ӘДЕБИЕТТАНУШЫ ҒАЛЫМ ТҰРҒАН ҮЙГЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ
Белгілі әдебиеттанушы, библиограф-ғалым Әбділхамит Нарымбетов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
Шараға партизан-жазушы Әди Шәріповтің жары Клара Мыңжасарова, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Темірхан Тебегенов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Гүлжиһан Орда, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Жұмат Тілеповтер қатысты.
Әбділхамит Нарымбетов – әдеби өмір шежіресін жасаушы. 1917-2007 жылдар аралығын қамтитын «Әдеби өмір шежіресінің» 7 кітабы мен «Қазақстан Жазушылар одағына – 60 жыл», «Қазақстан Жазушылар одағына – 70 жыл» еңбектері – осы салаға қосылған үлес.
Сонымен бірге он екі томдық «Қазақ совет энциклопедиясы», төрт томдық «Қазақ ССР-і. Қосымша энциклопедиясы», «Қазақ әдебиеті», Мәскеуде шыққан «Қысқаша әдеби энциклопедия», «Үлкен кеңес энциклопедиясының» жылнамаларында жарияланған «Қазақстан. Мәдени өмірі, көркем әдебиеті мен әдебиеттануы» атты тарау авторларының бірі ретінде танымал.
Игі шараның ашылу салтанатын Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иститутының директоры, ҚР ҰҒА академигі Уәлихан Қалижан кіріспе сөзбен ашты: «Әбділхамит Нарымбетов қызметінің еңселі бөлігі – әдебиет библиографиясын дамытуы. Ол библиография саласында еңбектене жүріп қырағы көз цензураға да ілікті. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары студенттерге арналған оқу құралының ішіне С.Асфендияровтың еңбегін кіргізгені үшін «үш әріптің» қызметкерлері қызметінен қумақ болғаны да белгілі. Сол кезде 1500 данамен шыққан кітапты пышаққа туратпай, баспа директорына тізімдегі «артық» кітапты алып тастап, басылымды таратуға болатынын айтып, баспахана шығынын түгелдей өз қалтасынан төлеп құтылған болатын. Өмірінің көлемді бөлігін өткізген үйге ескерткіш тақтаның қойылуы – ғалымға деген құрмет, – деді ол.