ӨГЕЙ ӨМІР
Берік Шаханұлы
Мына өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген, көтерген, бәріне сабырмен төзген иманды әке-шешелерден бірге тәрбие алған тәтем Ақанға арнаймын.
Жаратқанның адам баласының басына бірде зауал тудырып, жарық дүниесін тозаққа айналдырып, мына өмірден баз кешіп кеткендей күйге түсіріп; бірде табиғат Ананың кең пейіл, мейірім шуағына бөлегендей мамыражай, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дәурен кештіретін алма-кезек тірлігі тәрізді табиғаттың да ауа райының қыстың аязды, боранды, шілденің апшыны қуырған күндерінің де ара тұра жанға жайлы, жайма-шуақ сәттері болады-ау кейде.
Қыс – қыстау, жаз – жайлау ыңғайындағы кешегі көшпелі тіршіліктен қалған жұқана әдетпен Қаратаудың теріскейіндегі кең жазыққа қатпар-қатпар тау сілемдерінен оңашалана, сұғына тұмсық тірей жатқан «Қоянбай» жотасының бауырындағы «Жаңа жол» колхозының қоныстануындағы жұрт көктем шыға, киіз үйі бары киіз үйін, қосы бары қосын көтеріп, ауыл іргесіндегі беткейді жайлау етіп отыратын.
Бұл даланың жазы әдеттегісіндей биыл да ыстық, аңызақты болатын. Кешелі бері күн кенеттен алабұлттанып, аптаптың беті алғауланып, мал-жан біткен еркін тыныстағандай күйде еді. Кешке қарай салқын тартқан ауада үй айнала су септіріп, сыпыртып, киіз-төсеніштерін есіктің алдына төсеттіріп, ел біткен далада отырған. Жаздың бір жанға жайлы кеші жақындап келе жатқан…
Жаратушы шебер жер бетіндегі әр өңір, өлкеге өзіне тән ерекшелік, жарастық, көркемдік сыйлаған ғой. Сырт көзге сұрқайлау, жадау, қоңторғайлау көрінетін, шөлейтті бұл аймақтың да көз тоқтатқан кісіге байқалатын сұлулық әлемі, кеңістігі бары айқын. Түстігі – күннің шығысынан басталып ұланғайыр созылып жатқан; батысы күнді ұясына қондыратын «Мың жылқының» көгілдір, көрікті шыңдарымен тұйықталатын, қарауыта мұнартқан Қаратаудың алып сілемі. Теріскейі – Арқаның аспанымен астасатын ұшы-қиырсыз, шексіз қазақтың сахара даласы. Қанша қараса да көзі тоймайтын, қиялына қанат бітіріп, әлдеқандай алыстарға, беймәлім армандарға жетелейтін осы көңіліне ыстық көрініс-суретті тамашалай, айнала зер салып отырған бала Берден мына көгеріші кемшін, аңызақ жайлаған, құлазыңқы сары далада қалың өскен тал-дарақтары берекелі тіршіліктің белгісіндей болып, қарауыта көзге ұрып тұратын «Құмкент» ауылынан бергі кең жазықта бері қарай келе жатқан екі-үш жүргіншінің нобайын алыстан байқаған. Олар таяна келе үлкен қара жолдан шығып, бері қарай бұрылатын жалғызаяқ соқпаққа түсті. Әне-міне дегенше, ауыл шетіне де ілікті. Бұлар – бір еркек, бір әйел жетегіндегі есектің үстінде төрт-бес жас аралығындағы екі бүлдіршін. Жолаушылар алдынан кезіккен кісілерден әлдекімдерді сұрастырған сияқты. Олар осы ауылдың ортасындағы ең еңселі көрінетін, алты қанат ақ боз үйді нұсқап жатты. Бұл үй төңіректегі алыс-жақындардың бәрі атын атамай, «қария» дейтін, Берденнің сүйікті атасы, әкесі Серәлі-Шаханның ағасы, Бекет ақсақалдың үйі еді.
Берден есіктің алдында шаруа шаруалап жүрген шешесі Қадишаға:
– Апа, апа! Анау кісілер бізге келе жатқан тәрізді. Атамның үйін сұрастырып жүр, – деді.
Шешесі:
– Кім?! Қай кісілерді айтасың? – деп басын көтеріп жүргіншілер жаққа зер салған. Олар бұл кезде қастарына таяп қалған. Бекет қария мен інісі Серәлі-Шаханның үйлері іргелес, қатар отырған. Қадиша жолаушылар қасына келгенде:
– Құдай-ау! Мынау Ұлбосын емес пе? – деп құшағын жайып, алдынан шыға берді.
Бейтаныс әйел:
– Мен бейбақпын ғой, жеңеше-ау! – деп аңырап келіп, шешесін бас салды. Абыр-дабыр дауысты естіп әжесі Қына да үйден сыртқа шыққан. Жолаушы әйел ол кісіні де құшақтап, ағыл-тегіл көрісті. Әжесі мен шешесі де «Айналайынын» айтып, егілуде. Келген еркек – жігіт ағасы жасындағы, үсті-басы жинақы, мұнтаздай кісі жылаған шешесіне жәутеңдей қараған қасындағы екі бүлдіршіннің басынан кезек сипап, тұнжырап кеткен. Сөйткенше көрші-қолаң жиналып, жылағандарға басу айтып, қонақтарды үйге енгізді. Біраз аңырап, мауқын басқандай, сабырға келген жолаушы әйел есіктен кіре бере төрдегі еңсесі түсіп, қабаржып кеткен қарияға басы жерге жете еңкейіп, сәлем жасады.
– Көп жаса! Құдай тілеуіңді берсін! Аман жүрсің бе, шырағым, – деді қария ықыласты пейіл, күрсінген көңілмен. Сонан соң қол беріп сәлемдескен қонақ жігітке:
– Төрге шық, балам, – деді.
Үй ішінде бір сәт сілтідей тынған тыныштық орнаған. Елдің бәрі қария жаққа жасқана көз салып отырғандай. Осы үнсіздікті ол кісі өзі бұзып, елмен бірге кіріп, есік жаққа таяу тізе бүккен келіні Қадишаға:
– Шахан әлі малдан келген жоқ па? Алдынан балалардың бірін жіберіп хабар бер. Келіп, қонақтардың жағдайын жасасын, – деді.
Берден адам баласы бетіне тура қарап сөйлей алмайтын, әруақ болмыс, сұсты, сесті атасының бұлай рухы түсіп, шөгіп, аласарған күйін бұрын көрген емес еді. Әлденеге ол кісіні аяп кеткендей болды. Бұл келген жолаушылардың да кім екенін сезгендей. Жастайынан үйдегі әңгімеден естіп, құлағына қанғаны атасы Бекет пен әкесі Серәлі-Шахан он ағайынды болған. Ең үлкендері осы атасы.
Он жетінші жылдың төңкерісінен кейінгі дүрбелеңді кезеңде кезекті ажалынан кеткені бар, кісі қолынан нақақ жазым болғаны бар, жиырма сегізінші жылдың «кәмпескесіне» дейін бұлардың төрт-бесеуі дүние салған. Он ағайындының ең кішілері Бабыр, Отыншы, Қунақ жастай жаңаша сауат ашып, сонан соң өзгеше зерек, алғыр Бабырды Бекет өзі Ташкенттегі «орыс оқуына» апарып кіргізген болатын. Ол сол жақтағы мектебін бітірген бойда Қызыл өкіметтің қызметіне жегіліп, жаңа құрылған аудандарда «комсомол ұясын» ұйымдастыруға белсене араласып жүрді. Кешікпей жоғары лауазымды қызметке шақыртылып, Ташкент жаққа кетті. Ол жақта дүрілдеп тұрған бастық деп еститін. Бетпақтың даласын төңіректеген бұлардың көшпелі жұртының ол жақпенен хабары ұзынқұлақтан ғана еді. Бірақ інілерінің дақпыртына марқайып, көңілге тоқ санайтын. Жатса-тұрса тілеуінде еді.
Ел-жұрт үшін зар заманға айналған «кәмпескесін» өткізіп алып, «Қызылың» енді бұрынғы әулеттілердің тұқымы мен ел жақсыларын жаппай қудалау – «құлақ» науқанын бастап берген. Бұл шаруа ата-бабаларынан қасиетті әулие, айтулы би, болыстар көп шыққан мұның әулетіне қырын соқты. Тап осы тұста сонау Ташкенттегі Бабырдың қазасы туралы оқыс хабар бұлардың төбесінен жай түсіргендей болды. Қызылқұмда жасырынып жүрген «басмашыларды» құрықтап, сол жаққа босып, көшіп кеткен елді қайтарып, «колхоздастыру» тапсырмасы жүктелген комиссияны басқарып барып, жау қолынан мерт болған.
Ауыл ішіндегі қуғын-сүргіннің түрі мынау. Ақкөз қудалаудың бір құрығы Тасыбай әулиенің немересі Бектібай бидің баласы Тырнақбай биден туған он ағайындының үлкені, әрі ел ісіне араласып, көзге көрініп қалған Бекетке түсетін тәрізі бар. Осыны сезген інісі Серәлі-Шахан:
– Сіз жаныңызға Отыншы мен Қунақтың бірін алып, бұл жерден жылыстап кетіңіз. Түркістан жаққа осы елден біраз таныс кісілер көшіп барды. Соларды төңіректерсіз. Хабар алысып тұрармыз. Бәріміз бірдей елден қол үзіп кетпейік. Мен осында қала тұрайын. Арты қалай болар екен байқайық,– деді.
– Мұның құлақ асатын сөз екен, – деген ол кісі қасына інісі Отыншыны мен келіншегі Ұлбосынды және немере інісі Досмаханның Қасымбегімен оның әйелі Айбаланы ертіп, бір түнде «қасиетті Түркістан, қайдасың!» деп тартып кеткен. Сол кеткеннен Қаратаудың күнгейін шола жүріп, жолай «Ащысай» деген жерде ашылып жатқан шахтаға Отыншыны жұмыскер етіп орналастырып, өздері «Қараспан» деген жерге келіп тұрақтаған. Олардың бұл хабарын ілуде-шалу, ара-тұра қатынасқан кісілерден естіп-біліп отырған Серәлі-Шахан:
– Әйтеуір аман-есен бір жерге жетіп, қоныс тепкен екен, – деп көңілін демдегендей еді. Осының артынша бұл жақта отыз екінің әйгілі алапат аштығы басталсын. Серәлі-Шахан қолында қалған жалғыз түйесіне бар ас-ауқатын, қара қосын артып, үстіне екі-үш майда балаларын мінгізіп, әйелі Қадиша, інісі Қунақ, келіні Айманды ертіп, Арқадан Қаратауға қарай босқан көптің ілегіне ілесті.
Өмір шіркіннің алға жылжыған ағыны тоқтай ма?! Талқаны таусылмаса пенденің көрер қызығы мен шыжығы біте ме?! Жарылқаймын десе жаратқанның жақсылығы аз ба?! Босқан жұрттың үлкен бір толқыны Қаратаудың теріскей етегіне
ат басын тіреп, жаңа аудан болып құралып колхоз-колхозға топтасты. Бұлар – бір қауым жұрт «Қоянбай» қырқасының етегіндегі «Жайылма» аталатын жазықтағы көгілдір қойнауда «Жаңа жол» аталатын ауылдың іргесін көтерді. Егін егіп, мал басын құрап, отыз жетінің үрейінен де ес жиып, еңсе көтеріп келе жатқанда қырық бірдің қырғын соғысы басталып берді. Соғыс болардан бірер жыл бұрын:
– «Құлақтарды» қудалаудың айқай-сүреңі басылды ғой. Сыртта жүре бересіз бе?! Ағайынның ортасына келіңіз. Біздің туыс-тумаларымыздың көпшілігі осында қоныстанды, – деп Серәлі-Шахан ағасын шақырып, көшіріп келген. Інілері Отыншы сол «Ащысайда» шахтер болған жұмысында қала берген. Соғыс басталған бойда «Отыншыны әскерге алыпты» деп естіген. Артынша қастарындағы інілері Қунақ та майданға аттанды. Жылға жетер жетпес уақыттың ішінде екеуінен де «қара қағаз» келді. Қунақтың артында алды мектепке барған, бір-біріне жетеқабыл үш-төрт баласы қалды. Отыншының артында әлі мектеп жасына жетпеген үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы қалды «Ащысайда». Біреуді-біреу іздеп, қарайласатындай да заман емес. Оның үстіне жердің шалғайлығы бар, олармен бұлардың хабары қалыс еді. Тек соғыстың соңғы жылдары ұзынқұлақтан «Отыншының екі бүлдіршіні бірдей шешектен шетінеп кетті» деп естіді. Кейінірек келіндері Ұлбосын соғыстан аман қайтқан, салтбасты жігітке тұрмысқа шыққанын білді. «Алдынан жарылқасын» деді бұлар. Басқа не шара?!
Еркек демей, әйел демей еңбекке жарайтын адамның колхоздың шаруасына жегілген заманы. Қыста Құмда, жазда Тауда мал соңында бәрі. Серәлі-Шахан ағасын орталыққа қоныстануға отырғызды да:
– Ас-ауқат, киім-кешектеріңіз, жаным тірі болса, менің мойнымда. Балаларға ие болып оқытыңыз, – деп қарияның қолындағы інісі Қунақтың балаларының қасына өзінің мектеп жасына ілігіп қалған үлкендерін әкеп қосты. Сөйтіп, бұлар «кімсің?» «Атам баласымыз» болып өсіп келе жатқан. Қыста құмды қыстағанымен көктемнен қара күзге дейін Серәлі-Шахан осы ағасымен жеңгесінің, ағайын туыстарының жаздағы айран-сүті, сусыны үшін қоныстанудың іргесіндегі осы жерді жайлайтын.
Малдан келіп, аттан түскен Серәлі-Шахан «көке-ау!» деп алдынан шыққан келініне көзінің жасы мөлтілдеп тұрып есендесті. Үйге кіріп, келгендермен сәлемдесіп шығып, мал союдың қамына кірісті.
Қалған жайға Берден кешкі әңгіме үстінде қаныға түскен.
Шәй үстінде, тамақ үстінде жалғасқан шерлі сұхбаттан Берденнің көңілінде бөлекше сақталып қалған жәйт – Ұлбосынның екі жеңгесі – әжесі Қына мен шешесі Қадишаға қарата айтқандай болғанымен отырған жұрттың бәріне арнағандай, бәрі естісін деген ыңғаймен:
– Жәкемді, Сіздерді сағындым. Тірлігімде бір көріп кетейінші деп келдім. Артында қалған екі тұяғының бірі тірі жүрсе соны қара қылып, Отыншының ошағының отын сөндірмес едім. Тағдырыма не ылаж?! Бұйрық болып, мына азаматпен кезіктім. Алла разы болсын, бөтен сөзі, мінезі жоқ. Басымды сыйлайды. Құдай жазып мына екі кішкентай дүниеге келді. Ендігі үміт-тілегім осыларда. Осы екеуіне Жәкемнің батасын алсам деймін, – деген жүрекжарды сөзі.
Бұл таңды басқалары өзі біледі, айрықша екі кісі өкінішке, сағынышқа толы, өткеннің елестерінен арыла алмай, өксікпен атқызған еді.
Ұлбосынның он жеті жасында бұл әулетке келін болып түскен, қайғысыз, мұңсыз бұла күні; ақар-шақар көп ағайынның үлкені де, кішісі де атын атамай «Жәке!» дейтін, сұлу да сымбатты, сеті, ақыл иесі жан, ауыл ағасы, бүгінгі, мына Қаратаудай қабаржып отырған қарияның алғаш көргеннен өзіне деген әкелік мейірімі; бұлардың бір-бірінен енші айырмаған, менікі-сенікі жоқ ынтымақ, бірлігі; төңірегіндегі елге деген қадыр-сыйлары көз алдынан өтіп; сол бір мамыражай жастық дәуренін, жан дүниесінің бір түкпірінде жазылмас жарасы болып қалған алғашқы қосағы, осы отбасының марғасқа ұлдарының бірі – Отыншысын сағынған.
Бүгінгі мынау Ұлбосынның бұларды іздеп келуі, шынайы көз жасы, ақтарған сыры Бекет қарияның да ішіне шемен болып қатқан шердің қоясын қозғап жіберген еді.
Небір асылдары мен жиған-тергенінің бар құнарынан айырылып, сорлап қалып, азған-тозған күйінен енді қайта ес жиып келе жатқан мына төңіректегі жұрттың біразына қарағанда, обалы нешік, Бекет қарияның басындағы бүгінгі күйі шүкірлік айтуға тұрарлық десе, Аллаға асылық емес шығар. Әуелі Құдайдың сонан соң інісі Серәлі-Шахан мен келіні Қадишаның туыстық, қалтқысыз пейілі; бейнеткеш, қажырлы еңбекқорлығының арқасы шығар, қазір қария мен кемпірінің, қолдарындағы немерелерінің «не ішемін, не жеймін» деген уайымы жоқ.
Пенденің адал ниеті мен еңбегін Тәңірі далаға тастамаса керек. Өтеуі болады екен ғой. Сталиннің соғыстан кейінгі жылдардағы еңбек адамдарымен озаттарды ынталандыру саясатының алғашқы жемістерін жеген колхозшылардың бірі осы інісі Серәлі-Шахан болды. Малшысы бабын тауып жайған күйлі малдың күзгі күйегі ұрықты болып, қыстан қоңы таймай шығып, көктемде төлді төгіп беретінін сонда көрді бұлар.
Қырық тоғыз, елуінші жылдардың іші еді. Серәлі-Шаханның бағымындағы алты жүз – жеті жүз бас ешкінің көктемде жалқы туғаны болмады. Кілең егіз, үшем. Төл алудағы осыншама жоғары көрсеткіші үшін оған алғашқы жылы жүз елу лақ, келесі екі жылы қатарынан жүз лақтан сыйақы берілсін. Көп елдің жекеменшігінде бір бас қозы не лағы жоқ заманда бұларға осылай бір қора мал бітсін. Серәлі-Шахан жоқ-жесір, ағайынға да қарайласудай қарайласты. Өздерінің де тұрмыстарын түзетті. Ең алдымен ағасының басына алты қанат ақбоз үйі тұрғызып берді. Ағайын іздеген, ауыл аралаған, жайлауда отырып, қымыз ішіп, қозы жегісі келген кісілер осы үйде бас қосып, осы үйден тарап жататын болды.
Сырт көзге Бекет қарияның көңілі түзу, шаруасы бүтін көрінуі кәдік еді. Алайда, өткеннің құсасы жүрегінің түбіне шоғайна мұз болып, ерімей, қатып қалғаны өзіне ғана мәлім-тін. Пенде, шіркін, ойланбай тұра ма?! Кей-кейде кешегінің қысастығы есіне түссе, сол шоғайна мұз тастай қарып, жан дүниесін ауыртатын. Теңіз дауылы алып кетіп, бөтен жағалауға шығып қалған жалғыздай құлазыған күй кешетін. Қалай дегенде де, Бекет қарияға бұл бір өгей өмір тәрізді еді. Өз өмірі сонау жастық дәуренімен бірге келмеске кеткен сияқты-тын…
Мына Ұлбосынның келін болып ауылына келгендегі сәті қазір тап бүгінгідей көз алдында. Өздерінің сондағы салтанатты тұрмыс, шат-шадыман күйлері; ұйыған тірліктері; бәтуасы бұзылмаған, іргесі бөлінбеген, шалқар көлдей айдынданған ауыл-аймағы; сол ел-жұрттың ортасындағы сөз ұстаған, билік құрған жігіт ағасы кезі опындыра ойына оралып, сол қоралы ауыл, қордалы отбасынан тақырда қалған бір түп жусандай ғана көгеріп, көрініп тұрған бүгінгі тірліктері көз алдына келіп, онсыз да орта көңілді онан сайын құлазыта түспесі бар ма. Онан бергідегі небір сүргін кешкен қилы кезеңдер, кезіккен тауқыметтер, көрген қиянаттар; «заманына қарай – адамы» деген, дүниенің шырқы өзгеріске кісінің де пейілі бұзылады екен. Адамдардың нақақтан-нақақ бір-біріне жасаған жамандығы; басынан не зобалаңды өткізген мынау сорлы ел-жұрттың тағдыр талайы; замананың тексізденіп бара жатқан беталысы; осы әз заманның толқыны бетке шығарған бүгінгі «сұрқылтайлардың» көкекше кегжеңдеп, ақкөт торғайдың құйрығындай тұштаңдаған кейіптері; басынан өткен жақсыдан да, жаманнан да сабақ алмайтын пенде шіркіндердің парықсыздығы; бірінен соң бірі ойына оралып, көңілін алай-түлей етіп, өткеннің өкініш, қайғысы жанын жегідей жеген еді. Сонау бір аласапыран кезде, басы қудалауға түсіп жүргенде інісі Бабырдың қазасын естіп, жаны күйзелген сәтте жабысқан ескі дерті болатын. Сонысы қозып, түнде ішінен қан өтіп шыққанын кемпірі Қынадан басқа ешкім сезген жоқ.
Ертесіне түс ауа «Ащысайдан» келген қонақтар қайтуға жиналды. Бекет қария келгендердің үлкен-кішісіне бірдей батасын беріп, хош айтысты. Ауылдағы жұрт бір кісідей жиналып, хан көтере шығарып салды. Ұлбосынмен құшақтасып, айырылысқан бір топ әйел оның артынан қарап тұрып, көздерін жаулықтарының ұшымен сүртіп қойып:
– О, шіркін, жалған-ай! Қимайды да. Алғашқы қосағыңның жөні бөлек қой! – десіп күрсіністі.
Мұны айтып тұрғандардың көпшілігі қырық бірінші жылдың жесірлері еді.