Қазіргі қоғамда дала заңының жұрнағы жоқ
09.06.2017
2366
0

Дүниежүзінің елдерінде «зиялы қауым» атауы ауызға жиі алына бермейтіндей. Батыста зиялы қауым емес, «интеллектуал» ұғымы сіңімдірек болса, бізде оның ерекшелігін айқындайтын нақты бір ереже, талап, өлшемдерді санамалап, анықтау қиынға соғады. Байырғы түсінік бойынша, зиялы қауымның қызметі әрқилы, оларға артылар міндет те түрлі әлеуметтік жағдайларға байланысты өзгеріп отырғанын бағамдаймыз. Әлеуметтік топ ретінде зиялы қауымның бүгінгі ішкі құрылымы мен белгілері толық анықталып бітті деп кесіп айтуға келмейді. Тіптен, зиялы қауымның қандай да бір әлеуметтік топқа жатар-жатпайтынының өзі даулы мәселеге айналып тұр. Жалпы, біз білген деректе зиялы қауымның негізгі төрт өлшемін тайға таңба басқандай анықтап көрсетеді: 1. Білімділік, 2. Ұят, 3. Кішіпейілділік, 4. Халықты сүю. Ал біздің бүгінгі қоғам зиялы қауымға қандай өлшеммен қарайды? «Желқазық» айдарымыздың бүгінгі тақырыбы осы сұраққа жауап іздейді.


Нұрлан КЕНЖЕАХМЕТ,
тарих ғылымының докторы,
Германиядағы Бонн университеті
Шығыстану және Азия институтының профессоры

Сіздің зиялылық деген тер­ми­ніңіз­ді ағылшынша «интеллигенция» деп түсініп отырмын. Немесе қа­зақы тілмен айтқанда, «білім­ді­лер қауымы». Қазіргі тұста зиялы­лық­тың өлшемін бұрынғы өлшем­мен бе­кітуге болмайды.
Мұны «сегіз қырлы, бір сырлы» деп түсінген жөн шығар.
Әрине, зиялылық «білімділік, ұят, кішіпейілділік және халықты сүю» ұғымын қамтиды. Меніңше, өз халқыңның тарихын, мәде­ние­тін, тілін, салт-санасын, ұста­ны­мын, ар-намысын жете игеру – зия­лылықтың ең басты өлшемі. Әри­не, мемлекетіміз аталған тұс­тар­ды халықтың санасына сіңіруге көп күш жұмсап отыр. Нәтижесі қа­лай? Мемлекет күш салғанымен, жеке адам оны саналы түрде жү­зеге асырмаса, еңбегің құм­ға құйған сумен тең болады. Қа­зақта «алдыңа ас қойдым, екі қо­лыңды бос қойдым» деген сөз бар, яғни барлық жағдай­ды жасадым деген сөз.
Шыңғыс хан бүкіл кәрі құры­лық­ты бағындырды, мұны оның же­ке еңбегі деп бағаламау керек, әрі­сін айтсақ, мұнда көшпенді­лер­дің неше мың жылдық соғыс өнері мен идеологиясы жатыр. Шыңғыс хан­ды қазақ қып жасау, оның же­тіс­тіктерін жалғыз бір ұлтқа телу – тарихи білімсіздік! ХХ ғасыр ба­сы­на дейін қазақта «төресіз ел бол­мас, төбесіз жер болмас» деген заң өз күшін жоймады. Мұқан Исахан деген дінтанушы жас ғалым бар, сол жігіт Шыңғыс хан ясасы­ның (қазақша жөн-жосық) Ислам шариғатына ықпалын зерттеп жүр, яғни Шыңғыс хан ясалары Ислам шариғатынан енген дегенді айтады.
Менің Шыңғыс ханды мысал етуім, өз ұлтыңның тарихын білу үшін көшпенділердің арғы-бергі та­рихына жетік болуымыз керек дегендік, сонда Шыңғыс ханның тегі кім деп босқа сандалмаймыз.
Тонықұқ (Тоныкөк емес) Қы­тайдың сол тұстағы Астанасы Чаң-анда (қазіргі Си-ань) білім алған, та­рихи деректемелерде хатталған түр­кілер тарихындағы тұңғыш қы­тайтанушы. Қытай деректемеле­рін­де оған екі түрлі мінездеме бер­ген: асқан дана және әккі, қу. Ол түркілер үшін асқан дана болды, жауы үшін әккі, қу еді. Ол түр­кілер өркениетін өркендету үшін көк түркілерге мемлекеттік идеология, дала заңын жасап кетті. Қы­тай деректемелерінде Түркеш қа­ғанының туған інісі ағасына өк­пелеп, Тонықұққа қашып барады жә­не түрік сарбаздарын ертіп Түр­кеш қағанатына шабуыл жасайды, нәтижесінде ағасы тұтқынға түседі. Түріктер соңында дала заңы бойынша екеуінің де басын алады. Бұл заң сонау ғұн-үйсін заманынан қа­зақ хандығына дейін жалғасқан. Көш­пенділерде өз еліне опасыздық жа­сағандар басқа елге де қайыры жоқ деген үкім болған. Қазіргі қо­ғамда көшпенділердің осы дала заңы­ның жұрнағы жоқ, қайта бәрі ке­рісінше болып кеткен. Жоңғар-қа­зақ қарым-қатынасы туралы зерт­теулер мен фильмдерде олқы­лық­тар өте көп. Қатып-семіп қал­ған көзқарас бойынша адамзат тарихындағы ең соңғы екі көшпелі империяны бір-біріне ата жау қы­лып көрсетеді. Жоңғар мен қа­зақ­тың соғыс әрекеттерінен гөрі бей­біт өмір кешкен тұстары көп. Қазақ пен жоңғарда мемлекеттік құдан­далық саясат болған. Қазақ ақ­сүйек­тері мен жоңғар ақсүйектері қыз алысып, қыз беріскен.Қазақ да­ласындағы жоңғарлар қайда кет­ті? Манчжур шапқыншылығы­нан кейін қазаққа сіңіп кеткен. Ара­мыз­дағы антропологиялық белгі­лер менмұндалап тұр. Неміс шы­ғыс­­танушысы Юлиус Клапорттың 1835 жылғы картасында (картадағы мә­ліметтер 1780 жылдарға тән) қа­зақ рулары бүгінгі жоңғар жеріне жамырай қоныстанған: садыр, ма­тай, суан, жалайырлар қазіргі орналасуы бойынша Талдықорғанда тұр, семіз наймандар қазіргі Қы­тайдағы Тарбағатайда шапыраштылар Қорғас маңы­на орна­ласқан, таяу заманғы қазақ дастан­да­рындағы деректермен сайма-сай. ХVІІІ-ХІХ ғасырлар­да­ғы Орта Азияға қатысты ірі уақи­ға­ларды сол кездегі Циң империясы мен Ресей империясы арасында болған келісім шарттармен түсін­діру­ге дағдыланғанбыз. Іс жүзінде олай емес: Қазақ хандығы мен Циң патшалығы арасында, Ресейдің қатысуынсыз, талай келісім шарт жа­салған. Қазіргі Қытайдағы қа­зақ­тар отырған өңірлерде Абылай хан тұсында халқымыз көшіп-қо­нып жүрген. Қазақ тарихындағы ха­лық­аралық сипат алатын ірі уа­қи­ғаларды, соғыстарды өңірлік уа­қиғалар немесе рулық соғыс дә­ре­жесіне түсірдік. Абылай хан тұсы – қазақ тарихындағы өте күрделі заман. Сол тұстағы қазақ дастандарында хатталған соғыстардың дені мемлекеттік сипат алған, қа­зақтың қазіргі территориясының ең соңында қалыптасуына ықпал еткен соғыстар. Рулық-жерлік ай­мақтан аса алмай, ата-баба­лары­мыз­дың тарихи орнын дұрыс баға­лай алмай жүрген тұстарымыз өте көп.
Жуырда ғана Димаш Құдайбер­ген Қытайдан жүлделі боп оралды. Ол тек әнімен ғана танылған жоқ, кішіпейілділігі, ұлтжандылығы, әдеп­тілігімен қалың жұртты өзіне тәнті етті, қазақша сөйлеп, қалың қытай халқын сүйсіндірді, қытай оқырмандары арасында Абай жолы эпопеясын оқу науқаны болды. «Димаш туған ел қандай екен» деген қызығушылық туғызды. Қар­ша­дай жас Димаш қытайлар арасында қазақтану дүмпуін қозғады. Бұл – сенсация! Ата-әжесінің қо­лында ержеткендіктен, қазақы­лық мінез­дері менмұндалап тұр. Додаға қа­тыс­қан жарым жылда қазақтың дәс­түрлі әні мен мәдениетін, домбырасын бүкіл Шығыс Азияға танытты десем, артық емес. Өйткені, додаға тек Қытайдың ғана емес, Тайвань мен Гонгконктың әйгілі әншілері қа­тысты. Доданы бастан-аяқ көріп отырдым, сахна сыртын­дағы ән­ші­лердің, жүргізушілердің Ди­маш­­қа берген бағасы өз алдына бір дүние. Елбасы батасын берді, мейі­рімін төкті. Мұның өзі Елба­сы­мыз­дың ұлттық құндылықты, мә­дениетті жоғары бағалайтынды­ғы­ның бір белгісі, Димаштай бо­лың­дар деген астарлы ойы жатыр Ел­басының. Зиялылықтың бір мы­салы осы: отансүйгіштік, мәдениет жанашыры және даналық.
Манчжурлік Циң империясын этникалық қытайлар аударып тастаған соң, Қытайдың зиялы қауымы ара­сында қытайдың дәс­түрлі мә­де­ние­тінің тағдыры жөнін­де зор пі­кір­талас болған. Дүние­жүзіне әй­гілі, дүниежүзілік қы­тай­тану ғы­лымының негізін қа­лаған ғалы­мы Wang Guowei (эт­никалық қы­тай), манчжурлік Циң империясы тарих бетінен жойыл­ғанда, манчжур мемлекеті­нің тағдырына уайымдап және қы­тайдың дәстүрлі мәдениеті құр­дымға кететін болды деп, өзін суға тастап өлген. Өйткені, ол сол кез­де­гі дүниежүзінің озық идеал­да­рын өте жетік игерген, манч­журлік патшаларға адал бол­ған. Зиялы қауымның отансүйгіштігінің ең типтік мысалы осы. Отан сол елде өмір сүріп жатқан барлық ұлтқа ор­тақ. Манчжурлер өз қол астын­дағы халықтарды өздеріне адал болуы үшін жағдай жасаған. Мем­лекеттік құжаттар манчжур тілінде жазыл­ған, одан кейін қажет болса, қытай тіліне аударылған. Ал біздегі жарнамалар, тіпті кейбір мемлекеттік құжаттар алдымен орысша жазылады, одан сон қазақшаға аударылады. Кейбір жарнамалардың аудармасы тіпті күлкілі.
Қазіргі Қазақстан қоғамында зиялылық жағдайы басқаша (Оң­түстік және Батыс облыстарынан сырт), қалада болсын, далада болсын, халықтың көбі қазақылық мен­талитетпен емес, басқаша менталитетпен ойлайды (орыс мента­литеті де емес). Түсініксіз. Осының салдарын 70 жылдық КСРО үстем­дігінен көреді, бұған өз басым сен­беймін. Әлеуметтік киноханалар­дың 99 пайыз тілі – орысша, ал кө­­рермендердің 90 пайызы – қа­зақ­тар. Қазақ жүзді азаматтар, қа­зақ­ша біле тұра, алдымен бір-бірі­мен орысша сөйлеседі. Егер ал­дымен қазақша сөйлесең, саған де­ген мәмілесі дереу өзгереді, «мынау қазақша сөйлеп тұр» деп таң ­қа­лады.
Рулық-таныстық жүйе мықтап ор­наған бүгінгі қазақ қоғамында бү­кіл ғылым саласы, үкімет меке­ме­лері сенің тегіңе қарап мәміле жасайды. Бір рет қазақша теледидар бағдарламаларын шолып шық­тым, шамамен он неше арнаның жартысынан көбі бір мезетте ән-күй, ойын-сауық бағдарламаларын беріп жатыр. Бүкіл негізгі арналарды әншілер мен бишілер иемденген. Басқа арналарда Түркияның немесе Үндінің дәм-татусыз сериалдары. Осылардың орнына ғы­лым-білімді насихаттайтын, хал­қы­мыздың тарихын, дінін тү­­сін­­діретін бағдарламаларды көр­сетсе немесе «National Geographic» секілді шетелдің ғылыми арналарын қазақшаға аударып көрсетсе, нұр үстіне, нұр еді ғой. Үш тілділік саясатты қалың халық жаппай ағылшын тіліне көшу деп түсінген тәрізді, өйткені, Алматыда болсын, Астанада болсын, ағылшын оқ­у­лықтарын сататын кітап дүкендері қаптап кеткен, қазақ тілді басы­лым­дардан көп. Араладым, қазақ­ша білмейді, орысша немесе ағыл­шынша сайрап тұр. Германияда қызымды балалар бақшасына бергенде, балабақша тәрбиешісінің маған бірінші айтқан сөзі: «Үйге барғанда балаңызға қазақша сөй­леңіз, қазақшасын ұмытпасын, басқа тілде тілі шықса, өз ұлтына мейі­рімсіз болып кетеді», – деген еді. Қазақ қоғамындағы бір-біріне мейірімсіздік – қазақ тілін жетік білмеудің салдары. Шетелде көп жүрдім, елден келген азаматтар болса, іздеп тауып араластым. Бі­рақ бәріне ортақ бір мінез – бір рет кезіккен соң, келесі ретте аралас­пай, не ха­бар-ошарсыз кетеді. Был­тыр Ыс­там­бұл әуежайында ораза ұстаған бір азаматпен кезігіп қал­дым. Үл­кен адам ауызашарға су алып ішер майда ақшасы жоқ екен, жанын­дағы кісіден майдалап беріңізші деп өтін­ді. Мен ол кісіге майда ақша бер­­дім де, ірі ақшасын алмадым. Ра­мазан айында өзім де сауап жинайын деген ойым болған еді. Алай­да, ол кісінің оқыс қы­лық­тары мені таңқалдырды: ләм-мим демей, ақшамды алды, қату­лана бір қарап қойды, рахметі жоқ. Суын әкелген соң артылған майда ақша­ларымды қолыма ұс­тата салды, құдды маған өк­пелеген адамдай. Түсінсем бұйыр­масын, Рамазан айы ғой, қа­зақ ағамызда не қа­за­­қылық, не мұсыл­мандық пейіл жоқ.
Тоқ етерін айтқанда, қазақ қо­ға­мындағы зиялылықтың өлшемі қазақылық менталитетпен ойлау, болашаққа қазақылық үлгімен қа­дам басу. Қанша жерден орысша сөй­леп, орысша ойлағанмен, олар біз­ді отар қамытын киген бейшара ұлт деп таныды. Түркілердің қара шаңы­рағында отырған қазақ­тар­дың қанында негізгі түркілік қан­нан басқа, соғды, тохар, араб, қа­ра-қытай, моңғол, жоңғар қандары ара­ласқан. Осылардың бәрін түр­кілер күшпен емес, өзінің озық идеологиясымен, мәдениетімен ба­ғындырған. Егер, мүмкін десеңіз, ата-бабалардан аманат боп қалған осы мәдениетті қазақылық сипатпен әрі қарай дамыт, болашағың, тағдырың өз қолыңда. Елбасы жол көр­сетті, енді сол жолмен жүру қа­лың қазақтың еншісінде.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір