Мағжан орталығы – маңызды нысан

Солтүстік Қазақстан облысының орталығында ақиық ақын, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаев атындағы орталық ашылды. Бұл – елімізде алғаш рет ашылып отырған ақынға арналған осындай бағыттағы кешен.
Маңызды мәдени оқиғаға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Туризм және спорт министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшылары, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, зиялы қауым өкілдері және шетелден арнайы келген қонақтар қатысты.
Жиында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов сөз сөйлеп, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хатын Орталықтың жаңа тағайындалған басшысына тапсырды.
Орталықтың негізгі мақсаты – Мағжан Жұмабаевтың бай мұрасын насихаттау, жас ұрпаққа оның шығармашылығын тереңірек таныстыру. Алты бөлмеден тұратын ғимараттың ішкі құрылымы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Онда жиналыс өткізуге арналған зал, кітапхана, «Мағжантану» жастар клубының бөлмесі қарастырылған.
Бұл орталық жас зерттеушілер мен әдебиет сүйер қауымның еркін бас қосып, ақын мұрасы жайлы ғылыми, шығармашылық жұмыстармен айналысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ орталық аумағында арнайы арт-аймақ ұйымдастырылып, сол жерге Мағжан Жұмабаевтың шағын архитектуралық мүсіні орнатылған. Көркемдік талғаммен жасалған бұл мүсін гранит, керамика және қоладан құйылып, ақынның бейнесін айрықша стильде бейнелейді.
Мағжан орталығы – қазақ руханияты үшін маңызды нысан. Ол тек бір тұлғаның шығармашылығын ұлықтап қана қоймай, жалпы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына тың серпін беретін мәдени ошақ болары анық.
Өз тілшімізден