Ғарифолла Есім. ОЙЛАН, ҚАЗАҚ!
21.01.2022
3118
0

Қандай биік лауазымда отырма, сен – қазақсың.

Есепсіз байлығы бар олигарх бол, сен – қазақсың.

Үйтіп-бүйтіп жиған, орташа дәулетің бар, сен – қазақсың.

Амалдап күн көріп, бүгін біреуді, ертең басқаны жақтап, жағымпазданып, бөгелек тиген жылқыдай шыбындап жүрсең де, сен – қазақсың.

Арқа жүгіңді даярлап, шет елдерге күн көріс қамымен сапарға шықпақ ниетте болсаң да, сен – қазақсың.

Бүгінгі жағдайдан биік болғансып, арқа-жауырынды сипатып, қымбат ішімдік ішінде, әлемнің белгілі шипажайларында өзіңше «рахаттанып» бай-патша кейпінде күн көріп отырсаң да, сен – қазақсың.  

Арба тасып, әркімге жалынышты түрде күн көріп жүрсең де, сен – қазақсың.

Байдың есігінде құл болып жүрсең де, сен – қазақсың.

ХІ ғасыр ғұламасы Махмұд Қашқари: «40 жылда кедей бай болады, бай кедей болады», – деген. Үміт шамыңды өшірме!

Балалы-шағалысың, ішер тамаққа, киер киімге зәрусің, тұрмысың ауыр, бәрібір сен – қазақсың.

 Білім, ғылым қуған зерексің, тұрмыс тауқыметі саған еркіндік берер емес, ғылыми нәтижелеріңді еш жерге өткізе алмай, аласұрудасың, бірақ сен – қазақсың.

Маман-дәрігер, инженерсің, жағдайың шектеулі, бірақ сен – қазақсың.

Осы тұста айтарым, қазақ болу – дәреже, ол – дәулет, ол пендесіне Алла тағаласы берген – қазына.

Қазақ болудан таймасаң, түптің түбінде дәулетке кенелесің. Өзің болмасаң да ұрпағың, балаң не немерең. Ал, қазақ болу күлкі етушілердің ермегі болса, ол қазақтар ұрпақтар қарғысына қалады. Қазақтан биікпін десе, бұл оның адасқаны. Қазақ қазақпен  туыс, хакім Абай айтқандай, «Біріңді қазақ – бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос». Сенбесеңіз Гетенің «Фауст» шығармасын мұқият оқыңыз. Сонда айтылады, Троя соғысының басты кейіпкері әрі себепшісі – Елена. Соны шайтан  Мефистофель өмірге келтіргенде, Фаустқа ескерту жасайды. Еленаның денесіне қол тигізуші болма, ол күл болып кетеді деп.

Күні ертең бәріміз күлге айналамыз. Жалғанда көзін шел басқандар туралы ақын Абайдың «Ескендір» поэмасын оқыңыз. Әлемді жаулап алған Александр Македонскийден не қалды? Оның құны – бір уыс топырақ.

Кісі қайтыс болғанда, бір уыс топырақ саламыз, сонымен әңгіме аяқталады. Адамның дүниеге достығы үзіледі, жойылады. Мысалы, дүниеден өткен олигархтардың бірде-бірі өзімен бір доллар алып кете алмаған. Бұл шындық әркімге аян.

***

Сен, қазақ, ойлан! Құранды оқы. Өзге дінде болсаң, інжілді оқы! Қазіргі сөзің – жел, ісің – мәнсіз. Байлығың жел тосып тұрған – бұлт. Қазақ айтқан: «Батыр бір оқтық, бай бір жұттық».

Қазақ, тәубеңе түс! Кім болсаң да шындыққа басыңды и. Қазақ екендігіңді құрмет тұт. Біреудің несібесіне зорлықпен қол созба. Қанша қиянат жасасаң, соншама ұрпағыңды қарғысқа қалдырасың.

***

Қиянат туралы Шәкәрім қажының айтқанын еске түсірейік, ол кісі  Наушеруан патша туралы тәмсіл айтқан. Наушеруан патша аңда жүріп киік атып алады, енді асып жейін десе, тұз жоқ. Патша қолына тұз алатын ақша беріп, көрші ауылға кісі жұмсайды. Сонда уәзірі бір шымшым тұз тиынға татымайды дегенде:

Наушеруан айтқан сонда: –  Ей, уәзірім,

Айтайын, жақсы тыңда мұның сырын.

 Басшы алса бір алманы баға бермей,

Қосшы құртар алманың түп тамырын.

 

Мен алсам елдің жалғыз жұмыртқасын,

Кесерсің мың тауықтың сендер басын.

Сүйте-сүйте ашылып арандарың,

Ағызарсың бұл елдің қанды жасын.

 

         Жебір ұлық халқына қас қылады,

         Көңілін шерлі, көздерін жас қылады.

         Қиянат қылдай істен басталмақшы,

         Ескермесе, аз науқас асқынады.

 

         Мал, мансап, адамзатты мас қылады,

         Мейірімді ет-жүрегін тас қылады.

         Тәкаппар, әділетсіз залымдарды

         Бағы қайтқан сорлы елге бас қылады.

Тұп-тура Алматы қаласында болып өткен қырғын-оқиғаға қатысты сөз. Ешқашан сөз ескірмейді, ерлік ескірмейді, парасаттылық ескірмейді. Өкінішке қарай, зұлымдық жауыздық та ескірмейді. Осындай жағдайлар туралы Шәкәрім қажы өз заманының аласапыранын көргендіктен, қиянатқа қатысты бірнеше өлеңдерін арнаған.

***

Ойлан, қазақ! Сен бай бол, биік лауазымды бол, шама шарқың белгілі әрі шектеулі. Сен пендесің. Сен теріңнен асып шыға алмайсың. Сен де бәріміз секілді үш рет тамақ ішіп, 7-8 сағат ұйықтайсың, байлығыңа, қызметіңе жүгіресің, сен періште де, шайтан да емес, ет пен сүйектен жаралған мерзімді ғұмырың бар жансың.

Олай болса, саған не керек? Ел бірлігі, ынтымағы, егемендігі, тәуелсіздігі қажет, әлде өзге пиғылдасың ба, онда ашық айт, жасырма! Қазақтардың басын қатырма, жастарды қырғынға салма!

Адам өмірі – ақша, доллар емес, ол Алла тағаланың кереметі, қазынасы. Сен, неге Алла әміріне қарсы боласың?

Айтарым сол, ұзақ ғұмыр жасаған, қария ретінде айтарым, қазақ бол, егеменді елдің азаматы бол!

Тәуелсіздік туын берік ұста!

Басқа амал жоқ, бұған көнбесең, ел қарғысы, ұрпақ қарғысы, міндетті түрде отбасыңды шарпиды.

Бұл әлемде жақсылық та, зұлымдық та, надандық та – бәрі-бәрі өлшеулі. Соларды анықтауда Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи мынандай ұғымдарды бізге мұра етіп қалдырған, олар: тәуба, шүкірлік, қанағат, оларға қосарым, барға разы болмасаң, бардан айрыласың, ойлан, қазақ!

Қазіргі орның төр, кірер жерің көр!

Бұл – дана Қорқыттан мұра болып қалған сөз.

        ***

Ойлан, қазақ! Екі дүниелік досың – Арың мен Намысың. Соларды сақта!

Ұят Адам атадан келе жатқан адамзаттың асыл қасиеті. Ұятыңа ие бол! Ел бол, ынтымақты, берекелі бол, асыл текті қазақ!

Бағзы дәуірлерден білемін, мыңдаған жылдық өмір сүру тәжірибесі бар қазақ халқы тағдырын қандай замандар болмасын, өз қолынан ешқашан  шығармаған!

Қазақ болып өмір сүру – ол біздің тағдыр. Бүгінде тағдыр талқыға түсіп тұр. Өкінішті…

Мен, қазақ жастарына сенемін!

Мен, қазақ болғаныма мақтанамын!

Ғарифолла ЕСІМ

Академик, абайтанушы, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір