Еркек сайтаннан қашқан жеті шал (Әңгіме)
01.11.2023
2161
0

Тамыз айы жақындап, «Үркердің толғағы» басталғанда жайлаудағы ел-жұрт жаңалап, етекке бір табан болса да жақындаудың қамына кірісті. Кенже туған қозылар көгеннен босап, енелерімен бірге өріске жіберілді. Мал мен шаруа жайын реттеген үлкендер жағы қыстауға түсіп, шөп шабудың қамына кіріспек.
Тау қойнауындағы ауыл үлкендері буыны қатып, суырдай семірген марқаның алтауын бұлақ бойына апарып сойып, жіліктеп тұздап, қанды көбігін сорғытқан. Қоржындарын сықпа құрт пен бүйенге нығарлай салған сары майға толтырып, артта қалар бала-шағаға ендігі көш бағытын шегелей тапсырған.
Дайындығы бітіп, сайланған топ ертесі таң ата етекке қарай бет алды. Ұзын саны – сегіз адам. Ішінде біреуі ғана – мұрты енді тебіндеген бозбала, қалған жетеуі – елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған қырмасақалдар.
Иір-қиыр тау жолы еңістеген сайын аттардың жүрісіне ыңғайсыз. Құйыс­қанды қатты тартса, ат құйрығын қажайды. Бостау қойса, шоқтықтан асқан қайың ер қос қапталын қатар жауыр қылады. Тік соқпақтардан аттарын жетелеп түсіп, еңістерден үзеңгісін шірене басып, тізгін тартқан жолаушылар күн еңкейе орта жайлау Қоңырқай асуынан асып, кең жазыққа келіп түсті. Қос құлағы тершіп, қызынып алған аттар тегіс жолда бүлкек аяңға басады.
Қалың шалғын арасында сылдырай аққан тау бұлағынан су алып, дәрет жаңалаған шалдар бесін мен екінті намазын қосып оқып алды да, жалғасты бүлкекке басты. Батыс жиекті ақ мұнар басып, батар күн соңы шаңыттанып тұр. Сайдан ескен қоңыр самал жолау­шылардың тынысын ашып-ақ тастады. Жол бойы мазаны алған таудың көкбас соналары да тыным тапқан.
Топ басы жасы алпыстан асқан Көбей ақсақал. Қалған жетеуі ол не айтса да орындайды. Қытымыр, тіркістігімен қоса, сөз тапқыш, қалжыңбастығы, шебер әңгімешілдігі де бар.
– Осы жүріспен шай қайнатым уақыт жүрсек, Естай қорымына жетеміз. Оған дейін күн де батады. Шам намазын сонда оқимыз. Бұл маңда қазір ел жоқ, төрт төңірек түгел иен. Аттарымызды мықтап арқандап, зират маңына қонып, ертең таң сыз бере атқа қонамыз, – деді бұйыра сөйлеп. Қалған жетеуі үнсіз бас шұлғысты.
Межелі жерге жетіп, ат айылын босатқан шөпшілер жақпар тастардан бірыңғай қаланған, кейбірі қарағаймен қоршалған ескі қабірлердің басына жүрелей тізіліп, аруақтарға Құран бағыштады. Шығыс шоқыларды алқызыл реңге бояған күн сәулесі біртіндеп шашырап, тау арасын лезде ымырт басқан. Барқыт шапандарын жерге жая салған шалдар жағы шам намазын асығыстау өтеді.
Күні бойғы жүрістен бойлары сал тартып, шөліркеп, қарындары да ашқан еді. Қомағайлау Қызырбай гүжілдей сөйлеп, қанжығадан үлкен қола қазанды шешіп алып келді. Үш тастан бұрыштап ошақ жасалды да, семіз марқаның жарты еті түгел салынды. Беткейдің білектей ақсөңке аршасын лаулата жағып, келесі ошаққа үлкен қара шәугімге бұлақ суынан толтыра шай қойылды.
Оның бәрін қылау шығармай істеп, зыр жүгіріп жүрген бала жігіт Көксеген. Өйткені анау жетеуінің де алған әйелдері Көксегеннің руынан. Сондықтан оны балдызсынып бәрі жұмсайды. Айтқанын істемесе, «осыдан тауға қайтып барған соң анау кәрі әпкелеріңді ат бауырына салып, қуып отырып үйіңе апарып тастаймыз. Сосын, отыр қалың кемпірдің отын жағып» деп қағытады.
Қазақтың ежелден келе жатқан салтында «жезде мен балдыз ойыны» деген болады. Ол ойынның түрі көп, салмағы да ауыр. Балдыздар жезделеріне, жезделер балдыздарына қаншама қиын жолдармен ойын жасаса да, еш ренжімей көтеруі керек. Ауыл арасында әрі күлкілі әрі қорқынышты әңгімелер мыңдап саналады.
– Аттардың белі суыды, – деді қияқ мұрт Кенжебай. – Жүгір, Көксеген! Бәрінің ерін алып, шалғынға бөлек-бөлек арқандап кел. Бір-біріне жақындатушы болма. Әйтпесе, Көбей ағаның айғыры шайнап тастайды.
Іштей ашуға булықса да, үнсіз барып, мініс аттарды арқандап келді. Ол қанша ашуланғанымен жезде мен балдыз арасындағы мәңгі бітпес әзіл-базынаға, тіпті кейде салмағы мың батпан ауыр түсетін қалжыңдарға көнуге мәжбүр. Ондай қалжыңдардың талайына куә болып та жүр. Жезде мен балдыз ойынының түрі көп, қыл мойынға түсірер ауыртпалығы да мол. Қуақы жезделер мен қушыкеш балдыздар ойынның сан түрін ойлап табады да, бір-бірін қинап, соған қарай күлкіге батады. Бұл ойынның сыны да ауыр. Оған ренжуге, ашуға мініп, мінез көрсетуге болмайды. Олай етсе, жеңілгендік. Бұл дегеніңіз – көшпелілерде бағзыдан жалғасып келе жатқан, атауы ойын болғанымен, жүлгесі жақындық, сыйластық жолы есептеледі.
Тамыз айы басталар шақтағы тау­дың түні салқын һәм көзге шұқып алса көргісіз, тас қараңғы. Лаулаған отты қоралай отырған шөпшілер қызу әңгімеге кіріскен. Бірде шаруа жайын, күн райын сөз етсе, бірде бұрынғылардан естіген әртүрлі әңгімелерге көшеді.
Қараңғылық үрей шақырады. Үрей – қорқынышты әңгімелерге жетелейді. Ас ішіп, қолдарына жұққан майды қанжыға мен үзеңгіге сылай жаққан шалдар ерін жастана жатып, қою шайға бас қойды. Қап-қара түн құшағы иен тау ішіндегі жанған жалғыз от жарығын үнсіз ғана жұтып жатыр. Қарауытқан тас молалардың арғы жағындағы кішкене шоқыдан байғыз шақырды. Сұңқылы тым мұңлы, тым қайғылы.
Шалдардың қыжыртуымен орнынан баяу тұрған Көксеген қазан-ошақты жинады да, бөктеріншектен шағын көрпешелерін алып, жамбасқа батар кесек тастарды тазалады. Жеті ерді қатарлай тізіп, жатар орындарын да­йындап берді де, өзі шеткерірек барып жайғасты.
Жақын маңдағы тусыған шалғынға арқандаулы аттардың пысқырған бірқалыпты дауысы тымық түнге әуен қосқандай. Айнала төңіректің, жайлау-қыстаудың бәрі айтыла келіп, ендігі әңгіме сайтандар жайына ауысты.
Лаулаған от жарығы бәсеңдегенімен, тас ошаққа ұзыннан тасталған ірі самырсын бұтағынан балалаған жалындар түнгі самалмен жалаң қағады.
– Ертеректе – деп бастады Көбей шал. – Біз сияқты шөпшілер осы жолмен Ертіске түседі екен. Бір кісі мал қамымен жүріп топтан қалып қойып, ертесі жолға шығыпты. Алдында кеткендерді қуып жетемін деп жылдамдата жүріп, түн ортасында Өрмегейтіге бір-ақ келіпті. Аты бұрлығып, өзі де шаршап, бір сайдың аузына қона салыпты. Таң қылаң бере оянып кетсе керек. Мінген аты шиыршық атып, шыр айналады дейді, жануар. Шығыс жиектен көтерілген айдың сәулесінде өзіне қарай қараңдап келе жатқан біреуді көріпті. Көлеңкесі тым ұзын дейді. Елдің бәрі төр жайлауда, мұнда жүретін жолаушы сирек. «Бұл кім?» деп ойланатын уақыт та жоқ. Анау болса жақындап келеді. Бажайлап қараса бұлғаңдаған құйрығы бар, аузы-мұрны бітеу кәрі кемпір екен дейді. Өзі де қорықпайтын ержүрек адам екен. Күбірлеп иманын үйіріп, сарыала қамшысын алып, әлгінің өзіне тап беріпті. Шайтанның көлеңкесі шалған адам жынданып кетеді. Соны білетін болса керек, ту сыртын айнала беріп, қамшымен тартып-тартып жіберіпті. «Баж» ете түскен әлгі кемпір бір демде түлкіге айналып тұра қашыпты да, қалың бүргеннің арасына сіңіп жоқ болыпты. Бұл лағнеті көбінесе түлкі бейнесінен өзгереді деседі. Таң намазын оқып алып, атын ерттеп жатып байқапты. Байғұс жануардың жалын жүз сала етіп, әдемілеп өріп тастапты…
Көбей шалдың өзі де айтқан әңгімесінен өзі қорқып отырған сыңайлы. Дауысында аздап діріл, құмығу бар.
Өше бастаған от жарығында тыңдаушылардың жүзінен де үрей байқалады. Әсіресе шетте жатқан гүжілдек Қызырбай бір секіріп, ортаға келіп жатып алды.
– Кейінірек тура сол сайға қонған тағы бір жолаушы есі ауысып, ақыры көктемгі тасқында суға кетіп қайтыс болды, – деп жалғады әңгімесін. – Ұйқыда жатқанда таң ата тура сондай кемпір кейпінде келген ғой. Анау бишара қорқып, бұғып жата берген. Аты өшкір лағнеттің сұры көлеңкесі шарпып, есінен адасыпты. Екі күннен кейін аты бір жақта, өзі бір жақта лағып жүрген жерінен кеншілер тауып алыпты…
Көбей қарт сөзін аяқтай бере: «Сол кемпірге біздің жігіттер жолықса қайтер еді? Тұра қаша ма, әлде, қамшымен салып қала ма?» деп қасында көзі алақтап, үрпиіп отырған Қызырбайды санынан алақанымен шарт еткізді. Анау шоқ тигендей «баж» етіп, ыршып түскен. Түнгі тыныштықты бұза бәрі ду күлді.

Ертесі таң намазынан соң атқа қонған олар кештетіп Сақбұлаққа жетті. Онда бір түн қонды да, үшінші күн дегенде түс ауа көзеулі жерге – Ертіс бойына, Ақаралдағы қыстауларына ат тұмсығын тіреді. Сапар бойы ел ішіне тараған жын-шайтандар туралы небір әңгімелер айтылды. Айтыла берген қорқынышты хикаялар шалдардың бойына сіңіп алғандай, өз-өздерінен елең ете түсетінді шығарды.
Үш күн бойына жетеуі кезектесіп, балдыздары Көксегенді де әбден мүжіді. Өздері күлкіге қарық болған сайын жақтасар жан жоқ жалғыз Көксеген іштей тісін қайраумен болды.
Көктемде жайлауға көшерде сымтемірмен бұрап кеткен есіктері сол қалпы аман тұр екен. Тошала үйге кіріп, қоржын-қосқалаңдарын жайғастырып, сүтсіз қара шайға қанып алды.
Есік алдында оны-мұны істеп жүрген Көксегенді қияқ мұрт Кенжебай шақырып алды.
– Сен қоржындарды ашып, жайлау­дан сойып әкелген марқа етін арсаға іліп, түтіндетіп кептір. Біз өткел айналып, Ақаралдың арғы бетіне өтеміз де, ата-бабамыз жатқан қорымға барып Құран оқимыз. Қанжығамызға байлап жүрген әпкелерің жоқ. Оның орнына қызметін сен жасайсың, – деді соңын әзілге бұрып.
Тағы біреуі:
– Ес білгеніңнен бері Ертіс жағасында өскен атақты сушыл, жүзгіш екенің бәрімізге мәлім. Біз келгенше арғы жағаға жүзіп өтіп, қытай қоржасынан көкөніс әкел де, кешкі тамақты да­йындап қой, – деді.
Ағаш қорада көлеңкеде байлаулы тұрған аттарына нығыздана мінген жеті шал желе шоқытып, өткелге қарай кетті. Зират орын тепкен төбешік қыстаудан, бергі тұстан қарағанда жақын көрінгенімен өткел айналса біраз жер. Біздің ауыл шалдарының діни сенімі бойынша өлілердің басына Құран оқуға күн батардан бұрын бару керек. Қараңғы түсіп кетсе қабыл болмайды. Қасқыр желіспен екі шай қайнатым уақытта өткелден өтіп, қабір басына жеткен жетеуі аттарының ауыздығын алып, кеңдеу тұсап, отқа жіберді.
Бұлар қанша асыққанымен, бәрібір, күн батуға таяп қалған еді. Батар күнге жақтырмай бір қарап алған Қызырбай әлдебірдеңені күңкілдеп жатты. Жол жиегіне жақын тұрған үлкен ағаш қабірдің алдына ентелей тізіліп отыра қалысқан шөпшілер жан-жақтарына бір-бір қарап қойды. Бұл қабірде осы жетеуін туыс етіп байланыстыратын рудың үлкендері жатыр.
Қырат жақтан, зират үстінен суылдай ескен кешкі жел біртүрлі мазасыздық әкеледі. Су бойында сұқсыр үйректің бажылдаған дауысы жәбір көрген қарт адамның дауысына ұқсайтындай. Ымырт жақындаған сәтте, сыртқа сыр білдірмегенімен, жетеуінің де ойында кешегі үрейлі әңгімелер қылаң берген-тұғын.
Жасы үлкен Көбей шал ырым ғып бет сипап, жөткірініп алды да дауысын соза Құран сүрелерін бастап кетті. «Ағузу билаһи» дей бергені сол еді, кенет оқыс жағдай болды. Қабырғасы биік қаланған ағаш қабірдің ішінен баланың «баж» етіп жылаған дауысы шықты да, іле-шала шыңғырып жылаған егде әйелдің ащы зарына өзгерді.
Елең еткен жетеуі бастарын көтеріп қараса, зират қоршауының үстінде өне бойы қап-қара, бет-аузы жоқ, тыржалаңаш, ұзын бойлы бір сайтан қарап тұр. Түрі көрден шыққан аруақтан да сүркейлі.
Ес-ақылы шыға қорыққан жетеуі бір-бірін қаға-соға, аттарына қарай жүгірді. Бажылдаған кемпір дауысы енді түлкінің шәңкіліне ұласты. Арт­тарына бұрылып қарар шама жоқ, Көбей шал бастаған бесеуі аттарының тұсауын шешіп, мініп үлгірді де, Үліңір көліне қарай зытып берді.
Атқа жете алмаған қияқ мұрт
Кен­жебай мен тағы бір шал жанұшыра жүгіріп, жүздерін терістікке бұрды. Жаяулата безген екеуі зираттан ұзап, әбден шаршағанда барып артына қараса, қуып келе жатқан ешкім жоқ. Солықтарын басып, аздап демалған екеуі қайтып Ақарал жаққа баруға жүректері дауаламай, ақылдаса келе, орта жайлаудағы Кенжебайдың құдасы­ның ауылына жол алды.
Аттарын сабалай сол шапқаннан мол шапқан Көбей шал бастаған бесеу қараңғы түсе бір ауылдың шетіне келіп ат тізгінін тартты. Жүзі ақ шүберектей қуарған Қызыр­бай алдымен тілге келді.
– Не қылса да еркек сайтан екен. Салбырап тұр… көзім шалып қалды, – деді ентіге.
Сонда барып Көбей шалдың миына су жүгірді. Үш күн бойы балдызсынып мазақтап, әбден ызасырықтан өткізіп келген Көксеген есіне түсіп, «Қап, әттеген-ай!» деді.
– Біз өткел айналып жүргенде… Анау жайқын судан жүзіп өтіп, алдымен жетіп алып… судың зират жақ жағасы кілкіген қара батпақ еді… Әй, әкеңнің ауызын ұрайын-ай! Тістеріңнен шығарушы болмаңдар, бұл масқараны! – деді үзіп-үзіп, дауысы қарлығып.
Дәл осы сәтте қыстауда ет кептіруге қалған бозбала Көксеген де зираттан бері қарай қайта жүзіп өтіп, үстіне баттастыра жаққан қара батпақты тазалап, салқын тошала үйде демалып жатыр еді…

 

Ұларбек Дәлей

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір