МЕНІҢ ФАРИЗАМ
(естеліктен үзінді)
2014 жылдың 23 қаңтары. Мен үшін ең азалы күн болды. Сырласым болған, мұңдасым болған қайталанбайтын ақын, қайсар замандасым болған Фаризашымнан айырылдым. Сол күннің суығы да естен кетер емес. Өз мінезі де қатал еді-ау, күні де суық болды. Астанаға бардым, қоштастым. Аяғым жерді сезбеді, жүрегім ештеңе ұқпады. Құр сүлде болып қалғаным рас. Әбіш Кекілбаевтың сөйлегені есімде. Бірақ, мазмұнын пайымдауға шамам жетпепті. Мең-зең болып, көппен бірге соңғы асына бардым.
1961 жылы Оралдағы Сәкен Сейфуллин атындағы жалғыз қазақ мектебін бітіріп, Алматыға оқуға кеттім. Арманым журналист болу еді. Бірақ, ол кезде Н.С.Хрущев билеген кеңестік дәуірдің өз заңы болған. Екі жыл өндірісте еңбек етіп келмей, өмір тәжірибесінен өтпей, журналистика сияқты сирек мамандыққа қабылдамайтын. Университет құжаттарымды қайтарып берген соң, ойланып-толғанып, Қыздар педагогикалық институтына бет алдым. Өйткені, ондағы жағдай маған қолайлы еді. Жатақханасы мен тамағы тегін оқу орны – әкем соғыс мүгедегі болып оралған мен үшін үлкен медеу екені рас.
Студенттік жырларым облыстық газеттерге шығып жүрген «ақын қыз» атымды қалыптастырып та үлгерді. Қазақ әдебиетінде ол кезде қалам ұстаған қыздар саусақпен санарлықтай аз болғандықтан, Алматы оқырмандарына алғашқы өлеңдеріммен таныс болдым. Институтты бітіретін жылы «Жазушы» баспасынан тұңғыш жинағым – «Өрімтал» жарық көрді. Оқырман қауым да, замандастарым да өте жылы қабылдаған кіп-кішкентай кітабым маған үлкен атақ әкелді. Ол кезде оқырман көп еді ғой…
Сол жылдары сонау кәрі Каспий жағасындағы Манаштың құмында туған Фаризаның да қолына тиген «Өрімталға» ол да қатты қызықты. Қуанышы мен мұңы аралас хаттары жетті алыстан. Ол кезде пәтер жалдап жүрген менің біраз хаттарым мен мектептен алған Ленин көсем бейнесі бар мақтау қағаздарым, онжылдықты бітірген кластастарым бар сурет альбомдары жоғалды. Архив керек деп ойланатын да кезім емес еді ғой…
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері
(Толық нұсқасын газеттің №15 (3649) санынан оқи аласыздар)