«Келешек мектептері» – болашақ білікті маманның іргетасы
04.08.2026
18
0

№213 жалпы білім беретін мектебінде «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында көркем еңбек пәнінен оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға және кәсіби бағдарын қалыптастыруға бағытталған тәжірибелік сабақтар жүйелі түрде өткізілуде. Сабақ барысында оқушылар тігін тігу технологиясының қыр-сырын меңгеріп, заманауи құрал-жабдықтарды пайдалану арқылы түрлі тұрмыстық бұйымдарды дайындауды үйренеді.

Көркем еңбек пәні – оқушылардың тек қолөнер дағдыларын қалыптастырып қана қоймай, олардың еңбекке деген сүйіспеншілігін арт­тырып, шығармашылық ойлау қабілетін дамытатын маңызды пәндердің бірі. Практикалық жұмыстар барысында оқушылар матаны пішу, тігу, сәндік әрлеу, ұлттық және заманауи ою-өрнектерді қолдану сияқты технологиялық үдерістерді меңгеріп, өз қолдарымен сапалы бұйымдар жасап шығарады.
Осындай тәжірибелік сабақтар жас ұрпақтың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына ықпал етеді. Тігін технологиясын меңгеру арқылы оқушылар дизайнер, сәнгер, тігінші, технолог секілді кәсіптердің ерекшеліктерімен танысып, кәсіби білімге деген қызығушылықтарын арттырады. Бұл – олардың еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жасалған алғашқы қадам.
Сонымен қатар көркем еңбек пәні арқылы оқушылардың эстетикалық талғамы қалыптасып, ұқыптылық, жауапкершілік, шыдамдылық және еңбекқорлық сияқты маңызды қасиеттері дамиды. Әрбір дайындалған бұйым – оқушының шығармашылық ізденісінің, еңбексүйгіштігінің және шеберлігінің айқын көрінісі.
Жуырда «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында шеберлік сабағы өткізіліп, 9 сынып оқушылары «Ас үй жабдықтары» атты тақырыпта өндірістік тігін және торлап тігу мен кестелеу машинасында ас үй жабдықтарын тігудің қыр-сырын меңгеріп, әдістерін іс жүзінде қолданды. Жұмыс барысында заманауи Janome Memory Craft 550e кестелеу машинасы қолданылды. Оқушылар технологияның көмегімен мата бетіне көркем өрнектер салып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін жаңа қырынан көрсетті. Мұндай сабақтар тігуді үйретіп қана қоймай, оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, практикалық дағдыларын шыңдайды.
№213 жалпы білім беретін мектебінде өткізілетін мұндай сабақтар «Келешек мектептері» бағдарламасының басты мақсатына сай білім мен тәжірибені ұштастырып, оқушылардың жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуына, кәсіби бағыт-бағдарын айқындауына және болашақта өз ісінің білікті маманы болып қалыптасуына үлкен мүмкіндік береді. Бүгінгі тәжірибелі сабақтар – ертеңгі табысты маманның берік негізі.

Гүлмира ҚАСЫМҚҰЛОВА,
«№213 ЖББМ» көркем еңбек пәні мұғалімі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір