ЖАҚСЫ АУДАРМАШЫ БОЛУ ҮШІН ҚҰШТАРЛЫҚ КЕРЕК
11.12.2018
4443
0

Айнаш Қасым:

Осы жылдың қыркүйек айында Қазақстан Жазушылар одағы «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форум өткізді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен форум Астананың 20 жылдығына арналды. Форум аясында Қазақстан Жазушылар одағы мен Иран жазушыларының қауымдастығы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Сол келісімді негізге ала отырып, парсы-қазақ тілдерінен шығармалар тәржімалап жүрген аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Теһрандағы Қазақ радиосының редакторы Айнаш Қасыммен сұхбаттастық.

– Қазақ әдебиеті өкілдері­нің шығармаларымен иран оқыр­ман­­дары қаншалықты таныс?
– Қазақ қаламгерлерінің парсы тіліне осы уақытқа дейін ау­да­рыл­ған бірлі-жарым шығармасы болмаса, қазақ әдебиетін иран­дық оқырман үшін түрен түспеген тың далаға, ашылмаған аралға теңеуге болады. Олардың кей­бі­реуі түп­нұс­қа тіл – қазақ тілінен емес, дел­дал тілдер арқылы ауда­рыл­ған. Оның себебін қазіргі отандық парсы тілі аударма­шы­ла­рының тіл ұстарту кезеңінен өткенімен, әлі кемелдікке, яғни қазақ әдебиетін таныстыратындай мықты тілдік және аудар­ма­шы­лық шеберлік дең­гейіне жет­пегенімен байланыстыру керек.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жо­лы» роман-эпопеясын Назли Ас­ғар­заде, Абайдың өлеңдерін Фарзане Худжанди, қара сөздерін Сафар Абдулло парсы тіліне ау­дар­ды. Абайдың толық шығар­ма­ларын Ирандағы қандасымыз Қажы Мұхаммад Шадкам да пар­сы тіліне тәржімалаған. Немат Ке­­лім­­бе­тов­тің «Үміт үзгім кел­мей­­ді» монолог-хикаясын Самира Исмаили орыс тілі арқылы ау­да­рып, парсытілдес оқыр­ман­дар­дың қолына жеткізді.
Астанада өткен «Қазіргі за­ман­ғы сөз энергиясы» атты еу­разия­лық әдеби форум барысында жа­сал­­ған келісімдер осы ол­­қы­лық­тар­дың орнын тол­тыру­ға бағытталған. Келешекте Қа­зақ­стан Жазушылар одағы мен Иран Жазушылар қауым­дас­ты­ғы­ның бастамасымен екі ел қа­лам­герлері шығармаларының ау­дарыла­тынына, осындай игі іске біз де ат­са­лысып, өз үлесімізді қосу ар­қы­лы екі ел әдеби бай­ла­ныс­тары­ның арта түсетініне сенім­дімін.
– Жақсы аудармашы болу үшін не істеу керек?
– Жақсы аудармашы болу үш­­ін үйренген немесе үйреніп жат­­қан шет тіліне ынты-шынтымен бері­ліп, құштарлық, ынтық­тық, ің­кәрлік, жанкештілік танытып, оны да өз ана тіліндей сүю керек. Уақыт бөліп, оқып-үйрену сабақ­тарынан басқа қол қалт еткенде ыңғайлы мұрсатты ұтымды пайдаланып, кітап оқып, музыка тың­дап, кино көріп, қо­йылым­дар­­ға барып, сол тілде сөй­лейтін дос­тарыңызбен ара­лас-құралас болу да аударма­шы­ның сөздік қоры мен этно­мәдени лексика­сы­ның молы­ғуы­на жақсы әсер етеді.
Өзі үйренген шет тілінен қо­лына тиген кез келген мазмұн­да­ғы кез келген мәтінді оқыған не­месе естіген сәтте мүдірместен ілеспе ау­дарма жасайтын ауызша аудар­ма­шылық деңгейге жету өте ұзақ, қиын да күрделі үдерісті бас­тан өткеруді, былайша айт­қан­да тар жол, тайғақ кешуді қа­жет етеді. Дәл спортшының жат­тығуы сияқты. Спортшы жарыста жақсы нәтижеге жету үшін күн-түн демей тер төгіп, өзін аямай, талмай жаттығады. Аудар­ма­шыға қа­тыс­ты да осыны айтуға болады. Тіл – қысқа уа­қыт­та, екі-үш айдың ішінде меңгеріп алатын шаруа емес. Тіл – талай жыл­­ғы үздіксіз еңбекті қажет ете­тін күрделі құ­былыс. Студент кезде грамматиканы үйренумен қатар, күн сайын жаңа сөз жаттап, ша­ғын мәтін­дерді тыңдап, естіп, оқу үдеріс­те­рінен өткен соң сол тілде сөй­лейтін елге барып, халқының арасында біраз уақыт тұру барысында тілдің ауызекі түрін үйре­ніп, еркін сөйлеу тәсіліне тө­селу­ге әбден болады. Заманауи, өзек­­ті, бүгінгі күнгі қолда­ныс­та­ғы «тірі» тілді меңгерудің мұндай деңгейіне жеткен аудармашы да мақтап, мадақтауға әбден лайық. Алайда, бұл – әлі әдеби немесе ғылыми шығармаларды аударуға ша­масы жетпейтін қауқарсыз деңгей.
Көркем аудармаға үлкен дайын­­дықпен келген жөн. Парсы тілі­нің аудармашысына қатысты жеке айтарым, аудармашы көркем шығарманы ана тіліне аудармас бұрын теориялық дайындықтан басқа әдеби-мәдени тұрғыдан парсының ауыз әдебиетінен бас­тап, әлем мойындаған кла­с­си­калық кезеңінен қазіргі дәуір әде­биетіне дейінгі шығар­мала­рымен сусындау арқылы тіл бай­лы­ғын молықтырған, сол әде­биет­­­ті бүге-шігесіне дейін бі­ле­­тін, Иран тарихы мен ұлттық болмысы және ерекшеліктерімен, әдет-ғұрпы және салт-дәстүрімен толығымен таныс болуы керек.
Грамматикалық тұрғыдан ау­дар­машы парсы тіліне тән иза­фет­­тік тізбекке құрылған күр­де­лі де шұбалыңқы сөйлемдер мен тілдік оралымдарының терең иірім­де­рінің мағынасын тап басып танып, олардың ара-жігін ажы­ратып, тілдің нәзіктігінің қыр-сырына бойлай алатын ше­бер­лік деңгейіне жетуі керек. Жан-жақтылық, дү­ние­танымның ауқымдылығы, ғалым­дығы мен іс-тәжірибеге ие болу да – аудар­ма­шының бойынан табылуы тиіс қасиеттер.
Мына жайтты баса айтамын. Аударылған шығарма бөтендігі бай­қалмайтын төлтуындыдай шы­­ғ­уы үшін аудармашы жоға­рыда атағаннан басқа маңызды екі қа­білет­ке де ие болуы шарт: шет тілін ана тіліндей білуімен қа­тар, аударатын туынды проза­лық шығарма болса – жазушы, поэзия болса – ақын болсын. Әйтпегенде одан түпнұсқаға сай һәм аударылған тілдің оқыр­маны тосырқамай қабыл­дайтын аударма күтуге болмайды. Осындай қа­­сиеттерге ие аудармашы автор­дың шы­ғар­маны жазу барысында бастан кешкен қиындықты өзі­нің өн-бойынан өткізген кезде ғана төлтуындыдай шығарма әке­леді. Ал, қазақ тілінен парсы тіліне ауда­рудың шарттары өз алдына бөлек тақырып.
– Өзіңіз қандай аударма жасап жүрсіз?
– Аудармамен айналысқа­ны­ма біраз уақыт болды. Осы уақыт­қа дейін парсы тілінен алты кітап ау­дар­дым. Соның бесеуі Қазақ­с­­тан­­дағы Иран елшілігі жанын­дағы мәдени орталықтың сұра­ны­сы бойынша орындалды.
Бастапқыда тілі жеңіл, балалар мен жасөспірімдерге арналған кө­лемі шағын, пайғамбардың бала­лық шағы жайлы ирандық жазушы Мохсен Хеджридің «Жа­рық жұлдыз» шығармасын, Мұ­хам­мад ибн Жәрир Тәбәридің «Тәбәри тарихы», сопы ақын Фарид әд-Дин Әттардың «Әу­лие­лер шежіресі» сияқты шығар­ма­ларын парсы тілі­нен ау­да­румен бастап, кейін көркем аудармаға ден қойдым. Иранның жаңа дәуір әде­биетінің көрнекті өкілдерінің бірі Джалал Але Ахмадтың «Қы­тай вазасы» әңгімесін, ирандық жаңа дәуір әдебиетіндегі проза жанры­ның не­гі­зін қалау­шылар­дың бірі Са­деқ Һедаяттың (1903-1951) иесінен көз жазып қалған «Пат» де­ген шот­лан­дия­лық асыл тұқым­ды иттің қатігез адамдар тарапынан теп­кіге ұшыраған сер­гелдең, аяныш­ты жай-күйіне құ­рылған қысқа пов­есі «Бұралқы итті» (1941) аудардым.
2015 жылы жарыққа шыққан «Абай және парсы әдебиеті» атты монографиямда Абай мен клас­сикалық парсы әдебиеті (Рудаки, Фир­доуси, Низами, Сағди, Хафиз, Руми және Жәми) ақын­да­рының шығармалары тақырып үндестік­тері, идея, композиция, сюжет, бей­нелілік ерекшеліктері тұр­ғысы­нан қарастырылып, Абай мен парсы ақындарының лирикалық өлеңдеріндегі таби­ғат, филосо­фиялық-дидакти­ка­лық, адамгер­ші­лік-имандылық, ғашықтық та­қырыптағы жырла­ры­ның ұқсас­тықтары мен өзге­ше­ліктері сараланды. Абайдың «Ескендір» поэмасы парсы тілін­дегі нұсқалармен, ал «Әзім әңгі­ме­сі» мен «Масғұт» поэмалары фо­льк­лорлық туынды – «Мың бір түн» негізінде мазмұн мен пі­шін поэтикасы тұрғысынан салыстырыла талданып, олардың сюжеттік ұқсастықтары мен өзге­шелік­тері, кейіпкерлерді бейне­леу­дегі ерекшеліктері жүйеленді. Еңбек парсы ақындарының шы­ғар­маларын түпнұсқа тілден ау­дар­ған материалдарым негізінде қарастырылды.
Былтыр ирандық ғалым, доктор Ахмад Хатамидің «Иранның қа­зіргі дәуір әдебиеті» деген еңбе­гін қазақ тіліне тәржімала­дым. Бұл еңбек проза жанрындағы Джа­­малзаденің «Йеки буд, йеки набуд» («Ерте, ерте, ертеде…», 1921) деп аталатын новеллалар жи­­на­ғы мен поэзиядағы Нима Йу­­шидж­дың «Ғоғнос» («Жалын­құс», 1937) өле­ңі­мен басталатын Иран­­ның қа­­зіргі қазіргі дәуір әде­­­биеті (1921-2011 жж.) жайлы жан-жақ­ты мә­лімет, соның ішін­де танымал жаңашыл ақын-жазу­шы­лардың сая­си-әлеуметтік оқи­ғалар то­ғы­сында қарас­ты­рыл­­ған өмір­баяндары мен шы-ғармаларының үзінділерін қам­ты­­ған. Кітапты қазір қа­зақ­с­­тан­дық парсы тілін үйре­ніп жатқан студенттер оқулық ретінде пайдаланады.
Жақында Садеқ Һедаяттың әлемнің отызға жуық тіліне ау­дарылған, шығарма­шы­лы­ғы­ның шыңы саналатын халы­қ­аралық деңгейдегі ең танымал шы­ғар­масы «Соқыр байғыз» (1937) романын аударып, жарық­қа шығар­дым. Бұл – ешқандай тап­сырыссыз жасаған өз таң­дауым.
– Шығыс әдебиетімен біздің оқыр­ман жақсы таныс емес. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– «Шығыс әдебиеті» деген ұғым­ның аясы кең. Сондықтан, мен өз салам, парсы әдебиеті шеңберінде айтайын.
Себебін айтқанда тағы айналып келіп, елімізде парсы тілінің аудармашылары буынының әлі қалыптасып болмағанын алға тартамыз. Парсы тілінің аудармашыларын дайындау үдерісі әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ-де шы­ғыс­тану факультеті ашылған өт­­кен ға­сырдың тоқсаныншы жыл­­да­ры­нан бастап жолға қойы­ла бастады. Содан кейін тағы бір­неше жо­ғары оқу орнында қолға алынды.
Қазір Иран Ислам Респу­бли­ка­сының астанасы Теһрандағы редакторлық қызмет атқарып жат­қан Қазақ радиосында жаң­а­лық аударуға төселген, парсыша ауызекі сөйлеу дағдылары қа­лып­тас­қан аудармашылар бар. Ақ­па­рат­тық, публицистикалық аударма мен көркем аударма жасау екі басқа десек те, сол жастарды осы іске тартып, баулуға болады.
Келесі бір себебі ретінде мем­­лекет деңгейінде тапсы­рыс­тың болмағаны дер едім. Келешекте болмаса, осы уақытқа де­йін әде­биетке қатысты отан­дық ұйымдар тарапынан немесе мем­лекеттік деңгейде парсы тілі­нен, я болмаса, керісінше, парсы тіліне мынадай шығар­ма­лар аударылсын деген ұсыныс пен тапсырыстың жасалғанын естіген жоқпын.
Аударма бір елдің әдеби мұ­ра­сын екінші бір тілге аударудың нә­тижесінде мәдениет пен әде­биеттің өрісін кеңейтіп, байытатын іс, халықтар достығы­ның әрі ел мен елді, халық­тар­ды бір-бірі­не танытып, жа­қын­дататын алтын көпір бол­ған­дықтан, бо­ла­шақта парсы әдебиеті бойынша кенже қалған аудармаға кө­бірек көңіл бөлініп, бұл іс шын­дап қол­ға алынады деп ойлаймын.
Соңғы уақытта ирандық жазу­­­­шылардан өз шығармала­рын қазақ тіліне аудару туралы маған ұсыныстар түсіп жатыр. Көңілім­нен шыққан, лайық деп тапқан шығармаларды біртіндеп аудару жоспарымда бар.
Қазақ оқырманы Иранның әл­ем мойындаған Фирдоуси, Сағ­­ди, Хафиз, Омар Хайям сияқ­­ты классик шайырларының Кеңес дәуірінде аударылған шы­ғармаларымен таныс. Осы рет­те Тұрмағамбет Ізтілеу­ұлы­ның Фир­доусидің «Шаһнама» ба­тыр­­лық жыры желісінде жыр­лаған «Рүстем-Дастан» шы­ғар­масын, Қалижан Бекхожин, Ғали Орманов пен Тілеген Шопашев аудар­ған Рудаки өлеңдерін, Мұзафар Әлімбаев аударған Сағдидің «Жәннат» пен «Гүлстан» шығар­ма­лары мен «Шығыс жұлдыз­дары» деген жинаққа енген Ә­.­Жәмі­шев аударған Хафиз ға­зал­­дары мен тағы басқа парсы ақын­дарының өлеңдерін атау керек.
Әлемдік деңгейде мойын­дал­ған Иранның классикалық әде­бие­тінен кейінгі парсының қазір­­гі дәуір әдебиеті Сағди мен Хафизден кейін жаңа ақын-жазу­шылардың үздік шығар­ма­ла­рымен толықты. Олармен қазақ оқырманы таныс емес.
1921 жылы Мохаммад Али Джамалзаде өзінің қысқа алты повесін «Йеки буд, йеки набуд» («Ерте, ерте, ертеде…») деген атау­мен Берлинде шығарды. Осы кітаптың жарыққа шығуы­мен Иранның проза жанрында жаңа тәсіл пайда болды. Одан кейін Садеқ Һедаят, Бозорг Алави, Садеқ Чубак, Ибраһим Голес­тан Джалал Але Ахмад сын­ды жазушылар жаңа әде­биет­тің проза жан­­рын ілгері­леуге көп үлес қос­ты.
1937 жылы «Ғоғнос» («Жа­лын­құс») деген өлеңімен пар­сы­ның классикалық өлеңнің құ­ры­­лы­­мына өлеңнің формасы мен ма­ғынасы тұрғысынан тү­бе­гейлі өзгеріс енгізген, жаңа көз­қа­рас­пен жаңа өлеңнің теориясын ұсын­ған «парсының жаңа өлеңі­нің атасы» – Нима Йушид­ж біз­дің оқырман үшін жаңа есім. Ол өлеңге мазмұн тұрғы­сынан да өзгеріс енгізді. Оның ғашығы – романтик, со­ны. Ол бұрынғы әде­биеттегі мис­ти­ка­лық ғашық­тық­тан айыр­­машы­лыққа ие. Сон­дықтан «жар, жар» деп жыр­лаған Хафизге «Әпсана» поэмасында қарсы шығып, былай деді:
Уа, Хафиз!
Шарап пен тостаған және
сақидың тіліндегі
Бұл не айла мен жалғандық?!
Тіпті, өмір бойы зарласаң да,
Мәңгілік махаббатқа
Сенбеймін.
Мен серпінді махаббатқа сенемін.
Нима Йушидж, Парвин Этесами, Симин Беһбаһани, Шаһ­рияр, Форуғ Фаррахзад, Ахмад Шамлу, Меһди Ахаван Салес, Соһраб Сепеһри және Ғо­лам­хо­сейн Саеди, Махмуд Доулатабади мен Симин Данешвар мен есімдері аталмағанымен көп­теген тағы басқа ақындар мен жазу­шы­лар­дың шығар­ма­ла­рын қазақ ті­ліне аудару – бо­ла­шақ­тың енші­сіндегі кезек күттір­мей­тін шаруалар.
– Қазақ қаламгерлерінің туын­­дыларын шет тілге аудару­дың қаншалықты қажеті бар?
– Көркем шығармаларда бір халықтың тарихы, саяси-эко­но­ми­калық жағдайлары мен мә­де­ниеті, соның ішінде тұрмыс-тір­ші­лігі мен әдет-ғұрпы, са­лт-санасы мен рухани болмыс-бітімі және мінез-құлқы жақсы көрініс табады десек, аударма – сол шығармаларды басқа елдер­дің тілдеріне аудару арқылы халықтарды бір-біріне таныстырып, насихаттап, байланыстыратын жол. Аударма елдің өрісін кеңейтеді.
Қазақ әдебиеті – бай әдебиет. Сондықтан халқымыздың рухани құндылықтарын әлемдегі алпа­уыт елдерге таныту үшін қа­зақ әде­бие­тіндегі шығар­ма­лар­­ды шет тіл­дер­ге, әсіресе ха­лы­­қаралық тілдерге аудару – қа­жет іс.
Осы ретте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ қа­лам­герлері шығармаларын БҰҰ-ғы әлемнің алты тіліне аударуға шешім қабылданғанын білемін. Аударма саласында тағы осындай оң қадамдар жасалса, қазақ ті­лін­дегі туындыларды бір кезде Абай медет сұраған Сағди, Хафиз бен Фирдоусидің тіліне аудару үшін де негіз әзірленеді деп үміт­тенемін.

Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір