Мөңке бидің шешендік өнері

БАЛАНЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ
Бірде Тілеу сегіз жасар ұлы Мөңкені ертіп, жолға шығады. Қалың тұман түсіп, олар бағытынан адасып қалады. Келесі күні жалғыз үй қонған жұрттың үстінен шығыпты. Сол үйдің көшкен сүрлеу ізіне түсіп жүре беріпті. Келе жатып бала Мөңке:
– Мына үйдің он ешкісі бар екен, бір үлкен көк серкесі бар екен, қара шолақ иті бар екен, – депті.
Кішкене жүргесін:
– Ата, мынау үйдің жалғыз түйесі бар екен, оң көзі соқыр екен, – депті.
Біршама уақыттан соң:
– Мынау үйдің әйелі екіқабат екен, ай-күні жақын, – депті.
– Шырағым, осы сен не айтып келе жатырсың? – депті әкесі.
Сонда бала:
– Мына көшкен үйді айтып келе жатырмын, – деп жауап қатады.
Көп ұзамай олар көшкен үйді қуып жетіпті. Келсе баланың айтқанындай, ол үйдің он ешкісі, бір көк серкесі, бір қара шолақ иті, оң көзі соқыр түйесі бар екен.
Тілеу сегіз жасар баласының білгірлігіне таңырқап:
– Балам, мұның бәрін қайдан білдің? – деп сұрағанда ол былайша жауап қайтарыпты:
– Үйдің қонған жерінде ешкінің жатқан орны он екен. Қақ ортасында маңайына ешкімді жолатпай көк серке жатыпты. Оның серке екенін ізінен білдім. Жүннің көк екенін орнында қалған қылшығынан білдім.
– Иттің шолақ екенін қайдан білдің?
– Ит құмда шоңқайып отырған екен. Отырған жерінде шолақ құйрығының ізі түсіп қалыпты және қара қылшық жатыр екен.
Әкесі:
– Түйенің оң көзі соқыр екенін қайдан білдің?
– Жолшыбай жолдың сол жағындағы шөпті шалып жеп, оң жағындағы шөпке тимепті, сонан білдім, – депті.
– Әйелінің жүкті екенін қайдан білдің? – дегенде:
– Ол түзге отырған жерінде екі қолын тіреп орнынан тұрған екен. Екіқабат, күні жақындағанын содан білдім, – деп жауап беріпті Мөңке.
(Б.Адамбаев «Шешендік шиырлары» кітабынан)
ҚҰДА МЫҢ ЖЫЛДЫҚ
Ертеректе Сырым батыр алты серігімен бірге жол жүріп келе жатып, атақты Мөңке бидің ауылына жолығады. Би кенже баласын үйлендіріп, құда шақыру жоралғысын орындау үстінде екен. Мөңке құдайы қонақтардың келгенін естісімен жігіттеріне оларды өзі отырған үйге түсіруге әмір береді.
Астан соң қонақтарына қарап: «бата етіп жібер» дегенде, айтқан ақ тілегінің соңынан Сырым:
– Алты шаңырақтың іргесі ажыраспасын! Әумин! Әумин! – деп аяқтайды.
Батадан кейін құда:
– Мен мына құдайы қонақтың берген батасын түсінбей отырмын. Бұл кісі: «Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын» деді. Қонақтардың өздері – алты адам, алтауы – алты шаңырақтың иесі. Сол алты шаңырақтың іргесінің ажыраспауын айтып отыр ма? Болмаса осы жерде алты ақ шатыр тігулі тұр. Алтауының алты шаңырағы бар. Осылардың іргесінің ажыраспауын айтып отыр ма? – деп сауал қояды.
Сонда Мөңке би Сырымды нұсқап:
– Алты жасында алды дауыл, арты құйын атанған Сырым би бүгінгідей қуанышымыздың үстіне тап келіп отыр. Ал енді бидің батасының сырын айтайын. Құдай қаласа біз ағайын болғалы отырмыз. Екеуміздің балаларымыз қосылып, ата жолын ілгері жалғастырмақшы. Сенің балаң маған келін болып түседі. Ол үш шаңыраққа ие болады. Біріншісі – қайын жұрты, екіншісі – нағашы жұрты, үшіншісі – төркін жұрты. Сол сияқты – менің балам саған күйеу болады. Ол да үш шаңыраққа ие. Олар – өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты. Демек, екі бала қосылғанда алты шаңырақ шығып тұр. Осы алты шаңырақтың іргесі ажыраспаса – онда біздің ағайындығымыздың мәңгіге кеткені. Осы аталған алты шаңырақ ажыраспаса – сол алты шаңырақты құрап отырған алты рулы елдің татулығы. «Құда – мың жылдық» деп осындай тамырлы жарастықты атаса керек. Сіз бен бізге, келешек шаңырақ иелеріне де қажеттісі осы емес пе? – дейді.
(Т.Кәкішев «Билер сөзі»).
ТҮЛКІМ ЖОҒАРЫ ШЫҚ
Бір жігіт Мөңке биді көруге құмар болып, іздеп келеді. Есіктен кірген жігітке Мөңке:
– Түлкім, жоғары шық, – дейді.
Шай келеді. Бір-екі аяқ шай ішкен кезде Мөңке:
– Сыншым, сөйле, – дейді.
Жігіт түсінбей отыра береді. Жігіт кетер кезде:
– Жыршым, енді ұлықсат, үй-ішіңе аман жет, ел-жұртыңа сәлем айт! – дейді.
Жігіт сауал қояды:
– Сіз маған үш сөз айттыңыз. Осы тұспалдарыңызды мен түсінбедім. Нені меңзегеніңізді айта кетсеңіз.
Мөңке сонда былай деп жауап қайтарыпты:
– Түлкіге ұқсап құбылып келдің. Әр мейман кірер кезде сен сияқты толқып келетіндіктен, соны айттым. Қонақ біраз отырған соң үйдің оң жақ, сол жағына қарап сынай бастайды. Сыншым дегенім – сол. Қонақ үйден аттанғанда көрген-білгендерін жыр қылып айта жүреді. Жыршым дегенім – сол.
(Т.Кәкішев «Билер сөзі»).
ЖІГІТТІҢ ҮШ ЖҰРТЫ
Ертеде Мөңке деген би болады. Соған руы Байбақты Сырым би деген он екі аталы Байұлына жататын адам келеді. Ол Мөңкенің уақытында болған екен. Бірақ Мөңкеден кішілігі бар. Сол Мөңкеге сәлем беруге барады. Сырым би барғасын Мөңке бидің төңірегі жиналып қалады. Сырым би Мөңке бидің үйінде бір жеті жатады.
Бір күні әңгімелесіп отырса, Сырым би Мөңкеге айтады: «Осы жігіттің үш жұрты бар дейді. Сондағы жаны ашитын, көз қырын салатын сол үш жұрттың қайсысы мақұл болады?» – депті. Сол кезде Мөңке би былай дейді:
– Құда үлкен, сосын қонақ үлкен деген, оны өзің шеш – дейді. Мұны үшке дейін айтады, аяғында өзі шешетін болады. «Мақұл, айтайын», – дейді Сырым би.
– Әуелі өз жұрты мақұл, сосын қайын жұрты мақұл. Ал үшінші нағашы жұрты мақұл болады – депті.
Сонда Мөңкенің шай құйып отырған он үш жасар қызы «өз жұрты мақұл» дегенде, оңға қарап басын бұрады. Сосын «қайын жұрты мақұл» дегенде, солға қарап басын бұрады, «нағашы жұрты мақұл» дегенде, басын еңкейтеді. Сонда Сырым би:
– Қарағым-ай мен қателестім бе? – деп қапаланып қалады. Сондағы қыздың берген жауабы: «Ата, сөзің жесір кетті, – дейді, – жау жақыннан келеді. Жақын бар болса көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды. Жақын адам күндейді. Ал
қайын жұрты сыншыл болады, артық оның жәрдемі де жоқ. Жүдеп-жадап жүргенде, көз қырын салатын жігіттің нағашы жұрты ғой», – депті.
Халық әдебиетінде Сырымды Кіші жүздің атақты Малайсары, Мөңке, Алдар, Әйтеке, Саржалақ, Есте, Үкі, Ақсуат, Төле билермен ақыл-кеңес алдырады. Олардан «көпшіл бол, халықтан қол үзбе» деген баталар алады. Сырымға: «Досың кім, дұшпаның кім?» деген сауалдар қойылса керек. Сонда ол: «Досым – алаштың азаматы, дұшпаным – жаман туған-туысқаным!» – десе керек.
(М.Тілеужанов «Сырым Датұлы және оның шешендік сөздері»).
МӨҢКЕ БИДІҢ ЖҰМБАҒЫ
Жиылған көпшілікке Мөңке би жұмбақ айтыпты:
Кермиық кеңесінен қалды,
Шалқасқа шабысынан қалды,
Қотыр теке қой бастады,
Тауқұдірет ел бастады,
Ханы қайғылы болды,
Биі бүкір болды,
Атадан ұл озды,
Анадан қыз озды,
Сол уақыттағы қамқа тон
көнеріп тозды.
Ешбірі жұмбағын шеше алмаған соң өзі сөйлеп кетіпті:
Кермиық кеңестен қалса,
Ақылынан танған шығар.
Шалқасқа шабысынан қалса,
Аузынан шалған шығар.
Қотыр теке қой бастаса,
Қожа, молданы құдай ұрған шығар.
Хан қайғылы болса,
Халықты жеп, қарны шемен
болған шығар.
Биі бүкір болса,
Сөзі азып-тозған шығар.
Атадан ұл озса, еркін шығар.
Анадан қыз озса, шіркін шығар.
Сол уақыттағы қамқа тон
көнеріп тозса,
Асылдығы кеткен шығар.
Ақырзаман болғанда:
Түйе бұлан болар,
Жылқы құлан болар,
Өз бауырың суыған болар,
Қатын би болар,
Сиыр пұл болар,
Туған балалар қу болар,
Тамағы сары су болар,
Итке құйсаң, ит ішпес,
Адам оған құмар болар,
Үй ішінде неше жан болса,
Бас-басына би болар,
Тұтам ағаш ту бие болар,
Бір жерде тұрған оншақты үй болса,
Ат атасы аталып, бөлек-бөлек
жүйе болар,
Ыштат деген заң шығар,
Екі ауылдың арасы арбамен
дүбір болар,
Екі үйдің арасы екеу-екеу
сыбыр болар…
Заманақыр болғанда:
Ешкі тұяқ, кесік бас,
Етік шығар деп еді.
Әкесінен баласы,
Жетік шығар деп еді.
Қара жерді қақ жарып,
Еділ менен Жайық шығар деп еді.
Қара судың үстінде
Екі басы сүйреңдеген,
Қайық шығар деп еді.
Қайықпенен аулайтын,
Балық шығар деп еді,
Тәуірсінген жігіттер,
Атым шығар деп еді.
Жалқы-жұман жігіттер,
Бір орысқа жүрдің деп,
Налып шығар деп еді.
Заманақыр болғанда:
Су тартылар деп еді,
Қарап тұрған жігітке,
Қыз артылар деп еді.
Оқшантай жоқ, кісе жоқ,
Белбеу шығар деп еді.
Салы орамал шыққанда,
Салқам болар заман деп еді.
Тері орамал шыққанда,
Түрленер заман деп еді.
Заманының болған шағында,
Мөңке би атаңның айтқаны келер.
Заманның ақыры жақындағанда:
Жылқының жүйрігі кетіп,
шабаны қалады,
Сөздің маңызы кетіп, самалы қалады,
Бидайдың ұны кетіп, сабаны қалады,
Әйелдердің ұяты кетіп, ажары қалады,
Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалады,
Жігіттің қайраты кетіп, базары қалады,
Жақсының атағы кетіп, азабы қалады.
Сол уақыттар болғанда,
Адамның жақсысы кетіп
жаманы қалады.
Сирек-сирек ел болады,
Тырна қатар би болады,
Шалқар көлдер жер болады.
Адамның мейірманшылығы кетіп,
Көзінің жасы көл болады.
Шалқар көл мен өзеннің,
Үстінен сым тартылған жол болады,
Басың аман, бауырың аман болғанда,
Отырғаның да, көргенің де шер болады.
(Б. Адамбаев «Шешендік сөздер»)