ҚАЗІРГІ ӘДЕБИ СЫН филологиялық талдауға бағытталған
27.04.2024
285
0

Қазіргі әдеби сын филологиялық талдауға бағытталған. Әдеби сынның жанрлық сипатын түсіну үшін теориялық дайындық, сонымен қатар көркем шығарманың табиғатын терең түсінетін қабілет керек. Сол себепті де әдеби сынға қалам тартып жүрген қазіргі авторлар негізінен әдебиеттанушы ғалымдар және шығармашылық психологиясын жақсы білетін қаламгерлер болып келеді. Бүгінгі әдеби сында филологиялық-танымдық талдаумен қатар эсселік сипат басым. Эсселік сипат, әсіресе шығармашылық портреттерге тән. Танымдық-әсерлілік қуаты жоғары мұндай жазбалар бүгінде өз оқырманын қалыптастырған. Сондай-ақ біздің байқауымызда, қазіргі әдеби сында оқып-тоқығаны мол, сын жанрына икемді жастар өсіп келеді.
   «Жұлдыз» журналының 2023 жылғы сандарында қазіргі әдеби үдерісте өзіндік орны бар соңғы кездері жарық көрген сүбелі шығармалар қамтылған. Қаламгерлердің мерей жасына орай шығармашылық портреттер жарияланған. Журналдың авторлары қалыптасқан. Сондықтан бұл әдеби мақалалардың қай-қайсысы да бүгінгі шығармашылық үдерістің бағыт-бағдарын, тынысын аңдататын мақалалар болып шыққан. Белгілі әдебиеттанушы Гүлжаһан Орданың І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты ақын, жазушы Р.Ниязбековтің «Тас құдай» прозалық туындылар жинағына енген романы мен повесть-әңгімелерін жан-жақты сөз еткен «Шындықпен көмкерілген шығармалар» мақаласы, Мақсат Дүйісмағамбетовтің Т.Ахтановтың «Боран» романындағы психологизм табиғатына бағытталған «Талант табиғаты» мақаласы, әдебиеттанушы ғалым Гүлзия Пірәлінің сыншы, әдебиетші Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық, сені қайтейін…» кітабындағы ұлы жазушыға арналған мақалаларының жаңашылдық сипатына тоқталған «Мұхтартанудағы жаңа көзқарас» мақаласы, Шынар Әбілданың жазушы Сәуле Досжанның полигон зардабын шеккен елдің басындағы ауыр күнді суреттеген «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт» роман-дилогиясын талдаған «Шеберлік сыры» мақаласы – өз мақсат-межелеріне жеткен танымдық-эстетикалық талдаулар.
Көркем шығарманың идеялық өзегі мен көркемдік сипатын өзіндік мәнермен сипаттаған сыншы Бақыт Сарбаланың «Алтын таудан асу» мақаласы назар аудартады. С.Байхоновтың «Алтай асу» романында орыс жиһанкезі Николай Михайлович Пржевальскийдің абырой-атағы асқақтап тұрған кезі суреттелген. Тың тақырып, жаңа көзқарас. Ол – жазушының сипаттауында періште де, пайғамбар да емес, ол – Ресей империясы үшін жан аямай тер төгіп қана қоймай, бас та алатын орыс күшінің бейнесі. Жазушы кейіпкер тұлғасын көркем де нанымды жеткізуде қаламгерлік шеберлікке – сюжеттің өз арнасымен өрбуіне, психологиялық тәсілдерге, сана ағымына ден қойған. Тұтастай алғанда, сын мақаланың жазылу стилі ұнамды. Сыншы көп сөзге бармай, автордың шеберлік қырларын танытуда романның өзін сөйлетіп, нақты дәйектерді алдыңа тосады. Табиғат көріністері – Алтай бейнесі романда қанық суреттелген. Дәу орыс Пржевальскийдің жабайы жылқы үйірінің айғырын аяусыз атып өлтіру сәтіндегі Мырзаштың ашу-ызаға толы диалогы да кімнің кім екенін анықтаған. Роман тарихи тұлға туралы ой-санада қалыптасқан қасаң қағиданы бұзып, шындыққа құрылуымен бағалы.
«Жұлдыз» журналында жарияланған шығармашылық портреттер мазмұн байлығымен, қаламгерлердің шығармашылық лабораториясы мен даму динамикасын ашумен ерекшеленеді. Ақын, әдебиеттанушы Бауыржан Жақыптың «Тағдырлы қаламгер» мақаласында ақын Ғалым Қалибекұлының қиын тағдырлы өмір жолы сөз болып, туындыларындағы арнаулы тақырыптардың бастауына көңіл аударылады. Авторы өмірден ерте озса да, ұрпақ жадында жатталып, заман көшімен бірге жасай беретін шығармалар болады. Тұрысбек Сәукетаев «Тұңғиықтан маржан сүзген» мақаласында сондай саңлақтардың бірі – жазушы Марат Қабанбай деп бағалайды. Думан Рамазанның «Асығы алшысынан түскен ақын» шығармашылық портретінде қазақ өлеңіне өз даусымен, өрнегімен келген ақын Бауыржан Жақып поэзиясының көркемдік әлемі сөз болса, Өтеген Оралбайұлының «Сөз өнерінің санаткері» атты шығармашылық портреті әдебиеттанушы, ұстаз-ғалым Қансейіт Әбдезұлының қаламгерлік-сыншылдық қуатына арналған. Шығармашылық портреттің әдемі үлгісі – Тұрысбек Сәукетаевтың «Сөз белін қайыстырған қалам» мақаласы. Онда ақын, публицист, аудармашы Қорғанбек Аманжоловтың шығармашылық жолы әсерлі баяндалған. Ақын кейбіреулер тәрізді өлеңді қолдан күрделендіріп, түрлі ағым-формаларға солықтамайды. Автор: «Бар болмысым – осы», – деп қазақ жырының қара мақамымен еркін көсіледі. Сүлеймен Мәмбет «Құл-Құлбектің құндылықтары» атты шығармашылық портретінде сыншы-ғалым Құлбек Ергөбекті ұлтқа керек іске аянбай қызмет жасаудың үлгісі деп таниды. Алты томнан тұратын «Арыстар мен Ағыстар», жеті томды құрайтын «Түркістан жинағы», С.Мұқановтың болмысын қамтыған бес кітап, жақында ғана жарық көрген қырық баспа табақ «Келбет» – автордың бағалауында ұлт руханиятына қосылған өлшеусіз үлес. Жас автордың әдеби сынға араласуы, шығарма табиғатын танып, өзіндік танымдық-эстетикалық ой түюі қуантады. Осы ретте Нұрбол Құдайбергеннің Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» дилогиясын талдаған «Әдеби зердедегі тәуелсіздік құндылықтары» мақаласының қалам қарымы кең.
Апталық «Қазақ әдебиеті» басылымы бүгінде әдебиетші қауымның ғана емес, әдебиет пен өнерді бағалайтын күллі жұртшылықтың газетіне айналған. Газет бетінде әдеби-танымдық, филологиялық талдауға бағытталған әдеби сын мақалалар мен эсселер жарияланып келеді.
Әбділдабек Салықбайдың «Шымырлық пен шынайылық» атты сын мақаласында ақын, жазушы Әбубәкір Қайранның «Күмән мен күнә» новеллалар жинағына енген туындылары талданған. «Ақсаққара» новелласының автобиографиялық сипатын атап өткен автор «Арғымақ пен қазанат» новелласы ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға, дамытуға үндейтін туынды болып шыққанын айтады. «Автор новеллаларының жазылу шеберлігі Ж.Аймауытов, Б.Майлиннен бастап, өзіне дейінгі қазақтың маңдайалды жазушыларының үздік шығармаларынан қажетті қоректі, нәр-сөлді бойына дарыта білген», – дейді.
Өмірзақ Мұқайдың ақын Маралтай Райымбекұлы туралы жазған «Өліп көрген» ақынның арманы жоқ…» атты әдеби портреті мен Серік Ақсұңқарұлының ақын Бақыт Беделхан туралы жазған «Мен туғанда-ақ өлім жазасына кесілгем…» мақаласы тартымды оқылады. Бақыт Беделханның өлеңінен ой өрбітіп, поэзияның тылсым сырына үңілген аға ақын-автор: «Туу мен жасаудың арасы – қырда желкілдеп өсіп тұрған гүл мен қағаздан жасалған гүл секілді жер мен көктей. …Бақыт Беделхан – өлеңдегі, өнердегі осы сұрқай сүреңге мүлде кереғар ақын», – деп баға береді.
Жазушы Дидар Амантайдың сыншы тұлғасы мен сыншылдық өнерінің ерекшеліктерін әдемі жеткізген «Әлия ханым әлемі» эссесі әсерлі оқылады. «Әлия ханым – әділ сыншы, кәсіби әдебиеттанушы, терең ойшыл ғана емес, ол – ұстанымы берік, ілкі ізгілік адамы, – дей келіп, – …Сын – кісіліктің үлкені, ал сындағы жалпақшешейліктің соңы – сор. Жалған мадақ – жарықтан адастырады, өсірмейді, өшіреді. Соны жеткізеді. Мұраты – шеп талқандар шабуыл емес. Күйе жақпайды, көлеңке түсірмейді, оның орнына керісінше, шығарманы да, шығарушыны да сәулелендіреді. Сында сыншы – авторға жақ», – деп дәлелді ой таратады. Сыншы Асқар Сүлейменовтің төрт томдық шығармалар жинағын баспадан шығаруын үлкен еңбекке балайды. Жазушы Қуандық Түменбайдың «Сырдың сексеуілі» шығармашылық портрет-эссесі жазушы-публицист С.Байхоновтың қаламгерлік мінез-даралығын, шығармашылық қырын ашуға бағытталған.
Әдебиеттанудағы жаңа бағыттардың көшбасшысы, тың концепцияларымен «Абай ілімін» іргелендірген профессор Жанғара Дәдебаев туралы қалам тартқан Раушан Әбдіқұлова мен Ләйла Мұсалының «Кемелдік келбеті» мақаласы, Айман Ментебаеваның Асқар Алтайдың «Былғары табыт» романы туралы жазылған рецензиясы, Роза Жұмабайқызының Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» әңгімесінің соны қырын зерделеген «Симулякр бейне – Бекторы» мақаласы, Тұрсынхан Зәкеннің Ербол Алшынбайдың «Жоғалған таулар» атты өлеңдер жинағын талдауға бағытталған «Текті сөздің тентегі» мақаласы, Ғұсман Жандыбаевтың Ғалым Қалибекұлының шығармашылығына арналған «Қазыналы сыр сандық, жазиралы жыр сандық» мақаласы, Гүлзия Пірәлінің Қансейіт Әбдезұлының «Ақиқаттың алдаспаны» кітабының танымдық-талдау эстетикасын зерделеген «Талғам мен тағылым» рецензиясы алынған объектіні жан-жақты ашуымен, салмақты ой түюімен көңілге жылылық ұялатады.
Әдеби сында талантты жастардың көрінуі қуантады. Тілеубек Батыстың дарынды ақын Қуанышбек Өмірбектің поэзиясы туралы «Көлеңкесі жоқ ақын» талдауы терең зерделенген. Жас сыншы ақын өлеңдерінің ой өзегін, поэтикалық қуатын жақсы түйсінген.
Қазіргі заман – электрондық технология уақыты. Осы ретте Қазақстан Жазушылар одағы Әдеби сын кеңесінің бастауымен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Абай ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Әдеби сын» атты сериялық жинақтың Е-басылымының шығарыла бастауы әдеби сынның дамуына, көркем әдебиеттің насихатталу ісіне жаңа серпін береді деп білеміз. 2023 жылы «Әдеби сынның» 2 кітабы жарық көрді. Онда мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған және жаңадан жазылған әдеби сын мақалалар топтастырылған. Мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалардың дерек көздері көрсетілген. Электрондық басылымның кітаптары қоғамдық негізде дайындалып, жарияланып отыр. Әдеби-редакциялық кеңес құрылған, төрағасы – профессор Ж.Дәдебайұлы. «Әдеби сынның» бірінші кітабын құрастырған – Л.Мұсалы, екінші кітабын дайындаған – С.Құлбарақ.
2023 жылы әдебиеттану және сын бағытында жарық көрген бірсыпыра кітаптар қолымызға тиді. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дайындауымен баспаға ұсынылған «Кемел Тоқаев және ұлттық әдебиеттегі детектив жанры» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары жинағында майдангер жазушы, детектив жанрының негізін салушы Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығы жан-жақты сөз болған. Профессор Ж.Дәдебаевтың «Мазмұн байлығы», З.Базарбаеваның «Детектив жанрының жампозы», Б.Жақыптың «Кемел Тоқаевтың шытырман оқиғалар туралы шығармаларындағы тарихи шындық», Қ.Әбдезұлының «Шынайы өмірден тамыр тартқан туындылар» және тағы басқа авторлардың мақалаларында жазушының көркемдік әлемі және азаматтық болмысы толықтай ашылған.
Профессор Қ.Мәдібаеваның авторлығымен және өзге авторлармен бірігіп шығарған бірнеше кітабы назар аудартады. Бұл кітаптар, әрине, бір жылдың жемісі емес, дегенмен олардың құрастырылып жарыққа шығуы өткен жылдың еншісіне тиесілі. Автордың «Шығармадағы тарихи уақыт» оқу құралы, «Шығарма сыны» портрет-эссесі мен өзге авторлармен бірігіп шығарған «Абайтану» оқу құралы, «Жамбыл поэзиясындағы авторлық ауызша әдебиет дәстүрі» монографиясы, «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби сыны» оқу-әдістемелік хрестоматиялық жинағы, «Қазіргі қазақ әдебиеті» оқу құралы әдебиеттану ғылымына қосылған елеулі еңбектер деп білеміз. Ғалымның кітаптары таным ауқымының кеңдігімен, эстетикалық талдау тереңдігімен ерекшеленеді.
Профессор Қ.Әбдезұлының «Ақиқаттың алдаспаны» сын мақалалар және әдеби портреттер кітабында қазіргі әдебиеттің өзекті мәселелері зерделенген. «Тәкен және Тәттімбет» талдауында бір күйдің тарихын суреттеумен дәулескер күйшінің тұтас тағдырын, өнерпаздық дарынын әсерлі жеткізу шеберлігі көрсетіледі.
Танымал дулатитанушы М.Қазыбектің «Ғалам таныған тұлға» зерттеуінде XVI ғасырдың дара тұлғасы М.Х. Дулатидың мемлекет қайраткері, қолбасшы, жазушы, суретші, ғалым ретіндегі болмысы тың көзқарастармен зерделенген. Жазушы Е.Әлімжан «Абайтаудың арғы жағы мен бергі жағы» атты кітабында ұлы ақынды қазақ ақыл-ойының асқар биігі ретінде қарастырады. Б.Момышұлы – жазушы, батыр ғана емес, Алаш арыстарының жалғасы деген тың көзқараспен келеді. Әдебиеттанушы С.Құлбарақтың (автор) «Тахауи Ахтановтың прозасы мен драматургиясы» монографиясында жазушы шығармашылығының көркемдік сипаттары мен дәстүр жалғастығы айтылған. Әдебиеттанушы Г.Пірәлінің «Проза поэтикасы және әдеби сын» атты ғылыми-әдеби мақалалар жинағында проза поэтикасы, көркемдік бағыттар, жеке жазушылар шығармашылығындағы стильдік ізденістер, бүгінгі әдеби үдеріс мәселелері қарастырылған. Автор қазіргі қазақ әдебиетіндегі Д.А.Қонаев бейнесіне, жазушы Т.Сәукетаевтың «Айқараңғысы» романына, жазушы М. Байғұттың көркемдік әлеміне, тағы басқа авторлардың шығармашылығына жан-жақты талдау жасайды.
Абай – мәңгілік тақырып. Әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектері Абай ілімін бүгінгі көзқарас тұрғысынан саралауға құрылған. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұлы ақынның «толық адам» ілімін бүгінгі ұрпақтың жан дүниесіне сіңіру қажеттігі туралы айтылған құнды ой-толғамдарын жақсы білеміз. Осы ретте профессор Ж.Дәдебаевтың Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шешімімен ұсынылған «Абайдың «толық адам» ілімі және қоғамдық сананы жаңғырту» көптомдығының ІІІ томына енген «Абай ілімі» ғылыми еңбегінде, осы жинақтың IV томына енген профессор Д.Ысқақұлының «Абай – дала данышпаны» атты зерттеу еңбегінде, «Абай тағылымы» әдеби сын кітабында, «Абай ілімін білу, түсіну, қолдану» ұжымдық монографиясында, «Абай ілімі» ғылыми мақалалар жинағында ұлы ақынның толық адам ілімі концепциясының негіздері мен өзекті өрімдері жан-жақты баяндалған.
Әдеби сын, біздіңше, даму арнасында. Әр кезеңнің әдебиеттің, сынның алдына қоятын міндеттері болады. Қазіргі уақытта кітаптардың шығу тасқыны өте мол. Оның бәрін қамтып, саралап жату әдеби сынның міндеті дей алмаймыз. Әдеби сын солардың ішінен таңдаулыларын тануы, насихаттауы, жетістік-кемшілігіне көркемдік талдау жасауы тиіс деп білеміз.

 

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
әдебиеттанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір