Танакөз Толқынқызы. Жақсылық ауа сияқты, сезілмейді
09.10.2019
2055
0

«Қазақ әдебиеті» vs Пруст сауалы

Танакөз Толқынқызы

Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ, ақын

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

– Сүйе білу, кешіре білу, жамандыққа да жақсылықпен жауап қайтару.

 – Ер азаматтың басты қасиеті ше?

– Сөзінде тұру.

 – Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Еркіндік. Абсолютті шындықпен үндестікте өмір сүру. Сүйе білу.

 – Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

– Антуан де Сент Экзю­перидің «Кішкентай ханзада» ертегі повесті

 – Ең басты кемшілігіңіз не?

– Адамның қатесі мен кемшілігін бетіне айтамын.

 – Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Бос уақыт деген түсі­нік жоқ. Спортпен, бимен, аудиокітап тыңдаумен, пси­холо­гиялық кітаптар оқумен, музыка және біртуар адамдар жайлы түсірілген деректі фильмдер мен көркем фильм­дер көру, медитация жасау т.б.

 – Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Саяхатшы болар едім.

 – Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

– Еуропада өмір сүре алар едім. Мүмкін Жаңа Зеландияда. Бірақ бір елде тұрақтап қалғым келмейді. Тайганы, Антарктиданы, әлемдегі таңғажайып табиғаты бар кез-келген мемлекетті аралап өмір сүруді армандаймын.

 – Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?

– Көрінбейтін тылсымды көрінбейтін түйсікпен сезетін, қабылдайтын, мойынсұнатын қасиетке ие болғым келеді.

 – Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

– Сүйген, ғашық болған сәттерімде өзімнің табиғатыма қарсы бола тұра, көп жерде шегінемін.

– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?

– «Ғайыпқа сену» дегенді тылсым дүниелерге сену деп білемін. Ғылым түсіндіріп бере алмайтын табиғат тылсымдары өте көп.

 – Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?

– Үйді өзі жинайтын, жуып тазалайтын және оны адамнан да артық атқаратын роботты ойлап табар едім.

– Не нәрседен жиіркенесіз?

– Екіжүзді, жағымпаз, суайт, сөзінде тұрмайтын, принципі жоқ адамдардан.

 – Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?

– Алаш арыстарының соңына шам алып түсіп асқан, атқан абақтыға қамаған, қазақ халқын жер бетінен жойып жібергісі кеп жаныққан қандықол Ста­лин және оның командасы.

 – Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

– «Қуған жетпейді, бұйыр­ған кетпейді».

 – Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

– Әрине.

– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі…

– «Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез

Не қызық бар дүниеде одан басқа».

– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?

– Ешқандай. Жақсы адамдар көп. Тек жамандық көзге бадырайып көрініп тұрады. Ал жақсылық ауа сияқты сезілмейді.

 – Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

– Олар бар. Олар тірі. Олар ортамызда жүр. Олар мені күн сайын таң қалдырады. Атын атай алмаймын. Көргенде өздеріне айтамын.

 – Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?

– Ешқандай. Жас ақында кемшілік болмайды. Оларға бәрі жарасады. Сонысымен олар жас.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір