ӘДЕБИЕТТАНУДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҒЫЛЫМИ БАСЫЛЫМ
13.10.2017
1790
1

Абайтану институтының әдебиетшілер тобы профессор Жанғара Дәдебаев басшылығымен Абайтанудың он томдық ғылыми басылымын шығарған болатын. Онда белгілі Абайтанушылардың әр жылдарда жарияланған зерттеулері енген. Профессор Рақымжан ТҰРЫСБЕК таңдамалы еңбектің ғылыми маңызына тоқталған еді. Жоба әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру» бағдарламасы бойынша орындалды.


Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
ф.ғ.д., профессор


Абайтанудың он томдық таң­да­малы ғылыми басылымын шыға­рар­дағы ұжымдық еңбекке қатыстым. Бұл, негізінен, «Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерт­теу» деген ғылыми жоба аясында орын­далған жұмыс. Мұнда абайтану ғы­лымының арғы-бергі тарихы, бү­гінгі жеткен жетістіктері, болашақ өрі­сі баяндалады. Сондай-ақ, абай­тану­ға қатысты көптеген еңбектер жи­нақталған. Бүгінгі уақыттың үде­рістері мықтап назарға алынған. Ор­та және жоғары оқу орындарында Абайтану мәселесі, әсіресе жоғары оқу орындарында тұрақты түрде оқы­тылып келеді. Абайтануға қа­тыс­ты алыс-жақын елдерде әртүрлі ор­талықтар жұмыс істейді. Мысалы, отан­дық әдебиет тарихында әде­биет­тану ғылымына жаңаша көз­қа­рас, кең өріс ашылды. Міне, осыны ес­кере отырып, «Абайтану» таңдама­лы еңбегі он томдық ғылыми басы­лым ретінде дайындалды. Орталық же­текшісі, ф.ғ.д., профессор Жан­ғара Дәдебаев сол бағытта үлкен жауапкершілікпен осы істі аяғына дейін жеткізді. Әсіресе оның өзекті мәселелеріне назар аударды. Атап айтқанда, арыдағы абайтанушылар Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов,
М.Ду­латов, М.Әуезов, І.Жансүгіров, С.Қи­рабаев, С.Қасқабасов, З.Ах­ме­тов, Қ.Мұхамедханов, М.Мыр­зах­метов, Т.Әлімқұлов, Ж.Ысмағұлов, Ж.Дәдебаев және басқалардың ең­бектері, әр алуан көзқарастары, не­гізгі ерекшелігі осы таңдамалы ең­бектерінде кеңінен көрінеді. Әсі­ресе осы еңбекте «Абай» журналы, қа­зіргі Абай энциклопедиясы, осын­дай басқа да еңбектердің бәрі басты на­зарға алынады. Ең негізгісі – бү­гін­гі күннің бедері, жаңа уақыт рухы осы еңбектерде жинақталған. Тағы бір айта кететін жағдай, абайтанудың бастауында тұрған Мұхтар Әуезовтің еңбектері, әсіресе, «Абай Құнан­бай­ұлы» монографиясы, осындағы Абай­тануға қатысты бөлікте әуелгі Абай­дың жазбаларының алғашқы ба­сылымынан бастап, әр жылдардағы дамулары, тіпті, бастапқы қол­жаз­басына дейін назарға алынады. Бұ­дан кейінгі бір назар аударатын жағ­дай, профессор Мекемтас Мыр­зах­метовтың «Абайтану» деген қос том­дық көлемді еңбегі, осындағы Абай мұрасына қатысты арғы-бергі тарих, оның ақындық кітапханасына қа­тысты көзқарастар, ол жайлы жаз­ған еңбектердің бәрі де осы «Абай­тану» таңдамалы жинағында назарға алынады. Сол еңбектің жинақталып, бір ізге түсіріліп, байыпты орын­далуы – бүгінгі қазақ әдебиеттануы, абай­тану тарихы үшін биік белес. Бұрынғы және қазіргі абайтанудың өзекті мәселелері жан-жақты қам­тыл­­ған.
«Абайтану» таңдамалы еңбек­терін шығаруға жобаға қатысушы әрі автор ретінде қатыстым. Оны дайын­дау, жариялау ісінде басы-қасында болдым. Осы «Абайтану» таңдамалы жи­нағында Абайдың қара сөздеріне, оның жазылу тарихына мазмұнына, ішіндегі басты тақырыптарға қатыс­ты арнайы мақала жаздым. Аталмыш ма­қалада абайтанудың, соның ішін­де қара сөздеріне қатысты бұрынғы-соң­ғы көзқарастар, еңбектер байып­ты сараланды. Соларды басшылыққа ала отырып, қазіргі абайтанудың өзек­ті мәселелеріне, сосын Абай айт­қан ғақлиясында орын алған бұ­рынғы және бүгінгі күнмен үндесетін тақырыптарға, маңызды мәселелерге назар аудардым. Абайдың қара сөз­дері, шын мәнінде Абайдың әлемін аша­тын, Абайға көзқарасты, зерт­теуді басшылыққа алуға бола­тын­ды­ғын бүгінгі уақыттың рухымен бай­ла­ныста қарастырдым. Осы жерде бір жағдайды айта кету керек. Мы­салы, Абайдың туған күні жайын­да әлі күнге дейін кейбір көзқарастардың орын алып келе жатқаны алаңдатады. Абайдың туған күні жиырма үшінші тамыз, ескі санақпен алғанда ол оныншы тамыз. Міне, осыны біздің қазақ жұртшылығы әртүрлі айтып, жазып жүр. Осы жөнінде абайтану­шы Қайым Мұхамедхановтың, про­фес­сор Арап Еспенбетовтың, абай­тану­шы Асан Омаровтың баспа­сөз­дегі пікірлері әдебиет­тану­шы­лардың, әдеби қауымның наза­рында болғаны жөн. Жобаға қатысу­шы авторлардың бірі ретінде абай­тануда алда атқа­ра­тын шаруа­лардың, көптеген кең өріс­тердің бар екендігін айтқым ке­ле­ді. Осы ретте «Абайтану» таңдамалы ең­бектерінің жарық көруі – әдеби жұрт­шылық үшін де, қалың көпшілік үшін де ма­ңызды дүние болды деп есеп­теймін.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір