Разылық сөздің беташары
30.06.2017
1748
0

«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан». Дәл осынау өлшем өркөкіректеу де өршіл Өмірдің мөр-таңбасындай әсер ететіні бар. Өйткені, Уақыт бір орында тұрмайды, қоғам дамиды, түрленеді, өзгереді. Өзгерген сайын мазмұн жағынан баи түспек. «Ел қамын жеген Едігелер» мен «еңіреген ерлер» дәуіріндегі сан түрлі уақиғалар, жорықтар мен ерліктер мына заманда ертек секілді қабылдануы мүмкін. Себебі, Біз сенім мен нанымнан айырылып бара жатқандаймыз.

Ал сенім сетінеген жерде кім серке, кім ерке екенін ажырату да қиын. Тарихқа ой көзімен қарасақ, мемлекетті бас­қару формасы, саяси режимдер түрі көп болғанын аңғарамыз. Айталық, автократия, анархия, аристократия, бюрократия, геронтократия, демократия, деспотизм, диктатура, фашистік диктатура, ұлттық диктатура, матриархат, меритократия, монархия, абсолюттік монархия, т.б. саясаттың маңызды бөл­шегі. Дегенмен, ел есінде саяси жүйеден гөрі, хас «шахматшы» – сұңғыла саясаткердің, ұлты үшін жанын қиған ұлдың, қол бастаған баһадүрдің, қара қылды қақ жарған әділ де адал би-шешеннің, ел басқару ісіне бел шеше араласқан алыптардың аты мәңгілікке сақталатыны хақ. Бұл күмәнсіз. Күмәнсіз болуының себебі – сенімнің күшті болуында. Хан да, қара да Құдай алдында тең. Бұ жалғаннан ең бай па­й­ғам­бар Сүлеймен де, ең кедей пайғамбар Ғайса да, бұ дүниеден ең ұлы патша Ескендір Зұлқарнайын да, ең қатал патша Ақ­сақ Темір де өткен еді. Адамзат баласы неге Жаратушыға ғана табынады?.. Тәңір-Тағаланың мұғжиза-кереметі сонда, Ол біреуді алаламайды, бөліп-жармайды да. Бәрін бірдей көреді. Сонысымен де Ол – Алла…
Әр мемлекет басшысының елінің, жерінің, халқының тарихына орай басқару әдіс-тәсілі болмақ. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев туралы сөз бөлек. Ұлтымыз үшін өте қиын делінген XX ға­сыр­дың саясат сахнасында санасаң санынан жаңылысар көптеген дүниелер орын алды. Ал қазіргі геосаяси ахуалдың қазаққа қатысы жоқ деп тағы айта алмайсыз. Аумалы-төкпелі кезеңде «өгізді де өлтірмей, арбаны сындырмаудың» қамын ойлаған әрбір көшбасшы іштей құрбандыққа баруға дайын жүретіні белгілі. Елішілік татулық, бірлік қана емес, сабыр­лық пен тәубешілдігіміздің арқасында аман-сау отырмыз. Көрші Қырғызстан, Гүржістан, Украина мен алыс­тағы Ауғанстан, Сирия – Шам еліндегі ауыр жағдайларды жауға да тілемейміз. Бәрін саралап, салмақтай келе айтарымыз, Елбасы халқының құрметіне бөленген тұлға екені рас. «Патша – Алланың жердегі көлеңкесі» деп өскен халық аузынан: «Көш басшысы жоқ ел оңбайды, құралай бастаған киік оң­бай­ды» деген мақалды естуіңіз де табиғи нәрсе. Ендеше, бү­гінгі «Желқазығымыз» Президентіміздің бітім-болмысына арналып отыр.
Әлібек Байбол.


Серік ЕСЕНТАЙҰЛЫ,
философия ғылымының докторы, профессор

Халық көңіліне сенім ұялату басшыға міндет

Кез келген мемлекет басшысына, көрнекті тұлғасына нағыз шынайы бағаны тарихтың өзі уа­қыты келгенде беретіні белгілі. Әрбір адамның іс-әре­кеті бірыңғай жетістіктерден тұрмайды, ол не­гізінен қиын соқпақ­тардан өтуден, өзін-өзі сарап­таудан, кемшіліктерді түзеу­ден, алға қарай ұм­тылудан тұрады. Қалайда бола­шаққа деген нық сенім­ді қоғамдық санада орнықтыру, ол сенімнің алдымен мемлекет басшысы өзінде болуы маңызды. Сенім – көшбасшы үшін нағыз керек қасиет еке­ніне дау жоқ. Ол жағынан алғанда, Елбасымыздың оптимистік ұста­нымдары мен бағдары бүгінгі таңда кімге болса да демеу болатыны анық.
Еліміздің болашағына деген халықтың сенімін орнықтыру үшін қан­шама қадамдар жасалғаны да белгілі. Әрине, кез келген коғамда қанша аза­мат болса, сонша пікір болуы мүмкін. Әркімнің үйлесімді, бақытты қо­ғам туралы ойы әр­қилы болып келері анық. Қоғамды жетілдірудің, өркендетудің басқа сценарийлерін жақтаушылар да кездеседі. Дегенмен, өмірдің жақсы жақтарын бағалай білу де маңызды. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі Қазақстанның жай-күйінің қанша проблемалық тұстары болса да, түбегейлі мәселелерге келгенде, әсіресе, еліміздің іргесі берік, қоғамымыз біртұтас болғандығымыз маңызды екенін ұмытпаған жөн. Келешек ұрпақ өз шамасы жеткен жерде бағалауларын беріп жатары анық. Ең негізгісі, на­ғыз рухани құндылықтарды бағалай алатын, адамның рухы мен таби­ғатына не қажет екенін білетін қауымдастықтың келгенін оң бағалауы тиіс деген ойдамын.


Айнұр Көшекова,
ҚазМемҚызПУ «Қазақ әдебиеті» кафедрасында қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, филология ғылымының кандидаты

Көшбасшысы жақсы болса…

Астананың көркейген бүгінгі кел­бетіне қарап отырып, Қазақ елі бұ­дан бұрын қандай ел болды, бү­гін­гі мамыражай уақытқа қалай қол жеткіздік деп ойлап, қазақ елінің сан ғасырлық тарихын көз ал­дымнан кино лентасындай өт­кізіп отырмын. Көзді ашып-жұм­ған­ша Қазақстан жиырма бес жыл­дан астам уақыттан бері Тәуел­сіз ел болып, іргесі мығым, бо­ла­ша­ғы кемел, төрт қиырындағы ел­дер­мен өз шекарасын белгілеп, өз ір­гесін нақты қалап алған, алыс-жақын шет елдердің барлығымен дипломатиялық, ішкі-сыртқы саяси тұрақтылықты реттеп, түрлі эко­номикалық, әлемдік маңызы бар іс-шаралардың басы-қасында жү­ретін, аса заманауи бағытта қа­рыштап дамып келе жатқан мемлекет ретінде қалыптасып үлгерді.
Бұл елге қызмет етудің өзгеше үлгісін қалыптастыра білген Ел­ба­сымыздың еңбегі. Қазақ Алланың ша­рапатына ие болған халық. Өйт­кені, Алла Тағаланың өзі елін, же­рін алға сүйреп, қазақтың сан ға­сырлық тарихына қайта жан бі­тіріп, сол тарихты бүгінгі жаһан­дану дәуірінің тірегі ете отырып, өрісі кең, жаңа замандағы жаңа Қа­зақстанды құра білетін адамды біз­дің арамызға қазақ халқын бас­тар көшбасшы ретінде жіберіп отыр. Хадисте «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заманда өмір сүретін адамдарға әр таң сайын бү­кіл нығмет атаулының есігі ашық болады» деп жазылғанын ес­тіген едім, Аллаға шүкір, дәл қа­зіргі біз­дің қоғамымыз осындай жағ­­дайда тұр, біз таңертең ұй­қы­мыз­дан «бү­гінгі бір күндік тама­ғым­ды қа­лай табам, не болмаса бү­гін қай жерде жа­рылыс, атыс-ша­быс болып ­қала­ды екен» деген се­кілді жаман ой­ларды ойламай оянамыз. Бұған тұ­тас бір халыққа бас­шы болып отыр­ған Елбасы жә­не оған мойы­нұсынған халқы се­бепші деп білемін. Өткенге үңіле оты­­рып, бүгінгі тыныш зама­ны­­мыз­дың қадірін біле түсеміз.
Басшы мен оның халқы туралы Құ­ранда көп айтылады. Мәселен, «кім­де-кім өз жеріндегі сұлтандарға жә­­не ілім иелеріне мойынсұнса, ол ха­­лықтың арасынан берекет нығ­меті кет­пейді» делініпті, яғни ара­ла­рың­дағы Алланың қалауымен бол­­ған басшыларыңды сыйлаңдар де­гені ғой.
Әлем ғұламаларының өзі мойындап отырғандай, басшыларына бағынбаған халықтың тоз-тозы шық­қан. Мысалы, алысқа бармай-ақ, өзіміздің қазақ халқының арғы-бергі тарихына үңіліп қарасақ, әлем тарихында Мөңке Темір хан­ның тұсында саяси тәуелсіздіктің то­лық қамтамасыз етіліп, оның орыс кня­зьдеріне өз қолынан жар­лық беріп, батыс аймақта тыныш­тық орнат­қа­ны келтірілген. Сон­дай-ақ, Мөң­ке Темір хан 1269 жы­лы Талас өзені бойында өткен құрыл­тайда Жошы, Шағатай, Үге­дей ұлыстары арасын­дағы алауыз­дықты тоқтатуға ықпал етті. Мөңке Темір хан Алтын Орданы өз билігі тұ­сында бір орталықтан бас­қа­ры­латын күшті мемлекетке ай­налдырды. Сол уақыттағы ел аста­­на­сы Са­рай­шық қаласы да тез да­­мып, мә­дени-саяси орталыққа айнал­­­ған.
Мөңке Темір сияқты біздің Ел­басымыз да қазіргі кезде өзара алауыз болып жүрген елдерді та­быс­тыруы, еліміздің шет мемлекеттермен ынтымақтастықты арт­тырып, біздердің сапалы білім алуы­­мызға бар жағдайды жасап беруі оның парасаттылығының, кө­ре­гендігінің айғағы деп біле­мін.


Әйіп ЫСҚАҚОВ, биология ғылымының докторы, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының бас директоры. Ғылым және коммерциаландыру бойынша халықаралық кеңестің мүшесі.

Халқымен бірге жасаған Елбасы

«Президент дегеніміз – өз елінің тәрбиелі тұтқасы»
(Ж. Аймауытов).

Елбасымыз туралы талай айтылып та, жазылып та жатыр, әлемдік деңгейде өзінің лайықты бағасын да алды. Бұл түсінген адамға бүкіл ұлтымыздың абы­­ройы. Әлем державалары басшылары түскен сурет­терде алдыңғы қатарда қақ ортада Қазақтың ұлы тұрғаны бәрімізге мақтаныш болды. Тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесінен қазақ тілінде сөз сөйлеген де біздің Елбасымыз. Мұн­дай мақтанатын нәрселерімізді тізе беруге әб­ден болады. Құдайға шүкір дейміз.
Өткенге көз жүгіртсек… Өткен ғасырдың сексе­нін­ші жылдары Мәскеу қаласында Н.Вавилов атын­дағы Жалпы генетика институтының аспирантурасында оқып жүрген кезімде елде не жаңалық болып жа­тыр деп елеңдеп жүретінбіз. Бірде газеттен Қазақ­стан Коммунистік партиясының саяси бюросының жаңарған құрамымен танысып отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың суретіне көзім түсіп, билік­ке жаңа толқын келгенін сезгендей бол­дым. Кейін егемендік алып, тұңғыш президентімізді сайлау ке­зінде бәріміз бірауыздан жас, жігерлі сая­саткерді қолдап, үмітімізді Назарбаев тұлғасымен байланыстырып, үкілеген едік. Одан бері небір замандар өтті, үмітіміз ақталып, Қазақстан әлем таныған еңселі ел болып қалыптасып келеді.
Жақсы халыққа жақсы басшы лайық. Қазақтың әрбір шаңырағында айтылатын тілек алдымен елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілеуден басталады. Өйткені, отбасының берекесі де, дастар­ханы­ның молдығы да осыған тікелей байланысты. Елі­міз­дің аман, жұртымыздың тыныш болуы халық пен билік арасындағы бірлік пен ынтымаққа негізделген сындарлы саясатқа негізделген. Еліміз өз алдына же­ке, тәуелсіз ел болып қалыптасып келе жатқан сәт­тен бастап, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен мемлекетімізде жүзеге асып жатқан осындай басшылықтың куәсі болып ке­леміз. Президентімізді халқымызға жақын қыла­тын оның ұтымды саясатымен бірге, жеке тұлғасы­ның сұңғыла қасиеттері. Әлі есімде, 1999 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің 70 жылдық мерейтойына қатысып, университет ұжымымен қоштасып жатқан сәтте, қазақтың келген қонағына айтатын «келіп тұрыңыз» деген сөздерді ешкім айтпағанын байқап қалған Ел­басымыз артына бұрылып карап «келіп тұрайын ба?» деп бәрімізді ұялтқаны бар. Осы қалжыңымен бірге өзінің халыққа қаншама жақын екенін көрсетті.
Жақсы басшыға лайық жақсы халық болу керек, яғни еліміздің мықты болуы тек мықты басшыға ғана емес, сондай-ақ, ынтымақты мақсат тұтқан білімді де білікті халыққа байланысты. Осы жолда елімізде қаншама игі істер атқарылып жатыр. Мысалы, жаңа заманға лайық мамандар дайындаудың тамаша бағдарламалары жүзеге асып келеді, ауыл шаруашылығын көтеруге қаншама көмек беріліп жатыр, халықаралық ұйымдармен бірлесіп елімізге жаңа технологиялар мен білімдер әкелінуде. Осы істердің ортасында өз үлесімді қосып жүргенімді қуана отырып айтқым келеді. Біздің мақсат – халықты осы бағытта жұмыс істеуге жұмылдырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізу. Келешек ұрпаққа іргелі дамыған ел қалыптастырып, аманаттауымыз керек. Келесі ұрпақ шығатын баспалдақтар одан ары биіктерге бастай берсін десек, Елбасымыз жүргізіп жатқан игі істер, сындарлы саясат аясында топтасып, болашаққа жасампаздықтың жарқын үлгілерін қалыптастырып қалдыруымыз керек.


Дәрмен СМАЙЫЛ,
Ұлттық журналистік зерттеу орталығының жетекшісі

АСТАНАНЫҢ БҮКІЛӘЛЕМДІК КІТАП АСТАНАСЫ БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫН

Қазіргі Қазақстан қоғамын­да 6 шілде – Астана күні ме­ре­кесі жақындаған сайын кезінде сол бір сыңарезуленген, әбден тап­таурын болған әңгіме жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қап­тайды. Ол – Астананы көшіруге қарсылық таныт­қан­дар мен оның болашағына ешкімнің сенбегені туралы бұрынғы құр даурықпа дүние жөнінде еске алу. Бұл қаузаудың не қажеті бар?! Көп шайнаған қазының кеткен дәмі секілді етпей, осыны доғаруымыз керек. Ме­ніңше, аңыздан ақиқатқа айналған Астананың бо­ла­шағы, оның өркендеуіне қатысты құнды пікірлер айт­қанымыз абзал.
Тарихи шындық, бір кездегі Есіл өзенінің бойын­дағы қамал дүние жүзіне есігі мен құшағын айқара аш­қан ғаламдық шаһарға айналды. Күннен-күнге оның қойыны ел тарихындағы маңызды шешімдердің қабылдануында алтын әріптермен жазылатын ғаламат оқи­ғаларға, өскелең ұрпақты мақтаныш сезімге баули­тын құнды­лық­тарға толғанның үстіне тола бермек. Тәуел­сіздік тірегінің негізі Бас қаланың әлі алда бұдан да атқаратын, бас болатын игі істері жеткілікті.
Солардың бірі – биылғы ЭКСПО-ның астанасын мен алдағы жылдарда Бүкіләлемдік Кітап астанасы ре­тінде көргім келеді. Әрине, бұған Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматының да мүмкіндігі зор. Бірақ Астана да оған бірден-бір дәулескер бола алатыны сөзсіз. Өйткені, рухани құндылықтарды дамытуда оның ролі өте жоғары.
Бүкіләлемдік кітап астанасы болудың астарын не жатыр? Ол – ЮНЕСКО-ға мүше барлық мемлекеттер арасында, яғни жаһандық деңгейде ұлттық әдебиетті таныту, оның түрлі тілдерге аударылуын қамтамасыз ету, тілі мен ділін насихаттау, кітап оқытудың әлемдік үрдістерін иегеру, кітап ісін дамытудың тың идеяларына иелік ету, руханияттың алтын құрсақты қаласына айналу, т.б. деген сөз. Осының нәтижесіне Астана әлем шең­берінде кітап оқу мен сауаттылықты, білім мен мәдениетті дамытушы ел ретінде ұлтымызды жер жүзіне танытып қана қоймай, өзінің ұлттық рухани дүниелерін кеңінен көрсете алар еді. Мүмкін, әдебиет саласындағы болашақ Нобель сыйлығының иегерлері де қалыптасар…
Елбасының «Кітап оқығандар компьютерде отырғандарды басқарады» дегені бар. Түптің-түбінде біз осыған келеміз. Сондықтан Астананың алдағы күндерде де мерейі үстем бола беретініне сенім мол. Ел игілігі үшін жасалған тарихи шаралармен тамыры тереңдей түсетін Елордамыз әлі талай рухымызды ас­қақтататыны анық.


 

Рамазан САЛЫҚЖАНОВ,
әлеуметтану ғылымының кандидаты

Елбасы – Тәңірдің ұлтқа сыйы

Елімізде соңғы жылдары тұ­рақ­ты түрде өткізілетін социо­ло­гиялық зерттеулердің нәтижесі және респонденттердің пікірі бойынша мемлекет басшысының беделі, оның қызметі әрдайым жо­ғары бағаланып келеді. Демек, халық осы кезге дейінгі жетіс­тік­терімізді Елбасының еңбегі, ішкі жә­не сыртқы салиқалы саясаты­ның жемісі деп біледі. Бетпе-бет кез­десулерде, фокус-топтық әң­гі­мелесулерде көпшілік білім беру мен денсаулық саласындағы елге қолайлы жағдайларды, әсіресе, жағ­дайлары төмен әлеуметтік топ­тардың мемлекет тарапынан қол­дау табуын Президенттің ең­бегі деп біледі.
Н.Назарбаевтың саяси және әлеу­меттік-экономикалық жаңар­ту­шылық бастамалары тек ел ішінде ғана емес, сонымен қатар, шет­елдік сарапшылар тарапынан оңды баға алуда. Көптеген аналитиктер, сарапшылар Елбасының тек бір ел емес, бір аймақ емес, әлем­дік деңгейде атқарып жатқан ең­бегіне жоғары баға беруде. Шынында да, мойындауымыз керек, өз елінде халқының оңды тіршілі­гін ұйымдастырып, оны үлгі етер­лік деңгейге жеткізіп, сонымен қатар, шетелдерде танымал болған заманауи саясаткерлер көп емес.
Менің ойымша, қанша уақыт өтсе де ел есінде қазақтың бірінші Ел­басы әрқашан тек жақсы істері­мен, салған әсем Астанамен, өт­кіз­ген дүбірлі жиындармен қала­ды. Ел басқарып, ел көңілінен шық­қан саясаткерді халық ұрпақ­тан-ұрпаққа аңыз қылып айтатыны сөзсіз. Жалпы, адам тағдыры де­ген болса, ұлт тағдыры да болатыны айқын. Бізге, қазақ ұлтының тағ­дырына жазған кемеңгер тұлға, ұлт сүйер ұлы, сол ұлтқа Тәңірдің сыйы ол Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы деуге болады.


Римма ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті

ХАЛЫҚҚА ҒАНА БАҒЫНҒАН ДАРА ТҰЛҒА

Қазақстан Кеңестер одағы құл­дырағаннан кейін біздің еліміздің басшылығы алдында ре­формалар реттілігін таңдаудың қиын мәселесі тұрды. Қандай қиындықтар тұрса да Президент Н.Ә.Назарбаев саяси өзгерістер алдында экономикалық даму міндетін қойып, экономиканы бір­тіндеп реформалау жолын таң­дады. Тарихи өлшем бойынша қысқа уақыт аралығы ішінде Қа­зақстан саяси және экономика­лық тәуелсіз мемлекетке айналды. Елбасы жаңа мемлекет құру туралы өзінің теориялық ойларын «Ғасырлар тоғысында» (1996), «Тарих толқынында» (1999) еңбектерінде кеңінен баян­дағанын білеміз.
Бүгінде Қазақстан Президенті – халыққа ғана бағынған мем­ле­кет­тік дара тұлға. Президент Н.Ә.Назарбаев еліміздің демок­ратиялық бағытқа бет бұруын: «Қазақстан Республикасында демократия барған сайын өмір нормасына айналып келеді деп асқақ сезіммен айта аламыз. Бұл енді біржолата жасалған таңдау, біз үшін басқаша жол жоқ», – деп атап көрсетті. Демек, демократия – қоғамның өмір сүру ережесі. Бұл халықтың рухани деңгейіне, тарихи дәстүріне, мәдениеті мен менталитетіне байланысты. Заң­ға бағынып, оны құрметтеп, мүл­тіксіз басшылыққа алу дәс­түрі қоғамда терең қалыптасуы керек. Өйткені, әр ел – өз басшысына лайық.
Н.Ә.Назарбаев – қазіргі дәуір­дің қабілетті де талантты бас­шыларының бірі. Ол мемлекет ісінің маңызды бағыттарына бар күш-жігерін шебер жұмылдыра білумен дараланады. Тәуелсіз­дік­тің алғашқы жылдарында мем­лекет басшысы ядролық қару­ды жою жөніндегі пікірін та­банды түрде қорғап, оның елі­міз үшін де аса маңызды екенін дә­лелдеді. Бұл шын мәнінде бү­кіл дүниенің, Қазақстанның бо­ла­шағын бейбіт еткен өте құн­ды шешім еді. Қазақстанның тәуел­сіздіктен кейінгі бірінші та­рихи шешімдерінің қатарында Семей ядролық полигонын жабу мәселесі тұрды. Бұл шешім әлем­дік қауымдастықтан жоғары баға алды.
Президент жауапкершілігінің жүгі ауыр. Статистикалық мәлі­мет­ке жүгінсек, бір жыл ішінде мемлекет және шетелдік 450-ден астам іс-шара жүзеге асырылған, соның ішінде 20 шетелдік сапар, он халықаралық форум, шетелдік мемлекеттер басшыларының Қазақстанға 15 сапары, ел бойынша 14 өңірлік сапар бар. Сонда орташа алғанда күніне 2 іс-ша­радан келеді екен. Бұдан Ел­басының келешек ұрпақ алдын­да­ғы үлкен жауапкершілігін көре­міз. Өйткені, бүгінгі ұрпақ­тың берген әділ бағасы болашақ уақыттың сыны екендігін естен шығармауымыз керек.


Ақжол ОРЫНБАСАР,
актер, әнші, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы жанындағы колледждің түлегі

Көптеген жұмыстар атқарылды

Ата-бабамыз ұлан-ғайыр мекенге ие болып қалу үшін қаншама қиын кезеңді басынан өткерді. Көптеген кенттер мен үлкен орталықтар қирап, жазықсыз жандардың қандары суша ақты. Дегенмен де, Жер-Анамыздың «ып-ыстық» алақанында аман қалған әр отбасынан рулы елге айналып, халық еңсе тіктеп, ес жия алды. Азуын Айға білеген алпауыттар арасында өмір сүру де оңай шаруа емес. Бұл тұрғыда көреген, мықты әрі ақылман басшы-патша қажет.
Қазақ басынан қаншама қиындық өтті десеңізші. Ұлтымның тілі, діні, ділі құрып кетудің сәл-ақ алдында тұрғанда бірінші Алла, екінші әділ хандар мен билер, батырлар мен жыраулардың арқасында аман қалып, XXI ғасырға дейін келгеніне шүкір дейміз. «Аттың жалы, түйенің қомында жүріп» тіршілік кешкен Алаш жұртының ең басты арзу-арманы – кемеңгер ойлы, кесек тұлғалы көсемді сайлау еді. Тоқсаныншы жылдың тоқырауынан соң Қазақ еліне топ бастайтын көшбасшы керек болды. «Қызыл империя» күйреп, құздан құлап, әр республика азаттық алған тұста өз алдына отау тігіп, Президент сайлау міндеті тұрды. Осынау ауыр кезеңде, осынау бір жүгі мен жауапкершілігі қатар тұрған кезеңді зіл батпандай ауыр міндетті атқару мақсатында саясат сахнасына қазіргі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев келген болатын. Ел тағдыры сынға түскен осындай бір қилы да қиын, аумалы-төкпелі заманда Президент бәрінің басын қосып, басты-басты делінген мәселелерді шешуге талпынды. Аюдай ақырған Ресей, «Қызыл айдаһардай» Қытай, басқа да елдермен тең дәрежеде лайықты дәрежеде қарым-қатынас орнату, мемлекетімізді бүкіл дү­ние­жүзіне мойындату – бабаларымыздан бері армандап келе жатқан ұлы мұрат. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді атамқазақ. Қазіргі қазақ ұлтына ауызбіршілік пен татулық, тұтастық пен бірбеткейлік керек. Бүгінгі әлемдік геосаяси жағдайларға қарап ойланып қаласың. Украинадағы, Қырғызстандағы, Сириядағы, Ауғанстандағы жайттар алаңдатпай қоймайды. Саясат пен экономика өз алдына, руханият, мәдениет, әдебиет, әсіресе, өнер мәселесін қолға алсақ деген тілек бар. Біз – жастар, «жарқын болашаққа» сенеміз. Себебі, ұлт ретінде қандай екенімізді көрсететін күн әлі алда деп ойлаймын. Ол үшін еңбек, қажыр-қайрат, денсаулық, бақыт, бейбітшілік, тыныштық, рух және соның бәрін ұқсата білетін ұлы басшы керек. Тың ойлар айтылып, рухты көтеретін істер атқарылса, жастар әр кез еруге, соны ары қарай іліп алып, дамытуға дайын. Ұлттық идея, Тәуелсіздік, Ұлт секілді қасиетті де киелі ұғымдар ұлт тірегіне айналғанда ғана ұлы елге айналамыз. Біз тоқсаныншы жылдардың төліміз. Алайда, арман көп әрі келешекте мықты халыққа айналсақ деген ой да жоқ емес. Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдан бері Қазақ еліне бас­шылық етуде. Мықты басшысы жоқ ұлт басы жоқ бөрімен тең. Басы жоқ бөрінің сесі болмай, өз қаһар-айбатынан ажырап қалатыны шындық. Президентіміз «көп векторлы саясат» жүргізуде. Құптарлық іс. Көптеген жұмыстар атқарылды, бірақ әлі де күн тәртібінен түспей тұрған мәселелер де баршылық. Біз, қазақ жастары, ұлтқа қызмет етуге дайынбыз. Өйткені, халық – Құдайдың екінші аты!


 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір