Отбасымыздағы ең аяулы дүние – домбыра
12.05.2017
3169
1
Нұртілеу Иманғалиұлы есімін айтқанда «Бетпе-бет» хабары алдымен ауызға оралады. Көзіқарақты оқырман мен тележүргізушінің өз сөзімен айтсақ, «патша көңілді көрермен» оның «Құрдастар», «Көкпар», «Алтыбақан», «Ашық әңгіме», «Ой-көкпар», «Көршілер», «Діңгек», «Қолтаңба» атты бағдарлама­ларын да ұмытпаған болар.Осы күні тележурналистикадан бөлек, есімі елге белгілі тұлғалар рухын дәріптеп, мәселен, ақын Сара, қобызшы Молықбай, қазақтың аяулы ақыны Ілияс Жансүгіровке ескерткіш орнату мәселелерімен айналысып жүрген азамат.
Алпыс бестің төріне шыққан белгілі телетұлғамен отбасы тәрбиесі,
«үлкенге – құрмет, кішіге – ізеттен» басталған сұхбат телевидение мен электронды БАҚ-тың бүгіні мен болашағы жайлы үлкен әңгімеге ұласты…


Нұртілеу Иманғалиұлы,
тележүргізуші

– Біз білген деректе, он төрт ба­ланың кенжесі екенсіз. Ба­лалығыңыз өткен уақытта оннан аса баласы бар отбасы қалып­ты жағдайдай көрінген шығар. Бү­гін­гінің көзімен қарасақ, уақыттағы ол үлкен шаңырақтың ба­ры мен жоғы қандай еді? Сізді тәр­биелеген отбасының дүние­та­ным, ұят пен ынсап туралы көз­қа­расы жайлы не айтасыз?
– Бұл сұрағың алпыс бестің ал­қымына әрнені әкелді. Мен өс­кен шаңырақтың үлкенді-кіші­ле­рінен қазір туған әпкем Дәрия екеу­міз ғана қалдық. Жүз­ге келіп дү­ние салған атам Қали­асқардан те­телес бауырым Тілеу­ліге дейін бір­ге өскен, осы күні өмірден озып кеткен бауырларым­ды еске тү­сіргенде қобыл­жыма­ғанда қай­тесің? Биыл сол өмірден озып кет­кен ағайындары­мыздың бәрі­нің атын атап, еске алып, құран оқы­тып, мал сойып, ас берсек де­ген отбасымыздың жоспары бар.
Әркімнің де өз сыры, мұңы бо­лады ғой. Сол сыр мен мұңның ара­сында өз шындығың, айтылып, айтылмайтын құпияң бар. Қан­шалықты ерік-күші мықты болғанымен әркімнің де сүйегі жа­ситын, өкінетін, опынатын сәт­тері де кездеседі. Бәлкім, менің дәл қа­зіргі жан-дүнием, саған бел­гілі-белгісіз осындай бір ахуалды бастан кешіріп отыр десем, жал­тарғаным не өтірік айтқаным емес. Оның үстіне әрбір адамның ішкі мәдениеті болады. Оның оқу­мен, біліммен толығуы мүм­кін. Дегенде сол ішкі мәдениеттің ата-ана тәрбие­сінен, тектіліктің бабадан келе­тініне шүбә кел­тірмеймін. Әркім­нің интуициясы болады, оған білім, парасат, тәрбие, тәжірибе келіп бірік­кен­де әрбір тұлғаның орны анық­та­лып, айшықтала түспей ме?! Осы­ған бұлжымас тағдырды қо­сыңыз…
Арғы атам Мұхамедқали заманында білімді, парасатты кісі болған екен. Елі-жұрты Мысық болыс атап кеткен көрінеді. Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романының бір кейіпкері. Үш мәрте болыс болып сайланған екен. Ол кісіге Кеңес үкіметінің құ­рығы жете қоймапты, жаңа өкімет келгенше дүние салыпты. Кеңес өкіметі келе сала халыққа құ­жат үлестіргені белгілі. Мұха­мед­қали болыстың жалғыз ұлы Қалиасқарға құжат берерде сыртынан біреу «Мысық болыстың ұлы» деп көрсетеді де, атамның тегін Мысықов деп жазып береді. Мен сол Мысықов тегімен жа­зыл­ғандардың бірімін. Отыз бес­ке келгенше Мысықов болдым. Қазір бір-бір шаңырақты ұстап отырған қыздарым сол кезде мек­тепке баратын жасқа жетті. Олар мектепке Мысықова болып бар­мақ. Өзімді де талай мазақ­таған, қыздарым да тегі үшін та­лай баланың мазағына ұшы­рай­ды-ау, бұлай болмас деп, фа­ми­лиямды өзгертуге бекіндім. Ол уақыт тегіңді тектен-текке ауыс­тырып жүре беретін заман емес. Мәскеуге бір емес, үш рет ба­рып, әкемнің атына ауысып, Иман­ғалиұлы атандым. Мәс­кеуде «Фамилияңды ауыстыру се­бебің не?» деп сұрайды. Құ­жат­та тегіңді ауыстыруға болатын себептердің бірі ретінде «не­благозвучная фамилия» деген бөлім бар екен. Мен сол тарауды белгіледім. Мәскеуге барсам: «Ал фамилияң не, орысшаға аударшы» дейді. Орыстар үшін Кошкин, Котов деген фамилия ерсі ес­тілмейді. Не дейін? Сондықтан жұмған аузымды ашқан жоқпын. «Біздің не дегенімізді түсіндіңіз бе?». «Әрине». «Ендеше, неге тегіңізді аудармайсыз?» дейді ғой маған. Бар ойлап тапқаным: «Аудара алмаймын, аузым бармайды» дедім. Олар бетіме бажайлап қа­рады да, қолдарын бір сілтеп, фа­милиямды ауыстыруға рұқсат деп қол қойып берді. Тегімді ауыс­­тырғаныма қуанып, Алма­тыға самолетпен ұшып келе жатып: «Отыз бес жыл алып келген кісі ғып, фамилиямның болғаны рас Мысықов» деп өлең де жаз­ған­мын.
Сол Мұхамедқали болыстың жалғыз ұлы Қалиасқардың тегін өз­гертіп бергені аздай, болыстың ба­ласы деп он жыл итжеккенге ай­дап жіберген екен. Кебенек киг­ен келеді деп, ол жақтан аман қай­тып, отбасына оралыпты.
1928 жыл ма екен, 1929 жыл ма – анық есімде жоқ, қазіргі Ал­ма­тыдағы әкемтеатр Қызылордада, сол тетарға Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебековтермен бірге әкем Иманғалиды да әртіс қылып шақырған екен. Бірақ атам Қа­лиасқар: «Жақсының арты жын болады» деген. Бала-шағаңды әлеу­ләйліммен асырады деп Мы­сық болыстың атына қандай кір келтіреріңді білесің бе?» деп, әкемді кері ша­қыртып алған. Бертінде әке­ме: «Сол кезде әкеңнің тілін бір рет ал­масаң, осы күні Халық әрті­сі­нің ұлы болып жүрер ем» деп қал­жыңдасам, шешем менен асып түсіп: «Е, қалқам, онда сен де жоқ, мен де жоқ едік қой» деп менен асыра қалжың­даушы еді. Содан әкем үйге қайтып кеп, азын-аулақ оқуын б­ітіріп алып, қырық жыл бойы бух­галтер болып еңбек етті. Бірақ қо­лынан домбырасы түскен жоқ. Қы­зылордада әкемтеатрға әртіс бо­лып қабылданған жылы бір ше­берге арнайы жасатқан дом­бы­­расы осы күні біздің отба­сы­ның құн­ды жәдігері. Балалары, не­ме­ре­лері сол домбыраны шертіп өс­ті. Сол домбыраны кезінде Са­рыбаев ешкімге бере алмай жүр­ген отыз мың сом ақшасын ұсын­са да, бермей қойған едім. Құнын жо­ғалтпаған қалпында біздің от­басының ең аяулы дүниеле­рінің қа­тарында.
Көне көздерден естіген әңгі­мем­де бірде Мысық болыстың бір ұлы шетінейді де, сол баланың қыр­қын бергенше бірінің ізін ала бірі – төрт бірдей баласы қоса ке­теді. Қырық күнде бес баласынан айрылған ұлы атамыздан жал­ғыз бала Қалиасқар тараған. Со­дан бері кіл жалғыздармыз. Атам Қалиасқар, әкем Иманғали, мен де жалғызбын. Ұл бала дүние­ге келуін келеді, бірақ көп тұрақ­та­­май­ды. Тағдыр талайымыз солай шығар.
Әкем мен шешем туралы таң­ды-таңға ұрып айтуға бармын. Нұртілеу Иманғалиұлы бо­­лып қалыптасуым үшін әкем мен ше­шемнің тәрбиесі зор болған шы­ғар. Әйтсе де, атам мен әжем­нің сіңірген еңбегі тіптен мол еке­нін айтуым қажет. Бүгіндері көп­тің арманы болған ата инс­титу­тынан да, әже институтынан да жақсы­лап толығып, толысып шықтым деп ойлаймын. Атам Қалиасқар мар­құмды әулетіміз ғана емес, күл­лі аудан құрмет тұтты. Жиын-тойдың құрметті қонағы болатын. Әңгіме-дүкен құрылар жерге атаммен ілесе барып, тізесіне басымды қойып, талай нәрлі әң­гімені тыңдап өстім. Талай тойға ояу барып, үйге ұйықтап келген ке­зім көп болды. Күліш  әжем де қар­а­жаяу кісі емес еді. Емшілігі бар, шөп жинайтын, шөппен емдей­тін. Ауылда ол кісі дүниеге әке­лу­ге кө­мектескен балалардың  көп­шілігі әлі тірі. Той-томалақта  екі  ауыз өлең құрап, айтыса  бере­тін.
Өзің айтқан ұят, ынсап, обал, сауап­тың не екенін бала күнім­нен, осындай аяулы жан­дардың арқасында көріп өстім деп ойлаймын.
– Кітап оқып өскен ұрпақ ре­тінде сізге «қандай кітап оқисыз?» деген сауал қою жеңіл-желпі дүние көрінер. Сондықтан сұрағымызды басқаша «өңдесек», сіз оқыған бұрын­ғы және бүгінгі кітаптың айыр­машылығы байқала ма?
– Публицистиканы, өзіңе ке­рек кітапты оқу – көркем кітап оқу болып есептелмейді деп ойлай­мын. Ә.Нұршайықовтың «Махаб­бат, қызық мол жылдар» кітабы ең алғаш ауылға келіп, қолдан-қол­ға тигізбей оқыған кез әлі есте. Бір адамға екі тәу­лік­ке ғана бе­рілген сол кітапты бәрі­міз жа­па-тармағай оқыған едік. Ол кез­дің трактористері де қол­дары қал­т ете қалса, кітапты, «Жұлдыз» жур­налын, газеттерді оқып отыратын. Кітап оқуыма марқұм Ма­ғауия ағам, қазір көзі тірі Дариға әпкем, сосын мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Бақыт  деген апайым қатты әсер еткен еді. Ба­қыт апай бізге тоғызыншы клас­та келді. Күз әлпетінде, ол кезде біздің ауылда шаш сәндеу деген ұғым жоқ, шашын сәндеп түйген, біз өкше биік төпли киген, әдемі апай есіктен әсем басып келе жат­ты. Және біз жапа-тармағай ор­нымыздан тұрып, сәлемдесу ыры­мын жасап болғанша, есіктен кі­рген апайымыз әр қадамын атта­ған сайын өлең жолын жатқа ай­тып келеді:
Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде,
Екі тарлан бөрі едім…
Бәріміз сілейіп тұрып қал­ған­быз. Журналын үстеліне қояр-қой­мастан апайымыз «Кімнің өлеңі?» деп сұрады. Әлде апайдың әдемілігі, әлде басқа сиқыры бар ма, күллі оқушы арбалып қалған­дай үнсіз. Елдің алдында жүр де­ген атым бар, спортқа қатысады де­ген атағым тағы бар, есімді ал­ғаш жиған мен болдым да: «Ма­хам­бет Өтемісовтің өлеңі», – де­дім.
– Фамилияң кім?
– Мысықов.
Фамилиямды естігенде күл­ме­ген, мырс етпеген, тіптен бә­лен­­дей таң қалмаған бірінші адам да – осы мұғалім еді. Ол адам, әрине, ме­ні бірден баурап алды. Міне, сол Бақыт апай қандай кітап оқу ке­рек, қалай оқу керек – жол көр­­сеткен алғашқы ұстаз­дарым­ның бірі еді. Кейінгіде қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық пе­дагогикалық универ­ситетінде дәріс оқыды. Абайды, Абайдың қа­ра сөздерін түгел жатқа біле­тін.
Тоғыз, оныншы класта ауылға ки­но келеді. Кешкі сеансқа мектеп оқушыларына рұқсат жоқ. Оған қарап жатқан біз бе? Бой бер­мей, жасырынып киноға барамыз. Сондай «жорықтары­мыз­дың» бірінде ұсталып қалдық та, ер­тесі түсініктеме жазу керек бол­ды. Алғашқы сабақ – қазақ әде­биеті еді. Ұсталған төрт-бес бала түсініктеме жазып отырмыз. Сол кездің өзінде атым ауызға іліккен бала болған соң ба, өзім­ше на­мыс­танып, түсініктеме жазғым кел­меді. «Ал жазған­да­рыңды бері әкеліңдер» дегенде барып: «Кеш­кі сеансқа бұдан кейін бармаймын, бірақ Үнді кино­сынан қал­май­мын» деп сүй­кей салдым. Ба­қыт апай ұрсудың орнына: «Мы­на өлеңнің жалға­сын жазшы» деп түсінік­темемді өзіме қайырып берді…
1972 жылы мен оқуға түскенде, құрдастарым ЖОО-ны бітіріп жат­ты. Оныншыны бітіргенде тапсыратын жеті емтиханның бі­рін де тапсырған емеспін. Ле­ниногорскі деген қалаға боксқа ба­рып, ауданымызға бокстан ал­ғашқы алтын медаль әкелдім. Ау­дан әкімінің өзі алдымнан шы­­ғып, күллі аудан, ауыл жұрты ғарышкер келгендей қарсы алды. Ауылда қант қызыл­шасын егіп жатқан уақыт еді. Сон­да да, ме­нің құрметіме жасалған тойға қа­тысып, мектеп директоры қо­лыма әкеп ұстатқан дипломымды алып, Спорт инс­титутына оқуға қабылдауға келісіп қойған­быз, бірден соған тарттым. Алайда, ба­ла кезгі арманым журналистикадан алыс­тап кете алмадым да, кейін журфакқа құжат тапсырдым. Бірінші курс­та бізбен бірге оқы­ған қыз-жігіттер арасында мек­тепті алтын медальмен бітір­ген Роза Нарынбетова, қаланың баласы Бақберген Әдібайұлы Та­был­диевтер де бар. Шет ел әде­бие­ті деген сабақта әлгі екеуі оты­рып алып шығармасы тү­гілі атын естімеген біреулерді тал­дайды. Содан менің мектептен оқып, біліп келдім деген Джек Лондон, Эрнест Хемингуэйлер жарамай қалып, қайтадан әде­би кітаптар оқуға көштім. Са­ған сұхбат беріп отырған осы Ұлт­тық кітапханада студент ке­зім­де аула сыпырушы болып жұ­мыс істедім. «Иманғалидың ұлы аула сыпырып жүр» деп ауылдағы таныс­тар көріп қалса мазақтай ма деп, ауланы емес, жұмысы ауыр әрі қиын қақ­па жақты сұрап алып, сыпырамын. Еңбегімді баға­лағаны шы­ғар, кітапханашы апайлар маған керек кітапты демде та­уып бере қоятын. Сирек кездесе­тін кітаптардың қо­рында кім бар, кімді, қалай оқу ке­регін енді мамандардан – кі­тап­хана­шы­лардан үйрендім. Сөй­тіп, сту­дент шағымда таңсық, көпші­ліктің көзінен тасада тұр­ған кі­таптарды оқу бақытына ие болдым.
Олжас Сүлейменовтің «оқи­тын елге емес, көретін елге ай­нал­­дық» дегенімен келісемін. Осы күні неге кітап оқымайсың  деген сауалға «лайықты шығарма жоқ» деп айта салу сәнге айналды. Ауызды қу шөппен сүртуге бол­­майды ғой. Оқуға лайық, жақ­­сы кітаптар бар, шығып жатыр. Бірақ 1960 жылдардағы та­ри­хи роман­дардың дүмпуі бас­талған уақыт­тағыдай, бертінде Төлен Әбдік, Оралхан Бөкей, Сайын Мұрат­беков­тердің шығар­ма­лары талданып жатқан кездегі­дей әдеби диспуттардың неге ор­на­май жат­қанын мен де түсін­беймін.
Телевидение саласында қы­рық төрт жыл қызмет еттім. Ті­ке­лей қызметіңе қажет кітаптан бө­лек, бақытыма орай, «ананы оқы­дың ба, мынаны оқыдың ба» дей­тін ақылшы ағаларымның ор­тасында жүрдім. Қазір бәлкім, ба­ғыт-бағдар көрсету азайды ма – оны да білмей дал болам.
Кешегі мен бүгінгіні салыс­тырмалы тұрғыдан айтқан кезде, кеше қазақ әдебиетінің дәуір­леу кезі болды ма, әлде біздің ба­­ғымыз ба, сұраныс көп еді. Қа­зір ондай сұраныс бар деп айта ал­маймын. Жалпы, әдеби кітап­тар­дың кешегісі мен бүгінін салыс­тырып айту үшін менің те­­ле­­­ви­дениеге арнаған уа­қы­тымдай, әде­биетке де сонша жыл көңіл бөлу керек болар. Сон­дықтан ол са­лыстырмалы сауалға әдебиет­ші­нің пайымы өтімдірек шығар…
– Телевидение саласында ең­бек еткеніңізге қырық жылдан аса уақыт өтіпті. Ең алғаш теледидар есігін аттаған уа­қыт­тағы кә­сібилік, жауап­кер­шілік дағдысы қа­лай қалыптас­ты? Ол кездегі әріп­тес­теріңіз кімдер еді, сол жай­лы аз-кем тол­ға­сақ…
– Ол кездегі те­ле­в­идениедегі ойын шар­­ты түсінікті еді. Бү­­гін­гідей дүдәмал шаруар­­лар жоқ болатын. Ол кезде жоғарғы бі­лім алсаң, өзің бүлдір­ме­сең, адам болатының анық-тын. Бүгін екі-үш дипломы барлар қаңғып қалды. Нағыз демократия апта сайын болатын жалпы лез­демеден байқала­тын. Ол лездемеде не ай­тылмады. Тіпті, үл­кен дау болатын. Бірақ сыртқа шыққан соң ешкім ешкімге жау болмайтын. Ғажап шақтар еді ғой. Телевидение қыз­меткер­ле­рі­нің кітап оқуға мүм­кіндігі бол­ма­­ғанымен, аға буын­ның тә­жі­ри­­бесі үлкен мектеп бол­ды. Ка­мал ағамыз секілді өте көп оқи­тын адам­дар­дың аузынан ес­ти­тін ақ­параттар кітап оқуға же­­теқабыл дүние еді. Режиссерлер Ыдырыс аға Қа­сымов, алғаш­қы кәсіби телережиссер Рабиға апай Естемісова, Шырын Бағы­шева апамыз, Клара Қорғанова, Шолпан Баймулдина, марқұм Александр Пономарев, ақпарат­тың жылдам ше­шім қа­былдағыш режиссері марқұм Ру­­­бикжан Яхин, постановкаларды қатырып жасайтын Асқар Ба­пышев, Светлана Яковенко се­кіл­ді режиссер­дің ассистент­тері, жур­налистер: Совет Мағ­зұмов, Қа­­жым Қорғанов, Сұлтан Оразалин, Ғаділбек Шалахметов, Са­­ғат Әшімбаев, Ғұсман Игісінов, Фа­тима Кенебаева, Әділбек Тауа­са­ров, Галина Күзембаева, бүгін оп­позицияда жүрген Сергей Ду­ва­нов, Гүлжан Ерғалиева сынды қыз-жігіт­термен тізе қосып, жұ­мыс жаса­дық. Көбі қазір еске де түсе қой­мас. Бұл да ұрпақтар са­­бақтас­тығының үзілгенінен болар. Бізде телевидениенің мек­тебі бар да, жалғасы жоқ па деп ойлаймын. Алпыс жылға жуық уа­қыт бойы қазақ телевизиясын ғы­лыми айналымға түсіре ал­май о­­тырғанымыз, қазақ қоға­мы­ның осалдығы болар. Алпыс жылдық тарихы бар қазақ телевидениесі туралы еш­қандай ғылыми тұжырымдардың жасалмауы ненің белгісі? Иә, эн­ци­к­ло­педия жа­сап жүр­ген Құ­дайберген Тұрсын деген азамат бар. Бірақ Құдай­бер­ген мені кешірсін, бізге энциклопедиядан бұрын, ғылым керек. Алдағы жылы Ұлттық ар­наның алпыс жылдығы келе жа­тыр. Бұл тек Ұлттық арнаның емес, Қа­зақстан телевизиясының ал­пыс жылдығы. Сол мерейтой аясында арнайы ғылыми орталық ашы­лып, қазақ телевидениесінің жай-күйі талқыланса, бүгінгідей «әлеуләйім бітсе де, хәлаулайым әлі бар» деп теледидардан түспей отырып алған талайлардың бары мен жоғын талдамас па едік? Біз бүгін техникасы дамыған, қару­лан­ған, бірақ маманы жоқ теле­ви­дениеміз бе деп ойлаймын.
– Қазақ телевидениесі саласында еңбек еткен танымал тұл­ғалардың да біртіндеп ұмытыла бас­тауы, тасада қалып қоюы сияқ­­ты жағдайлар «шаң басқан ар­хивтер» ешкімді де қызықтыр­май­ды деген сөз бе? Олай бола қал­ған жағдайда сол дәуірдің үні мен тынысы қалған түрлі хабарлар, бағдарламалардың уақыт тезіне төтеп бере алмауы болып та қа­былданып кетпей ме? Жалпы, өт­кенге құрметтің бүгінгі үлгісі қа­лай болуы тиіс еді?
– Өте сауатты сұрақ. Орынды сұ­рақ. Бұл тез арада, қайта қа­ра­латын, күн тәртібінен түспейтін мә­селе болуы керек. Шынтуайты­на келгенде, біз заманның ө­з­геруін қалағанымызбен, дәл осын­­дай аяусыз өзгерістерді ті­ледік пе? Телевидение менен бас­талады дейтіндер бірінен кейін бірі бәрін бүлдірді деп ойлаймын. Санасына сайтан ұя салғандар бірі түсінбей, бірі білмей, ал біл­ген­­дері жеке басқа жағынып, жа­­ғымпазданып әрекеттенуінің нәтижесі телевидениенің шат­қаяқтап қалуына әкеп соққанын айтқым келіп тұрады. Бәрін кө­ріп, сезіп отырсақ та, тіпті айта ал­­майтын ахуалды бастан кеш­ке­німізді жасырғым келмейді. Басқасын былай қойғанда, Ұлт­тық арнаның эмблемасының соң­­ғы он бес жылда себепті, се­бепсіз үш рет өз­геруі жанымды өртейді. Қазіргі эмблема не айтып тұрғанын біл­мей­мін. Менің алдымдағы басшылар жасаған эмблемада ой бар еді, пікір бар еді. Одан кейін мен өзгерттім. Онда да өз­дері­нің айтуымен, өзгерту керек деген соң. Оның ар жақ бер жа­ғын­да сендер білетін, біл­мей­тін нәрселер бар. Алысқа бармай-ақ қоялық, «Хабардың» эмблемасын өзгертіп көрші, не болар екен?
Өмір ақ пен қарадан, күн мен түннен тұратыны сияқты, Ерлан Қариннің басшылыққа келуімен үміт оты тағы тұтанды. Ардагер ре­тінде оны айтуым керек деп ойлаймын. Келесі жылы Ұлттық арнаның ғана емес, жалпы қазақ телевидениесінің торқалы тойы. Осы тұста жаңағы олқылықтар­дың орны толғаны жөн шығар.
Менің түсінігімде телевидениеге қатысты пікір айтпайтын адам жоқ. Қазақ өзі жақсылыққа сараңдау елміз. Менің қолымда бір кездері жақсы рычаг болды. Ойымдағыны екі жыл ішінде то­лық жүзеге асыруға уақыт тарлық етті. Бірен-сарандар көзге айтады, қоғамдық пікір дәреже­сінде көтеруге қимайды ғой деп ойлаймын. Телевидениенің кә­сіби маманы ретінде телевид­е­ниенің картинасы өзгеруінен бастап, оның ХХІ ғасырға ла­йық­ты, әлем телевидениесінің жаңашыл­дығын сол кезден әкеле бастадық десем, мақтан­ғаным емес. Біз кө­зге көрінбейтін жұ­мыстар жа­садық. Жарық қоюдан бастап, дик­тор сөйлеген кезде желкесінде тұратын картин­а­лардың бар­лығын кең форматты қалыпқа ауыстырдық. Теледидар көрген­дер, «жақсы кар­тина, жақсы телевидение көргенін» айтады, бі­рақ жіліктеп талдай алмайды.
– Оны кәсіби маман айтпай ма?
– Айтпай отыр ғой. Сол жұ­мыс­тардың ары қарай жалғаспай қалғанына өкінемін. Телере­жис­сура­да бүгінгі шоуларды жасап жүрген біздің мамандар емес, тіпті Ресей мамандары да емес, Украина мамандары. Украина қай­дан алады? Батыстан, әрине.
Кешегі Өзбекстанның Рашидов деген бірінші хатшысының тұ­сында Өзбекстанның асханасында ұйғырлар жұмыс жасапты-мыс. Бірінші хатшы сол ұйғыр­лар­дың отызын шақырып алып, әр­қайсысына үш өзбек дайын­даң­дар, жағдайларыңды жасаймыз де­ген екен. Сөйтіп, өзбектер бір­тіндеп-біртіндеп ұйғырларды жұ­мыссыз қалдырған екен деген әң­гіме естідім.Біз де сырттан мамандарды ақша төлеп ша­­қырып, өзі­­мізге кәсіби бі­­ліктілігін сіңі­ріп, өз мектебімізді қа­­лыптастырып ал­сақ, шіркін!
– Телевидениенің майын ішкен кәсіби маман ретінде бүгінгі әріп­тес­теріңіз жайлы не айтасыз? Олар­дың сөз сөйлеу мәнері, ақ­па­ратты жеткізу әдісі, түрлі бағдар­ла­маларды ұсыну мәнері туралы әң­гімелеп берсеңіз…
– Қазір бәрі телевидениеге шық­қысы келеді. Біз оны жур­налис­тика деп сыйлық беріп жүр­міз…
Журналистика факультетіне түсу үшін біздің уақытымызда сұрыпталушы едік. Оған дарынды, талантты ұл мен қыз келетін. Университетті бітірген соң БАҚ-та қызмет жасай жүріп, тұлға, есі­мі ел білетін кәсіби журналист болатын. Бүгін еліміздің 27 ЖОО-да журналистика факультеті бар. Бірен-саран болмаса, лайықты журналист жоқ. Базасы жоқ, жур­налистикадан хабары жоқ, бі­рақ журналистиканың нарық-қа қажет екенін білетіндер жаппай ашып алған журналистика факультеттерін жабу керек.
Америкада Орта Азия және Қазақстанды зерттеу институты деген бөлек институт бар. Сол ор­талық мамандарының қазақ журналистикасын басынан бас­тан бүгінге дейін зерттеп, зерделеп келе жатқанын білемін.
Жиырмасыншы ғасырдың басында Алаш азаматтарының бас болуымен жарық көрген «Қазақ» газеті жаңағы институт маман­да­рының бағалауы бойынша, қа­зақ руханияты, қазақ өмірі, мә­дениетіне жаңалық әкелген, ре­волюция, ренессанс жасаған бас­пасөз деп баға берген. Олар со­лай жұмыс жасап отырған кезде бізде өзіміздің кім екенімізді анық­тай алатын ғылыми тұжы­рымның жасалмауы нені көр­се­теді?
Телевидениені былай дамы­та­мыз деп диагноз қоя салатын адам жоқ. Бұған міндетті түрде ғы­лыми көзқарас қалып­тас­тырып, тұ­жырымдар жасалуы керек қой деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір