ДӘУІР ҮНІ, ЗАМАН СЫРЫ ШЕРТІЛДІ
«Көп жұрт Нұрланды драматург деп біледі, пьеса жазушы деп ұғады. Нұрланның поэзиялық шығармаларына зер сала бермейді. Зер салмаған адам күмісті де қола дей салуы әбден мүмкін.
Мен өзім Нұрланды қазақ поэзиясындағы санаулы ақындардың бірі деп қабылдаймын… Нұрлан өмірдегі барлық болмысқа, құбылысқа ызасы бетіне теуіп, тепсініп қарамайды. Ыза – ақылдың жауы. Ақыл жұқарған жерде ақиқат та сылти басады. Ақын жақсылы-жаманды тіршілік болмысына биіктен, парасат биігінен байыппен қарайды. Бұл – суреткерге аса қажет қасиет. Көбімізге қонбай, қолымызды жеткізе алмай жүрген қасиет», − деген екен жыр патшайымы Фариза Оңғарсынова Н.Оразалин туралы жазған «Қырдың қырмызы бояулары» атты мақаласында. Осы сөздерден ақынның өлең өрнегі, сол өрнектен өрелі ой желі тартып, желкен кереді.
«Оңымнан соққан жел ме екен,
солымнан соққан жел ме екен,
салғырттау жүрген кезімде,
сабылып қайдан келді екен!?», –
деп сабылып келген сол өлеңнің құдіреті бөлек екенін бір тұста:
«Өксітпеңдер өлеңді!
Жалынға орап күйдірмеңдер Киені.
Балта сілтеп, қуратпаңдар еменді,
Өлең – орман… Киесі ауыр тиеді», –
деген жолдармен еске салады.
Қабырға бекітіп, қалыптасудың оңай болмайтыны әлімсақтан мәлім. Бұл жолдардан өту қай кезде де қиын екенін ақын мына өлең жолдары арқылы алдыңа тартады.
«Қозғалыста мәңгілік – миым, арым,
көк нөсер боп күрсінсем – құйылар үн;
Құдай ғана қиналсам – сүйінерім,
бабалардың аруағы сыйынарым», –
дейді де:
«Жырым ұшып құстайын көк төріне,
ойым ұлып ғасырдан кетті өріне…
Заманменен азулы алысам деп,
Мен де айналып барамын көк бөріге…», –
деп айбынын аңғартады да, өзі күн кешкен заманның кейбір күйкі көрінісін бүгіп қалмай, ашық айтып:
«Қайыршы да көбейді, ұры-қары,
қайда жолдың белгісіз бұрылары.
Ақындардың көзінде азап-қайғы,
азаюда қазақтың жыр ұғары», –
деп бүгінгі күннің кейде әттеген-ай дегізетін ақиатын алдыңа өткір өлең жолдарымен ұсынады.
Иә, заманға қарай ма, қасиетті қазақ сөзінің қадірін, бүкіл ұлттық болмысымыз көрінетін әр ғасырдың тірі куәсі іспеттес поэзияға деген құлшыныстың уақытша болса да құлдырап бара жатқанын ешкім жоққа шығара қоймас.
Өмір көшінде бұл жолдан ақын ғана емес, кез келген адам өтетіні хақ. Ақынның ақындығы осыны жыр жолына түсіріп жұртқа жеткізуінде жатыр. Жыр майданындағы ақынның ізденісі өзінің ғана тыныс-тіршілігі емес, өзгенің де шаттығы мен шамырқанған сәтін тап басып, қамшы өріміндей өлең жолдарына түсіру арқылы құнын арттырып, көптің көкейіне оны ұялатып қана қоймайды, сәтімен сабақ алуға үндейді. Бұл тұрғыдан келгенде Н.Оразалиннің қай өлеңін алсаң да дәуір үні, заман құбылысы, алмағайып уақыттың тарам-тарам тағылымы маржандай болып көзге жылы ұшырап, жан дүниеңді тербетеді. Басар жол, асар белестерді, алдағы үкілеген үміттерді тереңнен қозғай келіп:
«Үзіле жаздап дірілдеп,
тербетіп, талып бір үн кеп.
Сөйлеп тұр ғалам кеудемде
жазбаған мұңды Жырым боп…», – деген байламға тоқтайды.
Шынында, ақынның ой әлемі жер басып жүргенде бір сәтте толас тапқан ба? Шырт ұйқыда жатқанда да өлең әуезінен жұдырықтайжүрегі шымырлап, кейде түн түңлігін түріп, қағаз қаламға жармасатын сәттері аз болмайды. Оған арыға бармай, қазақ ақындарының өмір жолына бір сәт ой жіберсең бәріне көзің жетіп, көңілің иланады.
«Ақындық мазасыздық пен мағыналы тірліктің ұштасып, жақсы бір сәтте жарқ етіп қанат қағуы.
Ақындық… Аласапыран ішінен тыныштық табу, ой қорыту. Айтамын дегеніңді жасырмай айту, жалған сөйлемеу. Ақындықтың ең басты шарты осылар деп ойлаймын мен», – деп қазақ жырының шашасына шаң жұқтырмаған жүйрігі тұнық лириканың бірден-бір иесі Тұманбай Молдағалиев ағамыз айтпақшы, алдағы үзік-үзік шумақтарда ақын айтқан қағиданың бәрін қалыбында ұстаған Нұрлан Оразалинге арналған бір әдемі де әсерлі жыр кеші сейсенбі күні Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өткен еді. Оған ұйытқы болған білім ордасында көптен бері халықтың зиялыларын жұртшылықпен қауыштырып, табыстырып жүрген «Кәусар» атты клуб екенін айта кетуіміз керек.
Бұл дидарласуға университеттің ұстаздары, студенттері, сонымен қатар, Елорданың руханиятының алтын діңгегіне айналған зиялы қауым өкілдері, ел Парламенті Сенатының депутаттары, қалың жұртшылық қатысып, кәусар жырмен сусындады. Өлең оқылып, ән мен әспеттелген кешті қазақ өнерінің өрен жүйрігі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбаев бар салтанатымен жүргізіп отырды.
Ақынның әр жылдарда жазылған өлеңдерін іргелі оқу орнының студенттері бірінен кейін бірі оқып, жанды жадыратты. Мысалы, журналистика және саясаттану факультетінің 1 курс студенті Ә.Қанафин «Шекара», филология факультетінің студенттері А.Садақ пен И.Тәттібек «Сәуір қызғалдақтары», «Боздүние» өлеңдерін нақышына келтіре оқыса, сазгер Мейрамкен Ахметбеков ақынның «Қайыңмен тілдесу», «Заман қашып барады» деген өлеңдеріне жазған әнін гитарамен орындап, қалың қауымды бір серпілтіп тастады.
Жалпы, осы жыр кешінде 15-ке таяу студент бірінен кейін бірі жарыса шығып, өлең оқып, поэзияға деген құлшыныстың бар екенін көрсетті.
Кездесу барысында жырсүйер қауым өлең тыңдап ғана қоймай, Н.Оразалинге Жазушылар одағының басшысы ретінде, Мәжіліс, Сенат депутаты кезінде атқарған жұмыстары жайлы да алуан түрлі сұрақтар қойды. Оған ақын халық қалаулысы болып жүргенде, жазушыларға тиесілі қаламақыны көтеру мәселесін қозғағанын, ол таяу арада заң жүзінде шешімін тауып қалатынын айтып, оралмандар мәселесіне де көңіл бөлгенін жеткізді. Ал Жазушылар одағы мүшелерінің 800-ге таяу екені туралы пікірге Орта Азия елдеріндегі қанаттас мемлекеттерде 1500, тіпті 2000-нан асатынын айтып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды тарих анықтайтынын тілге тиек етті.
Қазақ әдебиетінің анау жылдардағы қарымды шағында жыр кеші десе үлкен кіші жұмылып барып, ұлтымыздың айтулы ақындары, алыптардың бірі Сәбит Мұқановтан бастап Әбділда Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, өзге де өрен жүйріктердің өлеңін тыңдап, бір жасап қалатын еді. Мына жыр кеші, сол бір кезді алдыңғы толқынның көз алдына елестеткені анық. Әсіресе, жастардың өлеңге деген құлшынысы ерекше байқалды. Ендігі жерде оларды балапандай баули алсақ, күні ертең қырандай қалықтап шығары күмәнсіз.
Дүрілдеп өтіп жатқан ақынның жыр кешіне тілектерін білдіруге бет алған қазақ ғылымының айтулы өкілдері, 80 жас пен 90 жасты қанжығаларына байлаған, ұлылардың сарқытындай қос саңлақ Серік Қирабаев пен Мырзатай Жолдасбеков сахна төріне бет алғанда бірі жетпіске қарап, екіншісі алпыстан асқан ақын мен әнші орындарынан ұшып тұрғанда: «Е, бәсе, қазақтың ұланы осылай болса керек еді, кіші үлкеннің алдын қимаған, мамырлай басып келе жатқанда қорғасындай салмақтанбай, осылайша орнынан тұратын дәстүр бар еді-ау!», – деп абыздар жайлы креслоға жайғасқанда «жастар» ағаларының иығына қолдарын қойған сәт әсерлі шықты.
Академик С.Қирабаев ақынның көп екенін, бірақ ақын көп болғанымен биіктен бәрі көріне бермейтінін, жас таланттардың арасында өзі Нұрлан Мәукенұлын қатты қадірлегенін айтса, Мырзатай Жолдасбеков шәкірттерімен мақтанатынын, сол шәкірттерінің бірі Нұрлан екенін жеткізіп, таяуда ғана қолына тиген 10 томдығы туралы шешіле сөйлеп, шешендікпен жазылған мақалаларына тереңдеп барды.
Өлең оқып, алуан түрлі сұрақтарға іркілмей жауап берген Нұрлан Оразалин жыр кешін қорытындылау сәтінде алдыңғы толқын ағаларының шарапаты туралы, бүгін қатарында жүрген замандастары, көз жазып қалған қанаттастары жайлы тебірене сөйледі. Дәуір үні, заман сыры шертілген жыр кеші қаумалап келген жұрттың көңілінен шығып қана қоймай, осы үрдіс жалғасын тапса деген тілектеріне ұштасып жатты.
Дидарласудың соңында университеттің Ғылыми кеңесі ақынды «Күлтегін» төсбелгісі мен марапаттау жөніндегі шешімін оқу орнының проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы оқып, ректордың атынан табыс етіп, келешекте де ақынмен байланыс үзілмейтінін атап айтты.
Сүлеймен МӘМЕТ.