Тіл тарихы – құндылық
Бүгінде адамзаттың даму тарихында ғылымның алатын орнын айтып жату артық. Тіршіліктің қай саласын алсаңыз да, ғылыми негізсіз орнықты, арналы даму, өркенді өрістеу мүмкін емес. Сан-салалы мәселелер де қоғамның рухани мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылатын ғылымның араласуымен шешіліп жатады. Ал осы инемен құдық қазғандай жанкештілікті қажет ететін ғылыммен айналысу – Жаратушы берген қабілет-қарымды адамзаттың игілігі жолындағы адал іске асыра білген, еңбекқор, табанды, қажыр-қайрат иесіне бұйыратын несібе. Олай болса, өмірін ғылымға арнаған ғалымдарды еңбек адамының нағыз өзі деп неге айтпасқа?!.
Тілдің құндылық екенін қазір ғалымдар жарыса жазып жүр. Қазақстан ұлттық құндылықтар академиясының жазбаларында және Жаңартылған білім беру концепциясы мен стратегиясында тілді ұлттық құндылықтардың аясында қарастыра бастады. Ғабдолла Қалиевтің зерттеу еңбектеріндегі тілдің құндылықтар қатарынан орын алатынын тайпалық одақтар мен тайпа тілдерінің сарқыншықтарын бүгінгі тілмен салыстыра қарағанда түсінеміз. Ғалым тіл тарихындағы аса маңызды тілдік бірліктер диалектілер мен говорларды жүйелі түрде зерттеді. Тіл тарихында тұтас бір тайпаның тілдік ерекшелігі саналатын говорлардың мән-мағынасында қазақ этносын құраған тайпа халықтарының дүниетанымы мен құндылықтар жүйесі жатқанын ашып көрсетті. Ғалым «Қазақ говорларындағы диалектілік сөз тудыру» деп аталатын еңбегінің кіріспесінде: «Түркі тілдеріндегі диалектілер мен говорлар жүйесін зерттеу түркі диалектологиясындағы маңызды проблемалардың бірі болып саналады, – дей келіп, – егер 10-15 жыл бұрын ескі жазба ескерткіштері мен түркі диалектілерінің фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктерін зерттеу аса маңызды міндет түрінде бағаланып келсе, қазіргі тіл білімінің дәрежесі көне және ескі түркі жазбалары ескерткіштерін де, сол сияқты диалектілерді де жүйе түрінде зерттеуді талап етіп отырғанын түсінетін уақыт болды», – деп атап көрсеткен еді.
Бұрынғы зерттеулердегі диалектілердің әдеби тілден айырмашылықтарын анықтауға негізделген ұстанымды Ғ.Қалиев диалектілерді тілдің дербес жүйесі ретінде қарастыру арқылы өзгертті.
Тілдің тарихындағы тілдік фактілерге керексіз құбылыс ретінде қарайтындарға Ғ.Қалиев И.А. Бодуэн де Куртене мен Ф.де Соссюрдің және А.Мейенің пікірлерін алға тартып, тұтас тіл сияқты диалектілердің де өзіндік құрылымы бар жүйелі құбылыс екенін, бүтіннің бөлшегі, жалпыхалықтық тілдің жергілікті тармағы ретінде өмір сүрген диалактілердің жүйелік сипаты бір-бірімен байланысып, сіңісіп отыратын тіл элементтерінің жиынтығынан тұратынын білгірлікпен дәлелдеп шықты.
Говорлардың ауыз әдебиеті тілі мен ауызекі сөйлеу тіліне қатысы туралы мәселені жеке тақырып етіп алған ғалым жергілікті тіл ерекшеліктерінің әлеуметтік сипатын, ауыз әдебиетіндегі халық қадірлеген құндылықтарды жеткізудегі қызметін, халық тіліндегі құнарлы сөз қолданыстарының диалектілер мен говорларға қатысын талдап түсіндірді. Ғабдолла Қалиев говорларды халықтық ауыз әдебиетінен іздеу арқылы да халықтық шығармалардың бойындағы ұлттық құндылықтарды саралады. Фольклор тілін оның негізгі тірегі болып табылатын халықтық говорлардан бөліп алып қарауға болмайтынын дәлелдеді. Біраз орыс зерттеушілері де ауыз әдебиеті тілін диалектілік тілдің функционалды стилін жасайтынын атап көрсеткен (А.Н.Веселовский). Ауыз әдебиетінің тілін диалектінің әдеби түрі, ауыз әдебиеті тілі мен көркем әдебиет тілінің арасында айырмашылық жоқ деген пікірді ұстанғандар аз болған жоқ.
Қазақ эпостарының тілін зерттеген Е.Жұбанов: «Эпостағы диалектілік белгілер – сырттан келген немесе кейінгі кездің қоспалары емес, шығарманың өн бойын көктей өтіп жатқан, бөлінбейтін табиғи бөлшектер», – деп қарады. Ауыз әдебиетіндегі көне тілдік белгілердің (қыдыра жалды қыл құйрық, қарға жүнді қаттасым, үйрек жүнді оттасым, жылқы ішінде ала-ды, қылшық жүнді қара-ды) диалектілік сипаттан асып, жалпыхалықтық ауыз әдебиетінің нормалық белгілеріне айналғанын айтады.
Ғ.Қалиев диалектілердің ауыз әдебиетін жасауда, көпшілік алдында ауызекі сөйлеуде, әдет-ғұрып парыздарын орындау кезінде руникалық жазулар тілімен бірыңғай әдеби тіл үлгісі ретінде оғыз, қырғыз, ұйғыр, қыпшақ, тағы басқа тайпалық одақтардың сөйлеу үлгісін пайдаланып отырғанын атақты түрколог Э.Р.Тенишевтің пікірімен дәлелдеп берді. Халық тіліндегі сүгірет, кигіз (киіз), бігіз (біз), еге (ие), кешкісін (кешкі), тіптен (тіпті), сақаю (сауығу), тараю (тарылу), дізе, жәй, тағы басқа сөздер – көне түркі тілінің заңдылықтарын бойына сіңірген сөз қолданыстары. Бұлар ауыз әдебиеті тілінде жиі ұшырасады.
Осылайша, Ғ.Қалиев говорлар мен диалектілердің көне түркі тіліне, ауыз әдебиетіне, ауызекі сөйлеу тіліне қатысынан туатын аралық құбылыстардың бар екенін, бірақ олардың әлі зерттелмегенін алға тартты.
Ғ.Қалиев қарастырған тағы бір мәселе – белгілі бір түркі тілдеріндегі диалектілік құбылыстардың көрші және алыс жатқан түркі тілдерінде кездесуі генетикалық, типологиялық белгілері бірыңғай түркі тілдерінің туыстық жақындығына, олардың дамуындағы жалпытүркілік тенденцияға қатысты екені. Қазақ говорларындағы а ≈ә, о ≈ұ, б ≈м, ш≈ ч, ж≈ дж, д ≈л, п ≈б, д ≈т, с ≈ш, ж ≈й, т.б. сәйкестіктер жалпытүркілік құбылыстар болып саналатынын айтты.
Ғалым жалпытүркілік сипат говорлардағы сөз тудырушы жұрнақтардың көпшілігіне тән екеніне тоқталды. Мұндай жұрнақтардың көмегімен көне түркі тілдерінде, қазіргі түркі тілдерінде де жалпыхалықтық сипаты бар сөздер тууымен бірге, әрбір түркі тілінің жеке диалектілері мен говорларына тән сөздер жасалған делінген. Мысалы, барлық түркі тілдерінде өнімді сөз жасаған -лық, -ма, -қы жұрнақтардың әрі жалпыхалықтық сипаты бар сөздер жасаумен бірге, Маңғыстау өлкесінің аймақтық сөздерін жасағанын (нулық «өсімдігі қалың жер», майлық «балық аулауға қолайлы, балығы мол жер», ысырма «ер-тұрман жабдығы», бүрме «аузы тар, түбі кең шелек», қыздырма «безгек», тоғайлық «шөбі қалың жер»), т.б. диалектілерді тілге тиек ете отырып, мұндай құбылыстарды ұлттық тілден бөліп алып қарауға болмайтынын меңзеді. Шын мәнінде, осы келтірілген диалект сөздердің мағынасына зер сала қарасақ, говорлық мағынасы ұлттық тілден алыстап кеткен жоқ, бұлардың әрқайсысында ұлттық таным жатыр. Қайсысын алсаңыз да, халықтың тілінде ұқсатудан туындаған біраз құбылыстарды білдіретін сөздермен тіркесіп келе алады. Мұны ғалым Қ.Мұсаевтың зерттеуінен алынған мысалдар арқылы қазақ тіліндегі бірқатар диалектілік сөздер мен тұлғалардың басқа түркі тілдерінде әдеби сипатта жұмсалатынын дәлелдейді (орам, шоң, мама (ағаш), тайәже, чемодан, мәмеле, көрпе, т.б.). Бұлардың бәрі қырғыздың әдеби тілінде айтылады екен. Тағы бір мысал, батыс говорларындағы бізің, сізің жіктеу есімдіктерінің құрамындағы -ің – түрікмен әдеби тілінде ілік септік формаларының бірі. Бұлай болуы тегін емес, себебі М.Қашқари еңбегінде де бұл ілік септігінің жалғауы ретінде көрсетілген.
Ғалым зерттеулерін түйіндеп, қорытып айтар болсақ, оқу бағдарламасы мен оқулықтарда әдеби тілде баламасы болғандықтан, сөз қолданыста қажетсіз саналып жүрген диалектілер мен говорлардың қазақ халқының дүниетанымын айқындайтын және сандаған ғасырларды артқа тастап, қолданыста іріктелген, мағыналық жақтан тарихи даму жолынан өткен аса құнды тілдік бірліктер екенін бағамдауға болады.
Гүлбану ҚОСЫМОВА,
ф.ғ.докторы, профессор,
Абай атындағы ҚазҰПУ