Бөкеевтер әулеті және құнды суреттер тарихы
14.02.2020
4359
0

Қазақтың біртуар ақыны, Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Бөкеев қазақтан шыққан тұңғыш фотограф екенін біреу білсе, біреу білмейді. Әлемде фотография өнерінің пайда болғанына 180 жыл толса, осыдан 120 жыл бұрын Шәңгерей өзінің фотоаппаратымен тұңғыш суреттерін түсірген. Бұл кезде әлемде көптеген халықтар фотоөнердің не екенінен мүлдем бейхабар еді. Әдетте «қазақ­тар фотоөнерді Екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейін игерді» дейтін сыңаржақ пікір бар. Міне, Шәңгерей ақынның бір топ суретін жариялап отырмыз. Кейбірі баспа бетін алғаш рет көріп отыр.

Шәңгерей Бөкеев. 1887 жылдар шамасы

Ақын ұрпағы әрі мұрагері Шолпанай Аманжолова апамыздың айтуынша, жоғарыдағы ақынның өз суреті ұзақ жылдар бойы жеке архивін­де сақталған. Тозуға айналған мұра­ны «Фото­өнер» қоғамдық бір­лесті­гінің төрағасы, ҚазҰУ Журналистика факульте­тінің аға оқытушысы Асылхан Әбдірайымұлы мен елімізге танымал суретші-график Нұран Айымбетов ұзақ уақыт еңбек­тену арқылы қал­пына келтірген. Біз оқыр­ман назарына құнды жәді­гер саналатын фото­лар­мен қатар Бөкеев­тер әуле­­тінің қысқаша шежі­релік тарихын ұсынуды жөн көрдік.

Ш. Бөкеевтің 1905 жылдары түскен суреті

 

Түркі халықтарына қазақ дала­сының ұлы ақыны ретінде таныл­ған Шәңгерей Бөкеев 1847 жылы тамыз айында дүниеге келген. Ата-тегін таратып айтсақ: Шәңгерей – Сейіткерей – Жәңгір (қазақтың соңғы ханы) – Бөкей – Нұралы – Әбілқайыр. Ал Әбілқайыр хан – Шыңғыс ханның бір ұрпағы.

 Шәңгерей Бөкеев өмір мен өлім, махаббат, табиғат сұлулығы, ар-намыс жайында жырлаған. Оның өлең-жырлары мен әндері түркі халықтарының құндылықтарын асқақтата жырлауымен де құнды.

Сейіткерей мен Ермекжанның шаңыра­ғында дүниеге келген Шәңгерей ерте жастағы өлеңдерінің бірінде былай деген: «Қой жылы тамыз ішінде шығып ана қарнынан, мүлкі болдым паң дүние».

Сейіткерейдің тұңғыш ұлы Мұхамет­керей Жәңгір ханның көзі тірі кезінде, архив­тік деректерге сүйене отырып нақты­рақ айтсақ, 1845 жылы (9 тамызға дейін) дүниеге келген. Мұхаметкерей Сейітке­рейұлы – менің әжем Софья Дәулетқызы Бөкейханованың үлкен атасы. Оның анасы Айша (күйеуге шыққаннан кейінгі тегі – Құсепғалиева) – Мұхаметкерей Сейіткерейұлы Бөкеевтің қызы. Софья әжем, Айша шеше және оның бала кезінен Шәңгерей мен Хадиша Бөкеевтердің (ерлі-зайыптылардың балалары болмаған) отбасында тәрбиеленген әпкесі Зәуреш апаның арқасында біршама фотосурет сақталып қалды. Оларды сақтау оңай емес-тұғын. Шындығында, қауіпті болатын.

Жәңгір хан мектебінің оқушысы Бөкейханов Ғабдулхаким (2-ші қатардан 2-ші сол жақта ( Бөкейханов Нұрмұхамед-әкесі Бөкейханов Г. Жәңгір ханның жиені (2-ші қатарда 3-ші сол жақта); Ишанғали, Шәңгерей Бөкеевтің хатшысы (оң жақта 2-ші қатарда); (Солдан оңға қарай 1 жол);Бақаш Бөкеев (Қасымов) — Шәңгерей Бөкеевтің немересі, Бақытжан Қаратаев — 2-ші Мемлекеттік Думаның депутаты; Жаханша Сейдалин – «Алаш» партиясының мүшесі. Шәңгерей Бөкеевтің үйінің кіреберісінде.

Олар сол фотосуреттерді төңкеріс, Азамат соғысы, тәркілеу, сталиндік лагерь және жер аудару жылдарынан аман алып шықты. Мен ол кісілердің бұл ісімен мақтанамын. Өйткені сол жылдары көптеген адамдар қамауға алынған өз әкелерінен, балаларынан, күйеулерінен бас тартып жатты. Фотосуреттерді өртеп жіберді. Ең сорақысы сол – өз туғандарынан безді. Ал менің ардақтыларым рухының мықтылығы мен мұқалмас қайсарлықтың үлгісін көрсете білді. Олар – нағыз ақсүйектер, «рух ақсүйектері». Айша шешемді көрген емеспін. Ол соғыстың бас кезінде көз жұмған. Күйеуі Дәулетшах Құсепғалиев «Алаш» партиясын құрушылардың бірі, партияның батыстағы бөлім басшылығының мүшесі және уездік дәрігер ретінде қырық жылдық тәжірибесі болған. Содан кейін ол кісі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Келес ауданының Абай-Базар ауылына жақын маңда орналас­қан еңбекпен түзеу лагерінде ерікті-жалда­малы дәрігер болып жұмыс істеген. Бұл лагерьде Құсепғалиевтердің үлкен қызы Ғайни­жамал да болған. Ол кезде оның алты баласы бар еді. Кішісі сол жерде дүниеге келген. Ғайнижамал халық жауы отбасының мүшесі ретінде жауапқа тартылған. Ол кісі Казақ мединститутының бірінші директоры Исенғали Қасаболатовтың жұбайы болатын. Дәулетшах көке мен Айша шеше үйсіз-күйсіз қызы мен оның кішкентай балаларына қолдарынан келгенше көмектесіп тұрған.

Шәңгерейдің ағасы Мұхамедкерей ұлы Ақышпен Усадьба жанындағы қымызбен емдейтін Қымызор­дада. Қазір онда қымызбен емдейтін шипажай орналасқан. Қазірде онда Шәңгерейдің құсбегісі Қартқожақтың ұрпақтары қымыз ашытады.

Біз Зәуреш апаны Терек деп атайтынбыз. Ұзақ өмір сүріп, 1957 жылы Ташкентте дүниеден өтті. Екінші күйеуі Мұхамедрақым Қарабаевты екінші рет қамауға алғаннан кейін Зәуреш апа Софьяның үйінде тұрады. Оның күйеуі Ғабдол-Хакім Бөкейханов та қазақ интеллигенциясының басына түскен зобалаңнан тыс қала алмады.

Зәуреш апа маған «Бесік жырын» айтып беретін. «Әй-әй, елімнің иісін-ай, әй-әй, жусанның иісін-ай» деп әндететін. Ол маған түнде қаңғырып жүретін түлкі туралы балаларға арналған өлең, қараңғы түскенде жоғалып кететін отыз қыз жайындағы санамақ айтып беретін. Мен соларды өз балаларыма және немерелеріме айтып өсірдім.

Софья әжем фотосуреттерді көк суреті бар қағаз қорапқа салып, ешкімге көрсетпей, ескі сандықтың түбінде сақтаған. Қорап бұл күнде жарамсыз болып қалды, ал сандық әлі күнге дейін үйде тұр. Ол мен үшін сенім мен шындықтың көзі секілді. Фотосуреттерді алғаш рет Ташкенттен қоныс аударғанымызға көп жыл өткенде кездейсоқта көріп қалдым. Ол кезде жоғарғы сыныпта оқитынмын. Көп сұрақ қойылды, бірақ оларға дұрыс жауап ала алмадым. «Сіздің осынау әуезді, ерекше фамилияңыз қайдан шыққан?», – деген сұрағыма ол кісі мынадай жауап берді: «Менің күйеуім Ғабдол төңкеріс жылдарына дейін Бөкей ордасы деп аталған жерде дүниеге келген. Сол жер атауынан біздің фамилиямыз келіп шыққан».

А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағынан қазақ музыкасының білгірі және дәулескер күйші Ғабдол ата Бөкейхановтың Бөкей ханның тікелей ұрпағы екенін білгенде таңғалғанымды көр­сеңіз. Содан бері менде «үлкен­дердің әңгімелері мен естеліктерін зейін қоя тыңдасаң, көп нәрсені білесің» деген қағида қалыптасты.

Ақын, Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Бөкеевке бару. 1 қатарда (солдан оңға қарай); Айша Күсенғалиева — Мұхаметкерейдің қызы; Ғайнижамал-Айшаның қызы, Зарубин И.Е-нің әйелі; дәрігерлер Зарубин И.Е. және Кашин — Күсенғалиевтің әріптестері; 2-ші қатарда (сол жақтағы спарава); Ишанғали-хатшы Ш.Бөкеева, Күсепқалиев Даулетше Юсупова-әкесі Бөкейхановамен, Бөкеев Мұхаметкереймен және оның ұлы-Ақыш Бөкеевпен.

Тамаша сақталған, ең ескі фотосуреттердің алғашқысында егделеу, етегі ұзын (сірә, күзен терісінен тігілген) тон киген, кескін-келбетінен ақсүйектік аңғарылатын ер адамның бейнесі бар. Фотосуреттің артқы жағына Софья әжем қарындашпен Мұхамет-Керей ата деп жазып қойған. Қолтаңбасынан бала кезінде жазғаны көрініп тұр. Оның сол жағында әдемі өрнекті кілем үстінде жасы төрт-бес шамасындағы ұлы Ақыш отыр. Мұхаметкерей ата мен Ақыштың жасын біле отыра, фотосурет ХІХ ғасырдың екінші жартысында – 70-жылдардың ортасында түсірілген деп нақты айтуға болады (1-фото).

Екі әйел. Зәуреш Мұхамедкерейқызы, Әйнөк Ерғалиева (Ишанғалидың зайыбы)

 Ал екінші суреттің сапасы нашарлау. Суретке үңіле отырып мығым денелі, жауырыны тік, сәнмен қойған сақалы және мұрты бар, асыл тастармен әшекейленген белдік тағынған жас жігітті көруге болады. Суреттің артқы жағына анам Фатима Ғабдолқызы Бөкейханова «Шәңгерей Бөкеев, анам Софья Бөкейханованың атасы, Мұхаметкерейдің бауыры» деп жазылған. Мен бұл суретті қалпына келтіруге бірнеше рет талпыныс жасап көрдім. Қай-қайсысы да нәтижесіз болды. Тек фотографияның пайда болғанына 180 жыл толу қарсаңында ғана заманауи технология мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымның ерен еңбегінің арқасында ақынның бұған дейін белгісіз болып келген суретін көре алдым.

Шәңгерей атаның өзі де тамаша фотосу­ретші болған. Оны еліміздің тұңғыш фотосу­ретшісі деп атауға толық негіз бар. Естеліктер бойынша ол кісіге фотоаппаратты Николай патша сыйға тартқан екен. Өзім Бөкей хандығының 100 жылдығы Петербургте кең көлемде тойланған 1901 жылы сыйға алған деп жорамалдаймын. Жалпы алғанда, Шәңгерей атаның фотосуреттері ХХ ғасырдың басында түсірілген. Ол суреттерге қарай отырып ақынның қалай және қайда өмір сүргенін, оның өмір салтын, айналасы, отбасысы, пікірлестері мен ізбасарлары жөнінде мағлұмат ала аламыз.

Жымпитыдағы (қазақ жеріндегі тұңғыш)аурухана. Сол жақта дәрігер Дәулетше Күсепқалиев жұбайы мен қызы.Ғайныжамал қызымен 1914-16 ж.

 Осы орайда «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің фотоөнер саласы бойынша Шәңгерей Бөкеев атындағы сыйлық тағайындау жөніндегі бастамасын қуана құптаймын.

Жалпы, ақынның жаңа идеялар мен техно­ло­гияларға қызығушылығы зор болыпты. Оның Торғын өзенінің шығыс жақ жағала­уында орналасқан кең үйінде әртүрлі жаңа бұйымдар болған. Мәселен, фонограф, рояль, үлкен фотоаппарат, соған қатысты түрлі құрал-жабдықтар. Ақын осылардың қай-қайсысын да жиі қолданған. Тіпті Шәңгерей атаның велосипеді де болыпты. Ол оны өзі айдаған және балаларды велосипед тебуге үйреткен.

Шолпанай АМАНЖОЛОВА,

ақынның ұрпағы

2-ші қатар,сол жақтан 2-ші Айша-ана. Айша Шәңгерейдің немере інісі, Батыс Алашорда қайраткері, дәрігер Дәулетше Күсепқалиевтің қызы. 1916 ж

ШӘҢГЕРЕЙ АҚЫН ТҮСІРГЕН ФОТОСУРЕТТЕР

 Өмір дерегін қағазда мәңгі қалдыратын жаңалық Ресейде тез тарағаны сонша, 1845 жылы көзі жұмылған Жәңгірдің өзі рәсімін қағазға тарттырып үлгерді. Фото өнерімен Екінші Николай, Лев Толстой шындап әуестенді. Шәңгерей 1901 жылы Петерборға барған сапарында тақ биігінен осындай фотоқұрылғының беруіне ие болғанын бұрын айтқанбыз. Елге келгеннен кейін ақын осы өнерді тез үйреніп алған, һәм суретті өзі арнайы жабдықтаған бөлек бөлмеде отырып шығарған. Қазіргідей тұрақты тоқ көзі жоқ, табиғи жарық күшіне сүйенген уақытта, әрі дала жағдайында сурет басып шығару оңай емес. Шәңгерей түсірген фотосуреттерден қазір қолда бары оншақты, бірақ, қай-қайсысы да химиялық талаптар дәлме-дәл орындалып, бейне сапалы, қалың ақ қағазға көшірілгендіктен өте жақсы сақталған.

Ақынның жастау кезінде өзге фотограф қолымен түсірілген өз бейнесі уақыт сынына төтеп бере алмай, ескіріп, қайта жаңғыртуға жарамай қалғанына қарағанда, Шәңгерейдің бұл өредегі шеберлігі заманында көп фотографтан жоғары тұрған. Немере қарындасы Мәдинаның айтуынша, ол келген қонақтар мен ағайын-туманы сирақты қара қобдиша алдында біраз уақыт тапжылтпай ұстайды екен. Бұл – фотографияны кәсіп емес, өнер деп ұққан адамның тірлігі. Себебі, шеберлік жетіле келе фотосуретші фотобейне арқылы нысанаға деген өзіндік қатынасын да білдіріп отырады. Мұндай көзқарасты әдетте суреттің қай нүктеден түсірілгендігіне, жарық пен көлеңкенің астасуына, нысан төңірегінің өкпені қыспайтын кең тынысты болып келуі мен нәрседен, заттан шашылып түсетін рефлекторға (фотопленер) және түсірушінің қас-қағым ұрымтал сәтті ұстай білуіне қарап бағамдаймыз. Шәңгерей фотосуреттерінің дені әлгіндей талап үдесінен шыққан. Соның арқасында бүгінгі біз осыдан ғасыр бұрынғы уақыт тынысын нақпа-нақ сезініп, Жазғы Орда, Қымыз Орда тәрізді көшпелі, һәм отырықшы мәдениет үлгілерін зерделеуге мүмкіндік алып отырмыз. Бақытжан Қаратаев, Жанша Сейдалин, Ғұмар Қараш, Ғабдол-Хакім Бөкейханов сияқты қайраткерлеріміз бен Мақар Жапарұлы сықылды өнерпаздарымыздың асыл бейнелерінің қағазға мәңгі бақи көшіріліп қалуының өзі қандай ғанибет!

Мақсат ТӘЖІМҰРАТ

(Фотосуреттер ақынның мұрагері

Шолпанай Аманжолованың жеке мұрағатынан алынды)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір