Әйелдің жеті кереметі (баллада-цикл)
25.12.2022
1442
0

Ақерке АСАН (Ақжауын)

«Красота спасет мир»
Ф.М.Достоевский
«Әйел – Әлем»
С.Ақсұңқарұлы

I. Адалдық жыры. Пенелопа

Ертеде, бағзы дәуірде,
Ой салған мүмін, кәуірге,
Бір мұңлық ғұмыр кешіпті,
Зар болып жарық көруге.

Сыр тартсам көне кездерден,
Көрмедім пиғыл өзгерген.
Гомердей ғаріп міскінге,
Көз бермей Тәңір, сөз берген.

Ақындық болып мұраты,
Бермеген тыныш жыр оты
Көзіңде емес, Гомердің
Жүректе болған қуаты.

Білдірмей жанға кемдігін,
Не көрмес ақын кемді күн?!
Өлеңмен айтып кеткен ол–
Табиғат тепе-теңдігін…

Тұңғиық ойға қамалып,
Жүдесе кейде жан арып,
Гомердің сөзі сияқты –
Ньютон ашқан жаңалық!

Одиссей алыс сапарда,
Оралмай туған шаһарға,
Зарығып күткен сұлуы
Өретін кілем жатарда.

Сарғайып сан жыл гүл өңі,
Таласып таңмен тілегі,
Махаббат және ғадауат –
Сыр тұнған ғажап кілемі.

Пенелопа сұлу егілген,
Жүректің жасы төгілген,
Үмітпен өрген гүлдесте
Күдікпен қайта сөгілген…

Қол созған сұлу арманға,
Күтуден төзім талған ба?!
Қаншама үміт үзілген,
Опасыз мынау жалғанда?!

Аңыз боп ару сан қыры,
Гомердің жеткен ән-жыры.
Көңілге үлкен ой салар –
Пенелопаның тағдыры.

Кез қылса тағдыр бөгетін,
Ару көп жасын төгетін.
Пенелопаға ұқсас тағдыр көп,
Кілем жоқ өріп, сөгетін…

Ойымды, құрбым, сөкпеңіз,
Жырымды оқып көктеңіз!
Пенелопа жасы сияқты
Одиссей кешкен көк теңіз…

II. Қайсарлық жыры. Жанна д’Арк

Тәңірдің үніндей тым ыстық –
Тартады тылсымға тыныштық.
Адамзат алдымен бал татып,
Артынан уыстап у іштік…

Періште сырласып пендемен,
Көкті ән тербеді, жерді өлең.
Жанна қыз жәннат­тың төрінде,
Тәні шоқ, ал рухы өлмеген…

Күдерін ғайыптан үзбеген,
Құпия әлем ғой қыз деген…
Нәзіктік – наркескен тағдырдан,
Өзекті мәрт ғұмыр іздеген.

Орлеонды шаһары мұң басқан,
Бәріне куә ғой түнгі аспан.
Жанна қыз жан сырын ақтарып,
Көктегі жұлдызбен сырласқан.

Аңыз деп біреулер айтады,
Рас па, Британ байтағы?!
Тұманды Альбион ішінде –
Адамды азғырған сайтаны…

Бойыңа қонса да шырақ нұр,
Жүректен кетпейтін сынақ бұл.
Өрт шалған Арудың өксігі
Айналып ақ бұлтқа жылап тұр…

III. Сұлулық жыры. Клеопатра

Арманы алдаспан ғасырдың,
Сен бізден қанша сыр жасырдың?!
Көзіңе қанша мұң жасырдың?!
Шығыстың шырайлы таңы боп,
Шұғыла шуақ боп шашылдың!

Мұң шағып Мысырдың моласы,
Ішінде жатыр ғой наласы.
Сұлуға ес-түссіз сұқтанып,
Келеді адамзат баласы.

Клеопатра сұлудың тұсында,
Махаббат найзаның ұшында…
«Әлемнің ғажабы Мысырда
Әйелдің ғажабы Мысырда» –
Деп халық жар салған деседі –
«Маңдайда бағымыз бес елі».

Төгілтіп көйлегін алтыннан,
Ернінде есті алар бал тұнған.
Мақпал түн. Масайған падиша,
Ақ таң боп атады алдыңнан!

Ғашықтық сезініп ғазалын,
Көрді ғой бал ғұмыр базарын.
Тағдырмен бетпе-бет қалғанда,
Аялап қарсы алған ажалын.

Жалғанның шаршатса қарғысы,
Ажалға жол берген Ар күші…
Сүймеген жүректің бұл да бір,
Ең соңғы Тәңірге алғысы…
Ең соңғы еркелік қағысы…

IV. Ерлік жыры.
Томирис

Қас Сақтың дәуірі… нағыз дүр,
Куәсі кең дала, абыз қыр.
Тарихтың киелі тұмары,
Ұрпаққа аманат аңыз бұл.

Сыр тұнған дария толқыны,
Шау тартқан баяулап қарқыны.
Шерменде шежіре іздері,
Өрт шалған замана жалқыны.

Сарғайып Сахара реңі,
Көненің алыстап сілемі
Әлемді қаһарлы патша емес,
Билейді ананың жүрегі.

Сақтардың көсемі, көреген,
Мейірімге ел-жұртын бөлеген.
Әйгілі патшайым Тұмарды,
Аналық махаббат жебеген.

Кир патша өлтіріп баласын,
Өртеген сайын бел даласын.
Көзіне қан толған шерменде,
Ұмытқан әйелдің наласын.

Ұмытқан анадан туғанын,
Сәбилік шақтардың думанын,
Аялап аналық мейіріммен,
Шілде су өн-бойын жуғанын.

Бар екен шындық шапағат:
Бір сәт­те жарқ ет­ті от алап!
Қанпезер Кир патша жер құшты,
Жеңімпаз Аналық махаббат!

Кек қайт­ты.
Сәт еді бұл құт­ты.
Түн қайтып,
Нұр шашып күн шықты.
Қанға емес, Кир патша тозақта –
Жасына жесірдің тұншықты.

V. Ақыл-айла жыры. Хасике сұлтан Александра

Заманы тұл болған соң, адамы құл,
Арулардың болған жоқ қадамы гүл.
Хасике сұлтан Ана – Александра
Шертеді бізге зарлы заманы сыр.

Жайдары жаз, мезгілдің күзі ме еді,
Тарихтың көрсетеді ізі нені?!
Жүз сұлу.
Ортасында жалғыз Ару.
Ерекше көзді арбап үзіледі.

Татардың үстем болып құзыреті,
Жазылған жылнамада қызметі.
Славян құлдық ұрып, тұрған дәуір –
Дүркіреп Османның құдіреті.

Айналған Қара теңіз ғазалына,
Кім сүйсінбес Арудың ажарына,
Александра ақылмен һәм айламен,
Іліккен Сүлейменнің назарына.

Сүлеймен түріктердің патша дүрі,
Жүз ару жұмса жұмақ, ашса гүлі.
Әлемді тітіренткен падишаны,
Сұлудың жаулап алған ақша жүзі.

Жүрекпен исламның нұрын біліп,
Хасике кәлимаға тілін бұрып,
Сүлеймен падишахты мойындатқан,
Сұлулық сырын жұмбақ ұғындырып.

Мінсіз биі, жанары от ұялы,
Арбап алған ақылмен жат ұяны,
Хасике сұлтан Ана ашып берді,
Алдаспан аша алмаған құпияны…

VI. Тапқырлық жыры. Шехрезат

Өткен дәуір көз салсақ өрнегіне,
Кез боламыз тағдырдың кермегіне.
«Қыз мұңлық», – деп халқымыз
айтқан шығар,
Еріккеннің айналса ермегіне.

Әр дәуірдің болады тұлдыр мұңы,
Көз жасындай тамшылап
жылжыр күні.
Шахриярдың тәні өлген,
рухы жұмбақ…
Жалғасуда Шехрезат «Мың бір түні».

Келе жатқан дәстүр ғой қай ғасырдан,
Даңқы қайда патшаның
айға асырған?!
Еркекпін деп кеуде ұру – ерлік емес,
Аспаған соң әйелдің айласынан.

Құмар болып нәпсіге қудық елес,
Көз суару сұлуға «сұмдық емес»…
Әйелдердің ақыл мен тапқырлығы –
«Қырық есекке жүк болған
қулық» емес.

Әйелдердің тапқырлық– ерке күші,
Көз тойдырып, алдайды көркем ісі.
Адамзат­ты келеді тәрбиелеп,
Аналардың ғажайып ертегісі.

Жалғыз қайық секілді желкені жоқ,
Ғұмыр сәнсіз – аруы аз, еркегі көп.
«Мың бір түннің» жалғасы
таусылмасын,
Ертегісі жоқ елдің ертеңі жоқ…

VII. Рух жыры.
Фариза

Жүрегімді жауласа назира нұр,
Сұлуланып кетеді жазира қыр.
Құс қанаты әкелген құсни хат –
Оқып едім.
О ғажап, Фариза-жыр!

Фариза-жыр, жаныма қуат беріп,
Қиялымда қиянға лақтырып…
Өлең Өмір өксітіп,
жүріп келем,
Сізге қарай жан апа құлап, тұрып.

Жүріп келем жан апа құлап тұрып,
Жырларыңа өсіп ем құлақ түріп.
Би Батима анадай, сәби жырдың,
Көзін ашып жүрсіз бе,
шырақ қылып?!

«Фариза қыз…» –
өксігі өмір өлең,
Қаламы рух, тұңғиық кегі терең…
Алты қазы Алаштың аспанға ұшса,
Ана қаздай алдынан сені көрем.

Құр бекерге сөз айтып ұрынбашы…
Не көрмеген ақынның жұмыр басы,
Махамбет емес пе ақын қыздар –
Жоқ демесең басында дуылғасы?…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір