Білімді қоғам – бәсекеге қабілетті қоғам
Лаура ДӘУРЕНБЕКОВА,
Назарбаев университетінің доценті,
филология ғылымының кандидаты
Сапалы білім алу – заманның талабы мен сыны.
Білім мен ғылымға қатысты көзқарас пен ұстаным әр ғасырда эволюциялық дамуды бастан өткеріп келеді. Ғасыр талабына сәйкес білім нарығында мықты бәсекелес көп. Заманалармен бекіген дәстүрлі кәсіп күрделі өзгерістерге ұшырап, жаңа мамандықтар легі жылдам көбеюде. Демек, білім алу, ЖОО-да оқуға қатысты көзқарастар да өзгеше. Қазір білімді адамның сипаты үлкен мазмұнға ие. Осы орайда сол мазмұнға лайық маман иесіне білім беруді көздеген Назарбаев университетінің іс-тәжірибесі жайлы сұхбатымыз биылғы жылғы түлектерге де ой салар деп ойлаймыз…
– «Баламды медресеге біл деп бердім» деген Абай заманынан бері қарай жылжысақ, бүгінгі ата-ана және түлектің өзі жоғары білім беретін оқу орнын таңдағанда, ең алдымен қандай жайттарға көңіл бөлуі керек деп ойлайсыз?
– Бүгінгі ата-ана баласының болашағы жарқын болуы үшін мамандық таңдауда қателестірмеуі керек. Көбінесе әкесі, не шешесі өмірде өзінің қолы жетпеген арманына баласының жеткенін қалайды да, әлі оң-солын тани алмаған баланы шатастырады. Әке-шешесінің қалауымен мамандық таңдаған бала өмір бойы қоғамнан өз орнын таба алмай жүрері анық. Сондықтан да балаға жоғары сыныпқа көшкеннен бастап, қоғамға қажетті мамандықтардың қыр-сырымен таныстырған абзал. Яғни оқу орындарына бағыт бере білу керек. Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында арнайы мектеп бітірушілер үшін «ашық есік» күндері өткізіліп жүр. Онда абитуриенттер әрбір мамандық бойынша ақпараттар ала алады. Кейбір оқу орындары аудандарға арнайы барып, оқушылармен кездесу ұйымдастыруда. Бұл, әрине, бала ойына түрткі болар құптарлық іс. Қызығушылығымен таңдаған мамандығына барған бала болашақта да өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын тұлғаға айналары сөзсіз. Бір қуанарлығы, «балам оқысын, қайтсем де баламды оқытуым керек» деген ұғым қалыптасқан. «Оқымаса да екі қолға – бір күрек табылады» деген түсінік жойылған деуге болады. Демек, қазіргі кезде қоғамда бәсекеге қабілетті болу үшін білімді бәрінен де биікке қоя білетін дәрежедеміз.
– Тәуелсіздік алғаннан бері білім және ғылым саласы көп реформаға ұшырады. Осы өзгерістер еліміздегі ЖОО сапасының жақсаруына әсер етті ме? Назарбаев университетінің мысалы аясында сондай өзгерістердің бірқатарын айтып берсеңіз.
– Жаңа реформаның аясында елімізде жоғары оқу орындарының көшбасшысы Назарбаев университеті бой көтерді. Бұл оқу орнын білім мен ғылым әлемінің көкжиегі десек те болады. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, халықаралық академиялық стандарттарға сай университет – білім сапасының жақсаруына ерекше әсер етері сөзсіз. Мамандықтарды айта кетсек: жоғары бизнес мектебі, жоғары білім беру мектебі, жоғары мемлекеттік саясат мектебі, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі, медицина мектебі, ғылым және технология мектебі, инженерия мектебі. Ескере кететін бір жайт, мамандықтар факультет емес, «мектеп» деп аталады. Оқу ағылшын тілінде жүргізіледі. Студентке академиялық еркіндік берілген. Демек, студент оқу жылының басында мамандығына сай міндетті пәндерді қай семестрде оқығысы келеді – өзі таңдайды. Бірінші, екінші курстарда пәндерді көбірек оқып, жоғары курста диплом жұмысымен айналыссам дейтіндер бар. Немесе жаздық демалыс күндерін қысқартып кейбір пәндерді аяқтап тастасам деп жоспарлайтындар да бар. Таңдау өз еріктерінде болғандықтан, отандық басқа оқу орындардағыдай курс-курс болып оқымай, жоғары курс пен төменгі курс сабақтарда аралас отырады. Жақсы жағы студент кезінен-ақ, бала алға талпынуға, мақсат қойып, сол мақсатқа жетуге ұмтылуға қалыптасады. Жоспарлауды үйренеді.
Назарбаев университетінің студенттері білімге, ғылымға құштар. Университет аяқтамай жатып, ғылымдағы нәтижелерін көрсетіп жатыр. Студенттер шет елдерде өткізілетін түрлі конференцияларға, жобаларға қатысып, гранттар ұтып алып, білімдерін шыңдай түседі. Оқуды аяқтағаннан кейін де олар АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа, Азия елдерінің белді жоғары оқу орындарында магистратура, докторантураға білімдерін жалғастыру барысында еш қаймықпай, психологиялық тұрғыда дайын болып барады. Басқа мемлекеттердің ғылымдағы тәжірибесімен танысып, пікір алмасудың студент үшін қаншалықты маңызды екенін осы университетте дәріс оқыған сәттен бастап сезіндім.
–Назарбаев университетінде кімдер оқиды? Еліміздің жоғары оқу орындарымен салыстырғанда, оқуға тапсыру ерекшеліктері қандай?
– Бір қуанарлығы, университетте ауылдан шыққан қарапайым қаракөз балаларымыз көп. Осы арада олар «ағылшын тілін қалай, қайдан үйренген» деген сияқты сұрақтар туындайды.Өңірлердегі Назарбаев зияткерлік мектептері, білім және инновация мектептерінен келген балалар үшін ағылшын тілін жақсы меңгергендіктен, университетке түсу жеңілірек болады. Арасында орта білім беретін мектептердің де бітірушілері бар. Олар көбінесе өз еркімен, репетиторлардың көмегімен ағылшын тілін меңгергендер. Абитуриент алдымен даярлық мектебіне (Foundation)емтихан тапсырады. Бұл орта мектепті аяқтаған және жоғары академиялық әлеуетке ие студенттерге арналған бір жылдық базалық курс. Мұнда университеттің бакалавриат бағдарламаларына дайындық жүргізіледі. Курсты оқудың маңызы өте зор. Баланың ағылшын тілі жетіледі, ағылшын тілінде лекция тыңдап көзі, құлағы үйренеді. Сондай-ақ, мамандық таңдауға да зор мүмкіндіктер ашылады. Жалпы, университетке тапсыру үшін nu.edu.kz сайтынан толық ақпарат алуға болады. Тағы бір ескерте кететін жайт, талапкерлер университетке қыс, көктем мезгілдерінде тапсыратындықтан, кез келген абитуриент алдымен осы университетке бағын сынап көруіне болады. Ал жаз айында еліміздің басқа оқу орындарына ҰБТ тапсыра алады.
– Өмірін ғылымға арнайтын студент жастарды тәрбиелеу, ғылымға бағыттау ісі бүгінгі таңда қалай жүргізіліп жатыр?
– Назарбаев университетінің студенттері білімге, ғылымға құштар. Университет аяқтамай жатып, ғылымдағы нәтижелерін көрсетіп жатыр. Студенттер шет елдерде өткізілетін түрлі конференцияларға, жобаларға қатысып, гранттар ұтып алып, білімдерін шыңдай түседі. Оқуды аяқтағаннан кейін де олар АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа, Азия елдерінің белді жоғары оқу орындарында магистратура, докторантураға білімдерін жалғастыру барысында еш қаймықпай, психологиялық тұрғыда дайын болып барады. Басқа мемлекеттердің ғылымдағы тәжірибесімен танысып, пікір алмасудың студент үшін қаншалықты маңызды екенін осы университетте дәріс оқыған сәттен бастап сезіндім. Сондықтан да Қазақстанның басқа оқу орындарының студенттеріне де осындай мүмкіндіктер жасалса деген тілек бар.Президентіміз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті» деген болатын. Демек, жастарды ғылымға бағыттауды ерте бастап, өзгенің озық жетістіктерін қолмен ұстап, көзбен көрсетудің тиімді жақтары көп.
– Гуманитарлық ғылымдарды игеру бізге онша қиындық тудыр-майды деген түсінік бар. Жалпы, сол түсінік-таным дұрыс па? Бүгінгі таңда гуманитарлық салада еңбектеніп жүрген ғалымдарымыздың еңбегі қазақстандық ғылымды қаншалықты биікке көтерді?
– Қайсы ғылымды алсақ та, қиындық тудырмайтыны жоқ. Мынау оңай, мынау жеңіл деп бөле алмаймыз. Рухымызды жаңғыртатын, патриоттыққа көш бастайтын – гуманитарлық ғылым. Қазақ Ұлттық университетінде білім алдым. Нағыз әдебиеттанушы, тілші ғылым корифейлерінің алдында дәріс тыңдадым деп мақтанышпен айта аламын. Осы ғалымдардың еңбегі маман дайындауда, ғалым дайындауда пайдаланылып жүр. Әлі де пайдаланылады. Ағылшын тілі заман талабы десек те, қазақ тілінде жазылған іргелі ғылыми еңбектерімізді, ғалымдарымызды сызып тастай алмаймыз. Қайта олардың еңбектерін ағылшын тіліне аудару арқылы әлемге таныламыз.
– Назарбаев университеті студенттерінің ортақ портретін жаса десе, оларды қалай бейнелер едіңіз?
– Назарбаев университетінің бүгінгі студенттері болашақта еліміздің көркеюіне үлес қосатын, үш тілді меңгерген бәсекеге қабілетті, еңбекқор, алдына қойған мақсатына жетуге ұмтылатын интеллектуалды көшбасшы тұлғалар болып шығады деп батыл айта аламын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.