Халықтың қауіпсіздігі үшін білікті де білімді полиция қызметкері керек
25.04.2023
720
0

Қазақ­станның ішкі істер органдары үшін білікті мамандар даярлайтын оқу орындарының бірі – М.Есболатов атындағы Алматы академиясы. Бүгінде еліміздің аталған саласын жаңартуға бағыт­талған реформалар жүргізіліп жатқаны белгілі. Ал жаңарудың негізгі тетігі білікті кадрларға тікелей байланысты екені даусыз. Осындай мақсатқа жетуде Алматы академиясында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Халықпен бетпе-бет жұмыс істейтін полиция қызметкерлерін даярлауда қандай жаңалықтар бар? Аталған оқу орнының еліміздегі оқу орындарынан өзгешелігі қандай? Осындай және басқа да сұрақтарға жауап алу үшін біз Алматы академиясының басшысы полиция полковнигі А.Сайтбековпен сұхбат­тасқан едік.   

– Айдар Мүтәлікұлы, Алматы академиясы дегенде, қарапайым халықтың көз алдына иығында погоны жарқыраған тәртіп сақшылары елестейді. Бірақ ішкі істер саласында да сан түрлі мамандық иелері бар ғой. Ал академия­ның ішкі жұмысы мен оқу процесінің талаптары туралы жүйелі ақпарат бізге жете бермейді. Осыған орай әңгімені өзіңіз басқарып отырған оқу орнының тарихы мен қандай мамандар даярлайсыздар деген сұрақтан бастасақ.
– Біздің жоғары оқу орнымыз 1956 жылдары құрылған, алпыс жеті жыл тарихы бар қара шаңырақ. Қазақи ұғымға сүйеніп айтсам, біздің академия ішкі істер органдарына қарасты оқу орындарының ішінде қара шаңырақ болып саналады. Өйткені ол – еліміздің ІІМ-нің базасындағы алғашқы оқу орны. Осы жылдар ішінде Алматы академиясы құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлауда, қайта даярлауда, біліктілігін арт­тыруда, сондай-ақ ғылыми-зерт­теу жүргізуде үлкен тәжірибе жинақтады.
Біздің Академия 20 мыңнан астам кәсіби мамандар даярласа, олардың ішінде 40-тан астам генералдар мен ғылым докторлары бар.
Еліміз егемендік алғаннан кейін 1996 жылы академия Мемлекет­тік тергеу комитеті құрылған кезде тергеу мектебі, содан кейін 1998 жылы ІІМ Алматы заң институты болып қайта құрылып, Академия дәрежесіне дейін жет­ті. 2017 жылы академияға милиция генерал-майо­ры Мақан Есболатовтың есімі берілді.
Ал енді қандай мамандар даярлайсыздар деген сұраққа келсек, академия курсант­тан бастап генералға дейінгі кадрларды даярлау және қайта даярлау, ішкі істер органдары қызметкерлерінің біліктілігін арт­тырып, ғылыми-зерт­теу жұмыстарын жүзеге асырады.
Осы жылдан бастап біз 5 мамандық бойынша мамандар дайындаймыз. Атап айтар болсақ, жедел-іздестіру қызметі, ІІО Әкімшілік – құқық қызметі, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, ІІО қызметін IT криминалистік қамтамасыз ету, ақпарат­тық жүйе және технология. Ендігі өзекті IT мамандықтың ішінде нашақорлыққа қарсы іс-қимыл, экстремизмге қарсы күрес, ұйымдастырылған қылмысқа қарсы күрес мамандарын даярлап шығарамыз. IT мамандығын оқып жатқан курсант­тарымыз жоғары оқу орындары арасында өткен олимпиадаға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, өз нәтижелерін көрсет­ті. Енді ерекшелік ғылым бойынша әскери ведомстволық оқу орындары ішінде жалғыз біздің академияда магистратураны бітіруші түлектер біздің мамандықпен қоса, AlmaU университетінен «Жобаларды басқару» мамандығын игеріп, қос диплом алып шығады. Егер ары қарай ғылыммен айналысқысы келетіндерге 3 жылдық докторантураны жалғастырып оқуға мүмкіндіктері де бар.
–Біздің қоғамда полицияның жағымсыз образы қалыптасқаны жасырын емес. Оның себебі неде? Академияда курсант­тарға кәсіби білім беруден бөлек, рухани тәрбие мәселесі қаншалықты жолға қойыл­ған?
– Менің ойымша полицияның жағымсыз образын қалыптастырудың себептері көп. Әрине, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, полиция қызметкерлерінің арасында да теріс мінезді, жаман әдет­ті адамдар жоқ деп айта алмаймыз. Ондай фактілер полициядан басқа салада да кездеседі. Қазір жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты да полиция мен халықтың арасында жағымды диалог орнату. Қисық жүргісі келген адамды түзу жолға салу қандай қиын болса, қылмыс жасаған немесе құқық бұзған адам өзінің әрекетіне тосқауыл болған адамды ешқашан жақсы деп айтпайды. Сондықтан да тәртіп сақшыларының атына жағымсыз пікірлер айтылып жатады. Мысалы, ағасын немесе апасын полиция ұстап, қамаған адам істің ақ-қарасын, тергеудің қорытындысын күтпей-ақ әлеумет­тік желіге полицияны жамандаған пікірін қарша боратады. Тәртіп сақшысына берілетін бағаны жағымсыз пікір жазатындардың деңгейі­не де қарап саралау керек.
Ішкі істер министрі М.Ахметжановтың «Полиция халыққа жақын және қолжетімді болуы тиіс, жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты нығайтып, бір мақсат – елге қызмет ету» қағидасымен полиция мен халық арасында ашық диалог орнатылғанын айтқым келеді.
Академияда ең бірінші мәдениет­тілік пен әдептілікке назар аударылған, яғни болашақ полиция қызметкерлері мен тыңдаушыларға рухани білім беру әрқашан басты қағидатымыз. Мәселен, академияның ғылыми-зерт­теу орталығының қызметкерлері жастардың полиция қызметкерлеріне деген сенімді көзқарасын дамытуға және нығайтуға бағыт­талған түрлі әлеумет­тік жобаларды әзірлеп, табысты жүзеге асыруда.
Бұл жобалардың негізгі мақсаты – қызметкерлердің азамат­тарға деген сыпайы және ілтипат­ты қарым-қатынасын көрсете отырып, жастардың полициямен алғашқы кездесуін достық жағдайда ұйымдастыру, полицияның ашықтығын көрсету, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзара ынтымақтастық орнату.
Мысалы, «Полициядағы бір күн» жобасын алайық. Жоба Қазақ­стан полициясының имиджін жақсартуға, құқық бұзушылықтың алдын алуда полицияның азамат­тық қоғаммен өзара байланысына, адамдардың құқықтық сауат­тылығын арт­тыруға, жастар арасында белсенді азамат­тық және патриот­тық сезімді қалыптастыруға, ішкі істер органдарының кадрлық әлеуетін қалыптастыруға бағыт­талған. Жобаны жүзеге асыру барысында осы жобаға оң баға берген 2000-нан астам мектеп оқушылары, студент­тер, қоғам өкілдері, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
«Полициядағы бір күн» жобасы барысында жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың алдын алуға және кибералаяқтыққа, есірткі қылмысына, экстремизмге қарсы тұру бойынша білім алуға, түрлі төтенше жағдайларда өзін-өзі ұстаудың практикалық дағдыларын меңгеруге ықпал ететін тренингтер өтеді.
Сонымен қатар бұл жобаға қатысу арқылы жастар болашақта қандай мамандықты таңдайтынына қарамастан, полиция қызметкерінен кейінгі өмірінде пайдалы болуы мүмкін құнды ақпарат­тар алады және алғашқы медициналық көмек көрсету, есту қабілеті нашар немесе сөйлей алмайтын адамдардың ымдау тілін түсіну сияқты сабақтар алады. Осы­лайша, жастар мен полиция арасында алғашқы, жағымды, пайдалы байланыс орнатылады.
Жоғары әлеумет­тік маңыздылығын ескере отырып, бұл жоба Ішкі істер министрлігі басшылығының қолдауына ие болды. Жобаның орындалуына ІІМ Экстремизмге қарсы күрес департаменті мен жобалау департаменті жетекшілік етеді, сонымен қатар аумақтық полиция департамент­теріндегі әріптестерімізбен «Динамо» қоғамы бізге жан-жақты қолдау көрсетіп, көмегін аямай келеді. Олар аталған жобаны жүзеге асыру барысында өздерінің базасын ұсынып, мамандармен қамтамасыз етеді. Мұражайға, жедел басқару орталығына, зертханаға баруға мүмкіндік тудырады.
Әрине, жобаның іс-шараларын ұйым­дастыру және оны өткізу оңай емес, бірақ балалардың көзінен полиция қызметіне деген қызығушылықты көргенде еңбегіміздің еш емес екеніне қуанамыз.
Біз үшін болашақта олардың қандай мамандықты таңдағаны немесе таңдайтыны маңызды емес, ең бастысы – олар қазіргі полицияға деген көзқарасын, түсінігін өзгертеді. Болашақта олар өз мектептерінің, университет­тері мен өз аулаларының, қалаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полициямен өзара байланыста ашықтық таныта алады. Бұл – қазір ішкі істер органдарында жүзеге асырылып жатқан сервистік полицияның негізгі идеологиясы – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде жұртшылықпен тығыз әріптестік орнату. Жоспарымызда осы жобаның таралу аймағын кеңейту де бар. Біз ІІМ-нің басқа аймақтық бөлімшелердің де жастарды көбірек қамту үшін оны өз аймақтарында насихат­тағанын қалаймыз. Бұдан да басқа ауқымды жобаларымыз бар, олар да өз жалғасын тауып жатыр.
Академияда жоғары және орта буын басшыларын Кәсіптік оқыту бағдарламасында эстетикалық білім беру де маңызды. Өйткені Эстетика әдемі ғылым ретінде басқару қызметінде ерекше орын алады. Эстетикалық білім беру барысында тыңдаушылар үшін Алматы қаласы мен оның айналасындағы мұражайларға, жетекші театрлардың қойылымдарына бару, Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырылады.
Курсант­тарға рухани тәрбие беру жұмысы жайлы айтар болсам, Академияда Қазақ­стан полициясының қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғаларға арнап аудиториялар аштық. Солардың бірі – қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлына арналған аудитория болса, тағы бірі – қазақ детективінің атасы саналатын жазушы Кемел Тоқаевқа арналған мүйіс. Кезінде Кемел Тоқаев қазіргі ІІМ Алматы академиясы, бұрынғы милиция орта мектебіндегі курсант­тарымен кездесіп, өз шығармашылығындағы детектив жанрының қыр-сырын баяндап, академия курсант­тарына қазақ­стандық чекистер мен милиция қызметкерлерінің жұмысын арқау еткен кітаптарын сыйға тартқан болатын. Мұндай кездесулер туралы Мемлекет басшысы өзінің «Әке туралы ой-толғау» деген кітабында «Әкейге үш рет милиция қызметкерлерінің жұмысына арналған әдеби байқауларда бірінші сыйлықты беріп, Ішкі істер министрлігі көп қолдау жасағанын айту керек. Ол лауреат атағымен мақтанатын, оны құрмет­ті атақ деп санады. Өмірінің соңына дейін әкей «Милиция үздігі» белгісін тастамай тағып жүрді. ІІМ басшылығы оны жас қызметкерлердің милиция ардагерлерімен кездесулеріне шақыруды дәстүрге айналдырды» деген болатын. Биыл Кемел Тоқаев сияқты жазушы тұлғаларға арналған детектив клубын ашу жұмыстарын қолға алдық.
– Сіз басқарып отырған академияда бұдан да басқа көптеген жобалар мен жаңалықтардан хабардармыз. Қазақ­стан Жазушылар одағына польшалық әріптестеріміз келгенде, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген Қазақ мемлекетілігінің көне дәуірін көрсететін карталар галереясы туралы ақпарат­ты көріп, таңғалған еді. Осы карталар галерея­сы туралы тағы бір айта кетсеңіз.
– Иә, Қазақ­станда тұңғыш рет көне Қазақ мемлекеті көрсетілген Карта галереясының ашылуы – ІІМ Академиясындағы 2022 жылдың айтулы оқиғасы болды. Оған дәлел ретінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің Заманауи зерт­теулер институтының директоры, 15 жылдан астам уақытын дүниежүзінен Қазақ мемлекетін көрсететін көне карталарды іздеуге арнаған Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Қазақ­станның тарих толқынындағы үздіксіз мемлекет­тілігі. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және американдық карталардағы Қазақ мемлекеті. «Атлас» картасының галерея­сы Қазақ­стан бойынша бірінші болып М. Есболатов атындағы Алматы академиясында ашылды.
«Қазақ­станның тарих толқынындағы үздіксіз мемлекет­тілігі. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және американдық карталардағы Қазақ мемлекеті. «Атлас» ат­ты кітап 2021 жылдың соңында Брюссельде қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жарық көрді. Онда 130 сирек кездесетін орта ғасырлық карталардың (1562-1879 жж.) хронологиялық тәртіп­пен сипат­талған, сараланған, жүйеленген, аударылған, толық деректері мен ғылыми-техникалық параметрлері берілген.
Аталған еңбектің Тәуел­сіздік жағдайында қоғам руханиятын жаңғыртудың, оның ұлт­тық санасы мен ұлт­тық мақтанышының, тарихи жадының өсуінің, Отанның объективті және шынайы тарихын қалпына келтірудің белсенді үдерісі жүріп жатқан кезде Жаңа Қазақ­стан құру үшін маңызы зор деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл тарихи құндылық жаңғыру жолында болашақ біздің курсант­тарымыз бен тыңдаушылардың патриот­тық сезімін оятуда маңызы зор, олар үшін өшпестей із қалдыратын мәдени мұра.

– Қазір полиция қызметкерлерінің тек тәртіп саласындағы қызметін ғана емес, адамдарды өрт­тен, апат­тан, тасқыннан немесе өзіне- өзі қол жұмсағандарды құтқарып жатқанын естіп, көріп қаламыз. Мұндай қауіпті қадамдарға бару үшін де тәрбие, білімнен бөлек білікті болу да аса маңызды…
– Дұрыс айтасыз, Қазақ­стан халқының қауіпсіздігі білікті де білімді полиция қызметкерлерінің қолында. Полиция қызметкерлері қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» үнемі өз бастарын қатерге тігіп жүреді. Сондықтан академияда тәртіп сақшыларының қызмет­тік міндет­терін атқару кезінде өз қауіпсіздіктерін сақтай білу әдістері де оқытылады. Олардың қылмыскерлерден өзін-өзі қорғауы үшін қоян-қолтық ұрыстың тәсілдері тереңдетіліп оқытылады.
Өйткені еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері 800-ден астам полиция қызметкері қаза тапса, 4500-ден астамы жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында М.Есболатов атындағы Алматы академиясының түлектері де бар. 2022 жылы қызмет бабында қаза тапқан академия түлектеріне арналған ескерткіш ашылып, мемориалды ескерткіштің тас тұғырына 32 полиция қызметкерінің есімі қашалып, ескерткіштің екі қанатына сурет­тері қойылды. Биыл қаза тапқан әріптестеріміздің рухына арнап 32 қайың отырғызып жатырмыз. Олар – өмірлерінің соңына дейін Отан алдында қабылдаған ант­тарына адалдық танытқан бейбіт күннің батырлары. Алматы академиясында ашылған бұл ескерткіш – болашақ офицерлер үшін ерлік пен адалдықтың үлгісі.
Болашақ полиция қызметкерлерін даярлауда олардың патриот­тық қасиет­тері мен қызметке адал болуларына үлгі болар аға ұрпақтың еңбегін атап өту орынды деп ойлаймын. Атап айт­қанда, Академия ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Талап Қабденовтың еңбек жолы – бүгінгі ұрпақтың болашағына шамшырақ болатын өмірбаян. Талап Қабденұлы – бүгінде Алматы академиясындағы әрбір жаңа бастамаға жол сілтеп, қолдау білдіріп, тыңдаушылар мен курсант­тардың сапалы біліммен бірге тәлімді тәрбие алуына ұйытқы болып жүрген жан.
Осы орайда Алматы академиясы басшысының идеологиялық жұмыстар жөніндегі кеңесшісі, өмірдің қатал сынағына қасқайып қарсы тұра білген, өмірге құштар жан, ғажап адам – Асылбек Османов туралы мақтанышпен айтуға болады. Ол мүгедектерге және қайтыс болған құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің отбасыларына көмек көрсету орталығының басшысы ретінде де қыруар шаруа атқарып жүр. Жоғарыда айтып кеткенімдей қызмет бабында қаза тапқандардың арасында біздің академия түлектері де бар. Оларды естен шығармайтын іс-шараларды ұйымдастыруда ІІМ Құрмет­ті ардагері Т.Қабденов пен А.Османовтың көмегі, ықпалы мол.
Бір сөзбен айтқанда, құқық қорғау органы қызметкерінің «Жаңа стандарты» жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беруді ұйым­дастыруға, ғылыми-педагогикалық қызмет­ті жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақ­стан полициясының кәсіби қызметіне сапалы кадрлар даярлауға деген жоғары талапты айқындайтын стандарт.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңарудың жалпы жолдарын ұсынып, құқық қорғау саласын реформалау керек» дегенін жақсы білесіздер. Енді, Президентімізбен бірге Жаңа Қазақ­станды құруда бәріміз үлес қосуымыз керек. Бұл жолда Академия­ның атқарар өз миссиясы бар. Біздің миссиямыз – ішкі істер органдарын қылмысқа қарсы іс-қимылды, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында озық білімді және біліктілігі жоғары жаңа формат­тағы, халықаралық стандарт­тарға сәйкес кәсіби мамандармен қамтамасыз ету орталығы болу.

Сұхбат­тасқан
Ырысбек ДӘБЕЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір