Сезімін бояумен өрнектеген…
29.11.2024
90
0

Кескіндемеші Ж. Қайрамбаев негізгі екі ең үлкен мәселені шығармашылығына арқау еткен: адам және әлем. Ж.Қайрамбаев туындыларында осы мәселені терең философиялық, психологиялық деңгейде шешуге ұмтылады. Суретшінің картиналарында бейнеленетін объекттің шынайылығы келесі бір кеңістікте көрініс табады. Ол кеңістік – өнер кеңістігі. Адам санасымен жете алмайтын қиял кеңістігі. Ол қоршаған ортасын, жақын адамдардың болмысын бақылап, оларға терең мән береді. Картинаны көрген кез­де, біз мынадай түсінік бо­йынша қабылдаймыз – ол бір нәрсеге ұқсайды және біз сол арқылы танимыз. Ал Жұмақын Қайрамбаев туындыларына суретшінің нені бейнелегенін тани отырып, оған ұзақ қарап тұрып қаламыз. Өйткені туындыдағы шынайы бейнеленген көріністен, суретші мен бейнеленушінің арасындағы тылсым қатынасты байқаймыз. Иә, суретші қолтаңбасының ерекшелігі де осында. Тылсымдықты адам көзбен бақылап көре алмайды, оны сезінеді. Сезімді живописьтік көркем тілмен жеткізуде де ерекше күрделі түстер алынады. Сондықтан көрермен суретшінің осы күйіне ырықсыз еріп күй кешеді. Суретшінің шеберлігі осы сезімдерді түстік реңктерде бере білген. Қайрамбаев туындыларында қанық, ашық, айқын түстердің классикалық үлгі шеңберінен шығып, тылсым, терең, түпсіз дейтін түстік реңктерге ойысқан.

Суретшінің шығармашылығындағы миф түстер арқылы берілген. Кескіндемеші алдына қойған мақсатына қарай түсінікті, қарапайым түстермен қатар, күрделі, тылсымдыққа жетелейтін қара көк түстерді жарық ақ түстердің кереғарлығында қолданады. Менің ойымша суретшіде кескіндемеші ретінде де және тақырыптың философиялық, психологиялық тұстарын күшейте түсуде де түс негізгі рөл атқарады. Қондыбай Серікбол қара сөзінің этимологиясын зерт­тей келе «…«қара» сөзі негізінде жасалған «бастапқы тіршілік иесі», «бастапқы тау», «бастапқы су» сияқты ұғымдарды анықтай келе, «қара» сөзі уақыт өте нақты түс (қара түс) атауы ретінде қолданыла бастады деп, «қара» сөзі бастапқыда мифтік ұғымдардың болмысын шатас­тыра бастау­ға алып келді» деген ой айтады. Суретші осы бастапқы тұтастықты интутивтік тұрғыда сезе отырып жазған. Олай дейтін себебіміз, суретшінің картинасындағы қою қара көк пен жарық ақ түстердің түп бастауы бір жерден өрбиді. Сонымен қатар Қайрамбаев картиналарында біз білетіндей түстердің кереғарлығының бірінен-біріне ауысып тұратын ырғақты қайталануларынан гөрі, түстер бастапқы қара қалпынан жұптанған қара мен аққа ыдырау кезеңіндегі шығу көзінен таралады. Сонысымен шығарма түстердің композициялық шешімімен симметриялы екіге бөлінеді, яғни қараңғы және жарық ақ болып. Қазақ түсінігіндегі «көк» – өсудің, өнудің, Көк Тәңірінің белгісі. Өсімдіктер дүниесінің негізгі реңі жасыл түсті де көк деп білген. Қондыбай Серікбол: «Көк тіршілік тумасы (зародыш), оның өсуі, өнуі нәтижесінде тіршілік, ғалам пайда болады» деп, «көк» сөзінің «көз», «көр», «көл» деген тетелес вариант­тарын атаған. Сонымен қатар «көңіл», «көкірек», «көкей», «көгіс» сөздерінің мағыналық болмысын «көз», «қуыс», «ылғал» т.б. ұғымдардың байланысуы арқылы көрсетіп, «көңілдің көзі», «көкейдің көзі», «көкіректің көзі» деген сөз тіркестерінің бар болуы, көздің көруінен «жүректің көру қабілетінің» мүлде басқа таным деңге­йіне көтереді деген. Бұдан біздің түйгеніміз, көк, көз, көңіл деген түсініктердің бірі-біріне ұласып, олардың мағыналық мәнін мәңгілік пен бір мезет­тік уақыт­та іштей сезіне аламыз және олар әсіресе күшті сезімдерді оята алатын өнерде жиі кез­деседі. Қайрамбаевтың туындыларындағы қара көк пен ақ түстің композициялық шешімі мен ондағы уақыт пен кеңістікті айқын көрсетпеуінің жұмбақ сыры – мәңгілік пен бір сәт­тің тоғысуында. Суретші жеке ойындағы сауалдарды адамзат­тық деңгейге де­йін көтереді. Сондықтан суретші шығармалары тылсымға толы. Табиғат­тағы жай адам көре бермейтін мәнді сұлулықты суретші көңіл көзімен көрген. Жұмақын Қайрамбаевтың «постораль» жанрында жазылған туындылары – Асан қайғының «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» арманы. Картинадағы қойлар бейнесінің сұлбасы біртіндеп кеңістікке еніп кетуі – кеңістік пен уақыт­ты мәңгілікке ұластырғандай. «Жолаушы», «Күміс жаңбыр» ат­ты туындыларында терең мән жатыр. Картинадағы атын жетектеп, осы дүниеге жолаушылап шыққан адам баласы… Суретші – шынайы жолаушы бейнесінде, дегенмен ол дүниенің тылсым сырын ұғуға мән бергендей көзін алысқа тастап зер сала қарайды. Картинада суретші әр детальға мән бере бермейді. Суртешінің бар ойы – негізгі басты идея­ны жеткізу. Картинада бірінші планға табиғат­тың тылсым күшін шығарады. Суретшінің осы картинаны жазуда ұзақ жылғы, тіпті балалық кезінен есінде қалған бір сәт­тері уақыт өте келе санасында қайта жарқ етіп, жаңғырғандай әсер береді. Олай дейтін себебім, композицияның заңдылығында жазықтық пен кеңістік түйісіп, бір кезеңді, уақыт­ты беру керек, ал Жұмақын Қайрамбаев шығармаларында осы бір заңдылыққа бағынбайды. Туынды кеңістік пен уақыт­тан босанып, мынау шексіз тұңғиық әлем мен адам өмір сүретін өмір теңізіне шыққандай. Осы тұста суретші ішкі психологиялық терең толғаныста қиял әлеміне саяхат жасайды.
Түркі халықтарының дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігінде «жылқының» мәдени-экзистенциалдық мәні айрықша. Жылқы – дала мәдениетінің символы. Себебі сан мыңдаған жылдар бойғы халқымыздың тіршілігімен бітеқайнасқан жылқының ұмытылып қалуы мүмкін емес, сондықтан ол – суретшілердің туындыларында үнемі кез­десетін бейне. Жылқы қазақ үшін киелі, ол – еркіндіктің, адалдықтың, уақыт­тың, сұлулықтың белгісі.
Мәселен, Ж.Қайрамбаевтың «Тұтылу» туындысындағы жылқы үйі­рінің көрінісі шынайы табиғатпен бірге бейнеленген, яғни мәңгілік шабыс пен сезімталдықты, еркіндік пен жігерлілікке негізделген болмысын, шексіз әлемдегі өзінің орнын қайтадан айғақтауды, сайын «сары» далада (сары түспен айшықталған) еркін өмір сүруге арналғандықтан, бейне бір мінсіз тазалық пен асқақтықты, әлеммен үндескен сұлулықты, тіршілік мағынасын мәңгілік шабыспен айғақтаған кеңістіктік танымды, ақиқат болмыспен бетпе-бет сәйкестенген өміршеңдікті аша түсетін тұтас бейне.
Суретші әлемнің бейнесін өз туындылары арқылы көркем шешеді. Ол суртешінің дүниетанымымен, көркем ойлауымен тығыз байланысты. Сондай терең ойлы суретшінің бірі – Жұмақын Қайрамбаев.

Қ.Оразқұлова,
өнертанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір