АСТАНА ТАРИХЫ ТУРАЛЫ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙСАМ…
Болат ҰЗАҚОВ,
Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының режиссері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
Қ.Қуанышбаев атындағы театрға 1997 жылы театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі Қазақстанның Халық әртісі, өзінің ерекше қолтаңбасымен танылған режиссер ағамыз Қадыр Жетпісбаевтың шақыруымен келдім. 1997 жыл әлем картасында Астана атты қаланың пайда болуымен тарихта қалды. Сол жылдың желтоқсан айында барлық мемлекеттік рәміздеріміз Астана қаласына көшірілді. Алатаудан Арқаға қоныс аударған көппен бірге мен де елордадағы дүбірлі өмірге қосылдым. Астана көшірілген уақытта сырт көзді қойып, ел арасында күмәнді сөздер көп жүрді. Ол сөздер бізге ту сыртымыздан қадалып тұрған сын көздің көп екеніне көзімді жеткізді. Біздің алдымызда астаналық көрерменнің талғамын қалыптастыру, театрды дамытып, Астаналық мәртебеге көтеру міндеті тұрды. Сондықтан жанымызды салып, намысты қайрап, білек сыбана жұмысқа кірістік. Қазір сол жылдарға қайырылып көз жүгіртсем, өз мақсатымызға жеттік деп айта аламын!
1997 жылы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында қойған алғашқы спектаклім М.Әуезовтің «Көксерек» повесіне негізделген «Қанды ауыз» қойылымы. Осы қойылыммен республикалық фестивальге қатысып, қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаға ие болдық. Ең басты жүлдеміз әлемнің 75 елінің театры өнер көрсететін Каир қаласындағы фестивальге баратын жолдама еді. Дүниежүзілік байқауда жүріп, уақытым жеткенше Италия, Жапония, Германия сынды елдердің қойылымдарын тамашалап жүрдім. Сол сапарда ойыма түйгенім, алдыңғы қатарлы әлем халықтарынан үлгі алып, шетелдіктердің озық тәжірибесін үйреніп, олардың шығармаларын аударып жатқанымызбен, қазақ халқының өзіне тән өнерін дәл көрсететін дәстүрлі ұстанымнан айырылып қалмауымыз керек екен. Яғни, қазақ театрының сахнасына шығатын туындылар қашан да қазақтың менталитетін, қазақтың болмысын сақтап қалу жолында үлкен жауапкершілікке ие.
Қазір Қ.Қуанышбаев атындағы театр қазақ сахна өнерінде қадамын нық басқан, тегеуріні мығым өнер ұжымы ретінде өзін дәлелдеді. Оған театрдың тарихы куә. Бұл осы ұжымдағы әрбір өнерпаздың, әрбір қызметкердің еңбегі. «Жұмыла көтерген жүктің жеңіл» боларын тағы бір сездірген ұжымның бірлігі.
Қаллеки театрында отызға жуық спектакль қойыппын. Соның басым көпшілігі тарихи шығармалар. Қазақ тарихына ерекше қызығамын. Өйткені, өз ұлтымды ерекше жақсы көремін, өзге ұлттарға ұқсамайтын қасиеттерін қастерлеймін. Қазақ деген ұлттың өнерде жүрген бір перзенті ретіндегі басты мақсатым – ұлтымның тарихын сахнада безбендеу. Дарынды драматург Думан Рамазанның қаламынан туған «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек» атты тарихи драмаларды сахналағаным да сондықтан. Ендігі бір арманым – Астана туралы тарихи қойылым қою. Елордамыз жайында пьесалар көп жазылды, бәрін оқып шықтым. Бірақ іздегенімді, көңілімдегіні әлі таппадым. Қазір театрдың әдебиет бөлімінде Көшім хан туралы және сол ханның тұсында осы далада орналасқан қала туралы тарихи драма бар. Бірақ оның драматургиясы әлсіз, әлі де пісіріп-жетілдіру керек. Десе де, «сабақты ине сәтімен» деген, күндердің күнінде бұл арманымның да жүзеге асатынына сенемін!