ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ЖЕТІ АЙДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАП, АЛДАҒЫ ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ЖОСПАРЫН БЕКІТ­ТІ
29.12.2023
246
0

Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма хатшыларының жуырда өткен жиналысында одақтың жеті айда атқарған жұмысы қорытындыланып, алдағы жылға арналған жоспарлар талқыланды.

Жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов жазушының мәртебесін көтеру, жас талант­тарды қолдау және материалдық-техникалық базаны нығайту сынды нәтижелі жұмыстар жүргізіліп, жүзеге асқандығын атап өт­ті.
Мереке Құлкенов 31 мамырда мемлекет басшысының қабылдауында болып, қаламгерлерді қолдау мақсатында түрлі іс-шаралардан бөлек, Қазақстанның Халық жазушысы атағын қайтару туралы ұсыныс білдірген болатын. Соның нәтижесінде Республика күніне орай Қазақстан Жазушылар одағының алты мүшесі Қазақстанның Халық жазушысы құрмет­ті атағына ие болды. Жазушылар одағы тарапынан ұсынылған бір топ талант­ты ақын-жазушылар мемлекет­тік наградалармен марапат­талды.
Сондай-ақ одақ басшылығы ондаған жылдар бойы өзгертілмеген мүшелікке қабылдаудың жаңа ережелерін бекітіп, талаптарын күшейт­ті. Бұл жұмыстар Жазушылар одағының маңызын арт­тырып, деңгейін көтеру мақсатында жасалып отыр.
Меценат­тар, кәсіпкерлер және ірі компаниялардың қолдауымен одаққа қарасты басылымдар – «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Простор» журналдары мен ап­парат қызметкерлерінің компьютерлік техникасы жаңартылды.
Өздері қадағалайтын сала бойынша төрағаның бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы мен орынбасарлар Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибекұлы, Бейбіт Сарыбай жарты жылда атқарылған жұмыс жайында есеп беріп, 2024 жылғы жұмыс жоспарларын ортаға салды.
Келесі жылдан бастап Жазушылар одағының мемлекетпен стратегиялық әріптестік негізінде үш жаңа жобасы қолға алынбақ.
Бұл туралы төрағаның бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы хабарлады:
«Жас жазушыларға арналған мемлекет­тік грант» деп аталатын әуелгі жоба бойынша келесі жылы жас жазушыларға (ақындарға, драматургтерге) түрлі жанрда шығарма жазуға бөлінетін әдеби грант­тар берілмек. Жобаның мақсаты – жас ақындар мен жазушылардың жазумен алаңсыз айналысуына жағдай жасау.
«Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» деп аталатын екінші жоба бойынша талант­ты қазақ жазушыларынан тұратын экспедициялық командалар құрылып, сол командаларға кірген қаламгерлер еліміздің он жеті облысына барып, сол өңірлердің тарихына, мәдениетіне, қазіргі жағдайына қатысты көркем шығармалар жазады.
Үшінші жоба «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің мұрағат­тарында жұмыс істеуі» деп аталады, мақсаты – ТМД елдерінің Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетіне қатысты мұрағат­тық материалдары негізінде кітаптар жазып, жинақтар шығару.
Жиында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, «Жұлдыз», «Простор» журналдарының бас редакторлары Тұрысбек Сәукетай мен Фархат Тамендаров редакцияның жұмыстары, басылымдарға жазылу, сондай-ақ келер жылғы жоспарларын ортаға салды.
Келер жылы өтетін жазушылардың мерейтойларының тізімі бекітіліп, 2024 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізу керектігі Басқарма хатшыларының жиналысында баса айтылды.
Бас редакторларға таралымды көбейту, басылымның сапасын күшейту міндеті жүктелді. Сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» газетінде өңірлердің мәдениеті мен әдебиетіне арналған қосымша шығару керектігі назарға алынды.
Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағының жұмысын пәрменді ету үшін жыл қорытындысы кезінде сыншыларды шығармаларға әділ баға беріп, шынайы талант­тарды көрсетіп, қазақ әдебиетін өркендету жолында бірлесе еңбек етуге шақырып, хатшылықтың жиналысын қорытындылады.

Қ.Жұмашева

 Редакциядан: Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов жыл соңында (28.12.2023 ж.) басқарма мүшелерін шақырып, алдағы жылы атқарылуға тиісті жобаларды пысықтап, қорытынды жиын өткізді. Жиында жоғарыда аталған жобалардың ресми органдар тарапынан қолдау тауып отырғанын хабарлаған төраға енді осы игілікті іске білек түре кірісу үшін одақтағы жауапты қызметкерлердің қайсысы қандай жобаға жауапты болатынын нақтылап, тиянақты тапсырмалар берді.
«Қазан аузы жоғары» демекші, келер жылы Жазушылар одағында қаламгерлерге шығармашылық һәм материалдық тұрғыдан ерік-жігер беретін іс-шаралар жүзеге аспақ. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір