Жеті өзенді өрнектеген…
Көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың арнайы шақыртуымен Талдықорғанға барып, жетісулық оқырман қауыммен кездесіп қайтты.Б.Нұржеке-ұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуанышбай Құрманғали, дәстүрлі әнші Нұржан Жанпейісов, т.б. қонақтар ең әуелі Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасына ат басын бұрып, «Болмыс» ток-шоуына қатысты.Бұл бағдарламада белгілі қаламгерлер, жазушының ізбасарлары мен рухани жақын адамдары, жетісулық зиялы қауым Бексұлтан Нұржеке-ұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы келелі әңгіме өрбітті.
Жетісу қауымы, жалпы оқырмандармен кездесу Бикен Римова атындағы Алматы облыстық драма театрында өтті. Театр ғимаратындағы кеш Б.Нұржеке-ұлының өмір жолы, шығармашылығы турасында арнайы даярланған бейнефильм көрсетілімімен басталды. Сондай-ақ, Алматы облыстық драма театрының әртістері қаламгер шығармасының желісі бойынша Ақан сері өміріне құрылған қойылымды жиналған көпшілікке ұсынды. Әдеби-сазды кештің тізгінін белгілі қаламгер, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын Әміре Әрін ұстады. Шараны Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ашып: «Біздің өңірден түлеп ұшып, кіндік қаны осында тамған, жүрегінен төгілген жауһар шығармаларымен халқының қадірлі тұлғасына айналған, бүгінгі қазақ әдебиетінің қара нары Бексұлтан Нұржеке-ұлының ортамызға келгені үлкен қуаныш», – дей келе, қаламгер жайлы, оның шығармашылығы туралы терең толғап, көрнекті қаламгерге Алматы облысы әкімінің Алғыс хатын тапсырып, иығына оқалы шапан жапты.
Панфилов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұриахмет Рахымбаев қаламгер шығармашылығы жайлы айта келе, Панфилов ауданы әкімі аманаттаған шапанын жазушының иығына жапса, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев жүз он бес мың партия мүшесінің атынан қаламгерге арнайы даярлаған тартуын ұсынды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, әдебиет зерттеушісі, кездесуге Алматыдан арнайы барған ақын Қуанышбай Құрманғалидың әңгімесі көпшіліктің жүрегін тербеді. «Бексұлтан туған жері мен елінің тарихын жазуда, жай ғана жазуда емес, көркем шығармаға айналдыруда, жоғын жоқтауда табанды еңбек етті. Тіпті, «Өзендер өрнектеген өлке» шығармасы сынға ұшырап, қызметтен кеткен шағында, жұмыссыз қалған уақытында да бос жатпай, қазақ әдебиетіне «Жау жағадан алғанда», «Ерлі-зайыптылар» атты қос роман сыйлады. Бұл үлкен рухани күш иесінің ғана қолынан келер шаруа. Сол секілді, қаламгер досым «Орбұлақ шайқасының» өткенін, оның болған жерін дәлелдеп, 350 жылдық мерейтойының өтуіне басты себепкер бола білді», – деп, жазушыға ел-жұртының арасында аман-есен жүріп, шығармашылық ғұмырының жалғаса беруін тіледі.
Кешті жүргізген арқалы ақын Әміре Әрін көрермендерден келген сауалдарды оқып, қойған сұрақтарға жазушы ұтымды жауап берді. Көпшілік «Әй, дүние-ай» романының жалғасы бола ма» деген сауалды көбірек қойды. Философия ғылымының докторы Аманжол Қасабек, белгілі драматург Лидия Егембердиева жүрекжарды тілегін жеткізе, ақын Гүлбақыт Қасен жазушыға арнаған жырын оқыды. Сонымен қатар, танымал әнші Нұржан Жанпейісов жазушының әні мен сөзін өзі жазған «Баркөрнеу», «Әй, дүние-ай» әндерін әуелетсе, Арафат Ысқақ, Төлеутай Серік, Элмира Дәуренбекова сынды Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияның әншілері мен жазиралы Жаркенттен келген өнерпаздар тамылжыта ән салып, көрермендерді бір серпілтіп тастады.
Бексұлтан Нұржеке-ұлы адамзаттың рухани байлығы, халық басындағы түрлі жағдайлары жайлы, қазақ халқының арғы-бергі тарихы туралы ой толғап, әдебиет пен мәдениет, жайлы шертілген сырлы да нұрлы әңгімесімен және туған халқына деген алғыс сөзімен әңгімесін тәмамдады.
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Жоғары мектепте «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәнін оқыту: Бексұлтан Нұржеке-ұлы романдарындағы тұлға әлеуеті» тақырыбында республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Алдымен аталмыш университеттің мәжіліс залында «Жазушымен жүздесу. Шығармашылық сыр» атты «Дөңгелек үстел» болды. Онда бірқатар ұстаздар мен қаламгерлер сөз алып, жазушының тұлғалық болмысы мен шығармашылығы жайлы толғады. Гуманитарлық факультеттің ұстаздар қауымы жазушыға құрмет көрсетті. Бұдан әрі жас ғалымдардың зерттеу еңбектері топтастырылған жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Бексұлтан Нұржеке-ұлы ЖМУ-дың кітапхана қорына өзінің 15 томдық шығармалар жинағын табыс етті. Қуанышбай Құрманғали да зерттеу еңбектері мен шығармалар жинағын аталмыш университет қорына салтанатты түрде табыстады. Ғылыми-әдістемелік конференция барысында жас зерттеушілер қаламгердің романдары мен бірқатар әңгімелерін талдап, жазушының шет тілге аударылған шығармалары мен аудармаларындағы тілдік қолданыс пен сөйлем құрау маңыздылығына, көркемділігіне тоқталды. Үш кезең бойынша өткен конференцияға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті және І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің білімгерлері қатысты.