ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР – АҚ ҚАҒАЗ БЕТІНДЕ
Қазан айының 10-ынан бастап Астана қаласында «Өмір мен өнер» көрмесі ашылды. Экспозицияға соңғы жиырма жылдан бері қазақстандық суретшілер мен мүсіншілердің туындыларын жинап келе жатқан кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың жеке коллекциясы қойылған.
Бұл жолғы көрме Қазақстанның бейнелеу өнерінің кемелденген тұсы саналатын 60-жылдардағы кескіндеме жанрына және мүсін өнеріне арналды. Көрермен мұнда Жантай Шәрденов, Павел Зальцман, Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Әбдірашит Сыдыханов, Тоқболат Тоғысбаев, Бақтияр Табиев сынды суретшілердің картиналарымен қатар, графика шеберлері Исатай Исабаев пен Мақым Қисамединовтің, сондай-ақ, мүсінші Еркін Мергеновтің туындыларын тамашалай алады. Өнертанушылардың айтуынша, Нұрлан Смағұловтың коллекциясы – Орталық Азиядағы ірі жинақтардың бірі ретінде бағаланады. Ал кәсіпкердің өзі алдағы уақытта жеке коллекциялардың мұражайын ашқысы келеді.