Дәутайұлы дүрбісіндегі замана келбеті
14.07.2017
3454
1

Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары балалар мен жасөспірімдер әдебиеті бойынша өткізіліп тұрған республикалық жабық әдеби конкурс көптеген жаңа, жас дарындардың есімдерін елге танытты. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады», жүзден жүйрік шыққан жас авторлар уақыт өте келе, буыны бекіп, бұғанасы қатайып, әдебиетіміздің белгілі өкілдеріне айналды. Солардың бірі – әрбір жазған шығармасы ілтипатқа ілігіп, әрбір жаңа повесі осы конкурстың жүлдесін иеленген, бұрын аты белгісіз болса, енді бірден көзге түсіп, әдеби қауымның да, қалың оқырман қауымның да назарын аударған, сол кездегі жас талант Несіпбек Дәутайұлы. Барлық дерлік мақалаларда, баяндамаларда, пікір алысуларда қазақ әдебиетіне жас дарынның келгені айтылғаны, жазылғаны есімізде.
Сол бәйгеде суырылып, оза шапқан, жүлдені қанжығаға байлағандардың біразы бүгін ұмытыла бастаса, алғашқы қарқынынан танбай, шабысқа шабыс қосып келе жатқан дарындардың бірі емес, бірегейі – Несіпбек Дәутайұлы.

Тыйымы көп, тізгіні – темір, шын­дығы байтақ өмірмен байланысы әлсірей бастаған жетпісінші-сексенінші жылдардағы қазақ про­засына Несіпбек Дәутайұлы шы­ғармалары арқылы нақты уа­қыттың нақты жүгін өз иығымен көтерген, қым-қуыт қайнаған тір­ліктің, мәселе – құбылыстар мен құбылыс – мәселелердің қақ орта­сын­да қасқиған немесе өңменге оқ­тай қадалуға әзір өзекті өзгеріс­терден өзегі талған қиялдың қана­тын қырқатын биқисап қиқым сәттерден шаршап сансыраған, тірлігі мен тағдырына таныстары да, толағайым қоғам да киліге бер­гесін шарасы азайған, жүдеген, немесе жүдегеннің иығына шығып, үдеген жаңа кейіпкерлер келді.
Қазақтың ұлттық  рухының ұлы ұстыны – қарапайым ауылдың сал­қар өмірінің сан алуан астыртын немесе үстірт назарға елеусіз ағыс­тары мен сапырылысқан тол­қындарын түгендемек түгіл, түстей ал­майтын әріптестер аз емес еді. Не­месе шақтап шамаласа да, анық­тап аршып, айта білетін, ең бастысы кәдуілгі тіршіліктің өзіндей та­биғи айшықтай білетін қаламгер­лердің жеткіліксіз кезінде Несіпбек Дәутайұлының дүрбісіне заман келбеті тағы бір өзіндік қырынан бай­қалды. Дүрбінің аумағы қам­тыған өмір – өңірді бөлекше танытатын өз мәнерімен, келеңсіздікке келісімпаздықпен жәдігөйленіп қарай алмайтын жауынгер мі­не­зімен, жанға тотияйын, жүрекке у қорғасын салған әбілеттікті қа­ламмен түйремей қайтпайтын қай­сарлығымен айрықшаланға­ны­на содан бері жарияланған шы­ғармалары куә. «Ақ көгершін», «Алма ағаштың бұтағы», «Жол» сияқты жүлдегер шығармалары­нан бастап, «Аты жоқ әңгіме» кіта­бына дейінгі аралықтағы барлық ізденістері – соның мысалы.

Бір қызығы – Несіпбек Дәутай­ұлы жазуды жаңа бастаған кезде, қатарластарының барлығы да бір­неше кітаптан шығарып үлгерген. Ал, қызу өмірдің қақ ортасынан кел­ген, алғашқы адымын бәйге алу­дан бастаған Н.Дәутайұлының алғашқы кітабы 36 жасында жарық көрді. Көрнекті, қабырғалы қа­ламгерлері иін тіресіп, белгілі, бел­­ді бедел иелерінің есімдерінің өзі-ақ имендіретін шақта қазақ әдебиетіне өз айтары бар, қолтаң­басы қалыптасқан, көру мен көр­сету, көрнектеуі және басқаша дарынды жазушының келгенін бір­ден мойындатты. «Өмірді жақсы біледі», «өмірдің өзінен алынған», «тың характерлер жасаған», «жаңа тақырыптар әкелді», «күн тәрті­біндегі зәру мәселелерді көтерген» деген сыңайда сол кезде жиі айтылатын, үйреншікті немесе дағдылы мезгілауи талдаулар жазушының «Аты жоқ әңгіме» кітабын оқы­ғанда, қаламгердің қиялы мен қа­ламы қаусырған көркемдік әлем­ді толық қамти алмайтынын мойындау керек. Сол аталған сипат­тар­дың барлығын дәйектеуге лайық­ты мысалдар бұл кітапта да жетіп артылады. Алайда көркемдік әлемі бұрынғы дағдылы сипаттар­дың сорабына симайтыны және шәксіз. Ендеше қазақ прозасында жаңа көркемдік әлем ашылды – Не­сіпбек Дәутайұлының әлемі.

Кейіпкерлері табаны тиген Жам­был өңірінде ғана емес, байтақ еліміздің барлық түкпірінде ғұмыр кешіп жатыр. Жеке адамның та­биғатына тән сипаттар мен сол адамдарды дедектетіп, өз дегеніне жүргізген тұрмыстық-әлеуметтік, т.т. ықпалдар, құбылыстар, барлық адам баласына тән. Сол Барлықтың өкілдеріндей елестейтін кейіп­кер­лер галереясына бәрі келген се­кілді. Түгелдей өз көзімізбен көр­ме­сек те, әрқайсысы тек өзіне ғана тән мінез-тағдырымен дараланған келіншектер мен күйеулер, балалар, әжелер, аталар, көршілер, олар­дың таныстары, батырлар, ән­шілер, бастықтар, сайқалдар, қа­рақшылар, ойнастар, саудагерлер, бизнесшілер, ірілі-ұсақты бастық­тар мен бастықсымақтар, т.т. Әлеу­меттік статусы мен сол статусына лайық салмағы, әлеуметтік тобы мен соған сәйкес қарекеті арқылы бүгінгі өмірдің әрі өзгермелі, әрі өзекті шындығын шектемей, шып-шырғасын шығармай алға тарт­қанда, ыңыранған ұлы уақыттың уысында тыпырлаған тірлік иелері мен Тіршіліктің өзара тікелей тәуел­ділігі мен бейтарап сезілетін, алайда түптеп келгенде, сатылы, жанама тәуелділігін мойындамасқа шара қалмайды. Бүгінгі болмысымызды осынша мол қамтып, көп­теген құбылыстардың сабақтасу контексінде жанып тұрған, ділгір мәселелермен бетпе-бет келген қыруар образ-характерлер әкелген Не­сіпбек Дәутайұлы сияқты қа­ламгер әдебиетімізде кемде-кем.
Осының барлығын сіз де көр­ген­­сіз, естігенсіз, ендеше білесіз. Өз бетімен өтіп, көрмегендей кетіп бара жатқан кісілерді – кейіп­кер­лерді осылайша  ай-шайға қарат­пай, «тарпа бас салып», тартыншақ­тауға мұршасын келтірмей, тамам елдің алдына шығарғанда, «осыным қа­лай болар екен өзі!» деп, кү­міл­жі­мей, күлбілтелемей, қал­ты­­ра­май­тын қайратты қолмен қайтарып, шашау шығармай жинап әкеліп, ширатып ұсынған Несіпбек Дәу­тайұлы қаламының «долылығына» сүйсінесіз де, қуа­насыз. Сүйсіндіру шеберлігіне бай­ланыстылығы тү­сінікті шығар, ал қуандыратыны – бар­шаны бағамдап жатуға уақы­ты кем, қара­пайым қалың елдің өзінен өткен қарапайым тіршілік тынысын, тағдырының талқыға түскенін қарапайым мұңы мен сырын, өздерін өздеріне көрсетті, ал көргеннің өзін танымасқа шарасы жоқ-ты. Әркім өз күнінің кө­леңкесіне көміліп, қағаберісте ұмытылып қалмады, тасаға тарс бе­кітіліп, ешкімге білінбей, белгі­сіз қалпыңда «тірідей өлмеді», сұлу­лығы мен сиықсыздығы үнемі ал­ма-кезек аунап түсіп, сан­сырат­қан тірлішіктің кілтипандары айдай әлемге айқындалған, салмағы ауыр ақиқат-мазмұн әлеміне сіл­те­ді. Бұл сөздің дәлелі ретінде туын­­дыларды жеке –жеке талдап жатуға мақала көлем көтермейді. Жиып айтқанда, Н.Дәутайұлы шы­ғармалары адам мен пенденің та­биғатын, бейтарап уақыт пен қо­ғамның сырын, сипатын, осы­лардың қарым-қатынасын туындайтын күрделі шындық пен сол шындықтағы жеке адам мен қоғам­ның, заманның, адам табиғаты мен қоғам табиғатының, сол табиғат­тағы үйлесімдер мен қайшылықтар­дың трагедиясын бірде қатал бей­нелейді, ішінара юмор араластыра әжуалайды да, қиналады.

Сырт қарағанда момақан, бәл­кім, содан ба сыр бермес сыпайы, бірсарынды көрінетін тірліктің іс жүзінде жындай қайнаған, са­пы­рылысқан, қайшыласып қидалас­қан «микробтарын» жазушының микроскоп көзі қалт жібермейді. «Момақаныңыздың» ішіне үңіл­ген­де басы қайда, аяғы қайда, бір­ден ажырату, ұғыну, сараптау қол­дан келуі қиын шаруа екенін ішіңіз сезгенде, басталуы, шиеленісуі мен түйін-тиянағы бар тарихи оқи­ға­лар, аңысын аңдағанда адаспайтын аласапырандардан басқаша екені анық, алайда бәлендей мән беріп жатпаған қарапайым өмірдің ырық­­ты-ырықсыз қарым-қаты­нас­тар, эмоциялар жарысқан, жанұ­шыраған қисапсыздық әлемі еке­ніне тағы да көз жетеді. Осы әлем­ге жазушы зер салғанда, негі­зінен, үш түрлі авторлық, көркемдік тұрғыдан таразылайды.

Бірінші. Өмір-өзен табиғат тар­ту еткен арнасымен, ешкімді «мазаламай», өз бағытымен маңып ба­рады. Көз алдыңыздан өтіп жат­қан кино кадрлары секілді. Автор – сырттай бақылаушы, әрі бейтарап бейнелеуші. Көкейіндегі көм­бе­ні «мінекей» деп, жарқ еткізіп ашып салмайды. Қалай ойлайсыз – патша көңіліңіздің қалауы мен қиялыңыздың қанатына байланыс­ты. («Ақ күшік», «Көгілдір көйлекті келіншек»).
Екінші. Мәселе көтеруге ден қою. Идея айқындығы талас тудыр­майды. Өмірдің өзекті өртейтін немесе қашсаң, құтыла алмайтын шындығы көкейтесті мәселесі кө­кірекке кіріп алады. Заманның, адамның құбылымы, сыры мен си­паты сол арқылы белгі береді. Мә­селен, «Өнеш, Комбинатор, ал­жапқыш», «Батыр», «Шал», «Көр­бай», «Тілалшақ», «Бір қияр екі жұмыртқа, Ботабай», «Мәкеңдер, Малсекеңдер, заман».
Үшінші. Реалистік, сюрреа­лис­тік бейнелеу-сезіну бірлесе өріліп, бірін бірі толықтырып, әдемі жарасым табады, модерндік, постмо­дерн­дік бояулар көркемдік маз­мұн­ға ұласады. Содан түзілген пос­­­т­­модерндік мазмұн-тұтас шы­ғарманың бойындағы суреткерлік-философиялық концепция,
реа­лис­тік тұрғыдан толғаса, се­­­беп-салдарына «көз жеткізу» көп уақыт-көлемді алатынын сез­ген­діктен, мүмкіндігінше іріктеп-жи­нақтау, аз көлеммен байтақ кеңіс­тікті қамту, оқырманның эмо­­­тивтік-эсте­ти­калық қабыл­да­уы­на тәжірибелік үлес қосу, қия­лына «жұмыс істету» арқылы сезіну мен фантазиялық  әлеуетін ны­ғайту. Мәселен, «Айғыр кісі», «Құм­ға қаш­қан  құйын», «Қан­қызыл жал­қын»…
Әрқайсысына дәлел, мысал кел­тіріп, дәлелдеп жату – арнайы, кө­лемді зерттеудің жүгі. Алғаш­қы­сына ғана аздап тоқталсақ…
Айталық, «Ақ күшік» повесі мен «Көгілдір көйлекті келіншек» атты әңгімесінде өмір материалдары қаз-қалпында «берілген» сияқ­ты әсер қалдырады. Шүйдесі шо­дырайған зор мәселе алға ұм­­­тыл­­майды «мені көр» деп. Автор – жазушы тек алыстан бақылап, кейіпкерлерінің не істеп, не қой­ғанын сырттай сипаттап, тізіп отыр­ғандай немесе солардың сөз­дерін, т.т. бейнежазбаға түсіріп алып, жолдап жіберіп жатқандай. Жазу­шының кейіпкерлеріне бүй­регі бұратынын-бұрмайтынын бірден аңдау оңайға түспейді, бейтарап бақылаушы секілді.
«Ақ күшік» повесінде баласы бол­май, екі айрылған жас отба­сы­ның – Қалдыбай мен Бекзаттың күй­зелістері мен екі айрықтағы күн­дерін автор екі жаққа да алаң­дап, ортада ары-бері жанұшырған Ақ күшік арқылы сабақтастырып, өзінше тәсіл тапқан. Тасыған өзен көпірді де, көпірден өтпекші Ақ­күшікті де жұлып әкеткеннен кейін, сюжет желісі тұйықталады. Өзеннің екі жағында бірін-бірі сыйлайтын, өкпеге қиса да, өлімге қимайтын екі жас, екі тағдыр қал­ды.
Шығарманы оқи бастағанда, бұл Ақкүшік «не үшін қажет, не бі­тірер екен?» деген түйткіл түрті­нек­тейді. Біраз еңсеріп, Ақкүшікке бой үйренгеннен кейін, «қалай аяқталар екен?» деп іштей «дәу де болса» осы тұстан шығады-ау деп шамалап отырғаныңызда, күтпеген жерден шешім жасалады. Шешім болғанда, повестің көркемдік маз­мұнын түйіндейтін, тиянақ­тайтын көркемдік шешім емес, сюжеттік шешім. Бұл екеуінің «бірлесіп» ке­тетінін де, әрқайсысы өзіндік фун­к­ция атқаратынын, бірақ қалай дегенмен сабақтасып жататынын, бірінің қызметін екіншісі атқаруы мүмкін екенін ескерген де артық емес.
Екі жастың өзегін өртеген өкі­нішін, көмейге кептелген өксігін білдіргенде де, «сараң диірменші Павел, т.б. кейіпкерлердің әрқай­сысын тура мінездегенде де, жанама мінездегенде де, тілдік штрих, детальдар арқылы танытқан да, жазу­шының төгілген тілі риза ете­ді. Іркілдеуден де, тасырқаудан да мүлдем аулақ. Жазып емес, айтып отырғандай әсер қалдыратын ерек­шелігі – басқа  да шығарма­лары­на тән. Осындайда қазақтың баяғы байырғы ауызша әңгіме айту тә­жірибесі еріксіз еске түседі. Шарай топтың ортасында суырылып шы­ғып, көпті өзіне үйіріп, әңгі­менің майын тамызып айтатындар бү­гінде жоқ та шығар. Бірақ кезінде көзкөргендердің айтып, жазып кеткені аз да болса бар. Мәселен, Жам­былдың айтқан әңгімелері повесть, романға бер­гісіз екенін қызыға айтып-жазып кеткен Сәбит Мұқановтың мақа­ласы жадымызда.
Н.Дәутайұлының сөз саптау ши­рақ­тығы мен дәлдігінен, жи­нақы­лығынан ұмытыла бастаған дәстүр ойға оралғанда, көп қа­бат­ты, көп қырлы халықтық-рухани көркемдік  тәжірибенің қайнары­нан еркін сусындағанын көресіз.
Сөз саптауы ғана емес, көрі­ніс­тер, сәттер, ситуациялардың қию­ласуы, басталуы, өрбуі, шиеленісуі мен шешілуі жазу техникасын әб­ден игерген, соның қуатымен қазақ прозасында өзіндік өрнегін қа­лып­тастырған жазушы­ның шебер­лігін танытады.
Аталған повестің арқауы – көп­ке көзтаныс, сахараның қай қиы­рына барғанда да алдан шы­ғатын, айналып өту мүмкін емес қарапайым ауыл өмірінің көрініс­тері. Бір-бірімен селбесіп, күн кө­ретін тіршілік қайда да бар. Бұл туындысында автор белгілі бір мәселе көтеруге ден қойып, кейіп­керлерді соған қарай іріктеп, шын­дық материалын да соған бейімдеп талғаудан аулақ секілді сезіл­ге­ні­мен, сол тіршілік иелерін – тағ­дыр­ларды біресе шырқ үйіріп, біресе қақ­пақылдап, бір арнадан екінші ар­наға лақтыратын күш – заман ағы­сы, қарапайым тіршілік қар­қы­ны екені, сол заман мен тұрмысқа еңсер­мей қоймайтын ықпал – қоғам, мемлекет, саясат үшеуінің басын біріктірген дәуір – уақыт екені ойда тұрады. Бір қарағанда, кәдуілгі табиғи тіршілік ағысы елеу­­сіз ғана сырғып өтіп жатқан сықылды. Қайта қарағанда, қай-қайсысының да сыртқы әлеуеттің – орта, салт, дағды, тұрмыс, т.т. қай­да қашса да құтқармайтын, төніп келіп төңкеріп тастайтын екпініне өзінің көңілі томай, бір бұлқынып, тыпырлап қалатыны, өз ұғымындағы күңгірт өмірден басқа – жарық дүниеге ұмтылғысы келетіні де қылаңытады. Алайда Бекзат пен Қалдыбай да, диірменші Павел мен қырықтардағы әйел Матрена да, «кез келгенге жалпаң­дап, көрінгеннің қолына су құйып өскен» күйеуін менсінбей ажырас­қан уыздай жас келіншек Роза, малтапқыш Өрікайдар да – іштей бұлқынысы булығып жүріп, шаңда бір «бас көтергенімен», үлкен әре­кеттер жасауға, ең алдымен, парасаты, сосын жігері жетпейді. Әр сәт­ті өз көңілін демдеуі үшін пайдалана білуі — әлсіздігі ме, қулығы ма, әлде екеуі қабаттас па, белгі­сіз…

Пейзаж, портрет, диалогтардан жазушы қаламының ерекшелігіне – динамикалылығы, сезімталдығы мен мергендігіне мысалдар қырғын. Бі­рін ғана еске ала кетейік: « – Уймись! – әйел диірменшінің қолын қағып тастады. Бірақ көздері күлім қа­ғып тұр. – Что готовить к обеду?». Осыдан-ақ диірменші шал Павел мен Матренаның  арасын­дағы қарым-қатынас, т.б. сипаттар бір­ден аңғарылады.
Әдетте, көп шығармаларда бас­ты кейіпкерлері табысып, не шабысып, не ажырасып, немесе түрлі хик­мет-хикаяларды бастан кеші­ріп, тартыс, коллизия, сюжет соған қарай өрбіп, небір тайталас, айқас, шиеленіс ширығып жатушы еді. Немесе бай болып, барша мұратына жетуші еді, не марқұмға айналатын. «Ақкүшікте» түк те таңғал­дыр­майтын, әбден жауыр болған жаттандыға айналған қарапайым ғана тіршілік тәрізді. Сол тірші­лік­ке жазушының көзі түсіп еді, си­қырлағандай, жан бітіп жүре берді. Көз алдымызды сан алуан эмоция­лар­ға, бояуларға, сан қилы оқиға, әрекеттерге толы дүние тіріліп кел­ген­де, «е, бопты!» деп, немқұрайды ке­те алмай, байланып қаласыз. Бұ­ған дәлел ретінде мысал келті­ре­тін болсақ, шығарманы басынан аяғына дейін қайта көшіріп шығуға тура келер еді.

Көз алдымызда – әуре тіршілік­тің әуре философиясы. Әркім өз түсінігіне сәйкес ілбіп, өз ойының, ен­ді бірде сезімінің жетегінде. Қа­рекеттері «ұйымдаса», ұлғая, сығы­лы­са келе, әрекетіне апарса, әреке­ті­нің жаңғырығы қарекетіне та­­ра­­лады, ендігі бет-бағдарына әсер ететін импульске айналады. Шын­туайтында ойлана келіп, ең қа­жетті шешім жасауға қай-қай­сысы да құлықты. Алайда, баршаны қақпақылдап әкеткен ұлы ағыс – уақыт, ағыс-қоғам, ағыс – орта­ның ырқымен ығысып, амалсыздың күйін кешу – массаның машақаты, миллиондардың «еншісі» мәж­бүрлігі. Өзге былай тұрсын, тым құ­рыса өз өмірі үшін байыпты қа­дам жасауға белсенділігі кем кейіп­керлер болмыс – тіршіліктің жөң­кілген ағысымен, жаңқадай лақ­­тыратын толқындарымен тай­таласуға әрі еріншек, әрі жүрексіз. Бас қатырып жатпай, «Басқа салды, біз көндіктің» ноқтасына ба­ғыну­ды өзіне қолайлы, оңай өмір сезінеді. Көңілін көншітпейтін жағ­дайға көнгісі келмесе де, көн­дігуге сылтау тауып, өздерін өздері алдап жүрген тірлік иелері. Адам баласы өмір сүрген қай заманда да қалмай, қапталдаса беретін шын­дық бүгінгі күні тағы мөлиіп тұр. Неге? Ашық айтқысы келмей, ас­тар­лап ұсынған автор – бейтарап, оқырманы – куәгер. Бағзыдан бе­л­­гілі өмірдің баяғыдан аян шындығы алдыңызға келгенде, жалтара алмайсыз – жаныңыз ашиды. Көмек­тесе алмайсыз – құдіретіңіз жоқ. Күйі­нішіңіз бен сүйінішіңіз, үмі­тіңіз бен қынжылысыңыз араласып, күпті қылады – тірісіз!..
Бәрін, бәлкім, тағдырға, заман­ға жабуға болар… Абай айтқандай, «замана оны илемек». Белсіздігі емес, ұрпақсыздығы үшін іштей күйреген еркек, қиындықтан қа­жыған, күнкөріс үшін еркектің қой­нына өз «еркімен» баруға мәж­бүр келіншек – бәрі – әрі өз ұғы­мы­­ның, әрі ықпал – уақыттың, ық­пал – тіршіліктің құлдары.
Қазіргі өмірдің осындай қара­ма-қарсылықтары мен қайшылық­тары бүгін ғана ма екен? Заман – қоғамына иліге алмаған, иленгісі кел­меген, Тіршілік – Ағыстың өнім­сіз күйбеңі мен күлді көмеш күй­тіңіне, күнделікті киліккіш ки­тіңіне көндіккісі келмей, маза­сыз­данғандардың да, аласұрған­дар­дың да, арыстандай айға атыл­ғандардың да ақыр бір күні қуаты қожырап, барып-барып таусылған шақтағы айтатын «арман-айы» мен «жалған-айы» жанына жалын шашып, күйдірмеуші ме еді?! Шарасыз күңіренгендер мен күйінішін біл­дірудің жолын таппай, жағдай­дың мәжбүрлеген естанды пенде­сіне, ырықсыздан уақытша миғұла – есуастарға, еріксіздерге – адамзат комедиясының кейіпкерлеріне айналғандар қайда да қашан да күн кешкеніне басқаның бәрінен бұрын ең алдымен әдебиет айғақ.
Ендеше «Ақкүшіктегі» шындық – кешегі шындық – өткеннің то­заңы­ның астында тұншығып жа­сы­рынбай, Өмір деген сәуленің кө­леңкесіндей қашанда қалмай іле­сіп келеді. Қалай ұғынады, қ­а­лай байыптап, бағалайды – әркім­нің өз қалауында. Автор белсеніп араласпайды, анадайда – аулақта.
Алпысыншы жылдардағы қа­зақ прозасында кеңес өмірінің сал­танатына, кезең идеологиясына кө­бірек мән беріп, көлеңкелі деген­нің барлығын – іс-әрекет, оқиға, сәт, сан қилы қатынас, т.т. жарқын болашаққа – коммунизмге шеру тартқан аршынды адымдарға тұсау, игі беталысқа кедергі, ілгері бас­қан­ды кейін тартқан кертартпа делінгені, ал қайшылықтар, келең­сіздіктер жеке адамның өзіне ғана тән кемшіліктер ретінде назарға алынғаны мәлім. Жетпісінші жыл­дардың соңына қарай, сексенінші жылдары әлгіндей «көлеңкелер» мен «көлеңкелілік» енді бұрынғы­дай ескінің қоғамдағы сарқыншағы, қарақан бастың қамынан аса алмайтын күйкілік деп қана емес, заманның қоғамның олқылығы, өзекті мәселесі ретінде бейнелене бас­тады. Жеке басқа табынушы­лық­тың зорлық-зомбылығын өз көздерімен көрген, бертінгі қорлы­ғын да бастан өткерген, жүректері шайлығып, беті қайтып қалған аға буын өкілдері мәжбүрлік салдарынан сақтана сездіріп, абайлап аң­ғарт­қан ақиқаттардың астары енді осы жылдардағы Н.Дәутайұлы сияқ­ты жастар прозасында жаң­а­ша, айқынырақ сипат алды. Әлеу­мет­тік, адамгершілік, қоғамдық мә­селелер ашығырақ, батылырақ көрінуге бет бұрды. Шаруашылық­тағы олқылықтар, жеке адам мен ол араласқан ортаның ахуалы, «ауа райы» енді әлеуметтік-қоғамдық шындық, мәселе ретінде, өмір жаң­ғыртқыштық әлеует-арна немесе бері тартудың орнына кері тар­тудың сынға алынуға тиісті мысалдары мен құбылыстары ре­тінде байыпталуға ойысты.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қызыл тілден кісен алынып, поэзиямызда, прозамызда қыруар жаңа эксперименттер жасалды. Рас, бұл процесс әзірге толық та лайық­ты бағасын алған жоқ… Несіпбек Дәутайұлының аталған кі­табына кеңес дәуірінде жарық көр­ген шығармалары да енге­ні­мен,басым көпшілігі – тәуелсіздік кезеңінің жемісі. Бұрынғы прозамызда майын тамызып, әңгімелен­бейтін эротика, маскүнемдік, жем­қор­лық, ойнасқорлық, жезөк­шелердің тіршілігі, кісілігінен айрылған әке мен ұл, т.т. жазушы­ның сергек қаламы объективті ұлы өмір ағысының жиіркеніш тудыратын сұмдық сорақылықтарын ды­рылдатып көз алдымызға әкеледі.

Бұрындары прозамызда еміс-еміс елес беріп, орағытып өтетін, не­месе емеурінмен емексітіп, тар­тыныңқырап жұмбақталып, тор­ғын перденің аржағында толықсып тосатын, нәзік ибамен, жұмсақ қылығымен қытықтап, ынтығын жасыра алмай ишаралайтын эротика Н.Дәутайұлы туындыларында кейіпкердің көңіл-күйін, психологиясын ашатын эмоциялық, ло­гикалық кілт, бояу, сонымен бірге психологиялық мағына-ас­тарға, сюжет желісіне әсер ете алар­лық эмоциялық-эстетикалық бір­лікке айналып, неғұрлым аулақ­тасаң, соғұрлым ынтықтыратын жа­ратылыс тылсымы, өмірлік та­биғи қажеттілік, эмоциялық маз­мұн ретінде ишаралап икемдеуге бейім, дербес бостан көркемдікке ұла­сады. Мұндай деңгейге жет­кізетін, әрине, автор қаламының қуаты, шеберлігі. Сидаңдаған, сумаңдаған, салаңдаған мазмұндау емес, кестедей кербезделіп, келі­сі­мін тапқан кестелі тіл, өзара са­бақ­тасқан интонация, алға жетелей бе­ретін, жалықтырмай үйіретін ыр­ғақ – ізденістің, шеберліктің дәлелі. Бұрын көрмеген кісі – кейіп­керлер, бұған дейін көзімізге «көркемделіп» көрінбеген қарым-қатынастар арқылы ішіміз сезіп, білсе де, айызқандырып айтылма­ған өмірдің сырлары көңіл күйі мен қарапайым тіршілікке әсер ете алар­лықтай сиқырлы жан мен тән жарасымының табиғатын ай­қын­дайды. Олай деп те, былай деп те айтуға желеу-сылтау бергенімен, эро­тикалық бояулар Несіпбек Дәуі­тайұлы прозасының қазақ әде­биетінде ерекшеленетін өзіндік си­п­аттарының бірі деп айтуға керек.
Табиғи түйсіктердің жұмбағына жауап іздегенде, жазушының қа­ламы сол әлемді барлау мен шарлау­дан бас тартпайды, індете іздеп, біл­мей қоймайды, сол білгеніне илан­дырмайынша, бір кідірмейді. Кі­дірмейтіні – мүдірмейді, іркіл­мей, шегінбей, діттеген нысана өріне шыққанша, өршелене түседі. Бүгінгі өмірде кездесетін кем­ші­лік­­тер, жанға батқан өзекті мә­се­ле­лер десеңіз де, әртүрлі образ ха­рак­терлер десеңіз де, тосын ше­­шімдер жасау тапқырлығы, шы­ғармаларының динамикалылығы десеңіз де, бәріне де мысал жетіп ар­тылады. Қаламгер жазатын бас­қа ештеңе таппағандай «алысқа» баруға ерініп, айналасындағы, немесе барған-көрген, жүрген жерле­рін­дегі көзі шалғанды қалам-шал­ғы­сымен шауып, бөкеске сала бер­ген сияқты әсер етуі де мүмкін. Б­ірақ қаламгердің құпиясы – те­рең­де.
Адамды пенде ететін, пендені адам қылатын, оқиға -әрекет түгіл, бел­гілі бір сәт, мезеттің өзі адамды ширатып, шынықтыратын, ома­қастырып ойсырататын, бір отқа, бір суға салып, естен тандыратын, есін жиғызатын – тылсымға бара бар Тіршілік атты ғажайып әлем. Адамды сан тұрғыдан, түрлі ра­курс­тан көруге, танытуға таптырмас тап­жылмас алаң-майдан екенін ерік­сіз сезіндіретін. Бір кез­дегі мә­кең-малсекеңдерден бастап, кейін­гі Көрбай, Ботабай, Өрікай­дарларға дейінгі аралықтағы ке­йіпкерлер – образдар – тағ­дырлар адамзат өр­кениетінің қай кезеңінде де бар, айырмасы – әрқайсысы өз дәуі­рі­нің, өз ортасының «құмы­рс­қа­лары» мен жаяу-жалпылары, жан­себілдері мен жалмауыздары.
Бұлардың барлығы жиыла келгенде, адам шіркінді қапысын қал­дырмай тану мен таразылауға же­телейді. Жазушының осы ың­ғай­дағы өмір зерттегіш белсен­ді­лі­гін, суреткерлік сергектігін былай қойғанда, сол сұмпайысы мен сыпайысы, адалы мен алаяғы, сай­қалы мен саңлағы ию-қию араласып, быжынаған тірлік иелерінің барлығы да, ең алдымен, адам атты әулеттен екені, барлығының дерлік өз еліміздің азаматы, бәрінің де қазақ екенін қаперінде ұстайты­нын, көргені көңіліне сыймағасын жазуға, айтуға мәжбүрлігін ескергенде, адамға деген қалтқысыз ықы­лас, құрметтің өшпей, үнемі қоздап жататынын аңдайсыз. Адам­ды таныту, сол арқылы талдау не­месе талдау арқылы танытуға келгенде, кейде қатал, кейде қаты­гез сезілсе де, түптің түбінде жана­шыр­лықтың толғануға бейім­дел­гені  аңғарылмай қалмайды. Не өзі, не ой-сезімі тыпырлап, тыныш таппайтын адам арқылы қашса, құт­қармайтын, құрсауға алса, құл­диға жіберетін тапжылмас қамал-қоғамды, осы қоғам арқылы болға­нына болпы, толғанына мәз, өзім­­шілдігі ерен, өзгеге керең немесе байыбы уайымға, уайымы ұмты­лысқа бастаған адамды ұғыну өмірлік міндетіміз, әрі тіршілі­гі­міз­дің қажеттілігі екенін, онсыз өмір­де өрлеу жоқтығын сан түрлі ситуация-оқиға, ситуация-сюжет, психология-ситуациямен бетпе-бет кел­тіріп, мөлдіретіп суреттеу – қо­ғам мен адамның өзін өзіне таныту. Бұл асқарға жететін қалам­герлер сирек. Олай болса, бүгінгі айтулы жазу­шы, жетпістің асқа­рына ал­қын­бай жеткен Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығы – дәуір шындығының шежіресі.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ.

ПІКІРЛЕР1
Жанысбек Арыстанбеков 09.04.2018 | 18:18

Несіпбек Дәутайұлы — өте керемет жазушы. Шығармаларын іздеп жүріп оқисың. Былтыр облыстық бір журналдан бір хикаятын оқып едім. Сол хикаяттың жалғасын таппай қалдым.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір