«Қағаз қалпақтың» күлкісі
21.05.2024
1279
1

Сатира сардары атанған Осекеңнің балалар мен жасөспірімдерге арнап жазған шығармалары да ғажап еді ғой. Қаламгердің «Қоңырау», «Бытбылдық», «Қалтадағы қайық», «Солақай», «Жасыратын не бар?», «Сыйлық», «Көктайғақ» секілді кітаптары жас оқырмандарының арасында кеңінен тарады. 1983 жылы Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығы берілген «Қағаз қалпақ» сатиралық жинағы да балаларға арналған.

Қазақ сатирасының дүлділі – Оспанхан Әубәкіровтің қаламынан туған кез келген шығарма еріксіз езу тартқызатын эстетикалық қуатқа ие. Кәнігі сатириктің адам бойындағы түрлі мінез-құлықтардың осал тұстарын қазбалай тауып, басқа да қырынан, басқа бір ракурстан бейнелеуге ұмтылатын шығармалары көп. Бұл – автордың талантты, қаламының қарымды екенін білдіретін эстетикалық нышан. Оның шығармалары бүгінгі таңда да аса қызығушылықпен оқылып жататыны сондықтан болса керек. Осындай тегеуірінді таланттың бір ұшқыны жас оқырмандардың эстетикалық ләззат алуына бағытталған. 

Жас оқырманды күлдіріп, ойлантып, кейде тіпті түрлі эмоциялық құбылыстарға жетектеп отыратын қысқа өлеңдерінің идеялық мазмұны бүгінгі таңда да өзекті.
Атап айтқанда, оның «Дымқыл Дамылбаевқа сәлем», «Қанатты бала», «Дию мінген декан», «Жер мен көктің арасы жер мен көктей», «Көше тәртібі», «Олжа бала», «Адам сенбес хикая» тәрізді және тағы басқа шығармалары жас оқырмандардың өміріндегі түрлі қызықты хикаяттарға негізделіп жазылған. Бұл арада айта кететін бір нәрсе – Оспанхан Әубәкіров жас оқырмандардың жас ерекшеліктерін де екшей білетіні. Кейбір туындылары – кіші жастағы, бастауыш сыныптың оқушыларына арналатын болса, енді бірі – орта буын оқушылар мен ересектеу жеткіншектердің де назарына лайықталған дүниелер. Сондықтан да қаламгер шығармашылығына тереңдей ену үшін оның әзіл-сықақтарын оқырманның жас ерекшеліктеріне бөліп қарастырған жөн.
«Қызыл сиыр хикаясы» атты сюжеттік өлеңдерінде балалардың қойған сұрақтарынан басталған оқиға кенет күрделеніп кетеді. Балалардың: «Шырпы деген не?», «Оттық деген не?», «Сіріңке деген не?», «Күкірт деген не?», «Шақпақ деген не?», «Пожар деген не?» – деген сұрақтарына беретін нақты жауап жазыкүнгі шілдеде орманнан шыққан өрттің әкелетін үлкен зардабы осы оқиғалы өлеңде қорқынышты сипатта суреттелген. Айналып келіп автордың түйетіні:
Сіріңкенің талымен тіс шұқимыз
тойғанда,
Сіріңкенің талынан ұшыраймыз
ойранға, –
деген қорытынды. Әрине, бұл түйін автордың ашқан жаңалығы емес. Бұл арадағы мәселе – сіріңкенің талымен де, ағашпен де, ұшқынмен де ойнауға болмайтынын, қалайда оттан сақтану керегін уағыздай отырып, оттан келетін бүлікті қорқынышты қылып суреттей білуінде. Бұның өзі оқырманды еріксіз ойландыратыны сөзсіз.
Жас оқырманды әсіресе қызық­тыратыны – атақты сықақ­шының бүлдіршіндерге арналған ертегілері мен мысалдары. Бұл арада да талант иесі тапқырлық танытып, өзінің ұстанған тақырыбына басқа бір қырынан келуге тырысады. Әркімнің өмірге деген көзқарасы әрқилы болып келетінін осы ертегілерінен анық байқаймыз. «Ара мен шыбын», «Гүл мен шошқа» сияқты мысал ертегілерінің айтатыны – әркімнің көзқарасының әрқилы болып келетінін шағын сюжетпен бейнелеп жеткізу. Мысалы, «Гүл мен шошқаның» оқиғасы мәдениет паркінің директоры болып шош­қаның тағайындалуынан басталады. Басшылық тізгіні қолына тигеннен кейін саябақтың қазіргі жағдайына көңілі толмаған шошқа:
Айтсақ егер дұрысын,
Парк болмай құрысын.
Гүл басып кеткен жер бетін,
Парктің бұзып келбетін.
Фонтан суы мөп-мөлдір,
Бұл не деген тіптен бір! –
деп кемшілікті тізбелей бастайды. Өзінің торайларымен жиналыс жасағанда да айтатыны – шошқаның көзқарасына тән кемшіліктер:

Жұпар иісті шалшығымыз жоқ,
Сүйікті біздің балшығымыз жоқ.
Қышынып кірлеп өлеміз бе?
Әлде осы мәдениетсіздікке
көнеміз бе? –
деген сөзбен ұрандатып, жұмысқа жаңаша талаптар қоя бастайды. Сөйтіп, бұрынғы гүл басқан мөлдір сулы саябақтың быт-шытын шығарып, осынау мәдениет орнын енді шошқа түсінігіне лайықтап, қайтадан жасақтайды.
Не болмаса, «Ара мен шыбын» ертегісінің мазмұны да осындай үйлесімсіздікті бейнелеуге бағытталған. Онда шыбын араны өзінің үйіне қонаққа шақырады.

«Күтіп отыр сізді үйде
Мың сан шыбын құжынап»,
Депті шыбын жымыңдап, –
деп басталатын ертегі оқиғасы ара мен шыбынның мүлде үйлесімсіз көзқарасын шендестіруге арналған. Былай қарағанда бұл екеуі де жәндік – күнкөрістері жалпы пошымдары мен нұсқалары ұқсас жәндіктер.
Бірақ көзқарасы – әрқилы. Сөйтіп, шыбын құжынаған кірді ұнатса, араның тазалықты, балды жақсы көретін еңбекқор жәндік екенін көрсете отырып, автор бұлардың өмірде мүлде үйлеспейтінін тілге тиек етеді.
Осындай үйлесімсіздіктерді шендестіре отырып беру О.Әубәкіровтің басқа да мысалдарында да ұшырасады. «Қаз бен тауық» мысалының түйіні де осыған саятыны кейіпкерлер диалогынан байқалады. Бұл арада тауық:
Сенің осы ақылың саяз ба?
Қақаған аязда
Қағынып қарға аунайсың, –
деп келіп, қазды жата кеп сынайды. Сөйтсе, қаздың да қарсы айтар уәжі бар екен:
Сен аунамаған қи бар ма?
Өзіңде тіпті ми бар ма?
Албастыдай күлге аунайсың,
Неменеге бұлғаңдайсың?
Жайлауың қора,
Қыстауың күресін,
Сөйтіп жүріп бізге күлесің, –
деп осал жерінен ұстайды. Бірақ оған жеңіле қоятын тауық жоқ. Сөйтіп, осы екі кейіпкердің әрқайсысы өздері ұстанатын өмірлік принциптерден тіпті де айнығысы келмейді.
Сөйтіп, бұл мысалдардан туындайтын тәрбиелік канон біреу-ақ. Ол – лас идеямен өмір сүретіндердің өзіндік қағидалары болатыны және қанша түсіндіріп бақсаң да, ол ойларынан тіпті де бас тартуға көнбейтіні.
«Сүт қалай ұйықтады?», «Сіз бен біз» атты ертегілері де бір жағы танымдық, бір жағы тәрбиелік тұғырларға негізделген. Сүттің айран болып ұюын әзілкеш ақын «ұйықтапты» деп пайым­дайды. Сөйтіп, соның негізінде құрылған сюжет арқылы сүттің қалай айранға айналатынын суреттер арқылы көрсеткен.
Шірене шертіп ашыпты,
Бұрқырапты, ашыған айран
быжынап,
Жүдә қатты құтырыпты.
Сүт ұйқысын қоя алмапты,
Айқайлап жатса да оянбапты.
«Ұйқы – дұшпан» деген ғой,
Сүт ұйып қапты.
Сүттің мұндай қылығын
Әжем ғана біліп қапты, –
деп келетін жолдардың мағынасы баланы қызықтыратыны сөзсіз. Әдетте сүттің ұюына химиялық, биологиялық процесс ретінде қарайтын мектеп оқушысы үшін енді Оспанхан аталарының мына өлеңі тақырыпты қарапайым тілмен түсіндірген сабақ сынды. Әзіл өлеңнің танымдық сипаты да күшті. Сүттің ұю процесін тірілтіп, бейнелеп көрсету арқылы түптің түбінде ұйыған сүттің де қаншалықты пайдалы екенін көз алдымызға әкеледі.
Ал «Сіз бен біз» ертегісі адамдардың арасындағы сыпайыгершілікті жас кезден қалыптастыру қажетін қаперге салады. «Әй», «Өй» деп сөйлейтін дөрекі балаларға «Сіз» бен «Біз» деп сызылту мәдениеттің белгісі екенін түсіндіруге алып келеді. Сондықтан, осыны дәлелдеу барысында автор өлеңнің ең соңындағы ойын:
Бәрімізге сондықтан,
Жарасады «Сіз» деген, –
деп түйіндейді.
Оспанхан Әубәкіровтің «Атқа мінген аю» атты ертегісінің бас кейіпкері аю – цирктің өнер көрсететін қызметкері. Ол – циркте велосипед теуіп, көрерменді әбден күлкіге батырып жүрген хайуан. Аюдың сөйтіп жүріп Қаракер есімді атпен жолығысып қалуы кездейсоқтық.
Осы арадағы екеуінің сөз саптасы өмірдегі түрлі мінезді адамдардың арасында болатын диалогтарды еске түсіреді. Өйткені шығармаға «Ертегі» деп айдар қойылғанымен, онда ертегілік, мифтік сипаттан гөрі реалистік нышандар басым. Қаракердің: «Қос аяқтап тұрып тұмсықтан тепсем ба екен? Қол беремін деп қолқама қол салғызып алармын. Майлап, мақалдап, майпаңдауы жаман кәпірдің», – деп ойлауының өзінде-ақ кәдімгі өмірде болатын адамдар арасындағы логикалық ойлау жүйесінің нақтылығы көрініс береді.
Әрине, автор осылай келтіре отырып, аюдың атқа мінуін қызықты етіп суреттеуге тырысқан. Оқырман бүлдіршін үшін бұл көріністің қызықты болып табылатыны сөзсіз. Бірақ ертегінің оқиғасы аяқталмағандай әсер етеді. Қаракердің аюды мінгізіп алып, циркке алып баруымен аяқталатын шығармаға ойды тиянақтайтын түйін өзінен-өзі сұранып тұр.
Осағаңның «Бұқа мен бұзау» деген және жоғарыда айтылған шығармалары орта және жоғары сынып оқушыларының түсініктеріне сай келеді.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, Оспанхан Әубәкіровтің шығармалары тәлімдік сипаты және танымдық сипаттары өзара ұштасып жатады. Автор бұндай түсініктердің ара жігін ажыратып, бір-бірінен алшақтатпайды. Керісінше, жақындастырып, танымдық фактілерді тарта отырып, көздейтіні жас оқырманның дұрыс адам болып қалыптасуына титімдей болса да ықпал жасай білу деп ұққанымыз абзал.

Нұрдәулет АҚЫШ,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының

бас ғылыми қызметкері

ПІКІРЛЕР1
Аноним 23.05.2024 | 15:20

Оспанхан аға — арғын еді. Менің нағыз ағам болатын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір