Деректі прозаның пәрмені қандай?!
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы
Деректі прозаның аты озып тұр. Бүгінгі өмірдің шындығын, бірге тірлік кешіп жатқан замандастарымыздың ой-пиғылын білгісі келгендер – оқиды. Жазатындар аз емес. Бүгінде қарт қаламгер атанған Ғаббас Қабышұлы, Зәкір Асабаев және олардың соңынан ілесіп келе жатқан Бейбіт Қойшыбай, Мархабат Байғұт, Көлбай Адырбекұлы, Қайнар Олжай, Бауыржан Омарұлы, Болат Шарахымбай… Өстіп тізе берсек, жалғаса беретін тізім бар.
Енді нақты әңгімеге көшейін. Әуелгі қолға алғаным – Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Тажалға тосқауыл» романы. Бес жүз бетке жуық қомақты дүниенің бас кейіпкері – Елбасымыз.
Бүгінгі көзіқарақты оқырман Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы кімдердің жазғанын, қалай жазғанын өте жақсы біледі. Осы кітаптар көшінің басында қаламы жүрдек журналист, ойы алымды-шалымды қаламгер Қайнар Олжайдың «Президент пырағы» тұр. Одан кейін Бейбіт Сапаралы Президенттің балалық шағы туралы кітап жазды. Одан соң да жазатындар көбейді. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлының еліміздің саяси-экономикалық өмірінде, қалыптасу тарихында атқарғаны өте мол. Бейбітшілікті сақтаудағы әлемдік ауқымда атсалысқан істері, бастамашы болған тірліктері жетіп артылады. Солардың бірі – Семей полигонының жабылуы. Тұрсынәлі ағамыз осыны өзекті тақырып етіп алған. Алайда, сан жылдар ажал ошағы болған атом сынақтарының тоқтауына дейінгі Елбасымыздың тағдыры, өсу жолы, толысуы, мемлекеттік қайраткер, саясаткер биігіне жетуі оңай еместігін, оның да соқтықпалы-соқпақты оқиғалары мол екенін автор жан-жақты көрсеткен.
Біз «Невада-Семей» қозғалысының қалай басталғанын көзбен көрген ұрпақпыз. Осы өзіміздің киелі қарашаңырағымыздың алдындағы үлкен тастың қалай қойылғаны да есімізде. Солардың ең әуелгі бастамашысы Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев болғаны жөнінде газеттерде орысша да, қазақша да талай рет жазылды. Мұның бәрі өткен тарих, кешегі күннің айдай ақиқаты Олжас Сүлейменовтің қозғалыс жетекшілігін қолға алып, сынақты тоқтату жолында қаншалықты күрескерлік мінез көрсеткені де ұмытылмайтын оқиға. Бір сөзбен безбендегенде, Тұрсынәлі Рыскелдиев осының бәрін қаламгерлік сана сүзгісінен өткізіп, барынша бай, кестелі тілмен жазып шыққан. Сондықтан айтар ойымызды, осы кітаптың аңдатпасында жазылғандай, «…әлемдік деңгейде жаңа стильмен жазылған роман дүниеге келді» деп түйіндегенді жөн көрдік.
Қолға алған екінші кітабымыз – Жұмабай Қайранбайдың суретші туралы «Өнермен өрілген өмір» хикаяты. Бұл да қомақты, көлемі бес жүз беттен асып жығылатын кітап. Кейіпкері – Елбасының қолынан «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін алған, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» Жұмақын Қайранбаев. Ол Гоголь атындағы көркем-сурет училищесінің түлегі. Одан кейін Ленинградтың Көркемсурет академиясын бітірген. Сонда оқып жүріп, орыс қызы Ольгаға үйленеді. Оның мамандығы философ. Екеуі жұптасып Алматыға келеді. Бірі Абай атындағы педагогикалық институтқа орналасады. Екіншісі Жүргенов атындағы академиясында ұстаздық өмірін бастайды. Оқып отырып есімдері елге таныс талай-талай суретшілердің аты-жөндерін ұшыратып, шығармашылық жолдағы еңбектерімен таныстық. Автордың тілі өте бай, кестелі. Баяндау мәнері тартымды. Бірді айтып, бірге кетпейді. Сондықтан да кітап кедір-бұдырсыз, жеңіл және жүрдек оқылады. Деректі шығармаға тән заңдылықтар сақталған. Уақыттың үні, тынысы айқын сезіледі. Бүгінгі өміріміздің сурет өнерін тағдырына айналдырған адамдарға өте ауыр тигендігі, олардың көбінің Арбатты жағалап, суреттерін сатып, пұлдап күн кешетіндігі жатық та иланымды баяндалады. Сондықтан мұны автордың жетістігі деп білеміз.
Қазір қаншалықты қиын, қаржылық тапшылықта жүрміз дегенімізбен шығатын кітаптар шығып жатыр. Сондай кітаптардың арасында Ғаббас Қабышұлының «Көңіл көгінде» естелік-толғаныстар жинағын ерекше атағымыз келеді. Ғабаңның бұл кітабы 2015 жылы Анкарадан өзгеше үлгіде безендіріле басылып еді. Ішіндегі материалдары әуелі әртүрлі мерзімдік басылымдарда бет-бет болып жарық көрді. Әрине, газеттің аты – газет. Ал мына кітапта солардың бәрі топтастырылып бір-ақ берілген. Сондықтан да 1 мың дана таралыммен жарық көрген кітап аздық етті. Осыны ескерген ағамыз бұл кітапты біздің «Тоғанай Т» баспасынан өз қаржысына қайта шығартты. Кітаптағы Сәбит Мұқанов туралы «Дұрыс!», Бауыржан Момышұлы атамыз жөніндегі «Мығым мүсініне қызыға қарадым», Әди Шәріпов туралы «Мұқаңның аманатын ақтады», Әнуар Әлімжанов хақындағы «Бар құрлықта ізі жатыр», сол секілді Әзілхан Нұршайықов, Қуандық Шаңғытбаев, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Шәмші Қалдаяқов, мемлекет қайраткері Михаил Есеналиев туралы жазбалары өзіндік үлгісімен, деректілігі, дәйектілігімен баурайды. Оқып отырып қай-қай кейіпкерін де тура жаныңызда жүргендей сезінесіз. Ғаббас ағаның Қасым Қайсенов жөніндегі жазбасы да ғажап! Бас алмай оқисыз. Аты аталатын адамдар өз ерекшелігімен дараланады, сөз саптастары сақталады. Ғабаңның деректі дүниелерінің қуаты да осында болса керек!
Тағы да бір қаламы қарымды, қарттығына қарамай шығармашылығын үдете түскен ағамыздың кітабын оқыдық. Жазғандары газеттерде жиі басылатын және сүйіп оқитын оқырмандары әбден екшелген Зәкір Асабаев соңғы жылдарда екі-үш кітаптан шығарып жүрді. Өткен жылы «Дәстүр» баспасынан жарық көрген «Замана тынысы» да қолдан қолға өтетін кітап. Өзі сырлас, сыйлас, қызметтес болған, етене араласқан Мұса Дінішев, Роза Бағланова, Ришад Абдуллин мен Байғали Досымжанов, Әлібек Дінішев, Камал Смайылов, Сәбит Оразбаев мемлекет қайраткері Саттар Имашев туралы эсселері өзіндік жазылу мәнері, стилі, формасы, баяндап беру тәсілімен қалам қадірін білетін әріптестердің бәрін тәнті қылды. Ағамыздың ерекше тынысы ашылған секілді. Әлі де беретін дүниелері баршылық. Біз барша оқырмандар атынан разылығымызды білдіре отырып, ағамызға жазар көбейсін деп тілек айтамыз.
Зәкір ағамыз секілді қаламы қанатты әріптесіміз Көлбай Адырбекұлының ізденіске толы, не жазса да тімтіне, тереңдеп жазатын мақалаларын іздеп оқитындар аз емес. Әсіресе, талай жылдан бері айнымас тақырып етіп алған «Казахское дело» топтама дүниелері туралы айтарымыз көп-ақ. Бұған дейін екі кітабы жарық көрсе, ал жарық көре алмай үстелінің суырмасында сүрленіп жатқаны қаншау екенін өзі біледі. Әйтеуір, Құдай жарылқап, өткен жылы «ҚазАқпарат» баспасынан «Тәуелсіздікке талпыныс» кітабы мемлекеттік тапсырыспен басылып, қолға тиді. Оған енген «Мырзағұл Әбдіғұлов», «Жансая Сәбитова», «Нұртай Сәбильянов» деректі повестері әлгі айтқан «Казахское дело» авторлық жобасы бойынша жазылған материалдар еді. Бұлардың бәрі де автордың республикалық мұрағаттарда сарылып отыруы нәтижесінде тың деректерімен ерекшеленіп шыққан дүниелер болатын. Көлбай ағамызды асыра мақтағымыз келмейді. Бар айтарымызды осы бағытыңыздан таймаңыз деген игі тілекке сыйдырып, келер сөздің бағытын Қаршыға Есімсейітованың «Таусылмайтын жол» атты журналистік жолжазба кітабына бұрайық.
Әдетте теледидар, радио төңірегінде журналистік қызмет атқарғандардың жазуымен жарқырап көрінуі өте сирек. Осы реттен алғанда Қаршығаның аты озыпты. Қырық жыл көгілдір экран хабарларын даярлай жүріп жиғаны бар, қазақ хандығының 550 жылдығы, Тараз төріндегі өткен той, Түркістан тарихына тереңдеп, Жаркент жағына баруы, одан асып Орынборда көргендері бар – бәрін жеке-жеке эссеге айналдырып, қабылдауға лайық, тілдік мүкістен ада кітабымен оқырмандарын қуантыпты. Қай материалы да ықшамдығымен, бас-аяғының жұмырланып, жинақы ұсынылуымен ойымыздан шықты. Айтарымды барынша түйіндеп айтқандағы пікірім – осы!
Енді деректі прозаның аса керектілігін аша түсетін кітаптар легіне кідіре кетейін. Ол – әлі күнге дейін өзінің саяси бағасын ала алмай келе жатқан қасіретті Желтоқсан көтерілісі. Менің осы тақырыппен айналысқаныма 30 жылдан асты. «Алматы 1986 Желтоқсан» деген атпен 11 том кітабын шығарыппын. Өткен жылы 11-томы жарық көрді. Әр томның өз ерекшелігі, сипаты бар. Әр кітап жарық көрген сайын көтерілісті кім ұйымдастырды, артында кімдер тұрды деген сауалға жауап алуға жақындай түстік. Сөз жоқ, Желтоқсан көтерілісінің ұйымдастырушысы болды. Егер олай болмаса, жер туралы, тіл жөнінде қаншалықты шыбын жанымыз шырқырап шырылдасақ та, дәл сондай қарсылықты әлі күнге дейін неге жасай алмай жүрміз? Біз әлі ұлттық кемсітушіліктен арыла қоймаған ұлтпыз. 1986 жылы ол жағдай тіпті қиын еді. Біздің өткен жылғы елге ұсынған 11 томымызда соны аша түсетін үлкен материал басылды. «Сол бір сұрқай күндерде» деп аталатын оның авторы – Серікбай Жағыпарұлы милиция қызметінде болған екен. Әлгі естелік мақаласында Ішкі істер саласындағы ұлттық қайшылықты жеріне жеткізе ашық жазады. Алаңға шығып кеткенін айтады. Тәртіп сақшыларының өзі екі жарылады. Тіпті, қызметте екі жақ бір-біріне қару кезенісіп қарсы келгендерін де жасырмайды. Бұл бір ғана материалдың мазмұны. Ішінде қазақтық қаныңды қыздыратын қаншама дүние бар. Ауру-сырқауға ұшыраған, жұмыссыз қаңғып қалған, үйсіз-күйсіз жүрген қандастарымыздың – кешегі Желтоқсан батырларының күйінішті әңгімелері аянышты-ақ. Тәуелсіз елміз ғой, неге солай болды деп ойланасыз. Бұл жасырып-жабатын әңгіме емес. Біз үзбей шығарып келе жатқан «Желтоқсан» айғақ-кітаптарының ұстанған бағыты осы. Басты міндетіміз – ақиқатты айту, жас ұрпақты елін, жерін, тілін, ұлтын сүйетін азамат етіп тәрбиелеуге атсалысу. Бұл қасиетті қаламын қадірлейтін барша әріптесіміздің үлкен міндеті десек, кәсіби парызымызға адалдығымыз осындай мәселелерді батыл көтеріп, араласа алуымызбен екшеледі.
ПІКІРЛЕР1