Кеңгірбай бидің бір күні
Оқшау тігілген, еңселі ақбоз үйдің түңлігі жабық. Ауыл жым-жырт. Кеңгірбай би үш күн төбе көрсетпеді. Батылы жетіп, ешкім бас сұққан жоқ. Көбей кейде тың-тыңдап кетеді… Сезім – өткінші. Ой – ұшқыр. Жүрек қалауы не?.. Кеңгірбай би бәрін көріп, естіп жатыр. « – Шариғат жолы – өлім! Еңлік пен Кебекті ат құйрығына байлап өлтіру керек. Бітім іздеп, сөз қуған тобырдың – шешімі…». Баянсыз дүние…! Тоқсан жыл тоғыз күндей өте шықты. Малта құрт ас болып, тебінгі шіріп, ат жалында өткен ғұмыр-ай!.. Қазақ қалай өссін.., өсірмеді. Жоңғарды қуып еді, қалмақ келді. Көзін сүзіп, орыс пен қытай отыр. Сүйем жер үшін жан беріп, жан алысты. Мамыражай күн туып еді, жер мен жесір дауы қоздады. Әттең, сөз қадірін білер жан болса, шіркін..! Сөз – киелі, иесі – Алла. Сөз – қонақ, сананы нұрландырған – шырақ. Ой зердесінің – тиегі, елдік пен береке – бірліктің қазығы. Сөзбен тілегім жетер ме екен ұрпаққа, жаппар ием, Алла, сан емес – сана бер, иманды ұрпақ бер! – Кеңгірбай би күбірлеп дұға оқыды.
– Ата, қымыз әкелдім. – Немересін енді байқады. Өзі зерек әрі шапшаң, түбі есті болар… Қымыз ішіп, сергіп қалды.
– Шырағым, түңлікті ашсын, үлкендерді шақыр? Шаңырақтан төгілген күн сәулесімен кеудесіне әлдебір жылу келді. Тіктеп, бойын түзеп алды. Көк бөрі ғайыптан пайда болып, қасына келді. Бала кезден серігі ғой, көңілі жадырап сала берді… Табалдырықтан аттап, амандасқан көпшілікке назар аударды. Жүздері солғын, еңселері түскен… Би есіне алды. Тобықтының үлкендері келген.
– Ат құйрығына байлап, азаптап өлтіртеміз бе?.. Мұндай шариғат жолы құрысын!..
– Сабыр, сабыр, жалған намыс-жарға ұрындырар! Төрт құбылаң түгел ме, Мамай мен Тоқтамыс жоқ. Тобықты атқа қонса, елдігімізге сын емес пе? Бірлігі күштінің береке – босағасында, Ынтымағы күштінің несібе – дастарқанында… Үкімді наймандар шығарсын… Түнделетіп Еңлік пен Кебек келді.
– Кешір Би ата! – деді Кебек. – Үкімге мойын ұсындық, бата бер!.. Шіркін, дүние-ай, екі жас заманынан асып туған екен. Ел бірлігі үшін құрбандыққа дайын…
– Алла жар болсын! Әулиелер қолдасын! Періштелер демесін! – Күңіреніп сүре оқыды… Екеуінен нәресте қалды. Сол түні ел-жұртқа білдірмей жолаушылаған керуен басына сәбиді аманаттап тапсырған. Аумалы-төкпелі уақыт-ай!
Ақбоз үй іші жым-жырт. Би тізесіне көкбөрі басын қойып еді, шым-шымдап бойына қуат тарады. Ақтық серпіліс, соңғы бұлқыныс. Өзіне аян, мәре жақын. Бәрін көріп, біліп отыр. «Өліге – салауат, тіріге – ел бірлігі аманат..!». Лықсып көмейіне сөз келді. Заман – ағым, уақыт – сағым. Дүние – алдамшы, фәни – жалған. Өмір – керуен, ғұмыр – серуен. Тағдыр сынақ, адам – қонақ!.. Келер ұрпақ Еңлік пен Кебектің басын көтерер… Алла қазаққа баянды ғұмыр берсін! – Би құран оқып, бата берді. Ақбоз үйдің еңсесі көтерілді, ел-жұрт бір серпілді.
– Атты ерттеңдер? – Би орнынан жеңіл тұрды. Жиегі зерлі боз шапанын киді.
– Әке, қайда барасың?
– Шыңғыс тауды аралаймын. Алаң болма, бойым мен ойым сергек. Ақбоз атты, боз шапанды би ұзап бара жатты.
– Биатам бой жазайын деген шығар…
– Жалғыз жібергеніміз дұрыс болмады…
– Атам жалғыз емес, көкбөрісі бар! – Немере дауысы би құлағына жетті.
– Кәне?! – Жұрт аң-таң. – Ой, Алла, бұған да бірдеңе қонған-ау! – Жамырасқан жұрт даусын еміс-еміс естіді. Би өз ойымен өзі болып кетті. «Қайғы мен қуаныш ортақ. Тіршілік үзілсе де, өмір тоқтамайды. Біреу келіп, біреу кетеді… Саналы ұрпақ өссе – ел тірегі. Алтыбақан алауыз болса – елдің соры. Неге?!». Сезім – өткінші, ой – ұшқыр. Жорға жүрісін үдеткен сайын көңілі жадырап сала берді… Сәске түс. Саумал жел. Аспан шайдай ашық. Күн қызуы сүйек балқытады, би мен көкбөрі жақпар-жақпар тасты дөң сілемдеріне жетіп, қалың шілік пен қараған тұмшалаған, алып түйе тастың қақпа қуысына кірді. Ат тұяғынан қиыршық тас шықырлайды. Көне соқпақ кілт төмендеп, қазақ үй тәрізді, аңғар үңгірден шықты. Жоғары тас төбе саңылауларынан болмашы күн сәулесі түсіп, бұлақ суының сылдыры естіледі… «Мың аттылы сыйған – киелі үңгір, бар сырың менімен бірге кетер… Қанды қырғында қаза болған боздақтарды саған жерлеп, сені паналадық. Алла жар болып, рухымыз бірікті. Жоңғар да, құба қалмақ та Шыңғыстауға кіруге батылы жетпеді. Тұмсығына соққы тиген қорқаудай, жүндері жығылып, айналып өтті. Бірлігіміз күшті, елдігіміз берік еді… Сарбаздарым, мен келдім!». Би жанарынан бір-екі тамшы жас үзілді… Құбылаға бет түзеп, құран оқыды, әуезді дауыс тербеліп, өрлеп бара жатты.
Сезім – өткінші. Ой – ұшқыр. Толқыған – көңіл. Жаным – арымның садақасы. Жанталасқан заман-ай!.. Сарбаздары жүрек жұтқан көкжал еді. Дегелең мен Шаған өзені бойымен ағылған жоңғардың зәре-құтын алды. Ағындаған ат үстінде алыстан атқан жебелері мүлт кетпеді. Іле-шала Жоңғар жасағына құйындай жетіп, әбігерге түскен шерудің бел ортасын тас-талқан етіп, мөңкіген аттар мен өлі денелер қалатын. Алла жар болып, киелі жер рухы қолдап, алай-дүлей боран басталатын. Сарбаздар бір адамдай жалт беріп, түтеген топыраққа сіңіп, Қоңырәулиедегі үлкен үңгірге жасырынатын. Шәйт болғандарын жерлеп, келесі жорыққа дайындалатын. Ол – иманы таза, ақ өлім еді… Қазақ аз еді, жеріміз кең еді, алакөздер көп еді, жұтылып кетуге сәл қалған заман-ай!.. Үш арыстың ұрпағында бірлік те, ерлік те, махаббат та бар – өр халық еді. Халық – Алланың бір есімі. Сондықтан хан мен биге билік беріп, бұқара халық сайлады. Қасиетті сол елдің арда емген боздақтары едің. Хан Шыңғысқа жауды кіргізбей, қазақтың бір керегесін сақтап қалыңдар. Сөз бен уәдеге берік, ірі едіңдер, арыстарым, имандарың жарық, жандарың жәннатта болсын! Би дұға оқыды… Ақыл – таразы. Ой – ұшқыр. Бәрі – қас-қағым сәт. Бір ұрпақты екінші ұрпақ жалғап, дүние дөңгелене береді. Жүрек қалауы не? Жоғары тас төбеден төгілген қуатты жарық маржандай шашылып, түрлі-түсті сәулеге айналды… Кеңгірбай би болашақты көріп, біліп отыр. Дегелең мен Самайдан көкке от шапшып, жойқын дауылға ұласты. Сұрапыл күш, жалындаған аспан, қырылған жан-жануар, жер қозғалып, жартастар теңселеді…Таудан құлаған тас үйінділер аңғар үңгір мен қоңыр әулие үңгіріне шығатын дәлізді басып қалды. Жер ана ұзақ күңіренді. Бұл – соңы емес еді. Би санасында бүгін мен болашақ бір сәтке тұтасып кетті. «Отты қару билеген заман екен. Азулыдан иман кетсе – елге қиын, күтімі жоқ, жерге қиын. Зардабы – шаш-етектен, ұрпақтан-ұрпаққа созылар. Сабыр бер пендеңе, жаппар ием, еліме бақ пен қызыр қонсын, текті ұрпақ өссін!..». Тас төбе түрлі-түсті жарыққа бөленіп, бастау бетінде нұрлы сәуле ойнайды. Би бұлақтан су ішіп, жан-дүниесі сергіді. «Екі дүние есігі – киелі үңгір, бар сырың менімен бірге кетер. Қасиетті еді – суың кәусар, бойға қуат, дертке дауа болар. Мәңгілік мекен болдың, арыстарға, рухымыз тұтас еді, қош енді, кош, киелі үңгір!».
Күн, тауға иек артқан шақ. Бозжорға жүрісін үдеткен сайын би өз ойымен өзі. Заман – ағым, уақыт – сағым, ой – ұшқыр, ақыл – таразы. Бар ғұмыр – қас-қағым сәт, өтті де кетті. Жүрек қалауы не?..
Қас Сақтан бері үш арыстың баласы – тектілігін жоғалтқан жоқ. Талай-талай тар асудан: Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан шар болаттай шындалып өтіп, жеріне бас сұққан жауларын тізе бүктірді. Ұлан-ғайыр далада ата-бабалары жерленген қорғандар мен мазарлар тектіліктің белгісіндей үш арыстың айбынын асырып, азулы алакөздердің мысын басып тұрды. Әр руының тектілеріне ас беріліп, үш арыстың баласы жиналып, тұлпарларын бәйгеге, палуандарын күреске қосып, жамбы атып, көкпар тартатын. Бірлігі мен елдігі, жазира даласындай кеңдігі тұтасып, «Алла, өзің қолда, иә, аруақ!» деп атқа қонған рухани бірлік күшті еді. Қазақ аз еді, жері кең еді, қанды қырғындар ұрпақ санын өсірмеді… Әкесі – Жандос дүниеден өтті. Бөкенші мен Борсақ Жандостың денесін Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет кесенесінің ішіне жерледі. Үш арыстың баласын шақырып, Әмір-Темір соқтырған қасиетті, тай қазаннан ас берді. Екеуі нардың жүгін көтерді. «Қаны бірдің – жаны бір», қалай ұмытсын, бесікте жатқан екеуін жау қолынан алып шыққан Жандос еді. Қанда бар иман мен тектілік қазақты жетелеп келеді, жетелей берсін, жаппар ием, өзің қолда!..
Би мен көкбөрі жазықты кесіп өтіп, Қарауыл тауына жетті. Көкжиек пен хан Шыңғыс жоталары батқан күннің қып-қызыл алауына малынып, тұтасып кеткен. Үйір-үйір жылқы жусап, бөктерге беттеп барады. Үш арыстың баласы Шыңғысханды ақ киізге салып, хан көтерген тау
менмұндалайды… Ақыл – таразы, ой – ұшқыр. Бидің көмейінде – сөз, жан-дүниесі – тебіреніс. «Ата қоныс хан Шыңғыс – құтты мекен, суың – бал, шөбің – шүйгін. Қазығы ең – тектілердің, аманаты – бабалардың, қалмақты да ығыстырып, туын тіктім – тобықтының. Бірлік еді – көксегенім, жар бола гөр, жаппар ием! Қош енді, қош – құтты мекен! Ши бойында, дөңде – болар денем…». Толқыған – көңіл, жүрек қалауы не? Сағыныш екен. Билер мен батырлар жорықтан жорыққа қатар жортқан заман-ай!.. Абылайхан көріпкел, дана, қара сөздің ұстасы еді. Кейде пікірталастың қалай өрбитінін біліп, түйіткілді түйінді алдын ала тарқатып отыратын. Көкшетаудан қалмақты ығыстырған күндер ойға оралды. Күз еді. Қазақ сарбаздарының тегеурінді соққысынан соң қалмақ жасақтары шегініп, ханның қызы қолға түсті. Абылай билер мен батырларды ертіп көгілдір көлге келді. Көл ортасында жылы жаққа ұша алмай қалған, жалғыз үйрек жүзіп жүр.
– Үйректі кім атып түсірсе, жас ару соған бұйырады, шешім осы! – деді Абылай. Садақтар тартылып, ысқырып ұшқан жебелер нысанаға дарымай жатты. Әлдебір жебе үйректі жантәсіл етті. Нөкерлердің бірі үйректі көлден алып шығып, Абылайханға берді. – Бұл – Кеңгірбай бидің жебесі, олжа құтты болсын! – деді Абылай. Ол – сөз тамырын тереңнен тартып, бәрімен тең сөйлесетін сұлтанның сұлтаны еді. «Абылайлап» жауға шапқан Әбілмансұр қазақтың бірлігін бекітіп, еңсесін көтерді. Бекзатым-ай, қу дүние – түлкі бұлаң, өтіп барады – дәуірі тектілердің!..
Көк төрінде толған ай толықсиды. Жарқыраған жұлдыздар жерге жақындай түскен. Айнала сүттей жарық. Әлдеқайдан үкі даусы естіледі. Би мен көкбөрі ши бойындағы дөңге жетті. Ұшар басындағы сандық тасқа көктен шұғыла төгіліп тұр. Әлдебір күш демеп, жеп-жеңіл көтеріліп, шуақты жарыққа жетті. Қанат біткендей қалықтап, жандүниесі жеңілдеді. Он екі жасында дәл осындай сәт басынан өткен. Ол жоғарыдан төгілген қуатты сәуледен сескенген жоқ. Бала көңілде таңырқау басым еді. Ғажап бір сезім бойын баурап алған. Құлағына дауыс жетті. «Білесің бе, тобықтының таңбасы – екі әлемнің белгісі. Саған берген көк тастың қуаты күшті. Есіңде болсын: Ар-ұят жоғалса – иман өледі. Сананы байлық билесе – рух әлсірейді. Имансыз жиған – мал арам. Бәрі-бәрі есінде. Бұл сөздер – ғұмырына серік болды».
Сол аманатты ел-жұртына жеткізе алды ма?.. Заман өзгерді. Тектілік бос белбеу мақтан болып, текетірес көбейді. «Сүрінгенге – тірек, жығылғанға – демеу» болатындар «қатын-қалаш» сөзден аспады. Дүние – түлкі бұлаңсың, пендені арбап, алдайсың. Мансабын оның көтеріп, имансыз іске итеріп, байлықпен көзін байлайсың. Ақырет досың – иманың, сағатың соқса – білерсің. Жер мен елдің – иесін, киесі ұрса – білерсің… Ел мен жер рухының бірлігі әлсіресе – тамырсыз қалған бәйтерек. Би түпсіз терең шыңырауға түскендей күйзелді. Ақыл – таразы. Сабыр, сабыр, киелі арша қара тасты қақ жарғандай, қанда бар тектілік – түбі бір шығар. Жаппар ием, елімнің береке-бірлігі мен рухын көтер!.. Би таспиық тартып, дұға оқыды.
Түн пердесін түріп, таң ағарып келеді. Жылқы тұяқтары мен адам аяқтарының дыбысы естіледі. Бірте-бірте жақындап, көпшілік дөңге жете тоқтап, ұлы мен немересі жоғары көтерілді.
– Сендерді күтіп отырмын, мені осында жерлеңдер, қазғанда бетімді жабатын жалпақ тас шығады, – деді би орнынан тұрып.
Сәске түс. Кеңгірбай би төсектен басын көтерді. Үй ішіндегілерге назар аударды.
– Ата, қымыз ішесіз бе? – деді немересі. Бір ұрттап қымыз ішті. Көбейді шақырып алды. – Мен сапарға аттанам. Бірлік пен берекенің тойы болсын!.. Бірлігі күшті елдің – рухы күшті. Сақ бабадан бері сол рух қазақты жетелеп келеді. Ел мен жер рухы – ұрпаққа аманат! Осы сөзімді жеткіз!.. Би көзін жұмды. Ашық қалған оң алақанындағы тұмардан моншақтай, көгілдір тас сусып шығып, босаға мен шаңырақты айналып, жарқырап көкке көтерілді. Соңынан көкбөрі ілесті. Ел-жұрты үшін дана әрі жұмбақ, хан Шыңғысындай тау тұлға өмірден озды.
Бақытбек Танин