Өлеңмен өрілген ғұмыр
13.04.2026
89
0

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық «Алтын медаль» сыйлығының лауреаты Шөмішбай Сариевті еске алуға арналған «Өмірін өлеңмен өрнектеген тұлға» атты салтанатты кеш өтті.

Алқалы жиынға зиялы қауым өкіл­дері, белгілі әдебиеттанушы ғалымдар, ақын-жазушылар, мәдениет және өнер майталмандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бұл тағылымды шара Қазақстан Жазу­шылар одағы аясында ұлттық әдебиетке өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның рухани мұрасын ұлықтау, кейінгі буынға насихаттау мақсатында өтті.
Кеш барысында Шөмішбай Сариев­тің өнегеге толы өмір жолы мен қазақ ру­хания­тының алтын қорына айнал­ған бай шығармашылық мұрасы кеңінен дәріптелді. Басқосуда сөз алған қаламгерлер мен ғалымдар оның ұлттық поэзияны жаңа көркемдік иірімдермен байытқан бірегей қол­таң­басын, лирикасындағы терең филосо­фиялық мазмұн мен биік рухани құндылықтарды ерекше атап өтті.
Сонымен қатар Шөмішбай Сариевтің тек ақындық қыры ғана емес, оның әдебиеттану саласындағы ғылыми ізденістері мен әлемдік классиканы қазақ тіліне аударудағы еңбегі де жан-жақты сөз болды.
Шара аясында ақынның өмірі мен шы­ғармашылық белестерінен сыр шертетін фотосуреттер көрмесі ұйымдасты­рылып, қатысушылар назарына ұсынылды.
Бұл еске алу кеші Шөмішбай Сариев­тің мәңгілік мұрасын ұлықтап, оның қазақ әдебиетіндегі орнының айрық­ша екенін тағы бір мәрте айқындаған тағылымды рухани басқосу болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір