Тазалық пен адалдықтың үлгісі еді
Хасенхан Талғаров – ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ поэзиясының дамуына өзіндік үнін, өрнегін қоса білген сезімтал суреткер, белгілі ақын. Бір кезде ақынның лирикалық шығармалары республикамыздың мерзімді баспасөз беттерінде, әсіресе «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында жиі жарияланатын. Оның көптеген өлеңдеріне жүрек тербер жылы әуезді әндер де жазылды.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты
Ақын шығармаларының басты тақырыбы – туған жерге деген сарқылмас сүйіспеншілігі, асқақ махаббаты, Отан деп соққан жүрегі. Ол өзін де, өзгені де сүйе біледі.
Хасенхан ағамыздың табиғаты, болмысы, мінез-құлқы, тұрмысы, тұрысы, сөйлеген сөзі, жазған шығармалары бір-біріне үндескен әдеп пен мейірімнен тұратын. Ол өмірде өзі қандай адал, ақкөңіл болса, басқаларды да солай екен деп ойлайтын. Мүмкін осындай дүниетанымының әсерінен Хасекеңнің жүрегінен қайталанбас жыр жолдары өрбіген болар. Ол жыр жазуға аса жас кезінен құлшыныс танытқан еді. Бірақ жарыққа шығаруға асықпады. Әр жазған сөзін, жолдарын, шумақтарын қайта-қайта қайыра өңдеп, өлеңнің жарыққа шығуына зор жауапкершілікпен қарайтын. Көп оқып, көп ізденетін. Білімнің тереңіне бойлап, қазақ әдебиетінің ертедегі үлгілерін, әлемдік әдебиеттің ұлы тұлғаларының шығармаларын оқып, зерттеп, олардан алған әсерлерінен мақалалар жазып, рухани-мәдени талғамының өрісін кеңейте түсетін.
Көзі тірісінде әр жылдарда республика баспаларынан жарық көрген «Торы тайым», «Шыңдағы шұғыла» «Көгілдір кеш», «Қанатты гүлдер», «Менің алтын босағам», «Аққулар қайтып келеді», «Алтын жапырақтар», «Жырлайды жүрек», «Жаңбырдан соң», «Күміс күлкі», тағы басқа жинақтары кезінде әдеби орта мен оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген. Ақынның балалар мен жасөспірімдерге арналған кейбір өлеңдері әдеби оқулықтарға да енген.
Шағын ғана естелікте айтқымыз келгені – ақынның ерекше сүйкімді, аса текті мінез-құлқы, өмірге ақ қағаздай айрықша ілтипаты, адамға деген жылы бауырмалдығы еді. Ол кісімен әңгімелесудің реті келгенде байқайтынымыз – адамның сыртынан ғайбат сөз айтуды білмейтін, тіпті көпе-көрнеу өзіне қиянат жасаған пенделер туралы да артық сөз айтпайтын. Қандай жағдайда да дауысын көтермейтін. Кеңес Одағы жүйесінде ақын-жазушылар өз шығармаларын сол кездегі басылым беттерінде, кітап баспаларынан шығару кезінде ықпалдастық, тамыр-таныстық болып жататыны рас еді. Дау-дамайдан аулақ жүретін Хасенхан Талғаров сияқты ақындар баспа басшыларының арқасынан қағып, «әзірге тұра тұр, келесі кезек сенікі» деген «жылы» уәделерін күтіп, тасада қалып қоя беретін. Үйдегі сабырлылықтың алтын бесігі – ағамыздың асыл жары Ғалия жеңешеміздің кеңпейілдігі, ақын жанын түсінгіштігі, ырыс-берекені молықтыра түсетін.
Хасекең сабырлылықтың қара қазанында қайнаған азамат еді ғой.
Оның ел-жұрт алдындағы адалдығының бір мысалы әлі есімізде. Қайбір жылы ақынның отбасы отырған үйі тарлау болып, билік тарапынан қамқорлық жасалып, төрт бөлмелі үй беріледі. Мұқтаждар тізіміндегі кезекте ақын ағамыз бірінші екен. Сол сәтте екінші кезекте тұрған отбасында отағасы жоқ, балалары кішкентай, қызметкер-ана Хасекеңе келіп: «Хасеке, Сіз ер азаматсыз ғой, бұл жолғы кезегіңізді маған беріңізші», – деп өтініш айта келгенде Хасекең «жоқ» деуге дәті шыдамай, кезегін беріпті. Баспана мәселесі кімге болса да, қай кезде болса да оңай тірлік емес екендігі айдан анық. Ақынның бұл қайырымдылығына риза болып, алғыс айтқандар да, «мұнысы несі» деп, теріс түсінгендер де болды. Мұндай қазаққа тән үлкен жүректілік кез келген жігіттің қолынан келе бермейтін азаматтық адалдығы болса керек. Өздері тар үйде отырып,өз кезегін қамқоршысы жоқ отбасына бұйыртса салу, ерлікке тән әрекет қой. Күйеуінің мінезін білетін Ғалия жеңгеміз өкінішін сыртқа шығармастан, жұбайының жүрегіне сызат түспесін деп: «Е, ендеше болары болыпты, басымыз аман болсын, болашақтан үміт күтейік», – деп қайырыпты.
Сірә, халық арасында «нағыз ақындық та таза жүректен шығады» деген қанатты пікірдің қалыптасуы да осындай сері көңіл-мәрттіктен туса керек.
Тірі болса ақын Хасенхан Талғаров биыл тоқсан жасқа келер еді. Оның артында мұрасы – жауһар жырлары қалды, ақынды білетін адамдардың көңілінде, көз алдында оның азаматтық бейнесі қалды.
Ақынның үміт артқан, соңында қалған ұрпақтары – Ермек, Ержан, қызы Саян өмірден өз орындарын тауып, тамаша азаматтар болып қоғам арнасына қосылды.
Астана
ДАУЫЛ БОЛЫП ОРМАНДЫ ОЯТАМЫН
Тілім барда, күнім бар,
Өмір сүрем,
Күн кешсем де ризамын қоңыр кілең.
Көктем сайын нұр болып шашылам да,
Қара бұлттай нөсерді төгіп жүрме.
Дауыл болып орманды оятамын,
Дұшпаныңа жарқылдап жай атамын.
Өз тілімде сөйлеймін шындықты айтып,
Сені мәңгі сүйемін, ей, Отаным.
Қасиетіңе бас идім, байтақ Отан,
Ән шырқаса бір сен деп айтар ботаң.
Күйің болып кейде мен тебіреніп,
Теңіз болып кеудеңді шайқап жатам.
Шайқап өтем өзіңді мөлдіріммен,
Өз тілі бар айналдым елдігіңнен.
Саған айтпай сырымды кімге айтамын,
Сырласамын достарсыз енді кіммен!
Көңілдегі барымды, шынымды айтам,
Болашақта келетін күнім жайсаң.
Заманымның келбетін, еркіндігін,
Жырға қосып деп едім сырын жайсам.
Хасенхан ТАЛҒАРОВ