Биік интелектуалды проза қалыптасып келеді
13.10.2019
1492
1

Қазақ әдебиетінің тағдыры, оның бүгіні мен ертеңі қолына қа­лам ұстаған қауымды ғана алаңдатып қоймауы керек. Өйткені қазақтың сөзі – қазақтың жаны, жүрегі, рухы. Қазақтың өзі. «Талғам-таразы» айдары­ның кезекті «оқырманы» – әдебиет­танушы Гүлзия Пірәлі. Біз ғалымға мынадай сауалдар қойған ек: Қазақ әдебиетінен өзінің лайықты бағасын ала алмай жүрген жазушылардан кімді атар едіңіз? Оның шығармашылық қолтаңбасы несімен дараланады? Қазіргі жастар прозасына қандай ерекшеліктер тән? 

Гүлзия ПІРӘЛІ, әдебиеттанушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының бас ғылыми қызметкері

Қай салада болсын маманның ең­бегі оның кәсіби шеберлігі мен біліміне байланысты бағаланып жатады. Ер мен әйелдің шығарма­шылықтағы алар орны да, таби­ғат сыйлаған талант, дарыны да өз деңгейінде дараланып, дәріптеледі. Дегенмен қыз балалар­дың жаратылысындағы «жолы жіңішкелік» ер-азаматтардай еркіндікке , «еркелік­ке» еркін жібере қоймайды. Осы ретте Абайдың: «арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда» деген даналығы еріксіз еске түседі. Та­ланты мен шығармашылықтары, суреткерлік шеберліктері, кәсіби деңгейлері ешкімнен кем болмаса да, бағалануы мен насихатталуы көңіл толтыра қоймайды. Тек мерейтойларда болмаса… Мәселен, кезінде жақсы шығармаларымен танылған Шәрбану Құмарова, Мағира Қожахметова, Шәрбану Бейсенова, Күләш Ахметова, Гүлнәр Салықбай, Гүлзат Шойбекова, Майра Шүйіншәлиева, Заря Жұманова, Лира Қоныс, т.б. сынды үлкенді-кішілі қаламгер қыздарымыздың шығармалары туралы салмақты әдеби пікірлер, көркем эсте­тикалық талдауларды оқи қоймаймыз.

Тағы бір тоқталар жәйт – шалғай елді­мекендерде тұратын, әдеби үлкен ортадан шетте жүрген жазушы­лар да көп елене бермейді. Мәсе­лен, оң­түстік өңірдегі тарихи оқиға­лар­ды өндірте жазып жүрген Момбек Әбдәкімұлы («Дүрбелең»), ел ішіндегі қазіргі әлеуметтік мәселелерді әдемі әзілмен түйреп, жүрекке жеткізе жазатын Мархабат Байғұт («Әпке»), бүгінгі бейбіт заманның өзінде өзге ұлттан көрген зәбір, зарын өзде­рі­нің кәсіби шеберліктерімен зерделей білген Тұрысбек Сәу­кетай («Ай­қараңғы»), Жүсіпбек Қорғасбек («Жан­себіл»), еліміздің келешегін құрайтын балалардың рухани қажетіне жарайтын нәзік нақышты дүние­лер жазатын Сәбит Дүйсенбиев («Мен ғашық емеспін»), т.б. сынды суреткерлердің қазақ әдебиетіне әкелген жаңалықтары, көркемдік, тілдік, стильдік ерек­ше­лік­тері жөнінде арнайы талдаулар жасалудың орнына, шығармашылықтарына жалпылама шолу жасаумен шектеліп жатамыз. Бұл – тек аталған қаламгерлердің шығармашылығына ғана қатысты емес, қазіргі әдеби пікір, көркем сынымыздың деңгейін көрсететін кемшін тұстар.

Мархабат Байғұт

«Проза құлдырады, кітап оқыл­майды, жастар жазбайды» деген үстірт  ойлы сөздерді сиретіп, жылт  еткен жаңалығымыз, жақсылығымыз болса, керісінше, көкке көтермесек те, көпке танытып, насихаттай білгенге не жетсін.Тәуелсіздіктің нәтижесінде төл тарихымызды түгендеуге, тұралап қалған туған тілімізді түрлендіруге, талай жылдар жырақтап қалған әдеби, мәдени жәдігерлерімізді жаңғыртып, әлемге танытуға, өшуге айнала жаздаған әдет-ғұрыптарымызды, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға, санамыздан сызылған ұлт тағдыры жолында шейіт болған тарихи тұлғаларымызды танытуға қазір толық мүмкіндік бар емес пе?

Айталық, аға буын өкілі Марха­бат Байғұттың қай шығармасын да қызыға оқитын оқырманның бірі­мін. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған жаңа туындысы – «Әпке», өкінішке қарай, өзінің лайықты бағасын ала алмады. Жазушының шығармашылығына тереңдемеген адам оның туындыларындағы бір-біріне ұқсамайтын, іс-әрекеттері мен мінез-болмыстары қарама-қай­шы, табиғаты қым-қиғаш ерекшеліктерімен танылатын кейіпкерлер тағдырының сырын ұғына да алмайды. Олар – соншалықты қарапайым пенделер бола тұра барлық қайшылықтарымен көрінген күрделі кейіпкерлер. Өз дәуірін тани отырып, ұлт пен ұрпақ алдындағы қаламгерлік парызын терең түсінген М.Байғұт өз заманының көркем тарихы мен адамдар тағдырын шынайы бейнелейді. Жазушы иығына артылған жауапкершілік оны маң­айындағы барлық оқиғаға еріксіз араластырып отырады. Өйткені шын талант қана табиғи құбылыстарды дәл өмірдегідей табиғи жаза білуі арқылы танылса керек. М.Байғұт шығармашылығының негізгі ерекшелігі де өзі білетін ауыл тақырыбын, қасиетті туған жер табиғатын, ұлт­тық құндылықтар мәселелерін бейнелеуінде жатыр.

Оқи отырыңыз!

Биязы жырдың бағбаны

Және жастар өкілі Лира Қо­ныс­тың мені қатты үміттендірген «Құлпынай қосылған балмұздақ» атты романының көркемдік-эсте­тикалық әлемін құрайтын кейіп­кердің ішкі ойы, рухани күйзелісі, жұмбақ әлемі терең әрі детальді түрде бейнеленуі, сюжеттік-ком­позициялық құрылымының то­сындығы оқырманға көп ой салады. Қаламгер көркем шығармада кейіпкердің әртүрлі қалыптағы ішкі ой-толғаныстарын әрдайым өзгертіп, іс-әрекет, сезім қай­шы­лықтарын тудыратын психо­логиялық құбылыстарды тереңдетіп, күрделендіре бейнелейтін психоло­гизмнің табиғатын жақсы меңгерген.

Қазіргі жастар қалыптасқан дәстүрлі баяндаудан гөрі жеке кейіпкердің ой-санасында жүріп жатқан өзгерістерді зерделеуге зейін қоя бастады. Бұл биік интеллектуалды прозаның қалыптасып келе жатқанын байқатады.

Жалпы, қазіргі жастар проза­сындағы ерекшеліктерге тоқталар болсақ, ақпарат ағыны билеген бү­гінгі замандағы постмодернизм поэтикасына тән жеке адам сана­сындағы қайшылықтар мен сан алуан көзқарастар қақтығысы, ішкі жан әлемінің бейнеленуі алғы шепке шықты. Бұл – адам мен табиғат қатынасын зерттеудегі қаламгер қауымның бүгінгі дәуірдің тыныс-демін, санадағы өзгерістердің сезім толқынын танып білуге жасаған бетбұрысы .

Міне, осынау заманауи тақырыптарды өз туындыларына өзек етіп, өзі өмір сүріп отырған қоғамның тамыры тереңде жатқан қайшылықтарын өз замандастарының тағдыры арқылы зерделеуге тырысқан жастар – жаңашыл. Және бүгінгі қоғам­ның сырқатынан сыр беретін психологиялық күйзелістерге ұшыраған кейіпкерлердің тағдырын бейнелейтін жоғарыда аталған жазушылардың қолтаңбалары да сол қасиеттерімен дараланады.

Дәл қазіргі рухани құндылықтар қадірі құлдыраған заман бейнесін берерлік қатыгездікті сипаттай келе, оған қарсы орайымен үйлестірілер әфсаналық сипаттағы мораль кодекстері, ойлы дүниеге опасыздық танытқандарға ой саларлық оқшау оқиғалы, оғаш­тау ойлау жүйелері, жаңаша жазу стильдері , түрлі әдеби эксперименттерге бару, т.б. бүгінгі көркемдік танымдағы өзгеше өрнекті, тың талпыныстарды танытады. Көркем прозадан біз көбіне өзіне де, өміріне де, қоғамға да көңілі толмайтын, өздерін әлеуметтік ортадан шеттетілген, керексіз жандай сезінетін кейіпкерлерді көп кездес­тіреміз .

ХХІ ғасырдың әдеби кеңістігіндегі сан алуан бағыт пен тақырып төңірегінде талпыныс жасап жүрген жас прозашылар оқырманның ойына қозғау салатын көркемдік-эстетикалық, психологиялық құбылыстарға құштар.

Аталған қаламгерлер де, әдебиет әлемінде жүрген өзгелер де өз заманының рухани қажетіне сай ықшам жазылған, тез қабылданып, жедел оқылатын аз көлемді шағын жанрдағы психологиялық мәтіндерді жазуға бейім. Жазылу мәнері жағынан түрлі ізденістерге толы көркемдік танымдағы тәмсіл-толғаныстар, эссе-суреттер бүгінгінің болмыс-бейнесін бедер­лейді.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.10.2019 | 23:34

Гәзеттің мына сын беті дегендеріңіз сипалау беі ғой! Адамның өзін мақтап оның шығармасының атын жазып қоюмен әдебій сынның міндеті бітеме? Осы заман тақырыбын келістіріп жазған дегенде тақырыпты қалай, қайтып ашқан екен? куйіпкерлердің ортадағы херктірі, уақиқа тартыстарымен шығарманың айтары айқындалмайды?Балтырыңды шаққан битті етік қонышының сыртынан сиалап жүрсең, балтырыңнің қышуы қалай басылады?Мыналарыңзді сын деп айтуға неге ұялмайсыңдар? Нұрмұқан Жанұазақұлы.ҚР жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір