Айжарық СҰЛТАНҚОЖА: ӘЗІРШЕ ҚАЛЫПТАСҚАН СТИЛІМ БАР ДЕП АЙТА АЛМАЙМЫН

Жуырда жас ақын Айжарық Сұлтанқожаның тырнақалды жыр жинағы жарық көріп, кітап тұсаукесері Алматыдағы Жамбыл жастар кітапханасында өтті. «Телеграмма қабылдап алыңызшы». Кітаптың аты қандай ерекше болса, жинаққа енген жырлардың да өзгеше формамен жазылғанын аңғардық. Ақыннан шағын сұхбат ала отырып, осы тосындықтың сырын сұрап көрдік.
– Айжарық, тырнақалды жыр жинағыңыз жарық көрген екен. Құтты болсын айтамыз!
– Көп рақмет! Иә, жазушы достарыммен және азын аулақ оқырмандармен ақылдаса келе, ақырында соңғы үш жылда жазылған дүниелерді кішігірім жинақ етіп шығару керек деп ұйғардық.
– Сөз өнері сізді несімен қызықтырды? Соның ішінде поэзияға келу жолыңыз турасында айтып берсеңіз.
– Жазуға деген қызығушылығым жайлы әріден бастайтын болсақ, алғашында өзімді тек драматургия мен прозада ғана сынап жүрдім. Алғашқы әңгімелерімнің бірнешеуі жастар әдебиеті шеберханасының жинағына да енген болатын. Онымен қоса екі пьесамды да сахналаса деген арман болды, алайда уақыт өте келе проза мен пьеса жазуға деген ұмтылыс азая берді. Осылай 2017 жылдан бастап жасырын түрде поэзияға қызыға бастадым. Алғашқы жазылған дүниелерді әлдекімге оқытуға деген ниетім де, батылым да болмады, дегенмен де сол тұстағы процестің өзі жазуды жалғастыруға шақырып тұрды. Шамамен, жарты жыл өткеннен кейін ақыры жазғандарымды жақын достарыма оқытып, кейіннен олардың қолдауымен басқа да оқырмандармен қоғамдық желі арқылы бөлісе бастадым. Енді, міне, араға үш жыл салып алғашқы жинақты шығарудың да сәті түсіпті.
Ал жалпы шығармашылыққа қалай келдім дейтін болсақ, кітап пен киноға бұрыннан қызыққаныммен, тек СДУ-дың (маркетолог мамандығы бойынша оқыдым) екінші курсында ғана тұрақты түрде жаза бастадым және оған ең басты себептердің бірі – жазушы, драматург, режиссер достарымның болуы.
– Жырларыңыздың ішкі мазмұны мен сыртқы формасы мүлде бөлек. Бұндай өзгешеліктің сыры неде?
– Менің әзірше қалыптасқан, жеке жазу стилім бар деп айта алмаймын. Ал жалпы жырлардың өзгешелігі – жазу барысындағы формалық жеке таңдаулардың нәтижесі болар.
– Бұл тосындықтың сырын ұқпай, туындыларыңыздан дәстүрлі стильді іздейтін оқырмандарыңыз кезіге ме?
– Әрине, тіпті барлық жазғандарымның үштен бірін ұқтым дейтін адам жоқ шығар. Бірақ негізгі мәселе де осында болуы мүмкін, яғни интерпретация еркіндігі деген ұғым бар.
– Жалпы, шығармашылық тұрғысынан сізге қандай жанрдағы туындылар ұнайды және несімен ұнайды?
– Бұл сұрағыңыз осыған дейінгі берген екі жауабымды кеңірек түсіндіретін секілді. Стиль мен туындылардың «түсініксіздігі» кей жағдайда – мен үшін маңызды болған авторлардан алған әсердің нәтижесі болып жатады. Яғни форма тұрғысындағы еліктеулер шығармаға да әсерін тигізеді.
Кейінгі кездері орыс поэзиясындағы – Күміс ғасыр ақындары мен жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында жазылған Батыс ақындарының өлеңдерін оқуға ниет болып жүр.
– Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар?
– Алдағы уақытқа әзірше нақты жоспарлар жоқ. Бірақ бұл жанрдан әлі жалыға қойдым деп айта алмаймын.
– Сіздіңше, поэзия дегеніміз не?
– Менің ішкі ойымда бұл сұраққа әр кезде әртүрлі жауаптар табылып жатады, мүмкін мен үшін поэзия сол жауаптардың жиынтығы шығар.
– Жазарыңыз көп болсын!
Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА