыптастыруда, ақпараттық толқында бағыт-бағдарды айқындауда, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, ашықтықты, жариялықты қамтамасыз етуде рөлі аса маңызды.

Халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу тек билік тарапынан ғана талап етілмесе керек-ті. Оған үкіметтік емес сектордың да қатысы бар. Мәселен, олар маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеріп, жан-жақты шешілуіне ықпал етеді. Билік пен халық арасындағы дәнекер ретінде қарым-қатынасты арттыру арқылы халықтың мүддесін көздейтін, әл- ауқатын жақсартуға бағытталған қоғам қалыптастыру жаңа Қазақстанның демократиялық қағидаларының негізгі бастамасы болатынына сенім білдіремін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің  әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгертулер енгізуді ұсынды. Жаңа облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуының маңызы зор. Ұлан-ғайыр жеріміздің көне атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімдерін ұрпақ санасында жаңғырту өте орынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мақсатқа жету үшін тек мемлекеттік аппаратты жаңарту жеткіліксіз, әрқайсымыз өзгеруіміз керек. Мен барша қазақстандықтарды біртұтас организм ретінде жаңа Қазақстанды құруға кірісуге шақырамын. Біздің басты байлығымыз – тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, ұлттық бірегейліктің іргетасын нығайтып, елді өзгертуге жұмылуымыз керек. Бұл біздің болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымыз», – деген сөзін толық қолдаймын.

 

Дархан Мамытқанов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
философия және саясаттану факультетінің
аға оқытушысы, социология ғылымының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір